Қоңырқай бұлт тас түйіп қас-қабағын,
тұмшалады аспанның жақсы ажарын.
Көп жыламас адамның көз жасындай
төгіп жатыр шелектеп тасқа зарын.
Бұл қалпында түрі жоқ күш сынатар:
найзағайы шындықтай сұсты, қатал;
қараланған жаламен адал жандай
жанарынан ызаның ұшқыны атар.
Сорғалатып жүректің жасын жақұт,
әйнекті ұрып барады тасырлатып.
Мен отырмын бөлмеде тұншыққандай
таза ауаға шыға алмай, басым қатып.
Жүгіруге еркіндеп жасыл жайға
жер лайсаң. Көңілсіз осындайда.
Қолшатырға бүрсеңдеп тығыласың,
бұлты тарап, мына күн ашылмай ма…
Қара жаңбыр әлі де құйып тұр-ау,
аттай алмай отырған сиық мынау.
«»Әрі тәтті, әрі ащы жыр жаз»», — дейсің,
не жазылар мұндайда, сүйіктім-ау…
Фариза Оңғарсынова