Сағынып жеткен шағыңда
жаз жайлау — атамекенге,
дала боп дархан жаның да
жадырап қалады екен де.
Самал боп сені тербеткен
көңілдер деген пәк қандай!
Сырларды түйген сен көптен
тұра да алмайсың ақтармай.
Ән-күйің қымбат мұнда аса,
күтпейді Сізден сый бөтен:
(домбыра төрде тұрмаса,
қазақтың үйі үй ме екен!)
Амалсыз сосын ән салып,
Бибігүлге ұсап бағасың.
Тыңдайды сені барша жұрт,
ертіп кеп бала-шағасын.
Кәрі-жас қалмай маңдағы,
той болып ылғи түн деген.
Боз үйге сыймай қалғаны
сығалап қарар іргеден.
Жұмақ-ау мына дала шын,
көңілдің бұлты ашылды.
Жаңартып содан аласың
ой қажап біткен басыңды.
Босаңсып кетеді екенсің,
қоштасу жасы кетті ағып.
Қимайсың, бірақ, кетесің
күйбең тірлікті бетке алып.
Фариза Оңғарсынова