Түйін

«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деген рас болып шықты. Мақаласын қазақша жазған немістің де сөзі бұл жолы ұзын болды. Бірақ басы бар сөздің аяғы да болуы керек емес пе? Тіл мәселесінің барлық қырын, әлбетте, бір мақалада қамти алмайтының хақ. Жоғарыда айтқандарымның тоқетері мынаған саяды:

Алғашқы қазақ сөзін мен 1941 жылы күзде Есіл бойындағы шағын ауылда естідім, содан бері 65 жыл бойы мені қазақ тілінің тұңғиық мұхиты қоршап келеді. Мен бұл тілдің байлығына, қуатына, шымырлығына, көркемдігіне, ырғағына, мақамына, әуезділігіне, басқа тілдерге берілмес әдемілігіне қайран қалып, қуанамын. Мен бұл сөздерді қазақ тілінде жазып, қазақ және неміс прозасының 25-30 томын орыс тіліне аударған әдебиетші ретінде айтып отырмын. Көшпелілер жүздеген жылдар бойы өз тілін «сылдырлап өңкей келісімге» (Абай) дейін үздіксіз дамытып, оған поэтикалық сипат беріп, өздерінің еркіндікке үйренген рухының субстанциясына айналдырған.

Бір сөзбен айтқанда, қазақ өз сөзін құдірет тұтты.

Бұны Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке бидің шешендік сөздерінің даналығы мен көркемдігінен, ақын-жыраулардың поэзиясынан, Абай, Махамбет, Ілияс Жансүгіров, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығынан көруге болады. Тіпті күнделікті қарапайым сөздер қолданып, тік, жұпыны, қасаң сөйлеуді қазақ кешірілмес кемшілікке теңеген. Қазақ о бастан әдемі, сөздерді ойната, түрлендіре, майын тамыза, құбылта ұйқастыра сөйлей білген. Қазақ тілі, сайып келгенде, нағыз дипломатия тілі. Осыған байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлерінің бірінің «дипломатиялық қызметке қазақ тілі керек емес» деп байқаусызда айтып қалған сөзін қайғылы да ренішті қателік деп санаймын.

Әттең… Қазақ тілі кейінгі кезде бірқатар қоғамдық-әлеуметтік себептерге байланысты көрер көзге кедейленіп, жұпыныланып, қарабайырланып, неше түрлі кірме сөздердің ықпалына түсіп, кезіндегі әдемілігінен, әсем кейпінен, бейнелігінен, халықтың шынайы құрметтен әжептәуір алшақтап қалды. Сондықтан да қазір оған қарапайым тілдесу құралы ретінде ғана қарайтындар көп.

Өкінішті-ақ… Алайда соңғы үш-төрт жылдан бері қоғамдық санада қазақ тілі жағдайының біршама жақсарғанын айта кеткен де ләзім. Жағдай нашар деп ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Қазақ тілі қазірде аясын біршама кеңейтіп, қанат жайып, толық мәнде мемлекеттік тіл бола алмаса да, өз орнын біртіндеп тауып келе жатыр.

Айтпақшы, қазақ сөзі туралы мен жеке кітап болып шыққан эссе жазғам («Казахское слово», Астана, «Елорда» 2001), сонымен қатар ол еңбегім «Гармония духа» (Москва, «Русская книга», 2003) деген жинағыма енді. Кітапшам интернетте де жайғасты.

Жоғары да айтылғанды қорытындылай келе, келесі мәселелерге назар аудармақпын:

  1. Туған тіліне жаны ашығандарды шынайы қолдаймын. Өз тіліңді

сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек.

  1. Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес. Тілдің өзіндік жаны, рухы

бар. Тіл бар да, сен барсың. Туған тіл – сенің жаның, тағдырың. Онсыз жаны жоқ кемтарсың.

  1. Кінәліні шеттен іздеме. Себеп-салдарды өзіңнен көр.
  2. Туған тілдің қайғылы тағдырына орыс тілі кінәлі емес. Тіл мен саясатты шатастырма.
  3. Пушкиннің орыс тілі туралы айтқан сөздерін жадыңда сақта. «Ол тек өзі ғана біздің бақытсыз Отанымыздың меншігі болып қалады». Қазақтың да жалғыз меншігі – ана тілі.
  4. Жаһандық үдерістерге беталды беріліп кетпе. Жаһандануға асықпа. Оның уақыты келер. Өз тіліңмен, ұлттық мәдениетіңмен соңына дейін бол. Олар сенің қорғаның.
  5. Қазаққа ағылшын, неміс, француз болу шарт емес. Қазақ қазақ болып қалу керек. Бұл сөз бәріне де қатысты.
  6. Ешкімге ұқсауға тырыспай, өзіндік қасиеттерді ұстану керек.
  7. Мәңгүрт болма. Түп-тамыры жоқ қазақ болма. Шала қазақ болма. Таза қазақ бол. Бұл барлық ұлттарға да қатысты.
  8. Бұған дейін бар пәле кітаптардың, оқу құралдарының жетіспеушілігінен деп келдік. Қазірде бұның бәрі бар. Алайда ақын әрі депутат Мұхтар Шахановтың айтуынша, 3-3,5 миллиондай қазақ өз тілінен айырылған. Бұл неліктен болып отыр? Не жетпейді?

Мен айтар едім, жетіспейтіні – ұлттық сана мен Ар-Намыс…

… Мақаламды осы жерден үзіп, бітірмекші едім, бірақ ойыма Мағжанның қазақ тілі жайындағы сөзі қайта-қайта орала береді.

Мағжан Жұмабаев былай деп еді:

«Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы.

Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри басғанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере кешкен тұрмысы, асықпайтын-саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең. Тілі де бай. Осы күні түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлесеміз деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы.

Күндерде бір күн түрік бабаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің имнымыз берік.

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.

Таралған түрік балаларын бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім».

Бұл сөздер латын әріппен кестеленіп, әрбір қазақ үйінің төрінде ілулі тұруы керек.

Мағжан бұл пікірді «Педагогика» атты еңбегінде 1922 жылы айтқан. Арасына 84 (!) жыл салып, бір әрпін де өзгерпей мен сол дәйексөзді қайталап келтіріп отырмын. Енді жүз жылдан соң бұл жүрекжарды ой-арманды қазақтың көзі ашық тағы бір баласы еске алып, қандастарының жүрегіне от салып, намысын оятар деп сенемін.

Герольд Бельгер

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *