Бір миллионер ерігіп жатып, көзін жұмып алып, күй шығарды. Қазақстан композиторлар одағына құстай ұшып жетіп:
– Күй шығардым!—деді.
– Қалай?—деп сұрады белгілі композитор.
– Ыңылдап…
– Домбырамен тартып жіберіңізші…
– Кешіріңіз, мен тек темекі ғана тартатын едім…
– Шырағым, домбыра тарта алмасаң, қалай күй шығарып жүрсің?
– Құрманғазы, Тәттімбеттер сигарет тартпаса да күй шығарған…
– Жарайды, – деді композитор,– қалай орындайсың?
– Ыңылдап…
– Ыңылдаңыз…
«Таланты тас жарған» композитор ыңылдай бастады.
– Кешір інім, күйің не деп аталады?
– «Храмой киік…»
– Неге орысша?
– Орыстар да түсінсін дегенім…
– Інішек, мынауың Құрманғазының «Ақсақ киігі» ғой…
– Как «Ақсақ киігі?» «Менікі «Храмой киік» деп аталады…
– Тура соның көшірмесі.
– Не может быть. Құрманғазы менен ұрлап алған екен де!
– Оу, Құрманғазы қашан туылды, сен қашан туылдың?
– Жоқ, ол менің осы ғасырда туылатынымды сезіп, менің күйімді ұрлап алған…
– Қалай ұрлайды? Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туылған. Ал сен…
– Өліп қалғандар да ұрлай береді…
– Басымды қатырма, інішек.
– Ән де шығардым!
– Орындашы. Ия, ызыңдап…
Кәсіпкер ызың– ызың етіп, ән орындаған болды.
– Ән қалай аталады?—деп сұрады композитор.
– «Алматы каналы жағасында…»
– Жарқыным– ау, мынауың Шәмшінің «Арыс жағасындасының» көшірмесі ғой! Тек қайырмасын сәл өзгертіпсің…
– Шәмші менен ұрлап алған…
– Қой, мынауың енді, өтіріктің өтірігі.
– Менің осы әнді шығаратынымды түсінде көріп, менің туылмай тұрғанымды пайдаланып, әнімді ұрлап алған…
– Сен өзі нота білесің бе?
– Білемін. До– ре– ми– фа– соль– ля– си– до.
– Жоқ, нота жаза аласың ба деймін?
– Жоқ. Құрманғазы да нота білмеген. Дина да. Тәттімбет те. Мен де…
– Сөз мәтіні де оңып тұрған жоқ. «Бойында каналдың, өзіңнен нәр алдым, сағыз шайнап құрбым сен, жағада тұрдың сен…» Не пәле бұл?
– Әнімнің сөзі.
– Авторы кім?
– Өзім.
– Өзің де, сөзің де құры!—деп айқайлап берді композитор. «Таланты тасыған» әуесқой композитор есіктен шығып бара жатып күңкілдеді:
– Мен сізді сотқа беремін! Авторлық құқымды талап етемін! Менің «Өзің де, сөзің де құры» атты әнімнің тақырыбын ұрлап алыпсыз! Сіз плагиатсыз!
Мұқтар Шерім