Көктем келді жамылып арай нұрын,
шаттықтарға толғандай маңай бүгін.
Жауқазынға оранған жұмыр Жерге
көкжиектен қызықтап қарайды Күн.
Жер сезгендей тыныштық, таң айбынын,
көшіп жатыр көзінен талайғы мұң.
Менің елім бұл күні сән құрады:
жүгіргенде қыз қылық тау бұлағы,
тербеледі тіл қатып тал, құрағы;
зулап алға даланың арғымағы,
дүбірінен қалалар жаңғырады.
Найзағалы түндердің сәбиіндей
көктем таңы қызарып албырады.
Көңіл-құлын бұлқынып шың-асқарға,
шақырғандай алау ма, шырақ- шам ба…
Байқоңырдан самғаған корабльдер
ғарышқа емес, ұқсайды қыр асқанға.
Шолпан жақтан базарлық күтетіндей
көгершіндер жол тосып жүр аспанда.
Сен де жырмен әлемге жар сал, ақын,
қос бәйгеге шабыттың тарпаң атын!
ұқсын әлем Адамзат құдыретін,
ынтымақты күндердің әр сағатын.
Жырла бейбіт елімнің көгіндегі
әділет пен бостандық салтанатын!
Фариза Оңғарсынова