Қаздай қаздиып, қораздай қоқиып, жақында ғана сатып алған аппақ ақ шағаладай «Ланд краузер» деген джипіммен әндеті– іп келе жатқанмын… Келесі көшеден өте бергенімде, аударылып түсе жаздаған «Ауди» маркалы жеңіл мәшине алдымды кесіп өте берді, артынан полиция машинасы қуып келеді екен, терезесінен автомат шығарып, тасырлата атып жатыр, атып жатыр, атып жатыр! «Аудидегі» жас жігіттер де атысып болар емес. Қолымды көтеріп, сыртқа шықтым. «Қойыңдар– әй!» десем қоймайды, атып жатыр, атып жатыр… Су жаңа кәстім –шалбарым шұрқ тесік болды! Кәстім – шалбарымды қойшы, өзім де шұрқ тесік болдым. Бір әйел жанымнан зымырап бара жатып:
– Ағай, бетіңіз тесік, аузыңыз есік болып, неғып тұрсыз? Қашыңыз!— дейді. Ұят болды– ау, әкімнің баласы үйленіп, тойға бара жатыр едім… Тендер біткенді тең бөліп жейтін әкімнің тойына кешігіп барсам… Қаным қайнап, көздерім ойнап, машинамның кабинасына сүңгіп кеттім. Атыс– шабыс дегенге де етім үйреніп кетіпті. Атаңа нәлет террористер деген бір пәле болды. Жүдә тыныштық жақпайды екен де… Халықтың ұйқысын бұзып… Атысатын болса, айдалаға барып атыспайды ма екен? Бетпақдалаға барып дегендей… Енді не болды, машинамның кузовы шұрқ тесік. Өзім де шұрқ тесікпін… Кеудеме соғылған жел арқамнан шығып жатыр. Терроршы жігіттерге жақындадым.
– Әй жігіттер, мынау не болды?—деп сұрадым үстімді көрсетіп.
– Кешіріңіз аға,– деді бірі сақалын сипап қойып, автоматына жармасып.
– Пистолетпен атыссаңдар болмайды ма? Әбізәтілні, автоматпен шұрқ тесік етулерің керек пе?
– Аға, ары тұрыңызшы…
– Сендерді улап жүрген кімдер өзі?
– Аға оқ тиіп кетеді…
– Оқтан өлмей тұрмын ғой, намыстан өліп кетейін деп тұрмын! Кім арттарыңда? Батыс? Ауғанстан? Ресей?
Бір кезде терроршылардың бірі полицейлер мен кейіннен келген сарбаз– дарға, ерекше жасақтарға қарай гранат лақтырды. Гранат жарылмады. Олар гранатты кері қарай лақтырды. Жарылмады. Енді бұлар лақтырды. Жарыл– мады. Осылай ары– бері лақтырылып жатқан гранат көшеде кетіп бара жатқан бір шалдың басына тиіп, етпетінен түсірді. Байғұс тіл тартпай кетті. Бірақ гранат жарылмады. Кейін бергілі болғандай, бұл гранат қытайда жасалған «самопал» екен. Лақтырылған соң ертеңіне жарылатын…
Амалым астауға түсіп кеткендей, кір көңілмен көлеңкемді сүйретіп, үйіме қайттым. Есік алдында есінеп тұрған әйелім мені көріп, шалқасынан түсе жаздады.
– Мынау тұрған сенсің бе?—деп сұрады.
– Ия.
– Құдайым– ау, шұрқ тесік болып кетіпсің ғой?
– Мені қойшы, су жаңа мәшинемді айтсаңшы…
Ол кеудемдегі тесіктердің біріне саусағын тығып көріп:
– Қаның қайда кеткен?—деп сұрады.
– Менде қан жоқ. Бетсізбін.
– Жаның қайда кеткен?
– Менде жан жоқ, тексізбін…
– Тірімісің?
– Тірімін. Өйткені, өзгелерден «ірімін!»
– Не болды өзі? Біреу бұрғылап тастаған ба?
– Лаңкестер мен полицейлердің ортасында қалдым…
– Құдайым– ау,– деп әйелім зар иледі,– осы лаңкестер– ақ тыныштығымызды алып бітті– ау! Құдай бар болса, атқан оқтары «перәшки» болып жаусын! Лақтырған гранаттары шымшық болып ұшып кетсін! Патрондарынан гүл өсіп шықсын! Мылтықтарынан пісте май ақсын! Жарылғыш заттары шіріп кетсін, санасы уланған жастар, өз үйлеріне кіріп кетсін! Қартайғанша шықпасын…
Әйелімді жұбатып, тойға жинала бастадым. Мен өзі тойға әйелімді сүйретіп жүрмейтін адаммын. Денемдегі тесіктерді майда тастармен бітеп, су жаңа кәстім– шалбарымды киіп, су жаңа екінші «Джипіме» отырдым. Әндетіп келе жатқанмын. Мектеп жанынан өте бергенімде, бір топ оқушылар сөмкелерінен пистолеттерін шығарып, атысып жатыр екен. Алдында
«ойыншық пистолетпен ойнап жүрген шығар» деп ойлағанмын. Сөйтсем, бұлардыкі шын пистолет екен. Бір оқ тура маңдайыма тигені… «Миымның мылжа– мылжасы шыққан шығар?» деп мәшинемнің айнасына қарадым. Сөйтсем, менде о бастан ми жоқ екен ғой. Ой, қуанғаным– ай…
Мұхтар Шерім