Он жетінің әні



Аспан нұрдай ашық екен,
неткен ғажап, шіркін, бүгін!
Естігенше асық екен
менің мөлдір күлкімді кім?!
Жас көңілдер сыр ашсын деп,
жас армандар ұлассын деп,
ашып тастап тұр ғой, міне,
сұлу көктем түн түндігін!
Айналамда зыр жүгірген
бозбалалар — бір жарасым.
Бірақ мені бір-біріңнен
іштей бекер қызғанасың!
Қаққанменен жан есігін,
әрқайсысың — жеке елсіңдер,
еркесіне әжесінің
бәрің ғашық екенсіңдер!
Болса да алда сынар күнім,
қызық маған орталарың,
(көтермеңдер бұған мұрын —
сендерсіз де жол
табамын!)
Бірақ, бірақ кейде мен де
білгім келіп толғанамын:
қайсыңыздың мен дегенде
көп тартады оң қабағың…
Шеттеріңнен жақұт ұлсың
иектен бір қыл қақпаған.
Бірақ қайсың бақытымсың —
бұл әзірге жұмбақ маған…
Сөзбен сынап-мінеп ілдім,
бірақ… қайсың бақытым деп,
дүрсілінен жүрегімнің
оңашада тыңдап қалам…
Ой, қайсыңа сырды ақтарам?!
Фариза Оңғарсынова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *