ҚЫЗЫЛ ҚЫРҒЫН

Кеңестік жүйенің әлі күнге дейін жоғалмай келе жатқан кейбір қып-қызыл атрибуттарын көргенде ата-бабамның төгілген қаны еске түседі. Қып-қызыл тумен, қызыл елтаңбамен айшықталған алып империяның мойнында қаншама халықтың нақақ көз жасы, суша аққан қаны бар. Әрине, әлі де көршіміздің зобалаң кезеңдерді ақтап келе жатқан ақпараттық-саяси идеологиясына нақты мемлекет тарапынан шектеу жоқ. Дегенмен көп нәрсені ашық айтуға, талдау, сараптауға уақыттың өзі алып келгендей сезіледі. Қазіргі таңда ХХ ғасырда қазақ халқының басында екі мәрте болған ашаршылықты айрықша атап өту, құрбандарды еске алу, тарихтың ақтаңдақ беттерін қайта қарау азаматтық ұстанымы биік тұлғалардың бастамасымен қолға алынып келеді. Халықтың басынан өткен зұлматты Ресейдегі азаматтық соғыстың һәм табиғи жұттың салдарынан деген сыңайдағы пікір билік тарапынан айтылып, мемлекеттік басылымдарда жарияланып жүр. Бірақ сол жазғыштар кеңес үкіметіне дейін көшпелі қазақ халқының басынан ешқашан ашаршылық деген өтпеген білмеуі де мүмкін деген ойға келемін. Жұттан мал қырылғанын естіп өстік, бірақ қазақ халқы табиғаттың кесірінен қырылды дегенді естімедік. Халқымыздың басына не жағдай туса да адам қолының іс-әрекеті. Сөзімізді дерек пен дәйекке ыңғайлап, тақырыпты кеңірек қозғауға тырысып көрейік.
Қазақша уикипедияның ашық ақпаратында «Арал балықшылары» деген парақша бар. Сол парақшадағы мына мәтінге көз салсаңыз: «1921 жылы қазан төңкерісінің көсемі В. И. Ленин (В. Ульянов) Поволжье мен Ресейдің орталық аудандарындағы құрғақшылыққа байланысты аштықтан зардап шеккен халыққа көмек көрсету жөнінде Арал балықшыларына әйгілі үндеу-хатын жолдап, көмек беруді сұраған. Аралдықтар бұл Үндеуге жауап ретінде Ресейге 14 вагон балық жіберген. Болшевиктер партиясының көсемі В.И.Ленин аралдықтардың бұл игі ісін зор бағалап, токарлық станок Арал балықшыларына сыйға тартқан» делінген. Бір оқыған адамға болашақ алып империяның қалыптасуына көсемі бар, бодан халқы бар, бәрі бірігіп қызмет еткендей, ымыраластық, бейбітшілік пен бір мүдде жолында жұмылуға ұқсайды. Бірақ 1921 жылы Арал аймағына жақын Ақтөбе мен Торғайда мыңдаған адам босып, тентіреп, қырылып жатты. Осы жерде «Арал балықшылары Ақтөбе мен Торғайға неге балық жібермеді?» деген сұрақ туады.
«1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс Ақтөбе губерниясында, Торғай уезінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты. Шұбалаң, Майқара, Сарықопа және басқа болыстар да зардап шекті. Ашаршылық құрбандарының, аштан өлгендердің саны күн сайын көбейе берді.»
Социалист Қазақстан, 1970, 26 тамыз.
Жоғарыдағы келтірген сөйлемдегі «қатал қыс» деген сөзді «қатал саясат» деп оқуға толық құқымыз бар. Қазаққа бағытталған саясаттың кесірінен 1921-1922 жылдары халықтың елу пайызы аштыққа ұрынды.
1925-1933 жылдары қазақ өлкесін басқарған Ф.И.Голощекин елдi индустрияландыру және ұжымдастыру саясатын тездетті. Оған И.Сталиннің 1928 жылы 15 қаңтар – 6 ақпан аралығындағы Сібірге сапарында (Жаңасібір, Барнауыл, Бийск, Рубцовка, Красноярск, Омбы), Красноярскіде өткізген «Шығыс кеңесі» себеп болды. Қазіргі таңда қазақ халқына осы ауыр нәубетті, қолдан ұйымдастырылған геноцидті ұрпақ санасына жеткізуге арналған бағытты, мақсатты жұмыстар жасауы қажет. Кеше ғана колледж қабырғасында белгілі журналист, қайраткер Жанболат Мамайдың «Зұлмат» фильмін студенттерге көрсеттік. Сонымен қатар алдағы уақытта саясаттанушы, қайраткер Досым Сәтбаевтың «Откочевники мертвой степи» атты фильмі де студенттердің назарына ұсынылмақ. Әрине, бұл ісіміз сахараға тамған бір тамшыдай нәрсе, дегенмен бәрі аздан басталатынын ұмытпаған жөн. Иә, ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандары туралы негізгі деректер жекелеген адамдардың халыққа, тарихқа қылған қызметінің арқасында бізге жетіп жатыр, ал үкімет тарапы тарихтың ақтаңдақ беттерін әлі ашуға асығар емес. Орыстың ойран еткен жылдарын айтқаннан жоңғармен соғысып жүре берген ыңғайлы секілді…
Ашаршылық қазақ халқының генінің нашарлауына, қан тазалығының бұзылуына әсер етті. Қазақ халқы артына ұрпақ қалдыру мақсатында көп жағдайда ұл баланы аман алып қалуға тырысты. Ғалым Мекемтас Мырзахметұлының естелігінен анасы қарындасын қалдырып, өзін аман алып қалғаны туралы әңгіме оқыған едім. Біз бір ғана оқиғаны білеміз, ал ұлын қыз баладан биік қойған қазақтардың арасында талай оқиға болғаны анық. Бірақ көп оқиғаларды біз әлі білмейміз. Ресейдің архивтерінде біздің тарихымызға қатысты көп құжат сақталуда. 2011 жылы «Жас Алаш» газетінің бастамасымен Мағжан туралы тың деректер іздеуге Ресейге бір топ журналист, ғалымдар сапар шеккені белгілі. Бірақ Ресейден түк ала алмай келді. Жалпылама жазылған мәліметтердің өзіне әрең рұқсат бергенін, архивке арнайы қадағалаумен кіргендерін айтады. Осы жағдайларды сараптай келе қуғын-сүргін құрбандарын һәм ашаршылық кезеңін ұлттың деңгейде талқылайтын, саралайтын уақыт жетті деген қорытыныдыға келдім. Әзірге қолдан келетіні қазақ халқының басына жойылып кету қаупі болғанын жас ұрпаққа бас мүмкіндікті пайдаланып жеткізу, тарихтан сабақ алуына мұрындық болу.

Қуаныш Қожабайұлы
Әдебиетші, қаламгер

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *