I
Аққыз Сырымбетқызымен кездесуден кейiн мен ШыңғысШынтас хикаятының бұған дейiн беймәлiм жұмбақ кезеңi туралы өзгеше ақпар алдым: ой жүгiртiп қарасаңыз, 1942 жылдың көктемiнен, яки Шынтас Досжановтың ұрыс даласынан жолдаған үш бұрышты хаттары тоқтаған кезден Вацлав Мирзе отрядына тап болатын 1944 жылдың қысына дейiн оның не iстеп, не қойғанын, тiптi қайда жүргендiгi жайында бiз ештеңе бiлмеушi едiк; күрмеуiн тауып тарқата алсақ – тап осы екi ортада оның өмiрiнде айрықша мәндi оқиғалар болған; институт қабырғасында Шынтас ешқандай аспап-құрал жасамаған; шынтуайтын айтқанда, жұмбақ сынағы сәтсiз аяқталып, сол үшiн жаза тартуына тура келген; бәлкiм, өнертапқыш Риддердегi қорғасын зауытына тап болған кезде сол iсiн қайта жалғастырып, үмiт күттiргендей нәтижеге жеткен шығар; бұл да қисынды нәрсе, бiрақ? Әлбетте ол оқ бораған майданда жүрiп мұны ойлауға да, аспабын құрастырып сынауға да мұршасы болмағаны анық…
Сонда ол қызметi бiз үшiн жұмбақ әрі күшті жарақты қай уақытта иеленген? Вацлав Мирзенiң партизан отрядына келгенде, оның қолында әлгi аспап бар. Әмбе ол нақ сол кезден Шынтас емес, Шыңғыс атанады (Бұған Аққыз Сырымбетқызының қолындағы пан Ерковскийдiң хаты бұлтартпас айғақ! Шынын айтқанда, нақ осы хат бұл жайындағы ойымдағы күмән-күдiктi бiржола тарқатып бердi. Жорамал, болжам атаулының бәрi осылай сәттi шешiле берсе, шiркiн?).
Жә, тас кескiш жойқын құралмен ол нақтылы қашан шұғылданған? Бiреу-мiреудiң идеясын иелендi, иә ақыл-көмегiн пайдаланды дегеннiң өзiнде жұмбақ жарақтың дүниеге келу мерзiмi, сiрә, Шынтастың Аққызға майданнан жазған соңғы хаты мен Вацлав Мирзе отрядына Шыңғыс атанып тап болуы аралығында. Бiз үшiн бұл да жаңа жұмбақ, пан Ерковскийдiң хатына қарағанда, нақ осы аралықта ол немiстердiң тұтқын лагерiнде болған (үңгiрдегi хорват партизандарына жау жасағы таратқан әзәзiл үгiтте жұмбақ азиятты тұтқыннан қашқан ке ңес жауынгерi дегенi де – соны растайтын айғақ). Ау, сонда тұтқын адамның хал-жайы белгiлi: соғысушы елдiң қолына түскен өнертапқышқа әлей бүлдiргiш құрал жасатып және соны қызықтап қарап отырар фашист жасауылдары шетінен дүлей ақымақ па? Жоқ, олар да өлетiн жерiн бiлетiн соғындылар. Әйтсе де, шындық жөнi осы аппараттың әлдебiр тұтқын лагерiнде, яғни бiз үшiн тағы да құпия жағдайда өмiрге келгенiн, сонымен қоймай иесiмен бiрге еркiндiкке шығып, қас дұшпанның өзiн күйрете бастағанын мойындатады.
Сонымен Шынтас Досжановтың, лақап аты бойынша Шыңғыстың, яки құпия азиаттың iзiн бұдан әрi қайдан iздеу керек? Ол қай лагерьде болған? Лагерьден қалайша сытылып шықты? Жойқын аспапты қайда және қалай жасады?
Тiзе берсем – шым-шытырық оқиғалар, шешуi күрделi жұмбақтар. Әрине, поляк азаматы Станислав Ерковский тiрi болса, мұның бәрi оп-оңай шешiлiп, алабұртқан көңiл бiрден-ақ тыным табар едi. Амал не, Шыңғыс-Шынтастың қанкөйлек досын сөйлетер уақыт теңiзге құлап кеткен дария суындай баяғыда зым-зия жоғалған. Ал маған тарих тереңiнен осы хикаяттың бүге-шiгесiн ашар кiлтипанды табу мiндетi жүктеліп отыр. Сонда оны қайдан iздеймiн, кiмнен сұраймын?
Ауыл жастарының аяқтан шалған кейбiр өрескел қылықтары, мәдени-рухани деңгейiнiң қаладан төмендiгi туралы мақалам газетке шыққан соң-ақ жер-жерде менiң ойымды құптаған пiкiрлер туып, жұртшылық тезiне түсiп, бiрталай шу жасады. Әрине, ол маған көп-көрiм абырой әкелдi. Бас редактордың өзi апталық жиында оны ерекше атап, жақсы лебiз бiлдiрдi. Алайда сол мадақ менiң көңiлiме титтей әсер етсейшi. Өйткенi есiл-дертiм – Шыңғыс тағдырында болатын, басқадай әңгiме сол күндерде менiң ойыма шыбын шаққан ғұрлы әсер еткен емес. Маймөңкелеудiң қажетi қанша, әлденеге қатты алаң боп жүргем-дi.
Ақыры, бiр күнi тәуекелге бел байлап, Ерковскийдiң хатында көрсеткен тұраққа хат жаздым. Қиял шiркiн не iстетпейдi!? Байланыс кеңсесi мүмкiн жаңылысқан шығар. Әлде үстi-үстiне үрдiс келген жоқшы хаттардан құтылу үшiн бiр антұрған жаза салған шығар деген де далбаса ойға жеңсiк бергем-дi. Өз мүддесi болмаса, басқаның дiлгер қажетiн ойлап бас қатырмайтын дүлей жандар дүниеде аз ба? Польша өркениетi озық ел атанғанымен, мiндетiне жүрдiм-бардым қарайтын бейбүйрек шенеунiктер онда да бар шығар деп те ойлағанмын. Айтып-айтпай не керек, Польша қайдасың деп iздеу салған хатым Лодзь шаһарына кете барды. Мен үшiн тағы да зарыға күткен күндер туды. Неде болса аяғына дейiн шыдау керек! Шыдам демекшi, бұл шiркiннiң күткiзiп-күткiзiп ойламаған сәтте шалқаңнан түсiретiн кезi де болады.
Шыңғыстаудан қайтып оралған кезде Яромир Намектен зарыға күткен хат қолыма тисiн. Шетелдiк әрiптесiм танысқан сәттегi елгезек қалыбынан айнып қалғандай жауабын тым келте қайырыпты: айтуынша, Вацлав Мирзе аяқастынан қайтыс болыпты; амал қанша, мен жiберген Шынтас Досжановтың суретiн ол кiсiге көрсете алмаған. «Батяның отрядында болған адамдарды iздестiрiп жүрмiн. Тапсам – бәрiне де суреттi көрсетiп, тиiстi жауабын қосымша хабарлаймын.» – деп Намек үмiтiңдi жоғалтпа дегендей хатының аяғында маған жұбату айтыпты.
Шешiнген судан тайынбасқа сайып, iзденiс жолындағы соңғы хабарды тәптiштей баяндап, шетелдiк әрiптесiме ұзақ сонар хат жолдадым.
Соның артынша тағы бiр конверттi байланыс бөлiмшесiнiң көк жәшiгiне сүңгiттiм.
Шынымды айтайын, Шыңғыстау баурайындағы шағын ауылда сүйкiмдi қылығымен, көрiктi шырайымен жүрегiме от тастаған Шынар қызға арналған хат едi ол. Ғашықтық емес, жай ғана амандық бiлдiрген, соңғы күндердiң тосын жаңалықтарын баяндаған хат болатын. Рас, көңiл күйiмнiң жүдеулiгiн, бойдақтық өмiрдiң қиындығын жұқалата сездiрiп, сөз арасына қыстырғаным болмаса – жүрек лүпiлi жайында нақты ештеңе жазғаным жоқ, жеме-жемде батылым жетпедi. Ал мына хат өзiмше жасағанбарлау едi. Бәлкiм, сезiмталқызжүрегiтұспалдап бiлдiрген жайымды түсiнiп, көңiл аударар деген далбаса үмiт те баяғы. Әрине, негізгі сөз майдангер ағасы туралы болатын. Ауылда айтпай кеткенiме кешiрiм сұрай отырып, ол туралы барлық бiлгенiмдi қысқаша баяндай келiп, екi шешесi баяғыда көз жазып қалған Аққыз Сырымбетованы iздеп тапқанымды хабарладым. Бұл арада бiр қулық жасағанымды және бүкпейiн: Аққыз апайдың тұрағын айтпай, қасақана бүгiп қалдым. Өйткенi Шынардай сезiмтал қыз ағасымен бiр тiлек, бiр үмiтте болған адаммен қайтсе де байланыс жасауға тырысады деп ойлағам-ды. Демек, ол маған хат жазуға мәжбүр болып, ағасымен тiлек қосқан адамның үй тұрағын сұрайды.
Күйiп-жанған ғашық жүрек жiгiтке не iстетпейдi? Сөйтiп, мен махаббат жолында тұңғыш рет осындай қулыққа да бардым. Әрине, дұрыс емес. Қайтейiн, сол күнде мен соның дұрысбұрыстығын ойлаппын ба? Тыншудан айырылған жүрек әмiрiне бойсұндым.
II
Польшадан әзiрше хабар жоқ. Хат кешiккен сайын көңiлдегi күдiк те молая түстi. Ерковский табылмаса не iстеуiм керек? Бұл туралы ойласам, тiптi ұйқым келмейдi. Редакцияның ұшықиырсыз жұмысы да қызықсыз болып жалықтыра бастады. Келген бетте жүгiрiп жүрiп тасыр-тұсыр iстейтiн едiм. Содан ендi көз тигендей-ақ суый бастадым. Мәндi мақала жазу үшiн сапарға сұрануға да құлқым жоқ. Ал онда-мұнда жүрмесең журналистiң қаламы жүре ме? Редакцияға түскен оқушы хаттарын қорытып, жұрт оқырлық мақала әзiрлеймiн, кейбiрiне ақыл-кеңес айтып, жауап хат жазамын. Бар бiтiрерiм – осындай майда-шүйде жұмыстар.
Бұл жайымды Құралаев та байқаса керек. Бiр күнi жақсылап тұрып сыбағамды бердi. Сөйтсем, бiрер хатты нашар қорытыппын. Қырсыққанда сол күнi баспаханада кезекшi болған едiм, газеттен де қате кетiптi. Осының бәрi бiр-бiрiне қабаттасып түрткi болды бiлем, баяғы үрпек бас, ақ сары қыз (оның орысша аты Валя едi, қазақшасын естiген емеспiн, сорлының өзi де айтқысы келмейтiн) Қасымтай ағай екеуiмiз отыратын шағын кабинетке басын сұқты да:
– Қайнаров, редакторға, бистро! – деп зiрк еттi.
Сәттаров жалғыз екен. Семiз сары кiсi болатын. Бiр қараған адамға жүзi суықтау. Бiрақ бұл алғашқы әсер. Бiрер минуттан соң ол өзiңмен шүйiркелесiп сөйлесе бастайды. Бәрiнен де маған редактордың осы мiнезi ұнаушы едi.
– Басылып отыр, Қайнаров, – дедi Сәттаров, оқып отырған ертеңгi газеттiң терулi бетiн үстел шетiне ысырып қойып, – Жағдайың қалай?
– Жаман емес. Рақмет!
– Әлгi өнертапқышты iздеуiң не болды, ештеңе шыға ма?
– Өнертапқыш?
Жастар газетiнде Құралаевтан өзге адам ол жайында бiлмейдi деп ойлайтынмын. Тәрiзi, бұл кiсiге Қасымтай ағай айтқан болу керек.
– Бiлемiн, естiгенмiн, Шыңғыстауға да сол үшiн жiбердiм ғой. Сен немене менен сол сапардан бiр ғана ауыл мәдениетi туралы мақаламен құтылмақшы ма едiң? Жо-жоқ, жарамайды оның, – деп Сәттаров кеңкiлдеп күлдi, – әңгiмеңдi айт, бiз де естиiк…
Қысқаша мәлiмдемем редакторға ұнаған тәрізді.
– Осы айтқандарыңды қағазға түсiрiп жүрсiң бе? – дедi iлешала.
Амал қанша, бiр жылдан берi бiтiре алмай жүрген очеркiм туралы айтып едiм.
– Жерiне жеткiзiп жаза алсаң, бiр очеркке сыймас, сiрә… Көрген-бiлгенiңдi келiстi түрде кеңейтiп жазу керек. Сонда ол қызықтылығымен қоса мәнi күштi деректi, шытырман оқиғалы хикаят болып шығады.
– Аяғын тоспай ма? Iздеудiң соңына жетпей қалай жазамын, әмбе ол жұмбағы көп хикаят, соның күрделi шиырынан жол тауып шығу да қиын болып тұр, – деп ағымнан жарыла сыр шертiп едiм.
– Қағазға түсiрiп көрсеңшi. – Сәттаров бөгелiп қалды. Бiрдеме айтпақ болып оқталды бiлем, бетiме бiр мезет ожырая қарады. – Сен тегiнде, Қайсаржан, шамаң келсе мұны еркiнiрек сiлте, көлемiн аса қыспа… Не шығар екен, көремiз…
– Құп ағасы, – деймiн де есікке қараймын.
– О, тоқта! Неге шақырғанымды айтайын…
Сөгiсi құрғыр есiме сап ете түстi. Менде де ес жоқ-ау. Оңай құтылдым деп, сырғып кетпек болғанымды айтсаңшы.
