(Ересектерге арналған ертегі)
Ұшақта ұн сатып отырмайсың ғой, ұйықтағанға не жетсін! Түс көріппін! Түсімде түлкіні емес, тілімді біреулер қуалап сабап жүр екен! Тілімді тікен– дердің арасынан тауып алып, қанын сүртіп, аялап тұрғанымда, орыс тілді қаракөз бауырларым жетіп келді.
– «Мясо по казахский» қайда?– деп сұрады бірі ешкіні қуалап жүріп емгендей ентігіп.
– Бұл менің тілім! Менің ана тілім! Мемлекеттік тілім! Олай қорлама!—дедім мен тілімді қалтама салып қойып.
– Бизге бериниз!—деді екінші шала қазақ шашала сөйлеп.
– Оны қайтесіздер?
– Сотка беремиз!
– Сотка? Рахмет, ұялы телефоным бар…
– Сотка береміз деймин! Маган: «Казахсың ба? Казах казахпен казахша сөйлесин керек! Президентимиз солай деген!» деп акыл уйретеди! Мин казакша сөйлегим келмейди! Орыс тили– өмирим!
Аузымда ашсам, тілім орнында екен… Қайран қазақ тілі! Қор болдың –ау! Қотыр болдың– ау… Осындай түс көріп жатып, оянып кеттім. «Тілім орнында ма екен?» деген қорқынышпен сумаң еткізіп, тілімді шығардым. Мәссаған! Ортада жүрген стюард жігіт жетіп келіп, жағама жармасты:
– Мени ниге мазактайсыз?
– Құдай үшін, олай ойламаңыз.
– Онда тилинизди ниге свежи воздух шыгардыныз?
– Кепсін деп.
– Сиз мени тагы мазактап отырсыз.
Осы кезде стюардесса қыз құстай ұшып келді.
– Что случилось?—деп сұрады.
– Қазақша сөйлеңіз, қарындас,– деп өтіндім мен.
– Не твое дело…
Бір қарасам, қара көз бауырларыма өкпелеген тілім аузыма сыймай, ұртымды ұрғылады да, түбінен үзіліп түсіп, аузымнан қашып кетті! Өмірімде алғаш рет тілім өзімнен бөлек кетіп қалды! Стюардесса қыздың үстіне жабысып, омырауына түсіп кетті ме… Ол шошып, тыпырлады да қалды. Жолаушылардың бәрі ауыздарын алақандарымен жауып әлек. Бірақ қазақ тілін қорлағандарға намыстанған ауыз ішіндегі қызыл тілдер иелерінен рұқсат сұрамай– ақ, саусақтардың арасынан қылтиып шығып:
– Жасасын қазақ тілі!
– Ұшақтарда да қазақ тілі—қазақтың тілі!
– Ұшақтарда стюардессалар үш тілде сөйлесін: қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі!
– Қашанғы қазақ тілін тірідей көме береміз?—деп шуласты. Бір кезде… Мәссаған! Мұсылман жолаушылар тілдері ауыздардан атқып шығып, стюардтты сабалай бастады. Бет аузының бәрі жыбырлаған қазақ тілі! Бір қарасам, бір шала қазақ бес– алты тілді ұстап алып, ормалына түйіп жатыр.
– Мұны қайтесіз?—деп сұрадым мен.
– Үйге барған соң қуырып жейін деп едім…
– Әне, біздің қазақ осы. Бірінің тілін бірі қуырып жейді…
Не керек, Алматының әуежайына түскен бойда бізді полицейлер қоршап алды. Бәріміздің аузымызды ашып, фонар жарығымен қарады. Тілдеріміз аузымызда болатын. «Бұзақылықты бастаған осы тіл!» деп бір сатқын айқай салып еді, полиция инспекторы аузымнан ана тілімді суырып алды. Сөйтіп,
не керек, сот тілімді төрт жылға соттады. Төрт жыл жым, мақау болып жүріп, артынан барсам, тілім жоқ… Кейін естідім, атаңа нәлет түрме бастығы арақ ішіп отырып, «зәкөске» үшін қуырып жеп қойыпты… Атауыңды жегір… Е, мейлі, есесіне бір ауыз қазақша білмейтін мәңгүрт бастық қазақша сайрап жүр дейді! Жасай бер қазақ тілі!
Мұхтар Шерім