«мәңгілік отпен мұңдасу
Жүргенде кейде қалжырап,
түндерде ойларым тұншықтырғанда, сан жылап,
сенгендерімнен кеткенін көріп ар жырақ,
тауларым шөгіп,
мұз боп қатқандай бар бұлақ,
өзегімді өртеп өршеленгендей даламда от,
мен үшін мынау дүниенің бәрі караң боп
кетсе де ғажап: тынымсыз өмір бәз қалпы —
түндерден кейін нұр шашып жатты таң бірақ.
Жүрегімді менің жаншыған ауыр күдіктен
арылсам деген үмітпен
жаныңа келдім сенделіп ессіз жүріп мен,
үміткерлерім, мені осындай деп біліп пе ең?!
өзіңнен өзге мәңгілік нәрсе бар ма деп,
үзілгелі тұрған сенімімді менің жалға деп,
іздедім сенен үмітке ем.
От жанарлардан баяғы балғын нұр қашып,
алып еңсені мұң басып,
қажығандар мен бақытқа батқан шын ғашық
кетпейді мұнан көңілін баспай сырласып.
Мәңгілік оттан сыр ғой ол жатқан тұңғиық
алғандай сонда жүректеріне нұр қүйып:
байғұс та жүрген нан жеумен ғана шектеліп,
жігерсіздер де кектеніп,
кетіп жатады биіктерді аңсап қырды асып.
Ерлікке тұнып далиып жатқан қыр анау, көкірегінде мың алау…
Осыны көрген отты адамдарға қапыда… кешірімсіз ғой тұралау…
Қажыған бойға
жалыныңмен сенің қан жүріп,
оқ атқандарды дал қылып,
лапылдап жүрген сендегі мынау от сезім сене алмайтын да шығар-ау.
Жанарларды басып жүргенде бейуақ мұң-тұман, алдыңа келіп
жүректер талай бұлқыған,
Сөнбейтін сәуле — махаббат алған жұртынан,
өзіңді ойласам, айналам менің мұң-тұман.
ұрпағы мынау өлмес даңқыңдыөрлетіп,
ерлігіменен дұшпан біткенді сорлы етіп,
самғайды көкке даладан ұшқан кіл қыран.
Сендегі мәңгі қасіреттен туған ерліктен
от алып мен де алаулап алға үмтылам!
Фариза Оңғарсынова