«Айтыңыз, – деймiн iшiмнен. – Тыңдауға әзiрмiн. Ұрсасыз ба, сөгiс бересiз бе? Тек тезiрек естiртiңiзшi соны».
– Сенi политехника институтынан бiр дөкей шақыртыпты, кадр бөлiмiнен әлгiнде телефон шалды. Профессор… профессор…
Сәттаров күнтiзбектiң ашық бетiнен әлдекiмнiң фамилиясын iздей бастады.
– Профессор Карманов па? Кирилл Андреевич!
– Иә, сол кiсi сенi iздеп таба алмай жүр дейдi. Бар, қазiр бар.
Бүгiнгi жұмыстан босаттым бiржола.
III
Профессор Кармановты электротехника кафедрасынан кезiктiре алмадым.
– Бүгiн келмейдi. Шаруаңыз тығыз болса, пәтерiне барыңыз, – деген тiлеуiң бергiр лаборант жiгiт менiмен көшеге ере шығып, ол кiсiнiң меншiк үйiн нұсқап жiбердi.
Кирилл Андреевичтiң тұрағы ұрымтал жерде екен. Үйiне бара қалсам қуып шықпайтынын жақсы бiлем. Ендеше, ұятты ойлап қажетсiз жерде ауыл қыздарындай сызыла бергеннiң керегi қанша?
Кармановтың үйi Кiшi Алматы өзенiнiң оң жақ жағасындағы қалың ағаштың арасын жарып салынған көшеде екен. Екi қабат тас үйдiң алдына келiп, қақпаның жақтауындағы түйменi басамын. Ар жақтан сылдыраған қоңырау үнiн естiп тұрмын. Амал не, бiршама уақыт күтуге тура келдi. Ешкiм есiкке келер емес. Әлде естiмедi ме? Бармақтай түйменi екiншi қайтара басамын. Қоңырау үнiн күткен едiм, ол болса тым-тырыс, кенет жабық тұрған есiк айқара ашылды. Табалдырықтан аттай берiп жанжағыма қараймын. Ешкiм жоқ. Есiк қайырылысында да тiрi жан көрiнбейдi. Апыр-ау, бұл не жұмбақ? Есiктi маған кiм ашты? Екiншi мәрте басқанымда қоңырау неге шылдырламады?
Туу, неғылған аңғал едім. Электротехниканың кәрi тарланының үйiне келiп, оның сұңғыла ойы сыртқы қақпасына дейiн «сиқырлап», автомат жүйе жасап қойғаны кәперiме кiрмептi. Мырс етiп күлемiн де дәлiзге туралай тартамын. Бұл есiк те мен жете бергенде алдымнан ашылады…
Үйге кiремiн. Бiр бөлмеден өтiп, екiншiсiне жеттiм… Кең залдың бүйiр-бүйiрiнде де бiрнеше есiк. Жағалай тықылдатып тексерiп келемiн. Тiрi жан жоқ. Қаңырап тұрған бөлмелер. Бiрiнде кiтапхана, бiрiнде асүй. Бiр бөлме тiптi өзгеше жиылған: кең залдың ортасында ұзынша үстел; бiр жақ шетiнде оның кiшкене станок орнатылған; үстiнде сымдар қиындысы, изолятор, мрамор тығыршықтары… Тегi, бұл профессордың үйдегi құтыханасы болу керек. Институттағы даладай кең шеберхана жетпегенi ме, сонда?
Ақыры, үй iшiнен тiрi жан кездестiре алмай сыртқа шықтым. Биiк қорғаннан ауланың кеңдiгi көрiнбей тұр екен: самсаған жемiс ағаштары; жайқалған көгал мен айнала көкорай шөп; соқпақ жолды жиектей алқызыл гүлдер сап түзептi… Бәр-бәрiн таң-тамаша боп аралап келемiн. Өзен жақын сияқты. Сiрә, ағаш дуалдың аржағында болса керек. Өйткенi су сылдыры ап-анық естiледi. Ауланың ауасы да өзгеше. Жасыл көктiң хош иiсi мұрныңды жарғандай құдды.
– Ә… әһ бәлем! Со керек!.. Әп бәлем! – деп құшырланған күжiл естiледi ауланың арғы түкпiрiнен.
Таныс үн. Қол өтпестей боп жиі өскен шоқ ағаштың арғы жағынан ап-анық естiлiп тұр. Тарс-тұрс. Әлдененiң үзiлгенi, металл салдыры келедi құлағыма.
– Сәлеметсiз бе, Кирилл Андреевич.
Профессор маған қараған да жоқ. Қолында балта. Биiк дуал шегеленген жуан дiңгектiң түбiн жантерге түсiп, қидалай шауып жатыр.
– Ә!.. – дейдi ол әлден соң басын көтерiп, – жақсы келдiң, жас жiгiт. Сүймендi ал қолыңа!
Қарсыласуға шама қайда? Бiлектей ауыр сүймен қолыма тиедi. Онымен дуалдың iргесiндегi шiрiк тақтайларды қопара бастаймын. Жарым сағат өтедi. Көйлегiм сыртынан бiлiнген тер ақ көбiкке айналды. Алақан күлтеленiп қалта орамалым биялай орнына қолға байланды.
– Сөйт, сөйт бәлемдi! Ұр! Ұр да жық! – деп көк желкемнен құшырлана айғайлап профессор Карманов тұр.
Қолтығында дөй балта. Жымың-жымың етедi, әлденеге қуанышты өзi.
– Шiркiн, жастық! Мен болсам, он күн қидалайтын едiм. Ұр солай, аяма, – деп дауыстап қояды.
Бүйткенжастығыбарболсын. Жүрекалқынып, өкпеқабынды. Ентiккенiм сонша, намыс деген пәлекет болмаса, зiлдей сүймендi ағаш арасына лақтырып жiберiп, қақсауық шалдың қасында тұрмас па едiм…
– Болар, дем алайық.
Жалғыз аяқ сүрлеумен профессордың соңынан ерiп келемiн.
– Кiм екен? Осы қорғанды ойлап тапқан кiмдер? Қандай антұрған десеңшi. Мен де ақымақпын. Соны жасауға қанша уақыт әуре болдым. Мiне, көрiм болды. Алдым да тастадым. Ағаштарға жер кеңiдi. Ендi қалай шалқып өссе де еркi. Апыр-ау десеңшi. Кiмнен қорғадым дуал соғып? Ұрыдан ба? Ұры түсер болса қорғанға қарай ма екен? Әлгiндегi сен құсап, сүйменмен жалғызақ перiп оп-оңай кiрмей ме?
Қартайған адам баламен бiрдей деген сөздi осындай кiсiлерге қарап айтқан-ау, сiрә. Осынша жасқа келгенше дуалдың пайдазиянын айырмай жүрiп, ендi бүгiн керемет жаңалық ашқандайақ өз ауласының қорған тақтайын быт-шыт қылып сыпыра бұзады.
Үйге кiрдiк. Сонда ғана ол маған таңдана қарап:
– Тоқта, шырақ. Осы сен кiм едiң? Қай курста оқисың, группаңды ата! – дейдi менi құдды жаңа көргендей.
Мен де таңмын. Манадан берi кiм екенiмдi бiлмеген. Ұмытып қалған. Күлiп тұрып жөнiмдi айтамын.
– Ым, солай де! Кiм едi әкеңнiң аты… Аһа, Қайнаровсың? Ендеше былай, жолдас Қайнаров, – дейдi Кирилл Андреевич кенет даусын көтере, тiптi айғайға басып. – Қане, тұр орныңнан!
Атып тұрамын. Қырсық шалдың әлденеге қыржиып тұрғанын iшiмсезедi. Анажолы-ақбұлжөнiндежеткiлiктiжазатартқамын.
– Сен кiм, мен кiм? Ә, үндемейсiң!? Үндемеген кiсi үйдей пәледен құтылады деп тұрсың ғой. Көрсетем саған, үндемеудiң не екенiн… Сақалды басыммен неге сенi мен iздеймiн? Сен емес, мен!..
Қытымыр қарт менi тұқыртып, бiршама уақыт дала боранындай бұрқ-сарқ түтей соғып бiраз жерге апарады да, кенет басылып, жайма-шуақ қалыпқа көшедi. Бұл да оның ауа райындай құбылмалы мiнезiнiң салдары.
– Сен iздеген өнертапқышты бiледi екем мен.
Профессор Кармановтың әжiммен айғыздалған бетiне таңдана қараймын. Әзiл емес сияқты. Сөйтсе де…
– Сен өзiң қызық жiгiт екенсiң. Апыр-ау, мұрағатты ақтарасың. Кiм деп едiң өнертапқыштың фамилиясы? Досжанов деймiсiң? Иә, иә, Досжановтың дербес жұмысын қолыңа аласың. Оқисың. Нақ сонда ақ қағазға көк сиямен ап-анық етiп: «Досжанов ұлықсатсыз тәжiрибе жасап электролабораторияны өртедi, сол үшiн институттан бір жылға аласталды…» деп жазылған. Оқыдың ба осы сөздердi?
– Оқыдым.
– Оқысаң, неге маған осыны айтпайсың? Сол жолы осылай десең, Досжановты мен бiрден-ақ еске түсiрер едiм. Өзiң ойлашы, қалайша оны ұмытуға болады?… Электролабораторияға ол өз қолымен өрт салады. Басқа жер емес, мен басқаратын лабораторияда. Жо-жоқ, мұндай төтенше оқиғаны ешқашанда ұмытуға болмайды.
– Кирилл Андреевич, шынымен сiз Шынтасты бiлесiз бе?
Ұмытқан жоқсыз ба?
– Сөзiңе болайын!.. Бiлгенде қандай, әбден бiлемiн. Ол орта бойлы… бадырақ көз… Жоқ, қартайған шағымда саған өтiрiк айтқым келмейдi. Түр-сипаты есiмде жоқ. Бiрақ сол жолғы бүлдiргi әрекетi есiмде. Яки жастарға тән шалағайлықпен электролабораторияны өртеп ала жаздағаны кеше ғана болғандай жадымда қалған оқиға… Иә, сонсоң… Ана жолы байқаған шығарсың, бiздiң лабораторияда күнi бүгiнге дейiн жұмыс iстеп тұрған, әрбiр қырық бес минут сайын қоңырау соғатын қабырға сағатты жасаған да сол өнерпаз жiгiт болатын. Бұл бiр. Сонсоң тағы?… Жә, есiмдегiлердiң бәр-бәрiн айта берсем – миың шатасар сенiң… Ал анау Досжанов туралы? Иә, айтпақшы, ол өзi, әсiрелеп айтқанда, нағыз фантазер студент болатын. Бiр күнi сол пақыр маған келiп: «Кирилл Андреевич, электр тогын сымсыз тасымалдауға бола ма?» – деген сұрақ қойды. Мен оған бiрден:
«Әй, шырағым, шатаспа, шалық оймен өзiңдi текке малдандырма!» – деймiн. Ал ол өзiнiң қияли гөй-гөйiне қайта басып: «Ал менде мынадай ой бар…» – деп басын шырмаған шәлкес идеясын түсiндiре бастайды.
Профессор тiлiн тiстеп алғандай оқыс тыжырынып үндемей қалды.
– Ой, шырағым, – дедi Кирилл Андреевич әлден соң, – мiнезiм менiң жаман, өте жаман. Кейде терiске лағып кететiн оңбағандығым бар… Сол жолы да сөйттiм. «Электротехникадан титтей түйсiгi бар адам мұндай сауал қоймаса керек едi, сен болсаң – қисынсыз бiрдеменi қиялдап шатасып тұрсың….
Тыңдамаймын, бар жөнел!» – деп Досжановты кабинеттен айдап шықтым.
– Кирилл Андреевич, мына сөзiңiз…
– Сөзiмдi бөлмей тыңдағын. Бiр күнi түнде лабораториядан өрт шықты. Соншама бүлiнген дүние шамалы, бiрақ өрт институт басшыларына мәлiм болды. Ертеңiнде Досжановты шақырып, болған iстiң мән-жайын сұраймын: не iстедiң, қандай аспапты токқа қостың? Үндемейдi. Тiс жарып сөз қатпайды. Жыным келдi. Әсiресе кiнәлi бола тұрып қиқарлануын жақтырмадым. Сонсоң да оның тәртiбi талқыға түскен мәжiлiсте институттан уақытша шығару керек, iрi өндiрiс кәсiпорнына барып, шалағай ақылына ақыл қосып келсiн деген ұсыныс жасадым. Өндiрiс ұжымы тамаша мектеп, кеуде соққан қандай тентектiң ентiгiн басып, талай қисықты тезге салғандай түзетiп бередi. Досжанов та сөйтсiн дедiм…
Кирилл Андреевич орнынан тұрады, бөлмеден шыға берiп, маған да соңымнан қалма дегендей қолын бұлғайды. Үн-түнсiз артынан еремiн. Қабырғасына жағалай кiтап жиылған кабинетке келдiк. Талай жердiң кiтап қазынасын көрiп те, тамашалап та жүрмiз. Солардың бiрде-бiрi көз алдымдағының ширегiне, әй, келе қоймас. Профессор сөрелердiң шеткергiсiне қолын созып, ту жоғарыдан бiр кiтапты суырып алды.
Ойлағаным электротехника оқулығы, бәлкiм, профессор Кармановтың өзi жазған кiтап болар деп? Оның не екенiн Кирилл Андреевич қолындағы кiтапты маған ұсынғанда ғана бiр-ақ бiлдiм. Кiтап мұқабасынан: «М. Горький. Очерктер жинағы» деген сөздердi оқимын.
– Сонымен, – дейдi профессор әңгiмесiн осы бөлмеде қайыра жалғап, – Жыл өттi ме, өтпедi ме, нақты есiмде жоқ. Бiр күнi Досжановтан хат алдым.
