Оркестр



«Замандар — құбылыстар
(құбылыста қозғалыс — ұлы күш бар):
қарсыласу, шарықтау, қақтығыстар,
тұралау, жығылыстар,
заманның тыныс, қаны —
Адам, Уақыт,
алмасып қылыштары
жеңісе алмай, жеңе алмай, жағаласып
жүргізуде бітпейтін ұрысты әлі,
ұрыстары — заманның дыбыстары.
Әлем — дыбыс, дыбыстар, сан дыбыстар…
сан дыбыстар — тіршілік, жаңғырыстар:
түн, ғашықтар, көк аспан, найзағайлар,
гүл көктем, қарлы қыстар;
жанартау, жарылыстар,
жылау бар, сағыныш бар,
бәріне ынтық сәби бар, қария бар
тірлікке жаны құштар,
еркіндікке ғана тән тағы күш бар,
бар амалсыз күрсіну, жалыныштар,
саңқылдаған дауыс бар,
мылқаулық бар,
ағыстардың бойымен ағылыс бар,
бар қателік, өкініш, жаңылыстар,
мәңгілік бар, заңдар бар, бағыныш бар;
әлем, әлем…-
дірілдер, жаңғырықтар,
пәктік бар, шаң, былық бар;
ерік те бар, ерікті бұғаулайтын
бар әлі тал құрықтар;
Әлем тілі — дыбыстар, мұның бәрі,
тіл-тірлік, ғұмыр нәрі –
аударылмас дыбыстар —
сан заманның
бәрінің ұғымды әні.
Фариза Оңғарсынова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *