Жайқалып ек біз нәзік қыр гүліндей

Жайқалып ек біз нәзік қыр гүліндей,
арман — серік, көңіл — пәк, мұңды білмей,
Күнді құшып қиялмен, Айды аралап,
жердегілер жанарға жүрді ілінбей.
Табиғаттан құйылған тамырына
қыр қызының қашан да ары — мұра,
алау көңіл шарпылды бозбаланың
деміне емес, соғыстың жалынына.
Аласұрып он жылап, он күлетін,
өрлігіңді өртейтін, көндіретін,
жар болудың бақыты бұйырмады,
денемізді көрді жер, көрді де түн.
Тал бесікті тербетіп жақұт таңда,
ақ үмітпен қарайтын уақытқа, алға,
жалғасындай бөбегің бауырыңда…
бұдан басқа әйелде бақыт бар ма?!
Арбалғанда өмірдей күміс үнге,
ойлай ма адам өлімді тірісінде!
өкініштер өртейді мұз денені
қалғаннан соң қамалып түн ішінде.
Рас, біздер ажалдан қорықпадық,
өмір үшін айқастық. Соны ұқ, халық!
Нәзік дене бұтадай дірілдеді
оқ астында түндерде тоңып, талып.
Біз де тірі қалуды армандадық,
шай құюды, жүруді шамдар жағып,
ашық аспан, Ай, Күнді қызықтауды…
енді бүгін біздегі арман — жарық.
Басталды да батыстан қара жорық,
ажал-орақ жөнеді адам орып.
Біз өмірден рақат сезінбедік
тым құрыса бір сәтке ана болып.
Ана біткен тірлікке қорек алған –
ұмтылмады аналап бөбек алдан.
Тірі адамдар, тыңдаңдар, ескеріңдер
тартыстардан осылай өледі арман.
Фариза Оңғарсынова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *