Меңдекеш Сатыбалдиевке
Сенің албырт ғұмырың өтті жанып,
зулап келе жатыр ең топты жарып.
Тіл қатпайсың, жарқылдап тұрмайсың сен,
қаншама рет келсек те шоқ гүл алып.
Аға керек, біреуге әке керек,
жарың әлі қайғыға батады ерек.
Тым болмаса сол гүлге бір қарасаң,
машиналап күн сайын әкелер ек.
өкіндірдің еліңді ерте кетіп.
Біз қамықсақ тірлікте келте-кетік —
“Біздің қарлығаштар!”—деп шашымыздан
сипайтұғын сен жоқсың еркелетіп.
Сен жүргенде сезбеуші ек
жанашырлық дегеннің құнын бұлай:
мына жұртқа бәрібір — жығыл, мұңай.
Асып-тасып, менмендеп бара жатсақ,
ұрсып алар сен жоқсың бұрынғыдай.
Қайғы жұтып досың жүр
іштей жоқтап, жүректің жасын бөгеп,
жан ғой ол да өзіңдей асыл, бөлек.
Ол көрінсе, жалт қарап сені іздейміз
келе жатқан жоқ па екен қасында деп…
Кетті ме әлде бұл өмір қиындалып —
болмашының бәріне күйіп-жанып,
біз де жүрміз жабықсақ, не қуансақ,
нысанаға өзіңнің үйіңді алып.
Бұны оқысаң егер сен,
“Әкет,— дер ең,— зар жырды құрау-сұрау!”
Бірақ мүмкін емес қой бұған шыдау.
…Жүректерде жырың жүр, өзің жүрсің,
тегі, осы сен өлмеген шығарсың-ау!
Фариза Оңғарсынова