Туған жер, елдің ішінен
жанашыр болды түн ғана:
дегендей бәрін түсінем
жасыра қойды жылғаға.
Тауға да жеттік ентігіп,
бұлақ-қыз күлді сылқылдап.
Жұлдыздар жиі. Жел тымық.
Қос жүрек қана тұр тулап.
Жастанып жүпар жусанды,
Көрпеміз — түннің шәлісі.
От сезімдерден бусанды
қаңырап қалған тау іші…
Жүректер жалын. Мекен — құз.
Жанарға бақыт-нұр қонып.
Тілеумен жаттық екеуміз
тұрғай деп мәңгі түн болып.
Таңдағы түстей тәтті еді
өмірге тұрар үш күнім.
Таптады қыршын сәтте бір
тырнағы заман-күштінің.
Азапқа салсын.
Жүдеп мен
кінәлі жандай жасыман:
Айнымас асау жүрекпен
ақ сезіміме бас ұрам!
Фариза Оңғарсынова