XVІІ ғасырдағы Англиядағы буржуазиялық революция феодализмнің тамырына балта шапты, сөйтіп қоғамда жаңа капиталистік қатынастар орнады және оның дамуына мол мүмкіншілік ашты. Англияны Батыс Еуропадағы алдыңғы қатарлы держава рөліне көтерді.
Ағылшын революциясының бір ерекшелігі – ол орта және ұсақ дворян өкілдеріне арқа сүйеді және де олардың әлеуметтік қолдаушылары қала қолөнершілері мен шаруалар болды. Революциядан тыс қалғандар ірі дворян өкілдері (ірі жер иелері) мен шіркеу еді.
Революцияға қатысқан әрбір саяси топ өз мақсатын көздеді. Бірақ олардың барлығының басын біріктірген идея – құдайға деген нық сенім еді. Қарсыластар Библия текстерінен өздерінің мақсатына қатысты үзінділерді «жұлып» алып бір-біріне құдай жолынан ауытқығандар деп айып тағып айтыса бастады. Басты идеология ретінде «шынайы құдай» идеясынан ауытқығандарды жазалау қағидаты қабылданды. Діни ұстаным идеологиясы көтерілісшілерге ортағасырдан бері мұра болып жеткен еді. Енді көтерілісшілерге қуат беру үшін тек осы ұранды одан әрі жаңа формада жеткізу әрекеті ғана жетпей тұрған болатын.
Ағылшын буржуазиясы кальвинистердің идеологиясын өздеріне басшылыққа алды. Сонымен қатар, буржуазия өзінің талаптарын, мақсатын «көпестерге жол ашу, банкирлерді қолдау» деп бастады. Қоғамда мақсатмүддесіне қарай саяси партиялар құрыла бастады. Халық та сол партиялар маңайына топтасты.
Орта буржуазияның мақсатын индепендер партиясы, ал ұсақ буржуазияның мүддесін левеллерлер партиясы қолдады. Енді осы левеллерлер партиясынан кедей шаруалардың мақсатын қорғаушы диггер партиясы бөлініп шықты. Ал ескі тәртіпті қолдаушылар монархистер «билік құдайдан» деп, сол баяғы ескі әуенмен қала берді. Бұл «билік құдайдан» деген идеяның жақтаушысы Лейден университетінің профессоры (Голландия) Клавдий Салмазий болды. Ол өзінің «Корелевская защита» еңбегінде патша құдіретті құдайдан, сондықтан қарапайым халықтың оны құлатуына, күдіктенуіне жол беруге болмайды деп түсіндіреді.
Мемлекеттің пайда болуының патриархалдық теориясының негізі де осы заманда қалыптасты. Бұл теорияның негізін қалаушы – Роберт Фильмер болды. Ол
«Патриархия, или Естественная власть короля» деген еңбегінде патша билігі көне заманнан Адам атадан мұра болып келе жатқан билік түрі деп көрсетті. Құдайдан тараған билік ешқашанда сайланбайды, ешбір заңға бағынбайды және де патша қара халықпен араласпайды, өйткені ол құдайдың баласы деп түсіндірді.
Революция кезінде елде әр түрлі топтар мен ағымдар өмір сүрді. Осыдан да болар сол замандағы ағылшын қоғамында сан түрлі идеялар кең қанат жайды. Солардың қатарына өз уақытында кең таралған және үлкен беделге ие болған индепендентер идеясы болды. Индепенденттердің басты ұраны – дінге сенуші қауымға жаппай бостандық пен ерік берілсін, ар-ождан бостандығы сақталсын, билік пен ар алдында «құдайдан басқаның билігі жүрмесін» деп жариялады. Дей тұрғанмен де, индепенденттер қоғамда республикалық басқару жүйесін қолдаумен қатар, конституциялық монархияның қатар өмір сүргеніне қарсы болмады. Индепенденттердің басты идеологы Джон Мильтон (1610–1674) болды.
Джон Мильтон (1610–1674 жж.) бірнеше «О власти королей и должностных лиц», «Защита английского народа против Салмазия» атты трактаттардың авторы. Ол идеялық көзқарасы жағынан демократиялық күштерге жақын болды. Дж. Мильтонның пікірінше, халық табиғатынан ерікті және қоғам өмірінде де еріктілікті сақтап қалу керек. Халықты басқару тізгінін корольге, магистрларға бергенде өзіне үстемдік жүргізу үшін емес, керісінше өздеріне король тапсырмаларын орындаушы өкілдер ретінде қарау және билік басындағылар халық мүддесін түсініп, азаматтық заңдарға бағынуы керек дейді. Егер де билік басындағылар жоғарыда аталған ережелерді сақтамаса, онда халық өз өкілдері арқылы (парламент) оларды қатаң жауапқа тарту құқығына ие деген пікір айтады.
