Жігіттің серті


Құлағың салшы,
армансыз бір өзіңмен сырласайын,
ақтарылайын алдыңда тыңдашы, Айым!
Құшағыма енген әйелдің бәрін дал қылған
жанарымдағы жұрт үқпас мұңды ашайын.
Тапа-тал түсте қымсынбай құшақтап сүйіп
сәскелік шақты шырын сәт — түн жасайын,
құмарымды сүйтіп мен бір басайын.
Сан әйелдерді құштым мен
бар жанымменен беріліп ұнатпағанмен
(салқындығыммен-ақ өзгеге ұнап қалам мен),
сол құшақтардан сені іздеп аласұрмасам,
біреулерінен мүмкін мен тұрақ табар да ем…
Әйелдің бәрін қанағат қылғызбай қойдың,
әйтпесе сенсіз өлсем де шыдап бағар ем.
Ешбір еркектен көрмеген
ынтықтығымды көрсең балқудан басың айналып,
жақсы көргеннен сонда сен жылап та алар ең.
Жанарыма тіктеп үңілсең,
күмәнсіз менің от-жалын жанымды ұғарың,
сонан соң сені сарғайтып сағындырарым…
өліп-өшкен өзіңе құштарлығыммен
жасанды бей-жайлығыңды сағым қыламын.
Сонда сен мені көз ілмей аялар едің,
мен болар едім мәңгілік жарың, жыр-әнің.
өзіңді ғана аңсаумен өтсін-ау десең,
асқақтығыңмен әрқашан жалындыр, жаным!
Осынау еркек басыммен жер басып жүрсем,
әйтеуір сені қайтсем де табындырамын!
Фариза Оңғарсынова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *