ХХ ҒАСЫРДАҒЫ АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТЫНДАҒЫ САЯСИ ІЛІМДЕР

ХХ ғасырдағы Америка Құрама Штаттарындағы саяси ілімдердің қалыптасуы – күрделі, ұзақ және тым қарама-қайшы үдеріске толы болды. Саяси ойлардың дамуына американ ойшылдарының ең алдымен саясаттануды дербес ғылым ретінде түсіндіруі және қоғамдық ғылымдар арасындағы орнын анықтап беруі үлкен ықпал етті. Америка саясаттанушыларының арасында бұл ілімнің дамуында терең із қалдырған ғалымдар – Чарльз Мерриам, Гарольд Лассуэл және Ганс Моргентау.

Чикаго университетінің қолдауына сүйене отырып, аталған ғалымдар америка саяси ғылымында прагматизм және саяси реализм мектептерінің негізін қалады. АҚШтың ішкі және сыртқы саясатын зерттеуде жаңа әдістерге жол ашты. Осылайша Америка қоғамы АҚШ-тың келешектегі қоғамдық және саяси тәртібінің лайықты стратегиясын қалыптастырды.

Аталған ғалымдардың ішінде саяси шоқтығы биік тұрған – Чарльз Мерриам (1874–1953 жж.). Батыс зерттеушілері оны Америка саяси ғылымының негізін салушы ретінде ғана емес, сонымен қатар бихевиористік бағыттың әкесі ретінде қабылдайды.

Саяси тәжірибенің сапалы жаңа сипатын белгілеу үшін ол «саяси саналық» деген арнайы терминді айналымға енгізді. Бұл термин практикалық саясаткерлерді өздерінің қызметтік міндеттерін орындау үшін жауапкершілікпен қарауға және Америка азаматтарын саяси басқаруға тартуға бағытталған.

Ч. Мерриам саяси зерттеулерге талдаудың жаңа сандық әдісінің енуін белсенді түрде талап етті. Оның еңбегі нәтижесіз болмады. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының басына таман әр саясаттанушы осындай зерттеу әдісімен қаруланды. Ч. Мерриам жаңа зерттеу әдістерінің маңыздылығы мен қажеттілігін ескере отырып, бұған дейінгі дәстүрлі әдістерді жоққа шығармады. Басқа әдістердің маңызын төмендетпей кез-келген жағдайда саяси мәселелерді барынша объективті түрде түсіндіріп және шешу үшін тиімді зерттеу әдістерін таңдап алу – басты мақсат деп көрсетеді.

Ч. Мерриам Америка демократиясын адам табиғатына көп мөлшерде сәйкес келетін саяси басқарудың түрі ретінде қарастырды және соған өзі де қатты сенген. Оның ойынша, Америка демократиясының дамуы адамның шығармашылық мүмкіншіліктерінің ашылуына және соның нәтижесінде саяси қатынастардың жаңа түрінің қалыптасуына әкелуі керек.

Гарольд Лассуэл (1902–1979 жж.) Ч. Мерриамның шәкірті және оның идеясын жақтаушы. Ол Америка саяси ғылымы саласындағы ең атақты маман және басқа америка саясаттанушыларымен салыстырғанда АҚШтағы саяси ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан ғалым.

Америка саяси ғылымы үшін Г. Лассуэлдың жұмысының маңызы мынада – ол саясатты зерттеуде жаңа методологиялық әдістерді батыл қолданды. Бұған дейін жаратылыстану ғылымдары саласында қолданылып келген З. Фрейд әдісін алғаш рет саясатпен және саяси ғылыммен байланыстырды. Сол әдістің негізінде саяси ғылымда жаңа саяси психоанализ теориясын қалыптастырды.

Басшылар мен бұқара халық үшін саясат дегеніміз не болып табылады, олардың саясатқа деген қатынасы қандай психологиялық ерекшеліктерді қалыптастырады, сондай-ақ, саясаттың өзі қалайша оған қажетті тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады – міне осы мәселелер саяси психоанализ теориясының негізгі сұрақтары болып табылады. Сонымен қатар бұл теорияда саяси тұлғалардың типологиясын өңдеуге де көп көңіл бөлінеді. Мәселен, тұлғаның қандай да бір саяси рөлді таңдауға бейімділігін анықтай отырып, Г.Лассуэл саясаткерлердің үш негізгі түрін атап көрсеткен: администратор, насихаттаушы және теоретик. Саясаткерлердің аталған түрлерін сипаттай отырып, олардың әрбіреуіне тән позитивті және негативті жақтарын көрсете отырып, ол саяси тұлғаның «аралас түрін» таңдаған, яғни саяси тұлғалардың басқа түрлеріне тән ең жақсы қасиеттерін жинаған.