Профессор Горький томын қолына алып ақтара бастайды.
– Мiне, мына хатты, – деп екi бүктеулi тiлдей қағазды маған ұсынады.
«Қымбатты Кирилл Андреевич!
Менi өндiрiске жiберiп, өмiр сабағын үйреткенiңiз үшiн сiзге мың мәрте рахмет жолдаймын. Қуаныштымын бұл үшiн! Кеш болса да, қымбатты профессор, сiзден кешiрiм сұрағым келедi. Лаборатория жанғанда мен сымсыз ток алуға сынақ жасаған едiм. Нақты себебi мен үшiн әлi күнге дейiн беймәлiм, бiр жәйт жұмбақ қалпында қалып отыр, амал қанша!?
Көшедегi бағандар бойымен жүрiп тұрған электр тогын сол күнi лабораторияға тарта алдым ба, әлде ол ғимарат iшiндегi жарықтандыру жүйесiнен түстi ме? Бұл маған әзiрше мәлiмсiз жағдаят. Ал мәлiмi – лабораторияда өрт бұрқ етiп, өзiм жасаған ток тартқыш та жанып кеттi. Одан арғысын өзiңiз бiлесiз. Тексеру үстiнде шынымды айтпадым. Бiрiншiден, жұрт мазағына ұшыраймын ба деп ұялдым. Екiншiден, есiңiзде болар, сiз менi бұл жайында ақылдаса барғанда тыңдаудан мүлдем бас тарттыңыз. Сонсоң сiзге өкпеледім. Ал қазiр сол қылығым үшiн кешiрiм сұрауға мәжбүрмiн.
Сiзге шынымды айтайын. Бұл идеяны мен аспаннан алғам жоқ. Алғаш рет мен оны есiмi ойыңызға келмес оқымысты адамның әдеби шығармасынан оқыған едiм. Менiң айтып отырғаным – пролетариаттың ұлы жазушысы Максим Горький. Сол қаламгердiң «Өнер туралы әңгiмелер» атты очеркiн оқып көрiңiзшi. Рас, әдеби очерктен сiз бұл кереметтiң қандай жолмен жүзеге асқанын таппайсыз. Ал мен нақ осынау дүдәмал жұмбақтың шешуiн таппақ болып тәжірибе жүргiзген едiм. Бiрақ өзiңiзге мәлiм, ол талабым сәтсiз аяқталды.
Менi өндiрiске жiбергенiңiз қандай жақсы болды, қымбатты профессор. Қиялыма қанат бiтiп, қолыма күш-қайрат қосылғандай әсерде жүрмiн. Шынын айтқанда, көкейдегi шаруаны бұл жақта бiршама сәттi өрiстетiп, көңiлдi қуантқандай, үмiт күткендейнәтижегежеткенсияқтымын. Бұлжақтанқайтқан кезде, ұлықсат болса, бұл жөнiнде өзiңiзбен ақылдаспақ ойым бар…
Өзiңiздiң қияли шәкiртiңiз Шынтас ДОСЖАНОВ. 15 май, 1941 жыл. Алтайдың Риддер қаласы»
Хатты оқи бастағаннан-ақ көңiл құсым күштi құйын шырмауына iлiгiп, жер бетiнен көтерiлiп кеткендей шарқ ұрған беймаза бiр күйге түскем-дi. Осы уақытқа дейiн мәлiмсiз боп келген құпияның шет-жағасын қолыма ұстап, түйткiлдi гәптiң кiлтiн ашар iлгешегiне кез болғанымды сезiп тұрмын. Соның кiлтi сiзде дегендей сауалмен профессорға қараймын.
– Сол қарсаңда мен ғылыми ұзақ сапарда едiм. Қайтып келсем, кафедрада осы хат жатыр. Оқи сала iздеу саламын, тағдыр бұйрығына не шара, Досжанов майданға өз еркiмен аттанып кетiптi.
– Сонымен Шынтас идеясының мән-жайын бiлмейсiз бе?
– Жоқ, үлгермедiм.
Өкiнiштен сүлдерiм құрып тұрып, қолымдағы М. Горький томын парақтай бастаймын. Белгi қағаз салынған бетiнен оның баттита сызылған мына сөздердi оқимын:
«Биыл (1930) Маркони деген өнерпаз Генуядан сонау қиыр дағы Австралияға электр тогын ауа арқылы ешқандай сымсыз жеткiзген. Тап сол жылы осындай әдiспен қабылданған ток әсерiмен Сидней көрмесiндегi электр шамы жағылды. Дәл осыны бұдан 27 жыл бұрын әдебиетшi әрi ғалым жерлесiмiз М.М. Филиппов те сәттi түрде жүзеге асырған едi. Шындығында, ол электр тогын сымсыз тасымалдауды жүзеге асыру үшiн көп жыл бойы жалықпай еңбек еттi, ақыры Петербургтен электр тогын ауа арқылы сымсыз берiп, Царское селосында бiр люстраны жарықтандырды…»
Максим Горькийдiң сымсыз жүрген ток ағымы туралы бар жазғаны бірнеше жол шамалы хабармен үзiлiптi. Әмбе соны қазiргi заман техникасының өрiс кеңiстiгi, шексiз мүмкiндiгi туралы әңгiмелеу кезiнде жол-жөнекей сөз еткен. Апырау, ту бастан менiң сарыла iздеген жоғым осы емес пе? Мына хабарға қарағанда, соның сырын бiздiң ғасырдың отызыншы жылындаақ сәттi шешкендер болыпты. Ау сонда бұл кереметтiң кiлтi неде? Көмек тiлеп профессорға үмiттене қараймын.
– Әлгiнде айтқаныма алып-қосарым жоқ, шырағым…
– Ал мына сөздерге? Алексей Максимовичтiң очеркiндегi хабарға не айтасыз? Мұны қалай түсiндiресiз?
– Бүгiн емес, кейiн айтармын, ол үшiн маған аз-кем дайындық керек… – дейдi электротехника тарланы.
Амал барма, кейiнiрек келуге уәделесiп орнымнан тұрдым. Қолтығымда Горький томы. Көз алдымда – бәз-баяғыдай шытырманды, жыңғылы мол Шыңғыс-Шынтас тағдыры. Жоқ, бұл көкейдi тескен қиялдың шарықтауы. Анығында көз алдымда – түпсiз түнектей түнерген Алматы түнi. Тараң көшенiң алыс түкпiрiнен жарық көрiнедi. Солай қарай адымдай түсемiн. Маған ол тас қараңғы көшеден алып шығар нұсқа ғана емес, Шыңғыс-Шынтас тағдырының ту шегiне жеткiзер жолбасшыдай сезiледi.
Польшадан келген хат
I
Мен үшiн бүгiн айрықша сәттi күн! Иә, иә, бүгiн мен поляк елiнен көптен күткен хабарға қолым жетiп, шексiз қуанышқа кенелдiм! Шындығында, ол жай ғана хат емес, қомақты бандероль. Көлемi бiрер парақ емес, бақандай жүз беттей аумақты қолжазба.
Шетелдік бандерольды редакцияға түстен кейiнгi поштамен әкелдi. Жастар газетiне жер-жерден күн сайын келетiн құшаққұшақ корреспонденциялар арасынан өзiме тура жолданған, шекесiне шетелдiк маркi жапсырылған тiлдей хатты үмiтiм үздiге iздегелi қашан. Балқия қыздың, өзiнше Валя дейтiн секпiл бет хатшының күн сайын мазасын алып, «Маған ештеңе жоқ па?» дегелi, сiрә, талай аптаның жүзi болған шығар. Менiмен ту бастан жұлдызы қарсы Балқия-Валя қайдан, не күтiп жүргенiмдi жақсы бiледi, телмiре қараған мен бейбаққа жұбаныш сөз айтудың орнына, әрдайым қолын сермеп, көрген сәтте-ақ өзiнiң қасынан қуа бастайды. Ал бүгiн? Қомақты бандерольды құшақтап келдi де алдыма тастай салды. Құдды бiр:
«Мiне, зарыға күткен ғашығың, күнi-түнi құшақтап жат та мауқыңды бас!..» – дегендей ызбармен мырс етiп, терiс айналып кете барды. Қырсық қыздың шымшыма мазағына редакциядағы бойдақ жiгiттер үйренген, көбiне елемейді. Мен де сөйттiм, ләммим деместен сыртына неше жерден былшита балауыз құйылып, мөр басылған пакеттi қолыма дiрiлдей алып, орауын жазамын: машинкаға басылған әлдекiмнiң қолжазбасы; бәр-бәрi маған түсiнiксiз тiлде жазылған, сiрә, полякша болу керек, өзiме бейтаныс латын әрiптерiн қинала ежiктеп пан Ерковский деген сөздi әрең ажыратамын. Шынтуайтын айтқанда, одан арғыға тiсiм батпады. Алайда ештеңеге түсiнбесем де қомақты қолжазбаны парақтай бастадым. Аласұрған көңiл шарқ ұрып әр жолдан Шыңғыс есiмiн iздейдi. Кезiге қоймады, әлде аптығып отырып кезiктiре алмадым ба? Сөйтiп отырып ақырғы бетiне де жеттiм.
Кенет қолыма көлемi жарым беттей хат iлiктi. Маған жолданған, орыс тiлiнде жазылыпты. Аяғына Ядивига Ерковская деген қолтаңба түскен. Демек, ол пан Ерковскийдiң жақын тумаларының бiрi. «Кiмi болсаң да шексiз алғыс Сiзге, бейтаныс дос!» – деймiн де, оқи бастаймын.
Хатымды алғанын, әр түрлi ойға түскенiн, ақыры көп жылдан берi өзiнде сақтаулы көкесiнiң қолжазба естелiгiн маған жолдауды жөн көргенiн айтыпты: «…Әкем марқұм 1947 жылы қайтыс болды. Ал Сiз сұраған өнертапқыш жайында одан ештеңе естiген емеспiн. Өйткенi тым жас едiм. Ержеткен соң туыстарым маған әкемнiң артында қалған күллi жазбаларын бердi. Солардың ең бiр қажет-ау деген беттерiн машинкаға бастырып, Сiзге жолдап отырмын. Өзiңiзге керектi, бәлкiм, осының iшiнен тауып қаларсыз. Түсiнiксiз жерi болса – хабарласыңыз, Сiздiң мархабатты iзденiсiңiзге қолғабыс етуге әрқашанда әзiрмiн», – деген iзетке толы iлтипатпен аяқтапты пани Ерковская хатын.
Қуанған да, ренжiген де бiрдей деген уәждi, тегiнде, ақылды
адамдар айтқан. Бiразға дейiн өзiме-өзiм келе алмай, есеңгiреп отырдым. Сiрә, мұндай тосын сәттiлiктi күтпеген басым қапелiмде абыржып қалсам керек. Сөйтсе де лепiрген көңiлдi басып, қолымдағы естелiктi не iстеу керектiгi жайында ойлай бастадым. Әрине, бiрден ойлағаным – поляк тiлiн бiлетiн кiсi тауып, естелiк құпиясын бiлу.
– Асықпасаң, бәрi де ойлағаныңнан артық болады, – дедi Қасымтай ағай Алматыдағы шетел тiлдерi институтына бармақ ойымды естiген соң.
Әсiлi, ол салиқа мiнезге ерекше бай кiсi. Қандай тығыз жұмыс болсын абыржығанын көрген емеспiн. Қазiр де сол қалыбынан айныр емес. Менiң тағатым таусылып, әбден мазасызданып тұрғанымды түсiнбейдi, тiптi түсiнгiсi жоқ. Жұмыстан босатыңыз деген тiлегiмдi естiмеген кiсiше бiр топ оқушы хатын алдыма тастайды да:
– Мыналарды тезiрек қорытып, машинкаға бастыр, – дейдi көзi астымен ожырая қарап. – Ал шетелдiк қолжазба жайында қызмет аяғында ақылдасайық.
Не деймiн? Жеке басымның қуаныш, иә ренiшiнде ол кiсiнiң жұмысы қанша? Қасымтай Құралаев – менiң тiкелей бастығым, былайша айтқанда, қолындағы қаламы сияқты бағынышты адаммын. Iлбибасып кабинеттен сүмiрейiп шықтым. «Құттықтаймын, мынауың үлкен олжа!» – деуге де жарамады. Ал ол – кiм-кiм, менi осы iзденiске зорлап жеккен бiрегей ақылшым емес пе?
Жұмыс жөндi жүрмедi. Хаттарды қайта қотаруға көңiлсiз кірісіп, әрең бiтiрдiм. Сағатыма әлсiн-әлсiн қараймын. Кешкi алты да қырсыққандай кешiге бердi…
– Кеттiк, Қайсар бауыр, – дейдi Қасымтай ағай бiр мезетте есiктен басын сұғып.
Түкке түсiнсемші. Құралаевтың қасында бөйтең қағып ерiп келемiн. Қайда, кiмге барамыз? Оны сұраған мен жоқ, түсiндiрген Қасекең де жоқ, есiктен шыға бергенде, «Ер соңымнан!» деген. Содан бiр мезетте төрт қабатты тас үйдiң ауласына кiрдiк.
Сөйтсем, Қасымтай ағайдың пәтерi. Шай iштiк. Iле-шала алдымызға кешкi тағам келдi. Әлi де ештеңеге түсiнбей, тым-тырыс отырмын. Құралаев мен туралы жеңгемiзге ләм-мим демеді, екеумiздi өзара таныстырған да жоқ. Бiр мезетте дастарқан жиналды. Сонда ғана Қасымтай ағай биязы жымиды да:
– Айтпақшы, Гүлекесi, мына қайның саған келiп отыр, таудай зор бұйымтайы бар. Қолындағы қолжазбаны оқып бермесең – бүгiн ол бiздiң үйден қусаң да кетпейдi… – десін.
Гүлекесi – Гүлжан жеңгей екенiн бiлетiнмiн. Бұл кiсi де ерi сияқты сөзге тым сараң адам болу керек, келген бетте ерiн ұшымен амандасқан, содан кейiн не маған, не Қасымтай ағайға тiл қатқанын естiгем жоқ.
– Поляк тiлiн бiлушi ме едiңiз, жеңгей? Бұл Польшадан келген жазбалар.
– Қане, көрелiк.
Бандерольдiң орауын ашып, Ерковскийдiң естелiгiн жеңгейдiң алдына қойдым. Гүлжан апай көзiлдiрiгiн кидi. Сонсоң қомақты қолжазбаны алдына тартыңқырап алды да дереу оқи бастады. Көрiп отырмын, мүдiретiн емес. Қолжазба парақтары бiрiнен соң бiрi сусылдап төңкерiлiп жатыр. Ақыры, шыдамым жетпедi.
– Жеңгесi, бiзге де бiлгенiңiздi естiрте оқыңыз…
– А… а… Естiртiп дейсiң бе? – Гүлжан апай қағаздан басын көтердi. – Бұл өзi түп-түгел хат. Хат болғанда бiржосын қызық хикаят. Ал, қане, уақыт оздырмай, мен аударып көрейін, сен жазып отыр.
Қасымтай ағайдан қағаз бен қарындаш сұрадым.
– Жеңгең осал кiсi емес, – дейдi Қасекең маған көзiн қысып. – Шетел тiлдерi институтында оқытушы, еуропалықтардың тiлiн түгел меңгерген полиглот…
Мiне, сол күнi кеште қағаз бетiне түскен алғашқы тәржiма беттерi. Мен оны жазылу ретiне орай «Бiрiншi хат» деп даралап атауды жөн көрдiм…
Станислав Ерковскийдің бірінші хаты
«Қымбатты қызым Ядивига!
Өзiңе мәлiм, Лодьздағы таныстарымның денi маған бейшара адам деп мүсiркеп қарайды. Мен шынында да ғарiп жанмын: он екi мүшемнiң сау тұрған бiрi жоқ; ақыл-есiм де кiресi-шығасылы… Қымбатты Ядзячка, соғыстан бұрын мен осы өңiрдегi тәптәуiр инженер-электрик атанып, профессор Петруськаның таңдаулышәкiрттерiнiңбiрiболғанмын. Үкiметшинзаводының энергия жүйесiн қайыра жабдықтауға бәйге жариялағанда, ең жақсы жоба ұсынып, бiрiншi жүлденi алған бүгiнде сорлы болған әкең едi, амал қанша?!
Болмаса шешең марқұм, екеумiздiң жанашыр сүйiктiмiз Катерина сұлу, қыр соңынан қалмай зыр жүгiрген небiр жампоз жайсаңдардың бәр-бәрiн тәрк етiп, өзiне өмiрлiк қосаққа менi таңдағанын айтсам ше?! Анаң марқұм Катерина асқан ақылды адам едi, сәулешiм. Сен одан тым жас, жақсы-жаманды айыра алмайтын сәби шағыңда айырылып қалдың. Катерина марқұм айтушы едi: «Станислав, мен сенi мүштiк сияқты сопақ мұрның үшiн сүйгенiм жоқ, қушиған бетiңе жапсырылған алмадай доп-домалақ мұрның неме керек? Сығырайған қысық көзiң үшiн де жақсы көрмедiм сенi. Көзiңдi қайтем, бет қарайтын айна етемiн бе? Әулие Иоганн көшесiндегi әдемi жiгiт Кашимир мырза сенен әлдеқайда сымбатты болатын… Мен сенi елден ерек сұңғыла ақылың үшiн таңдадым. Сен мұны бiлiп қой, Қасиеттi Одақ көшесiнiң хас сұлуы саған ерге шыққан екен, сен соны бағалай бiл! Сенiң басың бұрынғыдан да жақсы жұмыс iстеуi керек…» – деп әзiлдейтiн едi маған.
Ядзя, көрiп отырсың, сенiң әкең кезiнде бiлiктi адам болған. Бәлкiм, кейбiр арам ниет адамдар сенi нақұрыс Станиславтың сорлы қызы деп кемсiтетiн болар. Жасыма ондай сөзге! Бұлай деп ақылы шолақ адамдар ғана айта алады. Ал ақымақтардан бұдан өзге сөз ешқашан да күтуге болмайды.
Менi мүгедек еткен – құрғыр соғыс, Гитлердiң жендеттерi. Сүйiктi Отанымның тәуелсiздiгi жолында сан ғасыр алысқан Речи Посполита үшiн күрестiм мен. Жан-тәнiммен құлай сүйген Катерина мен кiшкентай нәрестем Ядивига, сендердiң бақытың үшiн қолыма қару алдым. Ұрыс даласында қалған мыңдаған поляктардың кегiн қайтару үшiн өзiм сұранып, майданға аттандым. Елдiгiмдi керзi етiгiнiң табанына басқысы келген өркөкiрек талай фашистi жер жастандырдым. Сол жолда жүрiп, қапылыста тұтқынға түстiм. Бiрақ мен тұтқындар лагерiнде де жаумен күрестi тоқтатқам жоқ. Мiне, көрiп отырсың, тар жол, тайғақ кешудiң бәрiнен де аман өтiп, өз шаңырағымда сенiмен бiрге тұрамын. Бiле бiлгенге бұл да зор бақыт!
Көлгiрсудiң керегi не, таныстарымның бәрi, соның iшiнде өзiң де барсың, менi басынан кешкен ауыр азаптан ақылы ауысқан бейшара санайды. Сорлы әкеңнiң жүрек сырын бүкпесiз ақтарған осы хаттағы мұңға толы сөздерiн байыптап оқыған соң, сен оның нақақ жала екенiн айқын аңғарасың. Ендеше, сен менiң кей күндерi сау адамша ой ойлап, iс iстей алатыныма шүбәсiз илануың керек. Рас, ауру екенiмдi жасырмаймын.
Ертең-ақ ержетесiң, күнiм. Ақылың толып алды-артыңды, жақсы-жаманды, дос-дұшпаныңды айыратын кемел жасқа келесiң. Күндердiң күнiнде әкем менiң кiм болды, шешем қандай кiсi едi деп ойлауың хақ. Мiне, нақ сол кезде осы хаттарды қолыңа алып, басыңа жастана жатып оқы, сәулешiм. Мен, сiрә, сенiң ержеткен кезiңдi көре алмаспын, дәм таусылған күнi, сырқатым қинаған бiр сәтте сүйiктi шешеңнiң қасына жөнелемiн. Ғұмыр жолымды ауызша айтып беруге әлi жассың, басымнан кешкен михнат пен зейнеттiң қайсыбiрiн ұқпауың мүмкiн. Сол себептi мен көрген-бiлгенiмдi, өмiр атты үлкен көштiң бұралаң жолдарын өзiң үшiн, жаным Ядивига, қағазға түгел түсiрiп, баяндап беруге ниет еттiм. Мезгiлi жеткенде бәрiнiң де қажетке асатынына кәмiл сенемiн.
Мiне, жаным, алғашқы хатымды аяқтауға таяумын. Осы хатты бастау үшiн неше күн, неше түн әзiрленгенiмдi бiлсеңшi, сiрә?! Мен үшiн бұл да бақыт. Аз болсын, көп болсын, сау адамның жұмысын атқардым деп бiлемiн.
Тап қазiр сен шырт ұйқыдасың. Әкеңнiң азапты әрекетiнен ешбiр хабарың жоқ. Шынымды айтсам, бұл жазбаларды көзiм тiрiде ешкiмнiң де оқымауын қалар едiм мен. Сол себептi саған арнаған шерлi хаттарымды, Ядзя, үйдегiлер ұйқыға жатқанда, оңаша қалған сағаттарда ғана жазбақшымын. Өйткенi ересектер сезсе, Станислав байғұс ақылынан бiржола алжасты деп ойлайтынына титтей де шүбәм жоқ. Бұл жолдау онда сенiң қолыңа ешқашанда тимейдi, психиатр дәрiгердiң корзинасында қалады. Шындығында, мен бұл жазбаларда денi сау адам ешқашанда сенбейтiн таңғажайып оқиғаларды, өзгенi қойып, кей уақ өзiм де сенбейтiн фантастикалық хикаяттарды баяндаймын. Тек құдіретi күштi хақ тағала маған соны жүзеге асыруға титiмдей болса да әл-қуат қиса екен?!
Ядзечка, көгершiнiм менiң! Асықпа, мен саған талай-талай тамаша хаттар жазамын. Тек жан көкеңе деген сенiмнен айырылма, жазғандары да алжасқан кiсiнiң емес, ақылмен, оймен топшылаудың салдары деп ұқ».
II
Ерковскийдiң хатын аудару осы араға жеткенде, Гүлжан жеңгей шаршады бiлем:
– Бүгiнге жететiн шығар, – деп орнынан тұрды.
Маған салса хаттар түгел аударылып бiткенше, осы үйде таң қылаң бергенше отыра берер едiм. Амал қанша, ондай еркiндiк менде жоқ. Рақмет айтып, түннiң бiр уағында пәтерiме қайтамын. Қымбат қолжазба қолтығымда. Бөтен үйде қалдырып кетуге, тiптi өзiм жоқ жерде түнетуге қиятын емеспiн.
Пәтерiме келiп, Ерковский жазбаларын жастығымның астына салып қойып, үнсiз жатырмын. Неткен өмiр! Қандай аянышты тағдыр. Ер тұлғалы азамат! Алғашқы хатының өзi-ақ азаматтың өр тұлғасын биiктен көрсетiп тұр емес пе?!
Шам сөнген. Бөлме iшi тастай қараңғы. Айналам мүлгiген тыныштық. Бiрақ ұйқым келмейдi. Көңiл шiркiн елеңдеп, жүрегiмалып-ұшыптыншығаремес. Ертең-ақжүгiрiпбарып, Аққыз апайдан сүйiншi сұрасам деймiн. Шынарға да тезiрек хабар берсем деп те қиялға шомамын. Шынар демекшi, соңғы күндердегi қауырт жұмыстар сұлу бойжеткен бейнесiн көкейiмнен бiршама ұмыттырған сияқты едi. Бекер екен. Ұмытпаппын. Есiме жиiжиi түседi. Жауап хатын алмасам да, мен күткен сәлем хабар кешiксе де, сенiм күштi.
Ертеңiнде поштаға соқтым. Тегiнде, мен көрегендiк қасиеттен де құралақан болмасам керек. Айтқанымдай-ақ Шыңғыстаудан жолданған хат қолыма тиедi. Бұл да зарыға күткен асық хабарым. Асыға, сағына, үмiтiм үзiле тосқан Шынардың хаты.
Амандықтарын жазыпты. Хал-күйiмдi, қызмет жайымды сұрауды да ұмытпапты (Неткен iзеттiлiк!). Күткенiмдей Аққыз Сырымбетованың үй тұрағын сұраған. Әрине, ағасының шерлi де ерлiкке толы хикаятын тарқата жазғаныма шын жүректен алғыс бiлдiрiптi. Бiрақ хаттың бас-аяғына қаншама үңiлсем де бойдақтық өмiрден құтылу жарасын сұраған тұспал сөзiме ешқандай жауап жазбапты. Демек, махаббат ауылына барлауым сәтсiз болған. Әлде елеусiздеп жеткiзген жүрек сырын түсiнбеген? Шынардай қағілез қыз ондай әзiлдi ұқса керек-тi. Әлде Құжқара сойқанның мысы жеңiп отыр ма?
Ойыма қулық кiрдi. «Әй, сен қызды ма, тұра тұр! Саған ерегескенде тiлiмнiң майын тамыза үздiккен хаттарды жиiлете жолдап, ағасының хикаятын төндiре жазып, Сағымбай шiркiннен бөлiп әкетпесем – менiң Қайсар атымды өзгертiп қоярсың, – деймiн өзiмдi-өзiм жiгерлендiре. – Әуелi тек Станислав Ерковскийдiң хатын түгел аудартып қолыма алайын. Сонсоң көремiн сен қыздың әуселеңдi!..»
Белгiсiз күрескер
I
Араға бiр күн салып Қасымтай ағайдың үйiне тағы бардым. Гүлжан жеңгей жылы шыраймен қарсы алды. Шайдан соң тағы да жұмысқа отырдық.
Бiр кеш жарым, келесi күнi бiр хаттан кемiтiп, шетелдiк бандероль қазынасын да тауысуға айналдық. Аударылған хат саны молайған сайын бiз iздеген хикаят желiсi де құмға сiңген судай қашықтап барады. Ең ғажабы, соны кейде қолға ұстағандай болып құмарта оқимыз. Кенет ол үзiледi де, басқа бiр жайттар әңгiмеге қосылады. Шым-шытырық жұмбақтар да соған орай көбейе түседi. Соның денi – бiздiң хикаятқа мүлдем қатысы жоқ сөздер. Көбіне сырқат адамның егілген өксігі…
Сол себептi, оқушы, Станислав Ерковскийдiң қызына жолдаған хаттарын сыпыра тiзiп, толық келтiрмеймін. Шындығын айтқанда, бұл ой Гүлжан жеңгейден туды. Төменде мен сол хаттардың бәрiн емес, біз шерткен хикаятқа байланысты тұстарын ғана келтiремiн.
Алтыншы хаттан үзiндi
«…Сөйтiп мен, Ядзячка, бесiншi хатымда әңгiмелегенiмдей, Бухенвальд тұтқын лагерiнде тиыш жүрмегенiм үшiн жаза тарттым. Қандай дейсiң бе? Ату, асу, таяқ жеу? Бiрi де емес. Бiрақ ешбiрiнен кем де емес. Тiрiдей көрге көмiлдiм. Рас, ол орасан кең болатын. Онда аяқ созып жатып мезгiлiнде ұйықтауға, үстел басында отырып тамақ iшуге, кәсiби мамандығыңа орай жұмыс iстеуге жағдай жасалған. Сөйтсе де бұл нағыз көр едi. Өйткенi ол жер астында болатын. Жер бетiмен қарым-қатынас қайда екенiн бiлмеймiз. Бiлсек те тас қамаудан құтылып, жарық дүниенi қайыра көремiз деп ойлаған емеспiз. Себебi жер астында бiз атқарған жұмыс – Германияның әскери өндiрiсiнiң жетi құлыппен мықтап шегендеген мемлекеттiк құпиясы. Сол құпия жария болмауы үшiн оны бiлетiндердiң жер үстiне бiрдебiрiнiң тiрi шықпайтыны белгiлi.
Ядзя! Есiңде болсын, адамды адамға бауыр ететiн де, бiрбiрiне қасқыр ететiн де – тұрмыс. Тұрмысың жақсы болса, кейде жақыныңды да танымай кетесiң. Ал ауыр тұрмыс керiсiнше адамды бiр-бiрiне жақындата түспек. Бiр бөлмеде он адам едiк, он ұлттан болсақ та келе-келе бiз бауырласып кеттiк.
Гитлердiң ұлттар өшпендiлiгi жайындағы сандырағы жүрмедi бiзге. Тату тұрдық. Тiл бөлектiгi бөгет болмады. Орыс Иван немiсше сөйлейдi, ал чех Янек Флигер орысша бiледi. Мен болсам немiс, чех тiлдерiнен бейхабар емеспiн. Осылайша бiрбiрiмiзге тiлмаш болып, оп-оңай түсiнiсiп кеттiк. Бәрiмiздiң де жауымыз бiреу болған соң оған деген өшпендiлiгiмiз де бiрдей болды. Қол қусырып қарап жүргемiз жоқ, балапаным. Күрестiк. Әркiм қолынан келгенше, әр нәрсенi мүмкiндiгiнше бүлдiрдi.
Электр жүйесiнде зиянкестiк жасау, тегiнде, қиын емес. Бұл қару-жарақ қоймасына өрт қойғаннан гөрi, болмаса күштi күзетте тұрған көпiрдi бұзудан әлдеқайда жеңiл. Жүздеген метр кабель тартып жүресiң де, екi сымның арасына иненiң жасуындай метал қиықша қалдырып кетесiң. Тұйықталған жердi табу үшiн кейiн бүкiл жүйенi тексерiп шығу қажет. Немесе ток полюстарын ауыстырып кетемiз, сағат тiлi бағытында зыр қағып тұрған станок ұршығы бағытын кiлт өзгертiп, терiсқағыс айнала бастайды. Бiтуге тақаған тетiк болса, әрине, бракқа кетедi.
Бiрақ, Ядзя, мұның бәрi де нағыз зиянкестiк емес-тi. Кектенген көңiл үлкендi көксейтiн. Фашист нәлет қан қақсайтын, азу тiсi жұлынып түскендей жанына батып, шынымен iшi ашитын бүлдiрудi аңсаймыз. Алайда соның орайы көп уақытқа дейiн бiзге оралмай қойды.
Бiз өзiмiздiң қайда, не iстеп жүргенiмiздi бiлмейтiнбiз. Әлдеқандай әскери қару жасайтын зауыт екенi анық. Сонда бұл қандай өндiрiс, шығаратын өнiмi не, әрекет еткенде бiз ненi бүлдiруге тиiспiз? Түгiн де бiлмеймiз. Бүгiн айдың нешесi, күндiз бе, түн бе деп сұраса да, нақтылы жауап айта алмас едiк.
Мен орыс жiгiтi Иван Прутковпен бiрге iстеймiн. Ол да электрик. Воронеж қаласында техникум бiтiрген жiгiт. Бiр күнi жатарға Иван қайтпады. Жұмысын бiтiре алмай кешiктi ме, әлде басқа бiрдемеге ұшырады ма? Белгiсiз. Әйтеуiр, зым-зия жоғалып кеттi.
Жер астындағы мұңдастар өзара ақылдасып, Иванды жабыла iздемекке келiстiк. Өз мекенiмiзбен анығырақ танысатын да мезгiл жеттi. Бiрнеше күн әуреленсек те Прутков табылмады. Алайда өз тұрағымыздың жай-жапсарын бiршама бiлiп алдық: ұзыны төрт-бес жүз метрдей кең шахты; енi де бiрталай – отыз-қырық қадамдай; биiктiгi екi қабат үйдей… Штректiң бiр жақ қанатын ала казармалар орналасқан. Бiр басында цехтар бар. Бiреу емес, бiрнешеу. Оларда не iстеледi, дәл айту қиын. Негiзгi жабдығы – самсаған жону станоктары. Бiрiнде гайка, бiрiнде муфта дегендей, әрқайсында әр түрлi тетiк жонылады. Ненiң тетiктерi? Құрастыру цехы мұнда емес, болса да – бiз бiлмеймiз. Шынында, тетiктiң бiреуiн қолда ұстап тұрып, оның нендей мiндет атқаратынын дәлдеп айыру – өте қиын iс. Шахтыда шығар ауыз бiреу ғана болса керек. Оның да қай жақта екенiн таба алмадық. Бiр жақ түпте күзет солдаттары тұрады. Ал екiншi түптiң алдына жалаңаш мыс шиндер қойылған. Қарапайымдап түсiндiрiп көрейiн: мыс пластинкалар қаз-қатар тiзiлiп, кiсi бойындай тор түзейдi; осыны техника тiлiнде электр қақпа дейдi; себебi пластинкалар бойымен жоғары кернеулi ток жүргiзiлген…
Ертеңгi күнiң үмiтсiз болса, қызым, дүние қызығына құмарта алмайсың. Еш нәрсе сенiң көңiлiңдi жылытып өзiне тартпайды. Өмiрге сен салқын көзбен қарайсың. Мұндайда адам жаны ашыққан қасқырдай қатулы келедi. Алдыңда қақпан тұрса – қорықпайсың, мылтық құрулы екен – бәрiбiр соған қарсы шабасың! Бiз де сондай күй кештiк.
Мiне, Ядзечка, әкең өмiрi осылайша от пен судың ортасында өтiп жатты. Тап солай өте беруi де мүмкiн едi – егер сол кезде бүкiл тiрлiк-тынысымызды шұғыл өзгерткен бiр адам бiзге тап болмаса. Ол туралы мен саған ертеңгi хатымда егжейтегжейлі әңгiмелеймiн…»
II
Сонымен поляк досымыз әлдебiр жұмбақ адам туралы сөз бастамақ. Кiм ол? Ынтызар көңiл iздеген Шыңғысың сол… деп үмiттендiргендей. Иә, иә, басқа бiреу болуы мүмкiн емес. Солай боларына менiң ешқандай шүбәм жоқ. Ендеше, тезiрек оқиық сол хикаятты…
Жо-жоқ, азғана сабыр етiңiз, оқушы дос!
Бiз қаншама асыққанмен жұмбақ түйiннiң шешiлер мезгiлi жетпесе, не iстеуге болады? Тағы да қырсыққа жолықтым, сiрә, өзiм де сондай бiр жолсыз жан болсам керек: хат тәржiмасы ойда жоқта тоқтап қалды. Гүлжан апайдың кiшкене қызы сырқаттанып, ауруханаға түстi. Ойласаң түкке тұрмайтын бөгет. Бiрақ, амал не, көп күндер бойы сарғая тосуға тура келдi.
Бейнетсiз зейнет жоқ деген сөз, тегiнде, бекерге айтылмаған. Бүгiн ойласам, сол күндердегi ұзақ тосуым текке өтпептi. Тiптi мен үшiн пайдалы болыпты. Әлде ерiксiз тосып ширығудан, әлде хикаят желiсiнiң ширауы соған бастады? Сол күндерде кейiн өзiм үшiн ерекше игi iске айналған үлкен бiр шаруаға қадам жасағаным анық.
Тоқетерiн айтқанда, мен сол күндерi Шыңғыс-Шынтас тарихын туу басынан қайта жазуға кiрiскем-дi. Кәдiмгiдей кең түрде, осы жолда не көрiп, басымнан нендей жағдаяттар кештiм – бәрбәрiн бастан-аяқ баяндап жазбақшымын. Әрине, бұл бұрынғы очерк емес, одан гөрi ауқымдырақ дүние болмақ.
Күн сайын кешегi жазғандарымды қайыра оқимын. Тiлi барынша көркем болса игi. Бәрiнен де бұрын оқиға қызықты өрiлуi тиiс. Ертелi-кеш жазғандарымды түзетемiн, өшiремiн, қайта жазамын.
Сонау хорват елiне барған сапарымнан бастап көрген-бiлгенiмдi, Вацлав атайдың әңгiмесiнен соң өзiмнiң қандай қиялға берiлiп, нендей күйзелiске түскенiмдi, Алматыға қайтып келгеннен кейiнгi iзденістерiмдi…
Арада бiрер апта өттi. Гүлжан апайдың қызы сырқатынан жазыла қоймады. Әдептен асып ол кiсiге барып, қолайсыз сәтте қолқа салуға батылым жетпедi.
Сол қарсаңда Шынардан тағы бiр хат келдi. Менiң жауабымды тоса-тоса зарықса керек, өзi жазыпты. Маған да сұлу бойжеткеннiң сөйткенi керек.
Бәсекелесiн қырқа шалып жыққан палуандай-ақ iштей масаттануыма сол-ақ түрткi болсын: «Ә, бәлем, кесел қыз, тым асқақ едiң, телмiрттiм бе өзiме! Бiрауыз сөзiме зар еттiм бе? Үндеме әлi. Бұдан зорғысын да көрсетемiн», – дегендей көңiлденген шыраймен Шынардың хатын ашамын…
«Журналист ағай-ау, жақсы хабар айтып, соншама үмiттендiрiп қойып, үнсiз жатқаныңыз қалай?» – деп басталыпты қыз хаты.
«Бейнебiр мен есiмi жоқ кiсiдей қарай гөр сөз саптауын. Әкем қойған Қайсар атымды атасаң, болмаса алматылық құрбым десең – тiлiң жетпей ме?..»
Хаттың одан кейiнгi сөзi де мен күткендей болмады. Ешқандай жалыну жоқ. Не қылсаңыз да бiрдеме жасаңыз деген тілек те байқалмайды. Қайта айтыңыз, сөз бастаған өзiңiз, бұдан әрi зарықтырмай, асыл жеңгемiздiң үй тұрағын хабарлаңыз… дегендей талап қоюмен аяқтапты ерке қыз хатын.
Бұған не дейсiң? Жеңгесi демекшi, онда-мұнда жүрiп, Аққыз Сырымбетқызын бiржола ұмытып кетiппiн ғой. Мен де қызықпын. Станислав Ерковскийдiң хаттарын сол кiсi болмаса табар ма едiм? Ендеше, мына қылығыма жол болсын? Шынтастың поляк досының мағлұматы мол естелiгi жайында үнсiз қалуым жөн бiлгендiкке жата ма?
Рас, әуелгiде естелiк хаттың мазмұнын толық бiлiп алайын, сонсоң жолықсам да кеш болмас деп ойладым. Оны қазақшалау бұлайша ұзаққа созыларын кiм бiлген?
Сөйтсе де ештен кеш жақсы. Ертең-ақ, қызметтен соң ол кiсiге барып қайтуға болады. Әмбе Шынар сынды сұлу қайынсiңлiсi бар екенiн хабарлап, үй тұрағын беруге де рұқсат сұрауым қажет…
Осындай тоқтамға келiп, ұйқыға бас қоямын.
Ертеңiнде бiрақ бұл ойымнан бас тартуға тура келедi. Өйткені жұмыс аяғында Қасымтай аға маған жымия қарап: «Сені жеңгең іздеген…» – деген-дi.
Жетiншi хат
«Сүйiктiм Ядивига!
Мен уәдемде тұра алмадым. Неге дерiң бар, ауру адамның қолын бөгейтiн себептер көп қой, қызым…
Ертеңгiлiкте қалалық басқармаға бардым. Өзiм жұмыс iстеген жер астындағы зауыт жайында мәлiмдеме жасамақ болғамын. Мен оларға «бiздiң қаладан пойызбен жүргенде үш сағаттық жерде, орман iшiнде шағын көл бар, көл астында немiстердiң құпия өндірісі болған» деймiн. Тас қамаудағы сол зауытта екi жыл жұмыс iстегенiмдi айтамын. Ал олар менiң ақыл-есiмнiң дұрыс-бұрыстығын тексермек болды. Ызаланбай көр осыдан соң? Қалайша қапа болмайсың! Дау жоқ, мен сырқат адаммын. Сау адам нанғысыз сандырақ сөз айтайын. Әйтсе де соны тексеру үшiн менiң көзiмше дәрiгер шақырту жан қинау емес пе, қызым-ау?
Келдi бiр мезгiлде шақырған дәрiгерi. Мейлiнше сабырлы болуға тырысып, жер астындағы құпияөндіріс туралыәңгiмемдi қайталаймын. Одан әрi өзiмiздiң ортамызда болған кеңестер елiнiң тұтқыны жайында айта бастап едiм, психиатр сөзiмдi бөлiп:
– Бестi беске қосқанда неше болады? Әуелi соны айтыңызшы, – дегенi.
Осындай қатыгездiк қой менiң жүйкемдi құртатын. Шыдай алмадым. Атып тұрып:
– Сенбейсiңдермемаған?!– депайғайкөтергенiмесiмде. Әрине, құдай сабыр берiп, дұрыс жауап айтсам – ештеңе де болмас едi.
Қайтейiн, оған төзiм жетпедi. Бұдан арғысын бiлмеймiн. Есiмдi жисам, өз үйiмдегi өлең төсегiмде жатырмын…
Содан берi жетi күн өттi. Сырқатым меңдеп әлсiреп қалсам керек. Ештеңе жазғым келмедi. Сенiң қайырымды әжең Регина шешей де, қызым сен де, осы үйге келiп-кетiп жүрген жанның бәрi де маған бiржосын состия қарайтын сияқты. Ей, Ядзячка, жан-жүйесi ауру адамның өмiр сүруi қандай қиын екенiн бiлсең еттi! Сезiнсең едi соны сен!
Мiне, өзiмдi-өзiм тағы да қинап, саған арнаған хатымды қайыра бастап отырмын. Бәрi де бiр сен үшiн, Ядивига. Құдай маған соны аяқтауға қуат берсе екен?!»
«…Ол адам бiзге кейiн қосылды. Екi эсэс жендетi айдап келдi де, есiктен берi итерiп жiберiп, шығып кеттi. Бейтаныс жан жарыққа тура қарай алмай, жарадан сау жерi жоқ күс-күс алақанымен көзiн қалқалап, табалдырық алдында мелшиген күйде тұрып қалды.
Бiзде де үн жоқ, тым-тырыс отырмыз.
Байғұс тұтқын бiр-екi адым алға аттады. Сол аяғынан сылтып басады екен. Тегi, жаралы болар, сол жақ өкшесi жерге тигенде, ернi iшiне қарай жымқырылып кетедi, соған да жаны қиналып ауырсынғандай.
Тағы бiр-екi адым алға жүре түстi де, кенет ол ышқынған айғаймен тас еденге күрс құлады. Екi аттап қасына жеттiм. Басқа мұңлықтар да апыл-ғұпыл жүгiрiп келiп, бiрi аяғынан, бiрi қолтығынан көтерiп, тақтай нардың үстiне жатқыздық. Есiнен танып қалыпты. Тамырын ұстағандар тынысы бар дестi.
Адам баласы итжанды деген сөз рас, тегiнде, сәулешiм. Сол мезеттегi оның түрiн көрсең? Шешiндiрiп қарасақ, құдай көрсетпесiн, таңба түспеген жерi жоқ. Сол жақ аяғының өкшесi күп боп iрiңдеп тұр, сол жерге iстiк сұғып қинаған тәрiздi, орнындағы жара күлтеленiп, жарылуға шақ қалған. Тiзесiне дейiнгi терiсi сылынып қалыпты. Оның да бiр жерi iрiң, бiр жерi қызыл ет боп сидиып тұр. Жон арқасы да жара. Көзiнiң алды тарам-тарам көк терi, жазатайым қол тигiзсең, жыртылып кететiн сияқты. Тырнаққа iлiнер етi жоқ қушиған жағы ұсқынсыз қаңқа дерсiң, бет бейнесiнiң көрнектi мүшесi – қоңқайған мұрны ғана.
Бiраздан соң ол көзiн ашты. Қолын ербеңдетiп, бiзден әлдене сұрады. Ештеңе ұқпадық, түсiнiксiз бiр сөздi екi-үш мәрте қайталағандай болды. Славян жұртының тiлiне ұқсамайды, мен өзiм ешқашанда естiмеген бейтаныс сөздер. Кезерген ернiн жұтына жалап, аузын ашады.
Түсiне қойдым, әлсiреген адамға сусыннан өзге не керек? Су әкеп бердiм. Қылқылдата жұтты да, iле-шала ұйықтап қалды. Ғажап жайт: байғұс тұтқын тез оңалды. Әлде жастығы себеп болды, бәлкiм, денсаулығының мықтылығы? Қалайда он шақты күннен соң өз бетiмен жүруге жарайтын халге келдi. Немiстерге бұдан артық не керек? Iле-ақ жұмысқа қосты. Ол да мен сияқты электрик екен. Бастапқыда екеумiз бiрге болдық. Жұмыс белгiлi: станоктар жөндеймiз; құлаш-құлаш кабель тартамыз; үзiлгендi жалғаймыз; әредiк бүтiндi үземiз; кейде соның сәтi келмейдi. Байқаймын, жаңа танысым бүлдiру жөнiнен менен кем түсер емес. Көзiм тайса-ақ жұмыс iстеген боп қолын жыбырлатады да бос отырады. Қолына түскен гайка мен болттың бұрандасы да оп-оңай бұзылып қалады. Жұмыс iстеуге қажеттi әбзелдiң түр-түрiн жоқ етуге де сондай шебер. Түрiне қарасаң – балғадай шымыр, шиыршық атқан жас жiгiт, ал жұмыс iстегенде қолынан түк келмейтiн болжыр. Желкемiзде қаруын кезенiп қандай сұсты эсэс тұрмасын асықпайды, кабель орамасын баппен тарқата бередi. Көбiнесе оны терiс тарқатып, қайта орап, қайта жазып бос әуреге түсетiнiн қайтесiң…
Мен бәрiн де көрiп жүрем. Сеземiн iшiмнен. Сыр тартқым келедi. Астыртын жұмысқа қосып, ортамызға алсақ деп те ойлаймын. Әйтсе де, Ядзячка, сақтық керек. Қатал өмiр ақжүрек әкеңдi көп нәрсеге үйреткен. Өзiм деп сенгенiнiң көбi тақыр жерге отырғызып опық жегiзген. Сондықтан қаншама пейiлiм бұрып тұрса да, бейтаныс серiгiме сырымды ашпадым.
Сөйтiп, екiұдай ойда жүргенде тұтқындарды түп-түгел құрта жаздаған төтенше бір оқиғаға тап болдық.
Үлкен станоктардың бiрiнде деталь жонылып жатқан. Қандай механизмге қажеттi тетiк екенiн бiлмесек те, өтемөте маңызды тапсырма екенi анық. Өйткенi соны жонуды тұтқындарға бермедi. Станокке немiс мастерiнiң өзi тұрды. Мен сол күнi кезекшi электрик едiм. Тетiк жонылмақ сом темiрдi ұршыққа орнатып болған соң әлгi сойқан менi қасына шақырып, ток жүйесiнiң қалыпты iстеуiн қадағалауды қатты тапсырды. Әмiр берiлген соң орындау керек. Бақылап тұрмын: нағыз шебер, қимылына көз iлеспейдi; болат жаңқалар ширатыла үйiрiлiп, гу-гу түсiп жатыр; тетiктiң күрделi нобайы көз алдымда айқындала бастады. Немiс маманы станокты тоқтатып, тетiкке өлшеу жүргiздi. Сонсоң маған қарап қолын көтердi. Онысы – «сақ бол, ең жауапты сәт» дегенi. Станок қайтадан зырылдай жөнелдi. Шебер үйреншiктi қимылмен жонғышты алға итердi. Оң қолы жонғыш тегершiкте…
Менде зәре жоқ. Әдейiлеп тапсырған соң әлденеден ши шықса – қып-қызыл пәлеге шырмалдым деп бiл. Әйтсе де қас дұшпанға деген өшпендiлiктен қарайған жүрегiм мынаның соншама әскездiкпен шұқшиған iсiне бiр нәрсе кереғар тұрып бүлiнсе ғой деп те тiлеймiн. Жасаған ием соған жәрдем ет деп, iшiмнен жалбарынамын! О, тоба! Құдай тағала сол тiлегiмдi қабыл алса керек… Станокшы немiс кенет безгегi ұстаған адамдай қалшқалш етiп, кейiн қарай ытқып шықты.
– Жылдамдық… жылдамдықты кiм бәсеңдеткен?.. Кiм?! – деп безек қағып, цехтан шыға жөнелдi.
Түкке түсiнсем бұйырмасын. Қарсыдағы аспаптар шкаласына жалт қараймын. Бәрi де бәз-баяғы қалпында. Әне, вольтметр тiлi… Одан жоғарырақ ток күшiн көрсететiн шкала… Ол да ток мөлшерiнiң қалыпты екенiн әйгiлеп тұр.
Әлден соң бiр топ солдат пен цех бастығын ертiп, әлгi нағылет қайта келдi. Барлық станоктар тоқтатылды. Тұтқын атаулы қақшиып тұрмыз. Қыбыр етуге рұқсат жоқ. Мастер станокқа қайта тұрды. Цех бастығы жүргiзуге бұйырды.
Тым-тырыс тосып тұрмыз. Желкемiзде – эсэс солдаттары. Жонғыш станоктың гуiлi қайыра естiлдi. Жонғыштың металға тиген ысылы, сом темiрдiң бетiнен жаңқа сыдыра бастағанын ап-анық көрiп тұрмыз. Қалайда станокта ақау жоқ, ток желiсi бiрқалыпты істеп тұр.
Кенет гуiл әлденеге қақалғандай бәсеңсігенін аңғарып, панельге қараймын. Цех бастығы да сол сәтте «Тоқтат!» – деп екiлене айғай салды. О, тоба! Ток күшiн көрсететiн амперметр тiлi төмен қарай сылқ түстi де, iле-шала қайта көтерiлдi. Жонғыштың жүрiстен танып, тетiктi бiркелкi жону ритмi бұзылды. Ол ендi – брак.
«Ендi қайтер екен?» деп үнсiз мелшиiп тұрмыз…
Бәрiмiздi ортадағы ашық жерге жинады. Штыктарын кезенген солдаттар алды-артымызда қаптап тұр. Цех бастығы офицерге әлдененi зiркiлдеп айтып жатыр. Не дегенiн толық естiмесем де, бiлiп тұрмын: бәр-бәрi зиянкес, бiрiн қалдырмай, атыптастаукерек… Қайтемiзендi? Жер астындағызынданнан тiрi шығу жоқ екен бiзге, ендеше несiне арамтер боп қайғырамыз. Өлiмнiң бүгiн келгенi, иә соның ертеңге дейiн созылғаны – бiз үшiн бәрiбiр.
Кенет ту сыртымнан:
– Шульц мырза, рұқсат етiңiзшi, – деген дауыс саңқ еттi. Артыма қарағанда бiр-ақ бiлдiм. Кiм дейсiң ғой, қызым? Өзiм-
нiң электрик серiгiм. Акцентпен сөйлесе де немiсшесi көп-көрiм екен. Әрiптесiм топтан бөлiнiп алға шықты.
– Не айтпақсың, нағылет азиат? – деп цех бастығы оған жақындай түстi. Былғары қолғабын да киiп алды. «Қап, сорың құрғыр-ай, – деймiн iшiмнен. – Тiлiң қышып шықтың ба мына фашист дүлейдiң алдына?..»
– Шульц мырза, бұл кiнаратқа бiздiң ешқандай қатысымыз жоқ. Гәп басқада…
Оны адам деп Шульц мырза тiл қатқан жоқ. Жағасынан қос қолдап ұстаған қалпында цехтан сүйрей жөнелдi. Дел-сал күйде қала бердiк. Әрiптесiмiз сол кеткеннен қайтып оралмады. Өлi-тiрiсiн де бiлгемiз жоқ. Әйтеуiр, ұшты-күйлi жоқ болды.
«Жалғыз өзiн өлiмге байлап бердi-ау, сабазым» дегендей дүдәмал ой көкейде қалды…»
III
Гүлжан жеңгей екеумiз бiрнеше кеш сарыла отырып, сегiзiншi, тоғызыншы хаттарды оқып шықтық. Амал не, қанша iздесек те бұл хаттардан мәлiмсiз азиат тұтқынның iзiн кезiктiре алмадық. Ол туралы бiр ауыз сөз жоқ. Оның есесiне поляк досымыз өздерiнiң астыртын әрекеттерi жайлы, жер астындағы мекендерi туралы шама-шарқынша тәптiштей жазып, бiрталай мағлұмат берiптi. Бәрiн бiрдей бажайлап, баяндап толық келтiрудiң қажетi болмас. Сөйтсе де рет саны бойынша оныншы хаттан шағын үзiндi оқығаныңды, оқырман, жөн деп білдім.
«…Қаншама зиянкестiк әрекет жасасақ та, қызым, сол iсiмiздi қанағат еткемiз жоқ. Өйткенi солар жөндем қастандық болатын. Түпкiлiктi мақсат жер астындағы зауыттың күлталқанын шығарып, бостандыққа шығу – арман қалпында қала берген-дi. Соны қалайша жүзеге асыруға болатынын бiлген жоқпыз.
Бiрде ток жүйесiн әдейi бүлдiрiп, соны жөндеудi сылтауратып күзет жасағы жататын казармаға да бардық. Үш есiк, үшеуiнде де күзет бар. Ең соңғы есiк мыс шинмен қапталған. Демек, оған да ток жүргiзiлген. Сiрә, эсэс қосыны бiзден ғана емес, өз солдаттарынан да қауiптенетiн сияқты.
Иә, Ядивига, жағдайымыз қиын екенiн сонда бiлдiк, тас зынданнан тiрi шығу мүмкiндiгi тiптi жоқ. Дегенмен үмiтiмiздi үзгемiз жоқ. Iзденiстi тоқтатпадық… Сөйтiп жүрiп тағы бiр құпия есiктi таптық. Алайда соның алдындағы мыс шиннен құрылған торға жақындау – өзiңдi оққа байлап берумен бiрдей әрекет.
Бiр күнi соның полюсын тексеру қажет болды. Оны орындауға мастер менi жұмсады. Әрине, тексерудi бiршама ұзаққа создым. Қолым шинде, көзiм тас қабырғада. Сұмдықты көрдiм, жан балам. Бiр жарым метрдей бетон қабырға, одан әрi қарыстай металл қабат, одан соң тағы бетон құймасы… Апырау, бұл не ғажап деймiн? Металл қабатты да анық көрдiм. Сыпыра сом қорғасын. Сонда бұл не үшiн?..
Қорғасын құймасын көрген соң-ақ зәрем ұшты. Көңiлде күдiк пайда болды. Сол деймiн, бiрақ сенгiм келмейдi. Болмаса игi, қателессем екен деп те тiлеймiн. Бiрақ көргенiм көзiмдi шұқығандай. Нағыз сол, соның өзi деп сендiргендей. Сөйтсек, бiлмей жүрiппiз. Бiздiң астымызда тағы бiр қабат бар екен. Онда ерекше өнiм шығаратын құпия өндiрiс болса керек. Оның ерекшелiгi сонша, байқайсың ба, қызым, фашистердiң қаншама бөгет, кедергiлер ойлап тауып, сол жетi қат жер астына жасырғанын. Үстiңгi, яғни бiз тұратын қабатта авиация моторларының бөлшектерiн дайындайды. Ал оның астына тағы бiр зауыт орнатады. Оған қатынайтын жолды қорғасынмен қаптап, құпияда ұстайды…
Менiң инженерлiк бiлiмiмнiң қандай жағдайда әжетке асқанын ұқтың ба, Ядзячка?..»
Бұл тұжырымды қалай түсiнемiз, оқушым? Қу жаны түршiге жазуына қарағанда хат иесi өзгеше бiр құпияны өз ақылымен біліп, сүйiктi қызына соны дабырайтып естiртуге батылы жетпей, кiбiртiктеп отырғаны анық.
Сонсоң ба, мен ендi келесi хаттың аударылуын асыға күттiм. Күрмеуiн тарқатуға бiз талап қылған жұмбақ хикаяттың шешуi сонда тұрғандай көрiндi маған.
Сырымда сыр көп
I
Келесі хат та үмiтiмдi ақтамады. Жеті қат жер астындағы құпия өндірістің сыры ашылмады. Жұмбақ азиаттан да ха бар жоқ. Станислав Ерковскийдің сүйікті перзентіне жолдаған кезекті көкірек сыры, iшiн жеген мұңы. Осыдан соң бiртүрлi жақын көрiп, әрбiр хатын асыға оқып жүрген Ерковский марқұмға өкпелегендей, көңiлiмде бiр салқындық пайда болды. Адам мiнезi құбылмалы, тегiнде. Кейде болмашы нәрсеге мәз боласың. Кейде зәредей шаруадан көңiлiң сабынша бұзылады…
Қысқасы, Гүлжан жеңгейге де, өзiме де демалыс жариялап, оңаша болуды қаладым. Сондағы әрекетiм – үстелден бас алмай төгiлте жазу. Қаншаға созылары беймәлім. Таза қағазға көшiрiлiп, әзiр болғанының өзi – жүз парақ. Алғашқысын очерк деп атап едiм. Ал мынаны не дерiмдi өзiм де бiлмеймiн. Деректі хикаят, әлде роман сияқты үлкен атаулардың бiрiне балап, дербес айдар тағуға батылым жетпедi. Екi жастың тым болмаса бiреуiн толық жасағам жоқ, баспасөз саласындағы жылға толмайтын тәжiрибемдi де ойға алсам – көңiлiм кәдiмгiдей жүдеп қалады, мына жазып жүргенiм де – баланың ермегiндей әншейiн бiрдеме сияқтанады.
Көңiл – қорқақ, қол – батыр. Жазғанымнан бiрдеме шығарына сенбесем де, қол тоқтамайды. Не шықса да бiржола бiтiруге бекiндiм. Сонсоң Сәттаровқа көрсетермiн. Қасымтай ағай да оқыр. Пiкiрлерiн айтар. Талқыға салар, жөн көрсе, газетке басар. Осы бiр далбаса ой көңiлге демеу.
Бұл шақ астана аспанының қыс қыспағына iлiккен кезi. Алғашқы күндерi үрдiс жауған үлпек қар таптаурын болып жатып қалған-ды. Аяғы оның қызыл шұнақ аязға ұласты. Алматы әуесiндегi қашаннан мол ылғал аяз күшейген соң бетке жабысып, ең әуелi құлақты құрсалап, шым-шым қаритын болды. Мұншама өтiмдi болар ма! Торала кепке пана болар емес. Шекеме тартсам желкеме жетпейдi. Қос құлақ қосыла шымшылағанда бiрiне қолымды басып, бiрiне қалпағымды қисайтам. Саусақтарым шымырлай бастаса, қолымды жұп-жұқа плащтың қалтасына тығамын. Сол-ақ екен, жарғақ құлақ қайта шымшылайды. Ұшына ине сұққандай солқылдай жөнеледi. Тар балақ, қысқа шалбар да сәнқойдың киiмi болып шықты. Бiр күн аяз қысса, өзi де пана iздегендей сираққа желiмдей жабыса түседi.
Сонымен, не керек, кенет түскен аяз да бұл жұмысты өндiрте iстеуiме септiгiн тигiздi. Ешқайда қыдыруға мұрша жоқ, құлық та жоқ. Кеңсеге дiрдек қағып жүгiре басып жетем де, қайтарда да солай ентiгумен пәтер үйiме келемiн. Үйдегi мезі ермек оқырманға мәлiм…
Әрине, үнемi тапжылмай отырып, жаза бермейсiң. Кей сәт бұрынғы жазғандарыңды оқып, алды-артыңды шоласың, өзiңненөзiң есеп аласың. Сондай тексерiс үстiнде мен өзiм үшiн жаңалық ашқандай болдым: бақсам, жазбаларымда оқушыны ынтықтыру жағы басым екен де, хикаятқа себеп болған оқиғаның ғылыми түсiндiрмесi жоқтың қасы. Зерделеп ойласам, бұл да кездейсоқ емес, түсiнiктi жаңылысу. Шынын айтқанда, өзiм де бұл туралы ештеңе бiлмеймiн. Бiлмеген соң тәптiштеп оны қалай жазасың? Ойлап-ойлап, ақыры мен: «Бүйтуге болмайды, қалайда оның ғылыми түсiндiрмесiн бiлуiм керек» деген тұжырымға келдiм де. жазбаларымды құшақтап, профессор Кармановтың алдынан бiрақ шықтым.
Кирилл Андреевичпен кездесу мен үшiн әрқашанда қызық.
– Ә, бәрекелдi! Жақсы келдiң қиял қуған жас журналист, – деп жайраңдай қарсы алды, – Іздетпей өзiң келгенiң жақсы болды, бiр сөгiстен құтылдың.
– Менi не үшiн iздемек болдыңыз?..
– Иә, iздеуге себеп туды, – Кирилл Андреевич алдындағы қоңырау түймесiн екi-үш мәрте басып-басып қалды. – Қазiр маған бiр топ жiгiттер келедi, менiң көмекшiлерiм. Сен олармен жақынырақ таныс, бiлдiң бе, өзiң шұғылданып жүрген iзденiстiң мән-жайы туралы әңгімелейсің. Иә, сөйтесің. Тегiнде, бұдан ешқандай зиян көрмейсiң.
Кенет есiк айқара ашылып, кабинетке бiр топ жiгiттер кiрiп келдi.
– Бұлар – өзiң iздеп жүрген Шыңғыстың, иә, иә, дәл соның жолын қуып зерттеу жүргiзетiн жастар.
Елең еттi көңiлiм. Қандай жақсы сөз! «Шыңғыстың жолын қуып». Демек, оған сенетiн жалғыз мен ғана емес…
– Мынау, дәу қара – Сырым Болатұлы, – деп таныстырды Кирилл Андреевич ұзын бойлы, иықты, шот маңдай, қайыстай қара жiгiттi нұсқап, – менiң шәкiртiм, ғылым кандидаты. Мұндай бiлгiр электриктi, көгершiнiм, Алматыдан қолыңа шам алып iздесең де таппайсың…
Ғалым жiгiт жымиып төмен қарады.
– Басқалары – Сырым Болатұлының көмекшiлерi, энергетика факультетiнiң студенттерi. Қане, фамилияларыңды өздерiң айтыңдар…
– Сағат Бейсенов.
– Жеңiс Әбеуов.
– Жомарт Қамбаров.
Бәрi де көкөрім жас жiгiттер. Қайсының болсын жасы жиырмадан артық емес. Студенттерше ықшам киiнген, бәр-бәрі қобыратып шаш өсірген. Сол кездегі сәнқойлық рәсім. Қалауынша ескі-құсқыны киіп, сақал-шаштарын ұзартып, жұрттан дараланып жүру, бұтына жабыстыра джинси шалбар кию – жаппай тараған уақыт. Оларды жұрт «стиляга» («әсемпаз мүскіндер») деп мысқылдайтын-ды. Сол әуесқойлықты тек қауым тежей алмады…
– Сен неғып тұрсың, айт жөнiңдi, – дедi профессор шүңiрек көз, бокс үлгiсiмен шаш қойған, аласа жiгiтке қарап.
– Игорь Карманов, – дедi сасқалақтаған бозбала.
Профессорға жалт қараппын. Ұқсайтын сияқты. Қоңқиған танауы, шығыңқы ұрт етi, тiптi қалқиғандау үлкен құлағы да Кирилл Андреевичтен аумаған.
– Неменеге ожыраясың, – деп кеңкiлдей күлдi профессор. – Ұқсаймамаған?.. Қателескенжоқсың. Менiңнемерем. Қыздарым байға тиген соң балалы-шағалы боп, үй күзетiп қалды. Екi ұлым да электрик болмады. Бiреуi тарихшы, бiреуi тiл маманы. Фу, соларды да мамандық деп… Бәрi де менiң электрiмсiз күн көре алмайды. Солай ма, Игорек? Әкеңнен сен ақылдысың. Ол сөз қуып кеттi. Ал сен техника құдiретi электричествоға құлаш ұрдың. Жарайсың, Игорек!
Кармановтың зертханасынан қас қарая қайттым. Әңгiме мiз жарасып ұзақ отырып қалғанымды аңғармаппын. Көлемi бiрталай деңгейге жеткен қолжазбамды жас ғалым Болатовқа тапсырдым. Қуана алды, тез оқып хабарласуға уәде еттi.
II
Арада үш күн өткен жоқ. Сырым Болатұлы редакцияға телефон соғып:
– Қайсар дос, уақытың болса жолығайық. Өзiңмен сұхбат құруға құштармын, – десін.
Кiмдi болсын көбiне ниет бiрлiгi жақындастырады. Сырым екеумiздiң достығымыз Шыңғыс-Шынтас хикаятындағы жұмбақ сырды бiлуге ынтығудан туды.
– Мен бұл мәселеге бұрыннан құмар адаммын. Тiптi мектепте оқыған шағымнан. Сiздiң ақпарыңызды тыңдаған соң, әлде Кирилл Андреевичтiң де әсерi болды ма, қалайда бұрынғыдан да ынтам ауып, керемет қызығып отырмын.
Бұл оның маған айтар ұзақ сонар әңгiмесiнiң басы екен.
– Бiздiң үйде аузы құлыпталмайтын бiр ғана тартпа болатын, – дедi ол жымиып, – онда әкемнiң құрал-сайманы – балға, шеге, қашау, болт, гайкалар, тағы басқа толып жатқан мүлiктер сақталатын. Рас, еркiме салса, аузында құлып тұратын басқа тартпаларды жиiрек ашуға құмар едiм. Олардан өйткенi кепкен жүзiм, өрiк, жаңғақ сияқты тәттiлердi табуға, ең құрығанда бал сауыттың түбiн жалауға болатын. Алайда олар үнемi жабық тұрады. Сонсоң ба, маған ерiксiзден-ерiксiз кiлттелмейтiн тартпаның қазынасын ақтаруға тура келедi. Әлi есiмде, құртақандай кiшкене кезiм. Бiр күнi тартпадан бұрын-соңды көзiме түспеген, порымы сақина тәрiздi темiр тауып алдым. Бiр бүйiрiнен екi сым шығып тұр екен. Менiң сол кездегi әдетiм: «бүтiндi – қирату, тұрғанды – құлату». Шеге мен қашаудың көмегiмен қызметi мәлiмсiз заттың «iшек-қарны» ақтарылды. Сөйтсем, оның iшiнде шумақ-шумақ сымнан өзге мәндi ештеңе жоқ екен. Бiр-бiрiне жабыстырмай, ара-арасын қалың қағазбен орап қойыпты…
– Ойыншық трансформатор екен, – деп Сырым әңгiмесiн жалғай түседi. – Мұны айтып отырғаным – электр тогымен алғаш рет iстес болуым сол балалық шақтың ермегімен басталды. Ал ендi трансформатор орамының қызметiне келейiк… Жалпыға мәлiм түсiнiк бойынша, электр тогы бiр жерден екiншi жерге тек қана сым бойымен, яғни өткiзгiш арқылы жеткiзiледi. Трансформатор құрылысы болса, бұған мүлдем қайшы: изолентамен қапталған бiр орамнан ток екiншi орамға ешқандай сымсыз өтедi. Рас, екi орамның арасы қашық емес, көп болса – иненiң көзiндей ғана. Осы аралықты қалайша алыстатуға болады? Айталық, бiрнеше метрге, әлде бiрнеше шақырымға. Бұл жұмбақты бiлу, түсiнiп отырған боларсыз, электр энергиясын сымсыз тасымалдау деген сөз. Менiң ұғуымша, сiздiң Шыңғыс, иә Шынтас Досжанов осы гәптi ұтымды шешкен…
– Менiң емес, бiздiң деңiз.
– Келістім! – дедi Сырым Болатұлы, – аңыз десек те мен өзiм сол адамның аса күрделi техникалық жұмбақтың кiлтипанын тапқанына кәмiл сенемiн.
– Сенсеңiз, – деймiн сөзiн бөлiп, – Шыңғыс бұл iстi қалай шештi? Дәлiрек айтқанда, қандай жолмен шешуi мүмкiн?
– Қалай шешуi мүмкiн?.. Иә… Мен бұл туралы көп ойландым. Шынымды айтсам, осы мәселеде бiрталай қайшылықтар бар, бәлкiм, сыры мәлiмсiз құпия болғандықтан оның бүге-шiгесiн жете бiлмейміз, әлде сiздiң баяндауыңыздың шалағай жерлерi бар. Мен соның дұрыс-бұрысын әзiрше талдамай, көкейiмдегi түйiндi айтайын. Электр энергиясын сымсыз қалай тасымалдауға болады? Бұл туралы бүгiнгi ғылым мен техника не дейдi? Мұны жүзеге асырудың қандай жолдары бар?
– Жер жүзiне тiршiлiк нұрын сеуiп, қалың орман, асқар тауларға, шалқар көл, айдын теңiзге, жайқалған жасыл өсiмдiктерге, көк еркесi – құстарға, су серкесi – балыққа, жер қожасы – адамға, күллi жан-жануарға өмiр берiп, сән-сәулет, мол дәулетке кенелтiп тұрған дүниеде бiр күш бар. Ол күш – Күн. Ол нұр – Күн сәулесi. Сәуленiң шалқар да өлшеусiз мол толқыны да сонда. Бұл – дүниедегi бiрiншi толқын. Табиғаттың адам қызметiне жеккен, төлеусiз сый еткен толқыны.
Күн Жердi ақ сәулеге орайды, Жердiң түссiз, түпсiз кеңiстiгi ауаны қоса қамтиды. Жердегi тiршiлiкпен бiрге ауада одан да зор, одан да жылдам мәңгі қозғалыс жүредi. Оны адамдар жел дейдi. Желдiң өзi әрқилы. Мысалы, оның баяу, қаттысы бар. Құйын, боран, дауыл дегендей… Осының бәрiнiң ғылым тiлiндегi атауы бiреу-ақ. Ауа қозғалысы. Бұл да толқын. Ауа толқыны. Дүниедегi екiншi толқын.
Күн сәулесi Жердi жарықтандырады, ауаны суша сапырылыстырып, бейберекет қозғайды. Ауа одан қызады, тым күшейсе, жаздың келгені. Ұста дүкенiнде қызған темiрдiң табы қол созымнан бет шарпиды. От жағылса, қызған пештiң көрiнбейтiн қызуы үйдi жылытады. Металл қорытатын пештердiң бет қаратпас күштi жалыны көк темiрдi судай ағызады. Осының бәрi де жылу әсерi. Дүниедегi үшiншi толқын – жылу атты кереметтiң әрекетi. Жаңбыр жауғанда ойпаң жерге су iркiлмей ме? Өзен тасығанда жағада ойдым-ойдым кiшкене көлшiктер түзiледі. Жар үстінде тұрып тас лақтырсаң, су бетiне жан бiтiп, есепсiз дөңгелек сызықтар бiрiн-бiрi қуалай бастайды. «Май жалатып» тас артынан тас атып, су бетiн сансыз белбеу, сансыз сызықтармен шимайлайтын балаң шақтың ермегi есiңiзде ме? Немесе күштi дауыл тұрғанда теңiз үстiнде көтерiлетiн үйдей-үйдей атжал толқындарды көз алдыңа келтіріңіз. Осының бәрiнiң атауы – су толқыны. Дүниедегi төртiншi толқын, табиғаттың бiр-бiрiне байланысты күштерi тудырған, заңды қозғалыстардан жаралған толқынның бiрi – осы.
Күнi-түнi репродуктордан алуан-алуан күй төгiлiп, ән шырқалып, неше алуан әуендер тамылжып тұрады. Жер шарының түкпiр-түкпiрiнен самбырлаған, тоқсан тоғыз елдiң тiлiмен дабырлаған адам үнi де тынбайды. Бұл болса радиотолқындардың қызметi. Адам баласының өз қолымен жасап, шартарапқа таратқан өнерiнен туған жасанды толқын. Басқа толқындарға қарағанда ешқандай кiнараты жоқ, қашық-жақынды елемейтiн, дауыл-боранды, суық-жылыны, кiреуке тұманды бөгет деп бiлмейтiн еңбеккер – бесiншi толқын осы. Бұл жас толқын. Бiрақ оның болашағы үлкен. Он тоғызыншы ғасырдың аяқ шенiнде өмiрге келген электромагнит өрiсi бүгiнде дүние назарын өзiне тәуелді етіп алды: жылдам хабар беретiн де, қажет десеңiз, дидарыңызды көрсетiп алыспен жүздестiретiн де – осы толқындардың қарекетi…
Ғылым өрiстеп, бiлiм деңгейi өскен сайын адамның табиғаттан алатын сыбағасы көбейе бермек. Кеше ғана ол меңгерген толқын саны бесеу едi. Бүгiн сол алтауға жетiп отыр. Алтыншы толқын – гравитация. Аспанға лақтырылған тас шырқай көтерiлiп барып жерге түседi. Немесе адам баласының жерде нық басып жүруiн, аңның жүгiруi мен құстың ұшуын алайық. Болмаса өмiр кiндiгi – Күндi айналған тоғыз планетаның, иә кәдiмгi Жердiң ешқандай тiреу, сүйеусiз әлемнiң түпсiз бiр кеңiстiгiне құлап кетпей Күн өрiсiнде шыр айналуын қалай түсінеміз? Осыларды ұстап тұрған қандай күш? Ол – гравитация, тартылыс әсерi. Бүгiнгi iлiм сол тартылыс – гравитациялық толқынның әсерiмен жүзеге асады деп түсiндiредi.
– Мiне, бұл дүниедегi алтыншы толқын, – дейдi де, Сырым Болатұлы ештеңе ұқтың ба дегендей бетiме тесiле қарайды.
– Ал сонда? – деймiн мен де оған үмiттене қарап.
– Ендi ше?… Мен бiлсем, адамзат қауымы жетiншi толқын құпиясын ашып отыр. Анығырақ айтқанда, жетiншi толқынды қолдан жасап отыр. Шыңғыстың, иә Шынтас Досжановтың құпия әрекетiн мен бұдан өзгеге жори алмаймын. Иә, достым, жұмбақ жерлесіміз өнерiне техникалық түсiндiрме сұрасаң – айтарым осы. Ол дүниеге энерготолқын атты жаңа термин әкелiп отыр. Рас-ау, сымсыз электр қуатын қалай тасымалдауға болады? Тек қана ауа арқылы. Яғни толқын қызметiн пайдаланып. Демек, Шыңғыс өнерпаз электр қуатын толқынға айналдырып ауаға таратудың, сонсоң оны қайтадан бiр нүктеге шоғырлап әжетіне жаратудың оңтайлы жолын тапқан, оның орасан күштi кескiш қаруының құпиясы осында.
Бақсам, Сырым досымда айтар сыр көп. Қазір де ол Шын тас иә Шыңғыстың құпия әрекетiн өзінше талдап, техникалық тұрғыдан ежіктеп түсiндiруде. Сірә, өзiнiң де қиял-арманын қосаметкей сөз етіп, энергия әлемiндегi құпиялар туралы сыр шертедi. Аңдауымша, өзi де, қасындағы көмекшiлерi де осы iске жан-тәнiмен берiлген. Қызықты қараңыз, арнайы зерттеу тобын құрыпты.
– Әуелгi зерттеудi техникалық әдебиеттен бастадық, – дейдi Сырым Болатов мен үшiн тағы бiр тың әңгiмеге бет бұрып, – сөйткенiмiз оңды болды. Бiрталай қызғылықты мағлұматтарға жолықтық. Мына бiр сөздерге құлақ салыңызшы: «Ұлы жаңалықтар туар кезең тақау: телеграф хабарлары бiрiн-бiрi бөгемей, жер бетiнiң кез келген нүктесiне жеткiзiлетiн болады; адам даусын қаз қалпында, өзiндiк тембрiмен мұхиттың ту арғы бетiнен айна-қатесiз естисiз; құзар биiктен құлаған судың жойқын қуатын бiз жарық пен жылу, қозғалыс алу үшiн пайдаланып, оны өзiнен мыңдаған шақырым жыраққа – теңiз бен құрлықта, тiптi аспан көгiне де қызметiмiзге жегемiз; осылайша молшылық мезгiлi, қиял атаулының түгел жүзеге асатын сәт сағаты туады…» Бұл сөздердiң иесi кiм? Қашан жазылған? Бас қатырмаңыз, достым. Таба алмайсыз. Автордың өзi де, кiтабы да баяғыда ұмыт болған. Бiздей кәсiби мамандар болмаса, көпшiлiк жұрт естiмеген есiм, оқымаған сөз. Ең ғажабы, осы сөздер радио өмiрге келмей тұрғанда, электр тогы ғалымдардың шеберханаларынан он қадам ұзап шықпаған уақытта жазылған. Ғажап көрегендiк!? Бәлкiм, әлдебiр қиялшыл жазушының шығармасынан алынған үзiндi дерсiз? Жоқ. Мұны Николе Тесла атты өнерпаз ХІХ ғасырдың аяқ кезiнде жазған. Ол өтемөте дарынды адам болған. Атақты Эдисонның қарамағында, одан соң асқан бiлiмпаз Георг Вестингауздың шеберханасын да жұмыс iстеп, кәсіби өнерiн шыңдап, арнайы бiлiм алған. Жоғарыдағы таңғаларлық тамаша лебiзбен ол электричество жайлы жазған кiтабын аяқтаған. «Энергияны қашыққа сымсыз беру – әлемдi бiрыңғай бiтiмге келтiру» деген атпен ол арнаулы манифест те басып шығарған. Тесла өнерпаз тек қана құрғақ қиялмен шұғылданбаған, бiлегiн сыбанып, өз әлiнше зерттеу де жүргiзген. Мәселен, оның кiтабын оқыған миллионер Пирпойнт Морган электр қуатын сымсыз жеткiзуге тәжiрибе жасау үшiн оған қомақты қаражат берген. Николе Тесла соған мақтаулы Американың Род-Айленд қаласында зәулiм биiк мұнара тұрғыза бастапты. Сөйтiп, энергияны толқынмен таратуға әрекет жасаған. Нәтижесi бiрақ мардымды болмаған… Жә, мен сiзге бұдан ондаған жылдар бұрын әр елде жүргiзiлген тәжiрибе нәтижелерiн тiзiп, өнертапқыштар ойлап шығарған әбзелдердi санамай-ақ, қол жеткен нақтылы iстi айтайын…
1943 жылдың шiлде айының тымық кешiнде Мәскеудегі ғылыми-зерттеу институтының ауласында бiр автомобиль баяу жылжып келе жатты. Оның үстiнде мыс пластинкадан оралған үлкен катушка бар едi, ал бензин құйылатын бак мүлдем бос болатын. Бұл не керемет? Жанармайсыз жұмыс iстеген қандай двигатель? Автомобильге электромотор орнатылған-ды. Түсiнiктi. Ал электр қуатын двигатель қайдан алған? Троллейбус, трамвайлар төбесiндегi аспалы сымдар тiптi де көрiнбейдi. Бұл керемет инженер Георгий Бабаттың өнерiмен тұңғыш рет өмiрге келген, энергияны сымсыз қабылдау арқылы қозғалысқа түскен жаңа автомобиль едi. Қандайда бiр өткiзгiш арқылы жиiлiгi жоғары ток жiберiлсе, кеңiстiкке электромагниттi толқындар тарайтыны ежелден мәлiм. Бар қиындық – толқынды қайтадан қабылдауда. Инженер Бабат осы қиындықты тапқырлықпен жеңген. Рас, оның қолы жеткен қашықтығы сол кезде аса мардымды емес – небәрi жарты метр. Бiрақ өндiрiс қажетiн өтеу үшiн осының өзi-ақ жеткiлiктi болатын. 1958 жылдан берi Украинадағы «Кантарная» шахтасында сымсыз транспорт жұмыс iстеп келедi; шахтаның еденiнен жыра қазылып, кабель тартылады; оның бетiне бетон тақта жабылған, яғни ток жүретiн сыммен жанасатын тура мүмкiндiк жоқ. Кабельге жиiлiгi жоғары ток жiберiлдi-ақ, электровоздар ерсiлi-қарсылы жүре бастайды. Әдеттегiдей ұшқын ату, жарқыл мүлдем жоқ. Мiне, бұл – электр қуатын аз қашыққа болса да сымсыз пайдаланудың мысалы. Игi iстiң ешқашанда тоқтамайтынын, үнемi алға қарай өрiстей беретiнiн, сiрә, бұл жерде қайталаудың қажетi болмас?! Иә, қажетi жоқ. Болашаққа сенейiк. Бiз болып, сiз болып, бүкiл адамзат болып, бұл мәселенi де күндердiң күнiнде шешуiмiз хақ.
– Сонымен қандай тоқтамға келдiк? Шыңғыс-Шынтас құпиясының сыры не? – деймiн әңгiменiң тоқетерiн тағы бiр пысықтап алғым келiп.
– Не болсын? Токты толқынмен тасымалдады дегенге тоқтаған жөн. Ал қалай тасымалдады? Соншама таңғажайып керемет iстер жасауға Шынтас замандасымыз қалайша жеттi? Мұны мен айта алмаймын. Оны айту үшiн көп iздену керек, достым.
Уақыт. Соның сәт сағатын күткен жалғыз мен бе?! Амал қанша? Күтесiң, Қайсар. Жетерсiң, жетпессiң. Әзiрге сенiң сыбағаңа тигенi – күту және iздеу…
Медеу Сәрсеке