Мен аяғымды, сирағымды, балтырымды құрметтеймін! Осылар ғой, мені құтқарып қалған. Аяғымның орнында қол, қолымның орнында аяғым болып жаратылсам қайтер едім?
Қыздар, бірді айтып бірге кетіппін ғой, бәрін басынан бастайыншы. Былтыр көктемде екінші курста оқитын құрбым ауылына қонаққа шақырды. Құрбымның үйінде бешір болды. Ертеңіне ауыл жастары жиналып, қырдан қызғалдақ теруге бардық. Қызғалдақ деген жерде өседі екен ғой. Мен оны бір жеміс ағашы болады, гүлдегенде бұтақтары қызғалтаққа толы болады деп жүрсем… Қалада өскен байғұс басым, өмірімде бірінші рет сиыр көрдім. Емшегін іздеп, бұтына үңіліп жүрсем, «мынаның емшектері жасырынып тұрады ма?» деп сұрасам, құрбым байлаулы тұрған есекті құшақтап тұрып күледі. Сөйтсем, өгіз деген жануар сиырдың как күйеуі болғандықтан, онда емшек болмайды екен…
Қыздар, содан бар ғой, қырда қызғалтақ теріп жүрміз. Дала қандай керемет, Кинг– конг деген дә– әу маймыл бар ғой, кинодағы, сол жүгіріп келе жатып, қолындағы қызыл бояуын төгіп алған сияқты… Қызғалтақ теріп жүріп, темекі шегіп тұрған төрт жігіттің әңгімесіне қарасам, мені қазір алып қашпақ көрінеді. Соған «беларусь» деген тракторлары келмей жатыр екен. Зәрем қалмады.Ужас, менің Мыжбанчик деген жігітім бар қалада. Екеуміздің жүргенімізге екі күн болды, ұят қой. Мен әлі не бәрі он сегіздемін. Оқуымды бітіруім керек. Қорқып кеттім. Қызғалтақ терген болып, олардан ұзадым да, құрбыма жақындап:
– Анау жігіттер мені алып қашпақ, не істейміз?—деп сұрадым.
– Өтірік жылаған болып, тракторға міне бер. Келесі ауылда тұратын менің нағашы ағама тиесің ғой. Осы сценаридің авторы өзіммін…—дегенде досым деп жүрген құрбымның бетіне түкіріп жіберіп, қаша жөнелдім! Ана жігіттер қуып кеп берді. Қашып келемін, қашып келемін… Белден бел, қырдан қыр асып келемін. Бір кезде алдымнан құрбымның жеңгелері болса керек, он шақты әйел шыға келді. Қолдарында бір– бірден ақ орамал.
– Орамал сатып жүрсіздер ме? Қаншадан?—деп сұрадым алқынып.
– Біз саған тегін береміз, қане, басыңа орамал сала ғой,– деп бір жеңгесі жақындап келе жатыр еді, орамалын тартып алып, өзінің басына жаптым да, қаша жөнелдім. Бір қырдан асқанда, алдымда бір кемпір шалқасынан жатыр. Айдалада. «Апа, сізге не болды? Ауырып жатырсыз ба?» деп сұрадым. «Адам айдалада ауырып жатады ма екен? Өлігімді аттап кетсең, жолың болмайды, біздің үйге келін боласың, шырағым,» дейді. Үстінен ырғып өтіп бара жатыр едім, қарап жатпай, балтырымды оңдырмай шымшып алды. Безіп келемін. Мектепте оқып жүргенде жаяу жарыстардан бірінші орын алатынымның пайдасы тиді. Төрт жігіт те қиқулап келеді екен, мен оларға түлкі сияқтымын. Тілімді шығарып мазақтадым да, қаша жөнелдім. Бір қарасам, сол ауылдағы биік таудың ұшар басына шығып кетіппін.
