… Сонымен не болды? Латын әліппесіне көшу мәселесі Қазақстанда біржола күн тәртібінен түсіп қалды ма? Әлде толғағы жеткен жоқ па? Анабір жылдары әжептәуір сөз болып, нешетүрлі үлкенді-кішілі мақалалар жазылып, нақты-нақты ұсыныстар жасалып еді. Бүгінде құмға сіңгендей бәрі жоқ болды.
Неге? Көз үйренген кириллицаны қимаймыз ба? Ескі сүрлеумен жүре берген тиімді ме? Үлкен көршіміздің көңіліне алаңдаймыз ба, әлде?
Түсініксіз …
Мейлі. Маған әрі-беріден соң бәрібір. 72 жыл бойында латиницамен де біте қайнасып, тамыр болып келдім ғой. Қалған ғұмырымды да солармен қолтықтасып, аман-сау, тату-тәтті өткізе берермін.
Гәп менде емес. Басқада. Жүрегім сезеді: түптің-түбінде қазақтар латын әрпіне көшпей қоймайды. Неге десеңіз, заман ағымы солай. Көрші түркілер жұрты жаппай латиницаға көшкенде, қазақтар көштен қала ма? Кириллицаны паналай бере ме? Батыс, Шығыс тілдеріне, мәдениетіне, өркениетіне мейлінше жақындауға қалайсың? Дүниежүзілік рухани қауымдастыққа кіргің келе ме? Компьютерлік және басқа ұлттардың дені қабылдаған операциялық жүйені меңгергің келе ме? Жер-жиһанда 90 пайызы латын әрпінде терілетін ғылым, білім, мәдениет саласының кітаптарына терең үңілмек ойың бар ма? Ендеше Түркия, Малайзия, Индонезия, Әзірбайжан, Өзбекстан түскен жолға, ерте ме, кеш пе, Қазақстан да амалсыздан түседі.
Қашан дейсіз ғой? Ресей латиницаға көшкен күннің ертеңінде. Немесе бір күн бұрын. Сонда Ресей шынымен латиницаға көшуі мүмкін бе? Әбден мүмкін.
Үйтпесе, тұйыққа тіреліп, өзімен-өзі руханияттан ада орманда я аралда тентіреп қалады. Жаманның сандырағы емес. Орыстың кейбір мықтылары атам Фридрих тумай тұрып бұл мәселені көтерген. Оны айтасыз, ұлы реформатор патша Петр Біріншінің өзі Ресейді латиницаға көшіруге талпынған екен. Бірақ жеме-жемге келгенде тайсақтап қалған. Ғұмыры да қысқа болды ғой… Дүниежүзілік перманентті революцияның жаршы-идеологы Арыстан Дәуітұлы Троцкий де (Лев Давидович Бронштейн) орыс тілін латиницаға көшіруді жөн деп тапқан. Әрине, оның көксегені жалпы жаһандық революцияның мақсаты. Бір қызығы, бұл идеяға пролетариат көсемі Владимир Ленин де кетәрі болмаған. Орыс әріптерін латиницаға сәйкестендірудің бірнеше транслитерациялық әдістері бар. Солардың ішіндегі тиімдісі, оң жамбасқа келетіні АҚШ Конгресінің кітапханасы қабылдаған нұсқасы. Ол жоба бойынша: я – іа, щ — shch, х — kh, ж — zh, ц — ts, ш — sh, ы – у, э – е, ю – и болып шығады. Мамандардың пікірінше, орыс тілі келешекте дәл осындай жазуға көшеді. Қазіргі компьтерлік қарым-қатынаста осы әдіс кеңінен қолданылып жүр.
Жоғарыда айтқан ой-мысалдарымды мен Сергей Лесковтың «Битва вокруг алфавитов» деген мақаласына сүйеніп, келтіріп, отырмын. («Известия», 25.08.01). Сол мақалада Ресей ғылым академиясының мүше-корреспонденті, этнология мен антропология институтының бөлім жетекшісі Сергей Арутюновтың пікірі келтірілген. «Менің жобалауымша, — дейді ғалым, -орыс тілі осы ғасырдың барысында латиницаға көшеді. Арнаулы үкіметтік қаулысыз-ақ өмірдің өзі осыған жетелейді. Латиницаға ең алдымен компьютерлік қарым-қатынас, одан кейін принтерлік басылымдар, соңында аз тиражды оқу құралдары мен техникалық әдебиет көшеді. Кириллица тек тарихи ескерткіш түрінде қалады. Оған кейбір ақындар мен діни мәтіндер ғана жүгінеді».
