Жанашырлар – жақсы аға, жайсаңдарым,
Сендер барда асқақпын,
қайсар жаным.
Арқа таңып сендерге, алдарыңда
ерке басып жүруге тайсалмадым.
Сендер барда – үкілеп мінгендеймін
жел ілеспес даланың ай саңлағын.
Сендер бар деп еркінсіп бұлаңдаймын,
жұрт шалқалап қарайтын шынардаймын.
Сендер бар деп жасқанбай Жер басамын,
жанарымнан көшеді тұман-қайғым.
Сендер теңіз шалқыған.
Шағаласын
шарықтатпай көгінде тұрар ма айдын!
Сендерсіз бұл жалғанда
жоғалардай ізгілік, бүкіл мейірім,
Онда мен де көз түспес үтірдеймін.
Сендер айтқан жалғыз-ақ жақсы сөзден
жамау-жасқау көңілді бүтіндеймін.
Ал сендерден сәл салқын қабақ көрсем,
Іштей налып,
өзімді түтіп жеймін.
(Мен, әйтпесе, көк мылжың пенделердің
өсек-аяңдарына түкірмеймін).
Сендер барда
тілемеймін тағдырдың сыйын бөтен,
Көз тігемін сағымды қиырға кең.
Күншуақтың қадірі көлеңкеде
тоңбағанға әшейін бұйымға тең.
Пенделер бар күні үшін көлгірсіген,
ондайлардың достығы тиынға тең.
…Бұл өмірде жанашыр жақсыларсыз
жақсы болу адамға қиын да екен.
Фариза Оңғарсынова