Бәйгеге бүгін жиылып,
Қалмады кәрі, жасың да.
Атбегілер жүр бұйырып
шабандоз бала қасында.
Шалғынға тіккен ақ үйлер —
сәні ғой, шіркін, даланың!
Жеңгейлер жатыр нан илеп,
әзірлеп қымыз-шарабын.
Жүректе жастық тынбай ма —
дабырлап отыр шалдар да.
Қазақта біздің мұндайда
қызынбай тұрар жан бар ма!
…Баппенен аттар бастады
базарын осы
түздің бір.
— Әйтеуір, бала, саспағын,
қайтарда босат тізгінді!
Жөнеді аттар біріндеп,
ілезде-ақ үзіп қарасын.
Жаңғыртып кетті дүбірлер
аспан мен жердің арасын.
— Әнеки, біреу келеді!
— Жарайсың, шіркін, сәйгүлік!
Қиқулап жаннан жөнеді
балалар өңшең тай мініп.
— Бәрекелде, тарланым ,
бермедің қолдан намысты!
…Біреулер тістеп бармағын,
бокалға біреу жабысты.
Қыр-жайлау қалды жырақта,
мен бүгін одан алыспын.
Үні тұр бірақ құлақта
сонау бір бәйге-жарыстың…
Фариза Оңғарсынова