Сөзінің жаны бар. Қалай болғанда да пікір негізсіз емес. Мен де соған иланамын. Мәдениет қашанғы саясаттың жетегінде жүре бермек? Түркі тілдес елдердің фиолог-ғалымдары 1993 жылдың наурыз айында Анкарада жиналып, ақылдасып, латын әрпінің негізінде ортақ әліпбиге келіскен. Ол 33 әріптен тұрады. Академик Ә.Қайдари оған 34-әріп – «ә»-ні қосады. «Ә»-нің орнына латынның А* (а умлаут, яғни төбесінде екі нүктесі бар) дегенін қоссақ, жетіп жатыр деген де ұсыныс болған («Новое поколение», №22/97). Ахмет Жанділдә деген зейнеткер «ә» — «а», «ө» — «ө», «ү» — «и (ант)*», «ң» — «ng» деп жазылғанды жөн көреді. Менің оған қарсылығым жоқ.
Осы бір мәселе көп жылдан бері қоғамдық сананы қозғаса да, біздің елдің басшысы сақтық жасап, күрт шешімге бармай жүр. Онысы дұрыс та болар. Мұндай жауаптылығы зор қадамға баруға халықтың санасы іштей дайын емес. Оның үстіне биыл еккен егінің қызығын салғаннан көре алмайсың. Нәтижесі он-он бес жылдан кейін ғана айғақталады. Оған дейін, әлбетте, небір тар жол, тайғақ кешулер кездеседі, алғашқы кезде әжептәуір қиындықтар туады. Оны мен де жақсы түсінемін.
Латын әрпіне көшудің қажеттілігін бірер жыл бұрын мен де әлденеше рет айтқанмын, жазғанмын. Біраз қазақ менімен келіспеді. Көшеде ұстап алып, я үйге телефон шалып, неше түрлі уәж айтты.
«Әй, сен қалың қазақты әуреге салып, топастандырмақшы екенсің ғой», — деді.
«Оу, пәлен жыл кириллицамен терілген кітаптарды жоймақсың ба?» — деді.
«Уай, басқа әріпке көшер болсақ, кириллицаны да, латиницаны да қоя тұрайық. Баяғы араб әрпіне неге көшпеске? Арабша төте жазу бар емес пе?» — деді.
«Айналайын, экспериментіңді қой. Қазаққа жаның ашыса, неге руникалық жазуды көтермейсің? Қазақтың табиғатына сол лайық емес пе?» — деді.
Тағы біреулер ақыл айтты: «Сен елді дүрліктірмей, латыншаңды қоя тұр. Жұрттың бәрін неміс дейсің бе? Бүгінде басқа шаруа да жетерлік. Есімізді жинап алайық. Латыншаң қашпас. Бәрібір баратын жеріміз жаһандану ғой…» Бұған дауым жоқ. Басқадай шаруа жетерлік екені де рас. Латын әліпбиі де қаша қоймас. Қаупім: Шығыс, Батыс елдерінен тым қашықтап кетпейміз бе? Мұсылман елдерін жақындастырудың орнына ара-жігін аша түспейміз бе? Түрік елдері алшақтамай ма? Қарым-қатынастың, өркениеттің бірден-бір құралы – тіліміз қарабайырланып, шұбарланып, жұтаңдап, әрі-сәрі күйге тап болмай ма? Күннен-күнге жүдеп-жадап, әлсізденіп келе жатқан кириллицаның өгей баласы болып қалмаймыз ба?
Осы тектес ойлар мазалайды. Ал өз басым латиницаға сенімдімін. Келешекте сол үлкен ауылға келетінімізге күмәнім жоқ. «Асықпаған арбамен қоян қуып жетеді». Солайы солай. Бірақ орта жолда сықырлауық арбамыздың белі кетіп, сынып, қоян көзден ғайып болмас па екен деген қорқыныш санаға ұялаған.
Герольд Бельгер