Ұсынылған классификация сонымен қатар саяси лидерлердің психикалық ерекшеліктерін де қарастырады. Мәселен, Г. Лассуэлдің ойы бойынша, өз-өзін кінәлау сезімі «көсем-насихаттаушыларды» алға тартады. Олар

«басқаларды әшкерелеу сияқты механизмдер әдісімен жеңілдіктерді іздейді». Идеологиялық лидерлер – «балалық шақтарында көптеген үміттерінің қирауын бастан кешірген жеке тұлғалар». Сондай-ақ, Г. Лассуэлдің айтуынша лидерлікке қызығушылықтан бас көтертпейтін психопатологиялық тұлғалар да саяси өмірге араласады. Биліктің қабылданбаған іздеушілері басқаларға үстемдік жүргізуге үміттеніп, бизнеске, кәсіподақтарға, ұйымдастырылған қылмысқа кетеді». Оларға қай жерде бекітілсе де бәрі бір, себебі олар басқа адамдарға билік жүргізсе жетеді деп көрсетеді.

Саяси билік және оны қоғамда тарату мәселесі Г. Лассуэлдің еңбектерінде маңызды орын алады. Г. Лассуэл билікті саяси ғылымның орталық категориясы ретінде қарастырып түсіндірген. Билік ету үдерісінде құндылықтар, сонымен қатар оларды қоғамда тарату маңызды рөл ойнайды. «Кім, не, қашан және қалай алады деген сұрақтар саяси әрекеттер мен саяси үдерісті сараптау кезіндегі негізгі сұрақтар», – деп көрсеткен. Саяси процесті түсіну үшін, саяси ғылым келесі мәселелерді шешуі қажет:

  1. оның мақсаттары мен объектілерін анықтау;
  2. құндылықтарды таратуда басты тенденцияларды белгілеу;
  3. осы тенденцияларды түсіндіретін шарттарды зерттеу;
  4. болашақта болуы мүмкін барлық өзгерістерді белгілеп қою;
  5. құндылықтарға максималды қол жеткізуге әкелетін әрекеттер әдісін таңдау.

1936 жылы жазылған «Саясат: кім нені, қашан және қалай алады» кітабында ол элиталарды «бұқарамен салыстырғанда, көбірек әсер ететін» топтар ретінде анықтаған. Саяси сараптаудың басты мақсатын «әсер етушілердің және әсерленушілердің» рөлдерін зерттеуден көреді. Элиталық топтар кез-келген топтарда, сонымен қатар, демократиялық қоғамда да болады деп дәлелдеген. Оның ойынша, демократия олигархиядан элитаның жоқ болуымен емес, ал «ашық» және «жабық», «өкілеттік» және «өкілеттік емес» сипатымен ерекшеленді.

1941 жылы жарық көрген «Демократия қоғамдық пікір арқылы» еңбегінде Г. Лассуэл құндылықтарды таратуда элиталық топтың, қоғамдық пікірдің маңызды рөлін көрсете отырып, саяси билікті және саяси үдерісті элитарлық түсіндіруден бас тартты. Ол оны демократиялық басқарудың және қоғамдағы легитимділіктің маңызды көрсеткіші ретінде қарастырады.

Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін Г. Лассуэлдің саяси билік және қоғамдағы құндылықтарды тарату үдерісі туралы көзқарасы үлкен өзгерістерге ұшырады. Ол өзгерістің мәні мынада – үдерістің басты фигурасы ретінде – саяси тұлға танылды және де ол жай ғана тұлға емес, саяси белсенді тұлға, сондай-ақ сол саяси тұлғаның қоғамдағы құндылықтарды қаншалықты меңгергендігі.

Г. Лассуэлдің қалыптастырған билік концепциясы әр түрлі мектептер мен бағыттарды ұстанатын көптеген батыс саясаттанушыларының қолдауына бірден ие болды. Саяси модернизация мәселесін зерттей келе және иерархиялық, сегментарлы, сондай-ақ пирамидалық билік бөлінісінің үш жүйесі туралы идеяны негіздей отырып, Д.Эптер оны өзінің еңбектерінде кеңінен пайдаланды. Саяси жүйе қоғамда авторитарлы (биліктік) құндылықтарды тарату жүйесі ретінде қызмет атқара алатындығы туралы Д.Истон да өзінің саяси өмірдің жүйелік сараптамасына арнаған кітабында жазған.

