Мықтылық жыры


Жас баладай қуанып тұрмын бүгін,
құшағыма ап боз жусан — қырдың гүлін.
Асып-тасып көңілім көсіледі,
ұмытқандай байырғы күннің мұңын.
Сағыныш па, білмеймін, қуаныш па
жүрек қанат қомдайды бір алысқа,
Жер, аспан да көлеңке-бұлтсыз бүгін,
тербелгендей дүние жыр-ағыста.
Жыр-ағыста келемін алып-ұшып,
қуанғандай есімнен жаңылысып,
бейне бүгін үйіме абыр-абыр
қимастарым келгендей сағынысып.
Мөлдір өзен.
Жап-жасыл жаға. Талдар…
Адамдар-ау, шын барлап қарасандар,
мынау таңда жаңа леп, жаңа сән бар!
Маған қарап күлімдеп қол бұлғайды
бейтаныс балақандар…
Күн төгеді
тау, далаға мейірім—құтты нұрын,
қол ұстасып адамзат шықты бүгін
ескертуге есерлеу мына әлемге
бірліктің мықтылығын.
Фариза Оңғарсынова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *