«БОҚМҰРЫНДАР»

Президент ойнап айтпайды, ойлап айтады, шынында, бесіктен белі, еңбектен тері шықпай жатып, шіренген шенуніктердің ұл– қыздары, былайша айтқанда «шикі жұмыртқалары» министрліктерде орынбасар, әкімшіліктерде бірінші ор¬ынбасар, департамент, корпорация бастықтары болып, жалғанды жал¬па¬ғынан басып, мемлекет қаржысын ойланбай шашып, қылмыс жасай қалса, шетелге қашып, дым білмесе де еңселерін көтеріп жүр, ал жарлы– жақыбайлардың білім¬паз балалары базарларда арба айдап, жөтеліп жүр… Осындай ақылды ақпарат жетісімен, президент Айсұлтан Күншуақов қасына премьер министр Жымибай Мұртбаевты ертіп алып, «ҚазБылық– шылықТаз» АҚ– на келіп, лауазымды «боқмұрындарды» қатар тұрғызып қойды да, бәріне бір– бірден бауырсақ бергізіп, сосын бортты «Камазға» отырғызды. Рөлде премерь – министр, жанында президент. Астанадан сонау Созаққа қарай тартып келеді. Қызылордаға жете бергенде, «боқмұрындар» старостасы Мыжбан Мәндірбаев рациямен премьерге хабарласты. «Камаз» тоқтап, президент жерге түсті.

– Не болды?—деп сұрады президент.

– Президент мырза, Кәуекбас Шикібаев «қарным ашты» дейді…

– Саусағын сора тұрсын…

– Саусағының өзі соруға жарамайды, ақ саусақ, әлсіз…

– Биік астаудан жем жеп үйреніп қалған екен. Шыдасын.

– Ойбай, ол жем жемейді… Тек қара уылдырық…

Премьер министр «боқмұрындарды» санай бастады. Кенет мұрты тікірейіп кетті.

– Бес «боқмұрын» жоқ! Олар қайда?—деп сұрады ол.

– Астанадан шыға берісте борттан секіріп түсіп, қашып кеткен…

– Неге хабарламадың?

– Жаңбыр жауып тұрған, сіздің шашыңыз су болады деп…

– Премерь ага, биз кайда барамиз?—деп сұрады Дымқылбас Түкбілмесов.

– Өмір көруге…

– Амир кай жакта сонда…

– Созақта…

– Сузаки Жапония каласи ма?

– Президент сендердің аспаннан түсе қалғандай, білімсіз бастарыңмен бірден бастық болғандарыңа риза емес. Әуелі тәжірибе жинап, өмір көру керек дейді. Сендер «көкелеріңнің», тамыр– таныстың, билікте билеп жүрген әкелеріңнің арқасында кресло құшақтап отырдыңдар. Кадрдің қадірін кетірмеуіміз керек.

– Сен неге бәрінен биік отырсың?—деп сұрады президент. Артыкүштібек Диірментартаров орнынан тұрды.

– Мен… мен жұмсақ кресломды ала шығып едім…

– Өмірді тақтай орындықтан бастау керек саған…

– Артым ауырады… Президент басын шайқап, премьер мұртын сипап, кабинаға отырды. Қызылорда қаласына жеткен соң, президент

«балапандардың» біразын ауыл әкімдігіне, біразын мектеп директорлығына тағайындап кетті. Түнделетіп, Шымкентке жете бергенде, Май инспекторлары тоқтатты.

– Құжаттарыңды әкел! Немене тиеп алғансың?

– Шикібастарды…

МАЙ инспекторлары борттың ішіне үңілді.

– Мигранттар ма не? Өзбек жұмысшыларын қай бастықтың коттеджін салдыруға апара жатырсың?—деп сұрады бірі.

– Біріншіден, «сіз» деп сөйлеңіз, екіншіден, мен премьер –министр Жымибай Мұртбаевпын…

– Мұртбаев болсаң қайтейін? Маған десең, Сақалбаев бол! Премьер күйіп кетті: –Әй, козелдар! Извините за выражение… Мен Мұртбаевпын дедім ғой! Сендер туралы үкіметке сауал жолдаушы депутаттарға обшым сенбеуші едім… Таза сыбайластар, парақорлар екенсіңдер ғой!