Етекте еңіреп тұрған төрт жігіт айқайлап жатыр, дауыстары жетпейді. Неге айқайлайды? Сөйтсем, ары қарай өзбек шекарасы екен. Бір қадам аттап едім, жан– жағымнан оқтар зуылдады дейсің. Төменде танктер тұр қаптап, төбеден тік ұшақтар атқылай бастады. Қыз болып жаратылғаныма мың да бір рахмет, өзбек өз ағам аямағанымен, оқтар тіке зуылдап келеді де, «қыз баласы ғой, обал болады» дегендей, бұрылып кетеді. «Ұялады» мені өлтіруге… Қыздар, қызық болды, төмен түсіп келе жатсам, етекте беташар болып жатыр екен. Менің суретімді құрбым берсе керек, бір қурайдың басына іліп, қурайды жерге қадап, суретіме орамал жауып, беташарды қыздырып жатыр! Жүгіріп келіп, орамалды жұлып алдым да, терлеп кеткен балтырымды сүрттім. Суретімді қолыма ұстай қаштым. Бір қырдан ассам, мені келін еткісі келгендер бауырсақ пісіріп жатыр екен. Бауырсақтан дәм ауыз тиіп, одан әрі қаштым. Тағы бір қыр ассам, бізге арнап төсек салып қойыпты. Қырға. Айдалаға. Төсекке жатпастан, үстінен ырғи қаштым. Безіп келемін. Тер деген кетті, тура екі шелек. Бір кезде алдымнан екі қасқыр көрінді. Тістер ақсиып, маған қарсы шапты. Артыма қарасам, төрт жігіт, он жеңгесі… алдымда екі қасқыр. Өлді деген осы шығар? Қасқырлар жақындап қалғанда, соткамды лақтырып жібердім. Біреуі арс етіп, қағып алды да, жұтып қойды. Жалмауыз десе. Қасқырлардан көз алмай тұрмын. Қасқырлардың көздеріне тура қарап, көзіңді қыссаң, олар жемейді дегенді естіген едім. Бір кезде ұялы телефоным шырылдай жөнелді. Жігітім ғой, қасқырдың ішінен шырыл естілгенде, екінші қасқыр қаша жөнелді, оның соңынан соткам кетті. Артыма қарасам, жігіттер жақындап қалған екен, тілімді шығара мазақтап, қашып кеп бердім, қашып келе жатып: «Тие салсам қайтеді? Ауылда ет көп. Қалада вермешельден ығыр болып кеттім…» деп қоямын. «Әй, Қатипаш, мені ұмыттың ба? Мен ше? Мен, мен?» деп құлағыма дауыстағандай болады жігітім. Артыма қарасам, төрт жігіттің бірінің қолында қос ауыз мылтық! Қатар жүгіріп келе жатқан досы: «Атпа деймін, келіншегіңнің терісі бүлінеді…» деп қояды. Ал– дыма қарасам, бір қора кісілер келе жатыр. Қолдарында плакат, ұрандар жазылған. «Біз болашақ келіннің қайнағаларымыз!» «Келін жасасын!»
«Келін бізге сәлем берсін!» деген ұрандарды оқып тұрғанымда, төрт жігіт те жетіп, мені тірідей ұстап алды.
– Менің күйеуім қайсы?—деп сұрадым мен.
– Мен,– деді арық, бүгін не ертең өлетін бір жігіт. Ауылда ет көп, халқы тоқ деп жүрсем, бұлар да жетісіп жүрген жоқ екен– ау.
– Атыңыз кім?
– Тыжбан,– деген ол қолын ұсынды. Қолы қолтырауынның терісі сияқты екен. Қолын алып тұрып, ішіне тіземмен бір тептім де, қаша жөнелдім. Қойшы, қаша беруден шаршадым, осы жерден тоқтай салайын ба, қыздар? Тыңдап отырған қыздар, қатар құрбыларым қорқып кеткен екен, үндемейді… Олар үндемеген соң, мен де қашуды жалғастырдым, безіп келемін, әлі қашып келемін!
Мұхтар Шерім