Елең болмай жайлауда жаз аптабы,
қызып кетті бойымда қазақ қаны:
— Ертте, жезде, ең жүйрік сәйгүлікті —
басталуға “Қыз қуу” аз-ақ қалды!
— Ат — машина емес, ал ақыл ұғып,
кетері бар, балдызжан, қапы қылып.
Ерке қызын қаланың ат көрмеген
жығып кетіп жүрмесін атып ұрып!
— Тұрарым жоқ алданып айла-егеске,
белді будым қалсам да қай белесте!
Жол соңына жасықты қалдыратын
өмір деген өзі де бәйге емес пе!
… Арғымаққа жөнедім қамшы басып,
(қарап қоям қауіппен артыма шын!)
Мені қуып жеткенше, ей жігітім,
қара терге өзің де малшынарсын!
-Обалсыз, — деп, — есекке сеніп мінген!-
қамшы ойнаттым қайтарда төніп бірден.
Неге екенін білмеймін, жігітті емес,
атын ғана сабалай беріппін мен…
Фариза Оңғарсынова