§ 12. Ф, х әріптері, көбінесе, орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген сөздер мен жалқы есімдерде, оның ішінде кісі аттарында жазылады: фабрика, фонетика, шкаф, шеф, химия, хлор, техника, цех, Фәтима, Фазыл, Фәрида, Хамит, Халел, Райхан, Мұхтар, Ахмет. X әрпі араб-парсы тілдерінен енген бірқатар сөздерде де жазылады: халық, хат, хал, хан, ханзада, хас (“тән” деген мағынада), хош (иісті), мұхит, сахна, тарих, рухани, -хана (асхана).
§ 13. В, ч, ц әріптері орыс тілінен енген және орыс тілі арқылы енген сөздерде ғана жазылады: вагон, велосипед, вокзал, аквариум, цирк, чек, очерк, диспетчер. -ов, -ев, -ова, -ева жұрнақтарымен жасалған қазақ фамилияларында в әрпі жазылады: Асанов, Асанова, Бәйішев, Бәйішева.
§ 14. Щ әрпі орыс тілінен енген жалпы және жалқы есімдерде, қазақ тілінің ащы, тұщы, кеще деген түбір сөздерінде ғана жазылады: училище, Щорс, Щедрин.
Е с к е р т у л е р . 1. Түбір сөз ш дыбысына аяқталып, оған ш дыбысынан басталған
қосымша жалғанғанда, қос шш әрпі жазылады (щ әрпі жазылмайды): аш +шы – ашшы (Есікті ашшы), іш+ші – ішші (Шай ішші). Түбір сөз с, з дыбыстарына аяқталып, оған ш дыбысынан басталған қосымша жалғанғанда, қос шш дыбысы естілгенімен (айтылғанымен), сөз бөлшектерінің түбірі сақталып
жазылады: сөз + шең – сөзшең (айтылуы – сөщең), бас + шы – басшы (айтылуы – бащы), қос +
шы – қосшы (Үлесіңді маған қосшы).
§ 15. Б, в, г, д дыбыстарына, негізінен, орыс тілінен енген және орыс
тілі арқылы енген сөздер аяқталады: клуб, штаб, автив, штатив, педагог,
монолог, округ, отряд, парад. Араб, жад деген бірен-саран кірме сөздер де б,
д дыбыстарына аяқталады.
§ 16. ь, ъ белгілері орыс тілінен енген және орыс тілі арқылы енген
сөздерде ғана жазылады: асфальт, вольт, руль, премьер, батальон, съезд,
разъезд, объект, субъект.
§ 17. һ әрпі естілген жерінде жазыла береді: каһар, каһарлы, қаһарман,
гауһар, жиһан, баһра, Жауһар, Маһида, Маһинұр, аһ, уһ, еһе, аһа, аһлады,
уһледі. Һ әрпі жазылатын сөздер қазақ тілінде аса көп емес, олар, негізінен,
араб, парсы тілдерінен енген сөздер мен одағайлардың ішінде кездеседі.
§ 18. Ғ әрпі сөздің басында және ортасында ғана жазылады: ғылым,
ғана, ғалам, жаға, шағала, жаңғалақ, жалығу, жалығады, ғалаға, қазға.
§ 19. Й әрпі ы, і әріптерінен басқа (сый, тый деген сөздерді қоспағанда)
дауысты дыбыс әріптерінен кейін ғана қолданылады: ай, ей, мерей, ойпаң, үй,
әйнек, ұйқас. Орыс тілінен енген сөздерде және өзге жұрттың жер-су, елхалық аттарында й әрпі сөз басында да жазылады: йод, йот, йог,
йемендіктер, Йошкар-Ола, Нью-Йорк. Й әрпі қазақ сөздерінде толық и
әрпінен кейін жазылмайды: ине (ийне емес), би (бий емес), киім (кийім емес).
Орыс тілінен енген сөздерде ий әріптер тіркесі жазыла береді: калий,
кальций, санаторий, планетарий, сценарий, Максим Горький, Сергеев-Ценский