Боз жусанның жұпары қанға сіңген,
алғаш дем, алғаш үннен
бір жасап сан ғасырмен
Жер үстінде келеді жалғасумен.
Жұпар дала жаныңды құса қылмай,
ғажайып күші арылмай,
қасиетін қаныңа сіңіретін
әкенің құшағындай.
Адам, дала
тағдырлас, заңдас әрі,
сөнбеген таңға шамы
әкенің
алғаш әні
енді мендік әуенмен жалғасады!
Тіршілікке, гимндей, арналды әнім,
паш етіп таңдар барын,
ертеңдерге мәңгілік жалғар жаным
әкенің армандарын.
Аяласа шуақ боп нұры елімнің,
сарқылмас жігер, үнмін!
Боз жусанмен ғұмырлас — үн әлемде
лүпілі жүрегімнің!
Фариза Оңғарсынова