Саяси жүйенің басты міндеті, негізінен мынадай екі қызметті орындаудан тұрады. Біріншіден, қоғамда құндылықтарды тарату, екіншіден, қоғамның басым көпшілігіне осы қабылданған құндылықтарды ұзақ уақыт бойы міндетті ретінде қабылдауды қамтамассыз ету. Дәл осы аталған екі функция саяси жүйені қоғамның басқа жүйелерінен шектеуге мүмкіндік береді және саяси өмірдің мәнді өзгерістері болып табылады. Егер саяси жүйе берілген осы функцияларды нақты жүзеге асыра алмаса, онда қоғамда саяси шиеленіс, тіпті ақыр аяғында сол жүйенің құлауына әкеп соқтыруы да мүмкін деп көрсетеді.

Қорыта келгенде, Г. Лассуэлдің АҚШ-ғы бұқаралық ақпарат құралдары теориясының дамуына үлкен әсер еткен насихаттау идеясына міндетті түрде назар аудару қажет. ХХ ғасырдағы Америка саяси ғылымының аса көрне-

ті өкілі Ганс Моргентау (1904–1980 жж.) – прагматизм және саяси реализм мектептерінің көпшілік таныған басшысы, АҚШ-тың сыртқы саяси мәселелері бойынша басты теоретигі.

Сыртқы саясаттағы ұлттық мүдделер рөлінің маңыздылығын көрсете отырып, Г. Моргентау оларға сәйкес классификацияны ұсынған. Бір жағынан, ол негізгі, тұрақты мүдделерді атап көрсеткен: аумақты, тұрғындарды және мемлекеттік институттарды сыртқы қауіптен қорғау, сыртқы сауданы дамыту және инвестицияны өсіру, шетелдерде жеке капиталдың мүдделерін қорғау; одақтастармен өзара қатынас және сыртқы саяси бағытты таңдау. Екінші жағынан ол өтпелі және аралық мүдделерді бөліп қарастырған: аман қалу мүддесі; өмірлік мүдделер; маңызды мүдделер; перифериялық немесе ұсақ мүдделер. Г.Моргентау аймақтық немесе әлемдік гегемонияға қол жеткізу кез-келген ірі державаның ұлттық мүддесінің ең жоғарғы критериі деп есептеген.

Ұлттық мүдделер кез-келген мемлекеттің сыртқы саясатының өзегі екенін жариялай отырып, Г. Моргентау америкалық ұлттық мүдделерді басқалардан жоғары бағалаған. Ол сөзінде «АҚШ-тың ұлттық мүдделері Батыс жарты шарда саяси басымдылықты талап етеді. Егер Еуропа мен Азия держава немесе державалар тобының бақылуына түссе, бұл басымдылыққа қауіп төнеді. Себебі, Батыс жарты шары мемлекеттерінің көмегімен немесе жеке дербес мықты мемлекеттердің АҚШ-қа бас салуы жеткілікті. Міне, осыдан келіп шығатыны Еуропа мен Азияда күш балансы жүйесінде тепе-теңдік сақталуы, ал нақтырақ айтсақ, бір де біреуіне Батыс жарты шарда әскери немесе саяси жаулап алушылықтар арқылы өздерінің күшін нығайтуға мүмкіндік бермей, екі немесе одан да көп державалар тобының бір-біріне қарама-қарсы тұруы америкалық қауіпсіздікке өте маңызды», – деген.

Ұлттық мүдделер концепциясын өңдей отырып, Г. Моргентау оның дәлелдеуінде күшке өте көп мән берген. Оның ойынша, ұлттық мүдделер саясаты күшпен бекітілмесе, табысты бола алмайды.

