Одағайлар көбінесе сөйлем басында келеді де, үтірмен бөлінеді. Е, Ойке апаны білмеуші ме ең? Өй, Жиренше, жаңағы осы Қодар кім? (М.Әуезов). Тәй, қылжақты қоя тұр (С.Мұқанов). Апырау, сіздің ауыл Майқұдыққа қонбаушы еді ғой (Ғ.Мүсірепов). Уа, ата, мына таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды. Әй, сен не айтып келесің! Егер одағайлар сөйлем ортасында келсе, екі жағынан үтір қойылады, соңында тұрса, үтір одан бұрын қойылады: Жүрегім, ойбай соқпа енді… Бүгінгі дос – ертең жау, Мен не қылдым, япырмау?! (Абай)
О деген одағайдан кейін үтір қойылады: О, жауыз Қодар! О , шіркін, шіркін! (Ғ.Мүсірепов). О деген одағайды ықшамдалған о (ол) есімдігімен шатастырмау керек: әңгіменің о жақ, бұл жағы; о не дегенің; о заман да, бұ заман.
Одағай сөйлемнің басында келіп, көтеріңкі дауыспен айтылса, одан кейін леп белгісі қойылып, келесі сөз бас әріптен басталады: Пәләй! Мақұл-ақ! Ал ендеше мен нені айттым!? (М.Әуезов). Еһе! Сен өзің біздің қақпанға бұрын да түскен кәрі қасқыр екенсің ғой (А.С.Пушкин).
Одағай тәріздес бәсе, жә, қош, қой, құп (болады), жай, бәлем, жарайды (осы мағынадағы жақсы), мақұл, болды, дұрыс, бәрекелді сияқты сөздер сөйлем ішінде жұмсалған орны мен мағынасына қарай оқшауланып келсе, өзге сөздерден үтірмен бөлінеді. Мысалдар: Қой, не де болса қалмайық енді. Жә, тоқтат, ақсақал! Бәсе, Телқара ғой… Бәлем, Бөжей де осыны сезген болар. Бәрекелді, мына қызықты қара. – Мырза, мына аттылар не? – Жай, мына жылқыға отарға шығар алдында таңба бастырайын деп ем. Соған жиылған ел, – деді Құнанбай (М.Әуезов). Жарайды, айтам деп әкелгенің екен. Жақсы, сынап берейін (“Аяз би” ертегісінен). – Болады, оқиын, – деп мен уәде бердім.
Иә (я), жоқ, мә, мәңіз сөздері де сөйлем ішінде үтірмен ажыратылады: Ақтағаны ма? Жоқ, жай шошығаны ма? Иә, етің ыстық, ауырған жерің бар ма? (М.Әуезов). Павлуша, сен ауырып жүрген шығарсың ? – Жоқ, денім сау. – Сен жатып ұйықтасаң етті. – Иә, қазір жатам (М.Горький). – Мә, мынаны қарай тұр (С.Шәймерденов). Иә, жоқ дегендер сөйлем басында келіп, ерекше екпінмен айтылса, олардан кейін леп белгісі қойылады да, келесі сөз бас әріптен басталып жазылады: Жоқ, жоқ! Жалғыз емес, мен болармын қасында (Ғ.Мүсірепов). Кісілер тарап кеткеннен кейін, ол Павелға қарап: – Павлуша, сен социалиспісің? – деп сұрады. Павел анасының қарсы алдында тура қарап тұрып: – Иә! Қайтеді? – деді (М.Горький). Иә, жоқ дегендер оқта-текте сөйлем ортасында да келеді, ондайда бұлар екі жағынан үтірге алынады: Осы, ілім дегенің кітаптың бетінде ғана ма, жоқ, мына жер бетінде де бірдеңе қалды ма? – деді Шығанақ (Ғ.Мұстафин). Мен осыны, иә, осыны айтып отырмын. Иә деген сөз я, ие түрінде де, жоқ деген сөз жо түрінде де айылады және солай жазылады: Жо, бізге барады (М.Әуезов). Е с к е р т у. Сөйлем басында, кейде ортасында оқшауланып келетін жоқ деген сөз бен осы сөздің сөйлем мүшесі болып келетін түрін шатастырмау керек. Әдетте жоқ деген сөз сөйлем мүшесі болып келгенде, сөйлемнің соңында тұрады: Бұл үйде балалар жоқ. Сөйлем мүшесі ретіндегі жоқ сөзі өлеңдерде және инверсиялы сөйлемдерде сөйлем басында да келуі мүмкін, бірақ ол үтірмен не леп белгісімен бөлінбейді.
Одағайлар көбінесе қаратпа сөзбен қатар қолданылады. Мұндайда одағай мен қаратпаның өз араларына да үтір қойылады: Ей, аққу, сәлем деші жолыққанда (С.Сейфуллин). Пай-пай, бала-ай, сабырың-ақ соңымнан қалмады-ау (Ғ.Мұстафин). Сыналар, ей, жігіттер, келді кезің (Абай).
Бірнеше одағай қатар келгенде әрқайсысы үтірмен бөлінеді: Уа, шіркін, ән деп осыны айт! А, астапыралда, солай ма еді? – деп Балбалаға қарай қалды. Япырау, әттегенай, атын сұрамаппын ғой! (М.Әуезов).
Ә деген одағай мен ә дегенше, ә дегенмен тіркестерін, әй, әу деген одағайлар мен әй (ай) дер ажа, әудем жер деген сияқты тіркестерді (олардағы ә, әй, әу деген форматтарды) шатастырмау керек: тіркес құрамындағы ә, әй, әу дегендер өзінен кейінгі сөзден үтірмен бөлінбейді: Ә дегенше жетіп келді. Оның даусы әудем жерге естіліп тұрды. Мен оны ә дегеннен тани кеттім.
Рабиға Сыздықова