Дж. Мильтон республикалық басқару түрін жақтады. Тек республикалық формада ғана жеке тұлға өз құқығын толық қамтамассыз ете алады деген. Сонымен қатар, билік иесі «ақылды және іскер» адамдарға қамқор болу керек деп ескертеді. Демократиялық билікті корольдің (халық уақытша сайлаған) жүзеге асыруына болады деп көрсетеді. Халық егемендігі идеясын одан әрі жалғастырушы
– Оливер Сидней (1622–1683 жж.). «Рассуждениях о правительстве» атты еңбегінде ол Р. Фильмердің «Патриархия» шығармасын қатты сынайды. Ол мемлекеттің пайда болуын адамдардың сыртқы күштерден қорғануы үшін өз еріктерімен бірігуінің нәтиежесінде пайда болды деген пікірді жақтайды. О. Сидней халық әр уақытта да өз егемендігін сақтап қалады және халықтан тыс басқару болмайды деп атап өткен. Король өз міндетін атқара алмаған жағдайда халық оны орнынан алып тастауға құқығы бар, өйткені патша мен халық арасында өзара келісім бар деген пікірді жақтайды.
Левеллердің саяси көсемі мен басты идеологы Джон Лилберн (1614–1657 жж.) болды. Ол бірнеше еңбектер мен памфлеттер және құжаттардың авторы. Еңбектеріндегі басты идея – қоғамды демократияландыру, құқық пен заңнамаларға байланысты болды. Дж. Лилберннің идеясын демократиялық бағытты қолдаушы буржуазия өкілдері қолдады. Левеллердің бағдарламасындағы басты қағидат – халық егемендігі мен заң болды. «Барлық биліктің, – деп жазды Дж. Лилберн, – әуел бастан қайнар көзі халық, халық өз өкілдері арқылы билікті жүзеге асырады». Сонымен қатар, левеллерлер бұл қағидатты тек жазып қана қоймай, оны іс жүзінде де жүзеге асыруға тырысты. Олар билікті заң арқылы қоғам алдында жауапты етуге, әсіресе тұлғаның саяси және азаматтық құқықтарын барынша шектемеуге тырысты. Ешбір заң актісі арқылы адамның табиғи құқығын шектеуге болмайды, өйткені табиғи заңдар, барлық заңдардан бұрын пайда болған деп түсіндірді.
Басқа ағымдар мен партияларға қарағанда левеллерлер патша мен олигархиялық билікке үзілді-кесілді қарсы болды. Мемлекет республикалық формада болу керек және бір палаталы парламентті сайлау арқылы халық өз билігін жүзеге асырады деп көрсеткен. Сайлау құқығын мемлекеттің барлық азаматтары мүлкіне қарамастан бірдей пайдаланады, дворяндар мен буржуазия өз артықшылықтарынан айырылу керек деп түсіндіреді. Билікті узурпациялау үдерісін болдырмас үшін, депутаттар тек заң шығару қызметімен айналысу керек, сондай-ақ ол заңдар барлық республика азаматтарына бірдей болуы абзал дейді.
Левеллерлер билік (мемлекет) пен дінді бөлу керек деген пікірде болды. Мүлік – жеке меншік мәселесі де левеллерлердің назарынан тыс қалмады. Олар жеке меншікке қатысты – «Парламент азаматтардың мүлкін теңдестіру мен қиратуға және оны ортақ деп жариялауға құқығы жоқ» деп өз бағдарламаларында жариялады.
Левеллерлердің бағдарламасы негізінен таза буржуазиялық сипатта болды, десек те, олардың идеясы өзінен кейінгі саяси ойлар мен мемлекетті әлеуметтік бағытта дамытуда, нарықтық қатынаста либералистік жол салуда ерекше мәнге ие болды.
Тақырыпқа қатысты түсініктер мен ұғымдар: буржуазия, либерализм, саяси партиялар, шіркеу, халық, билік, король, аралас басқару, памфлеттер, мемлекет.
Тақырыпқа қатысты сұрақтар мен тапсырмалар:
- XVІІ ғ. Англиядағы саяси ахуалға сипаттама беріңіз.
- Ағылшын революциясының негізгі әлеуметтік қолдаушылары кімдер?
- «Шынайы құдай» идеясының мәні неде?
- Клавдий Салмазий мен Роберт Фильмердің саяси доктриналары.
Әдебиеттер:
- История политических и правовых учений / под ред. О.В. Мартышина. – М., 2004
- Общественный договор или принципы политического неравенства // Трактаты. – М., 1990.
- Сатышев В.Е. Политико-правовые учения в Англии в эпоху буржуазных революций 17 века. – М., 1985.
- Сырымбетұлы Б., Сатершинов Б. Саяси және құқықтық ілімдер тарихы. – Алматы, 2015.
- Токвиль А. Старый порядок и революция. – М., 1911.
Реферат тақырыптары:
- Ағылшын революциясының негізгі ерекшелігі.
- Роберт Фильмер – мемлекеттің пайда болуының патриархалдық теориясының негізін қалаушы.
- Левеллердің бағдарламалық платформасындағы басты принципі.
- Джон Мильтон – индепенденттердің басты идеологы.
- Оливер Сидней мен Джон Лилбернның саяси ойлары.