– Мұрттының бәрі премьер дегенге сене қалдық! Түнделетіп, бала– шағадан безіп, бекер тұрған жоқ шығармыз? Заңсыз «өзбек жұмысшыларын» әкетіп бара жатқаның үшін, елу мың теңге тастап кет…

– Елу мың теңге? Сен сонда премьер– министрден пара алмақпысың? О, менің парақор елім!

– Ойбай сене қалдым! Остап Бендерсің бе, не? Мүмкін, президент шығарсың?

– Президент кабинада отыр…

Екеуі кабинаға жүгіріп барып, есікті ашып қалды. Елінің ертеңін ойлап отырған президентті көріп, бір– біріне қарады. «Президенттен аумайды екен…» деді бірі… «Неткен қарапайымдылық! Енді қызметтен қуылатын шығармыз…» деді екіншісі уайымға тойып… «Охраналары қайда?» –деді сосын біріншісі, сөйтіп өзі жауап қатты: « Патшалар жасырын жүріп, ел жағдайын біліп отырады деуші еді…»

Не керек, екеуі тұра қашты. Шымкентке келген соң, президент облыс әкімін де қасына отырғызып алды. Жағымпаздар Созаққа дейінгі асфальт жолға кілем төсеп тастамақ болып еді, жағымпаздықты суқаны сүймейтін облыс әкімі тиып тастады. Соның өзінде жағымпаз департамент бастықтары біраз жолға киіз төсеп үлгеріпті. Жол– жөнекей дастархан жайып, президент жолдауын оқып отырған халықты көрді. Халық арасында жылтыңдаған жағымпаздар жүр… Қайран, жағымпаздар– ай! Президент жағымпаздықты жақтырмайды емес пе, жол– жөнекей еш жерге тоқтамастан, Созаққа жетті. Аудан әкімі ән шырқап қарсы алды… Президенттің тосыннан келгеніне сасып қалса керек… «Боқмұрындар» әкімшіліктің мәжіліс залына жиналды.

–Сен неге жылап тұрсың?—деп сұрады президент. Үрпекбас Мықтыбаев орнынан тұрып, басын салбыратты.

–Мен… мен сабақтан қалатын болдым…

–Сен не, сырттай оқитын ба едің?

–Жоқ…

–Енді неге жылап тұрсың?

–Ағай ұрсатын болды…

–Кім?

–Сынып жетекшім…

Президенттің көздері алақандай болды.

–Сен сонда мектепте оқисың ба?—деп сұрады президент.

–Ия…

–«ҚазБылық– шылықТазда» неғып жүрсің?

–Сабақтан бос уақытымда бастық болып жүрмін… Әкем үйрене бер деген…

–Міне, біздегі кадр саясаты…—деп күрсінді президент,–әкең кім болып қызмет етеді?

–Министрдің орынбасары…

–Қай министрлік?

–Қойшы, айтпаймын…—деді баламысың деген…

–Несінші сыныпта оқисың?

–Он бірінші… Әкем айтады, мектеп бітірген соң «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетел университетінде оқиды екенмін…

–Жоқ, сен әуелі осы Созақта мектеп– интернатта оқисың. Сосын Шымкенттегі университетке түсесің. Ал, сенің орныңа шөлді аудан Созақтағы бір бозбала «болашақ» бағдарламасында оқитын болады. Ренжімейсің ғой?

–Әкем ренжімесе болды…

Мәжілісте өзге «сары ауыз балапандар», мықтылардың ұрпақтары ауыл әкімі, участкелік инспектор, сиыр фермасының бастығы, түйе шаруашылығының бригадирі, «Жантақ» фирмасының бөлім меңгерушісі сияқты «майда» қызметтерге тағайындалды… Тіпті бірі аудан әкімі болып тағайындалып еді, бұрынғы аудан әкімі ыржалақтап күле берді. Президент оны да құр қалдырмады, өзімен бірге «Камазбен» ала кететінін, қызметте көзге түсіп жүргенін айта келіп, министр етіп тағайындайтынын жеткізгенде, жағымпаздар жағы дуылдата қол соқты, ал, сол күні «сары балапандар» өз ара футбол ойнап, бір– біріне гол соқты…

Мұхтар Шерім

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *