Жас келіншек


Жас келіншек
жас тұнып жанарында,
қара түнде көміліп нала-мұңға,
(сонау сәттер елестеп көзді арбайды)
күбірлейді, ең ыстық сөзді арнайды:
қалмай бірі: “Жарығым!”, “Қарағым!” да…
Тарылтады тынысын түндер керең,
күндіз көппен жер басып жүргенменен.
Құс жастықты құшады күйеуінің
таныс исі сіңіп те үлгермеген.
Балғын дене балқымай, мұң қамаған,
бұл сезім ғой көңілді қылған алаң.
Төсегінде дөңбекшіп аңсап-талып,
сосын таңда көз іліп шаршап барып…
Білем, білем. Таныс жай бұл да маған.
(Сәттер болған менде де
құлазыған, жүрегім дірілдеген,
дірілдеген, көздерім ілінбеген:
мен біреуді сүйгенмін өліп-өшіп.
Соны ойлаймын, аңсаймын бүгін де мен.
Ол-дағы ессіз сүйетін шатастырып
атқан таңды кешегі іңірменен…)
Түн еді бір. Есігі тасырлады.
Сасып қалды келіншек. Басындағы
орамалы сусыды, түсе берді.
Әлде келіп қалды ма асыл жары?
Оңбаған ба әлде бір келіп тұрған
жалғыз басты әйел деп басынғалы…
Неге, неге осынша қалтырады,
мынау есік неге тез ашылмады.
Таныс жандар көзіне елестеді,
жеті түнде жай жүріс емес тегі…
Бір нәрсені көтеріп тонға ораған
Жоқ! Нәрсе емес! Бас, көзі…
болжады — адам.
Осы, осы таныс жүз емес пе еді?
Не болды әрі. Білмейді. Есінде тек
айқара ашқан есіктен жел ескені.
Шыныменен…
Жоқ! Мынау қайдағы адам?
Адам? Қап қой аузын байламаған.
Арман сонда шынымен тапталды ма?
Қос аяқсыз домалап жатқан мына
сол жігіт пе? Жоқ, мұны кешіре алман.
Анық сол бір жігіт пе есін алған,
құшағына ап алқынған, аймалаған?
Сол!
Көзде анау от қалған, ыза қалған.
Шаш ағарған жиырмада ұзап арман.
Мұның балғын денесін қаусыратып
тастар сонау күш қайда бұза жарған?
Қалай енді жаныңа жақындайды.
Талықсытты әйелді ақыл, қайғы.
Жұрт тым-тырыс. Айнала тына калған.
— Есің жиғын, — деседі қоршағандар, —
өзгермейді болған іс жылағаннан.
— Құдайым-ау, шүкір ет. Бар ма арманың?
Маған қара,— жалғызым, алданғаным
келсе еді ғой осылай домаланып,
алданыш боп қалмас па еді о дағы анық…
Солай келсе жоқ еді арланбағым.
Қол-аяқсыз домалап оралса да,
шүкірлік ет, шырағым, таңданбағын!
Керекпейді
ақыл айтып жұбату, үгіт деген.
Қалай өмір сүреді тұлыппенен…
Тәтті екен ғой күтудің қасіреті,
өр тұлғасын еске алып үмітпенен.
Кім кінәлі?
Кегімді кімнен алам?
Енді маған шуақты күн де қараң.
Арысымды бүл күйде көргенімше,
соқыр болып қалсамшы өлгенімше,
неге керек жер басып жүрген аман?
Бұдан артық қасірет әкелмейді
өлім, қайғы, азапты түн де маған.»


Жасампаз шақ, жастық шақ!
Дүниенің бәрі мөп-мөлдір арманға тұнып,
көгілдір қиял,
тәтті оймен таңдарды атырып,
алапат асау өмірге жасқаншақтамай
қарайтын өктем от тұяқ тарланда тұрып.
Көкірегі толы әсем ән,
көрініп өмір айнымай мүлде көктемнен,
гүл теріп қайтар достармен
күнде бөктерден.
Жаңылыс басқан сәттерің жүрегіңді өртеп,
дөңбекшуменен көз ілмей түндер өткерген.
Мазасыз көңіл,
жас дәурен,
жетелеп аппақ армандар жаһан жақтарға,
жасайсың қолдан өмірді қатал қапталда.
Бүріскен кәрі дүниені
жаныңның алау
отымен жылытып жүресің қаһарлы ақпанда.
Жалынды жастық алауым!
Ерліктер деген өзіңнен басталған анық,
алдыңда сенің бас иген асқарлар алып.
Қайсар даланың ұрпағы қанатын қаққан,
революция жалыны шашқанда жарық!
Зымырап жылдар зулайды:
тіршілік заңы жүйіткуден қалғымас мүлде,
беттесең, өмір ұқсамайды қарлығаш, гүлге…
Бәрібір сенің өр тұлғаң сан жүректерде
лапылдап жанып тұрады мәңгі жас түрде!

Фариза Оңғарсынова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *