«Ауыл қандай! Көкорай дала деген!
Көкорайда сайрандап қалады өрен.
Атаң саған қуанып ат мінгізіп,
жарыстырды өзіңдей баламенен.
Жалдан тартып жармастың атқа сонда
(жарыс дәмін бұрын сен татпасаң да),
қиқулатып жөнедің. Дала төсін.
тұлпар тұяқ орады мақта-шаңға.
Ат мінгізді атасы балама деп,
әкең тұрды қуанып саған ерек.
Жаным шығып сонда мен жылап тұрдым
жазатайым жазым боп қалама деп.
“Атқа шапқан – бақыт”, — деп жеңгейлерім
жұбатса да, жүрегім көнбей менің
алып-ұшты. Тұра алмай бір орында
“Бәйге құрсын, өзі аман келгей…” – дедім.»
Фариза Оңғарсынова