Г. Моргентауға сәйкес, «күш» түсінігі кең мағынада (ұлттық күш түсінігі ретінде) келесі негізгі компоненттерді қамтиды: географиялық орналасу, табиғи ресурстар, өнеркәсіптік әлеует, әскери дайындық (сонымен қатар әскери техниканың даму деңгейі, әскери басқару, әскери күштердің сапасы мен саны), халық саны, «ұлттық сипат» (халықтың саясатқа қатынасы), «мемлекеттің күшін анықтайтын ең басты фактор» ретінде дипломатияның сапасы. Г. Моргентау бойынша, дипломатия – «бұл сыртқы саяси мақсаттарға қол жеткізу айналасында ұлттық күштің әр түрлі элементтерін біріктіру өнері, бұл – үкімет сапасы, яғни үкіметтің қоғамдық пікір жағынан өзінің сыртқы саясатына қолдауды қамтамасыз ету мүмкіндігі». Дипломатияның сапасын ұлттық күштің ең маңызды факторы деп атай отырып, Г. Моргентау әскери күштің рөлі мен маңызын төмендетпеді, себебі оның ойынша, саясидипломатиялық мүмкіншіліктердің тиімділігі әрбір нақты мемлекеттің әскери күшіне тікелей тәуелді. Халықаралық саясатта, әсіресе, «тәжірибеде қолданылатын немесе қауіп ретінде пайдаланылатын әскери күш мемлекеттің саяси күштілігін қамтамасыз ететін маңызды материалды фактор болып табылады» деп түсіндірген.

Дәстүрлі әдіс пен күш факторының арасындағы қарамақайшылық және ядролық соғыстың болу мүмкіндігі оның ойынша, қазіргі заманғы мемлекеттердің ядролық стратегиясында төрт парадоксты тудырды: халықаралық қатынастарда ядролық немесе басқа күштерді қолданудағы жолды қуушылық және бүкіл әлемдік ядролық катастрофа алдындағы қорқыныш; ядролық соғыстың мүмкін нәтижелерін болдырмау үшін ядролық саясатты өңдеу талпынысы; ядролық қарулануды тоқтату әрекеттерімен қатар жарысуды жалғастыру; ядролық қару бар болғанда бұл саясатты ескірген деп жасайтын шартымен, одақтарға сүйенетін саясатты жүргізу.

Г. Моргентаудың көрсеткен төрт парадоксты сараптау қорытындысы: «қандай да болмасын әрекет өзінің жаңашылдығымен және көріпкелдігіне қарамастан мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен әдістері арқылы ядролық күшін басқаға бағытталған кез-келген әрекет, ядролық күштің жойғыш күшімен жоққа шығады». Жасалған нәтижені есепке ала отырып, жалпы ережелерде де өте сенімді болып көрінеді: ядролық күшті мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен әдістеріне бейімдегенше, одан да осы мақсаттар мен әдістерді ядролық күштің әлеуеттік мүмкіндіктеріне бейімдеу қажет.

Тақырыпқа қатысты ұғымдар мен түсініктер: модернизация, гегемония, ұлттық мүдде, ұлттық қауіпсіздік, бихевиористік бағыт, саяси сана, сандық әдіс, саяси басқару, саяси лидер, насихаттаушы, саяси билік.

Тақырыпқа қатысты сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. ХХ ғасырдың басындағы АҚШ-тағы саяси ойлардың дамуындағы басты ерекшелікті атаңыз.
  2. Г.Лассуэлдің саясаткерлерге берген типологиясы қандай? (басқару стиліне қарай).
  3. Г.Моргентаудың АҚШ-тың сыртқы саяси стратегиясын дамытудағы орны.
  4. Г.Моргентаудың «күш» түсінігін кең мағынада (ұлттық күш түсінігі ретінде) талдаңыз.

Әдебиеттер:

  1. Әлемдік саясаттану антологиясы: 10 томдық. – Алматы, 2007.
  2. В.Ф. Петровский. Американская внешнеполитическая мысль. – М., 1976.
  3. Г. Моргентау. Четыре парадокса ядерной стратегии. Американцы размышляют, американцы критикуют. Проблемы внешней политики США. –М., 1967.
  4. Современная буржуазная политическая наука. Проблемы государства и демократии. – М., 1982.
  5. Т. Мұстафин. Саясаттануға кіріспе. – А., 1994.

Реферат тақырыптары:

  1. ХХ ғасырдағы Америкадағы саяси ойлардың дамуындағы негізгі ерекшеліктер.
  2. Г. Моргентау – прагматизм және саяси реализм мектептерінің көпшілік таныған басшысы.
  3. Г. Моргентау – АҚШ-тың сыртқы саяси мәселелері бойынша басты теоретигі.
  4. Г. Лассуэл – саясатты зерттеуде жаңа методологиялық әдістерді батыл қолданған саясаттанушы.
  5. Ч. Мерриам – америка саяси ғылымының негізін салушы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *