Айпара ана

Көш күншығысқа беттеді…

Бір аптаға созылған кақыраған ұлы шайқастан кейін толас тапқан дала ақыл-естен айрылып есеңгіреп жатыр. Даланың ендігі сыңайы тырапай асқан – алып батырдың талықсып, мызғып кеткені секілді еді. Анталай шапқан қанезу жоңғарлардың алғашқы тегеуріні қатты, әлі де болса бас біріктіре алмай пышырап жүрген казақтарды торғайдай тоздырып жіберу сыңайлы.

Бір аптаға созылған кесепатты майдан – жоңғарлардың мерейін шамырқатты да, өзіне алғашқылардың бірі болып найзатіреске келіп, бетін қайтарып, тосқауылға тұрған Тобықтыны қусыра жөнеген. Калың ел, қайран жұрт етек-жеңін жиып, ел болғанша қоныс аудара тұруды ләзім көрген Тобықты жұртын қаңыратып, бір-ақ күнде көшіп кеткен еді.

Күншығысқа беттеп бара жатқан көш – қаралы, азып-тозған, канды бір шайқастан босқан – жаралы. Аттылы-жаяулысы бар жадаған жұрттың мынау күйіне көз тоқтатып қараудың өзі аса қорқынышты, жүрек дауаламайтын тырақай. Жылап- сықтастан әбден көз-қашты болып, қажыды білем, бұзауы өлген сиырдай мөңіремей, іштей егілген жөпелдемеде. Көш мұрындығы – ақ сәукелелі әйел. Ол да үнсіз. Бірақ ол шексіз де, түпсіз үйірімді ой үстінде еді.

Адыр аспанға қарайсың – қып-қызыл жоса қан. Адырлы далаға қарайсың – қып-қызыл жоса қан.


– Жыла, сор маңдай ел!

– Жыла, азып-тозуға жаралған жамиғат! Көз жастарың ендігі елдігіңе себі тиіп, қас дұшпаныңа қарсы тұрар қауқар – сел боп қаптаса, кешегі өткен дәуреніңді қайтып берер ме қолыңа.

Жыла, жыла, бірақ келмеске, кеткен заманың алдымнан айым болып туар ма, – деп көксеме, сойыңдағы бақастығың – бүгінгі тірлігіңнің ырзығын рәсуалап отырған жоқ па?

– Жыла, жыла, ей жетім! Біз көрген көркем елдің сән- салтанатын, біз шомылған боз биенің сүтін сен түсіңде де көрмессің. Ал, күндердің-күні сен душар болатын қылбұрау мойынға түспей тұрғанда әз өліммен аттанып кетсек, аты жақсы алланың жарылқағаны да.

– Жыла, жыла, ей жесір! Көзіңе ақ түссін, білдің бе. Қан түкіріп, қан сорған заманда заты еркегінен айрылып, қу тізеңді құшақтап, қуарып-солған түріңді-ай. Жау қайдалап шапқан көдедей көп еркектің тебінгісі терге шіріп, түн қатып, түсі қашып келгенде бұраң қағып, шылбырына оралып, сусын алып шығушы ең; Астындағы атыңды өзің ерттеп, қол тидірмес тақымыңды ыңыршақ қажап жүргені мынау. Ат артында жат- жұрттық болып, жоңғардың құзырына кеткені қаншама… Ей, қайран ер, қырық жыл болған қырғында сен қырыласың, жетімің мен жесірің қалады артыңда. Еңіреп жүрген ер Олжай, ортаншы ұлым Айдосым, зар запыранын іштім ғой, қатынға билік бергенше, көрінсеңші көзіме – қайдасың!? Көш күншығысқа беттеп барады. «Жыла, жыла, ей қақпас! Ұлың шейіт болды, сен тірі калдың. Сенің тірі қалғаныңнан не себеп. Тілеуіңді құдай бермепті. Жалғызыңның алдында алмаған жанды сүйрелеп, жанторсықтағы бір жұтым суға жас баламен таласып, тепең қағып келесің. Омырауда қалған сәбидің шөліркеген таңдайын көз жасымен жібітіп, қара жамылған сорлы келінің анау. Ендігі тілеу – жас нәресте. Бірақ, ол өсіп, ел намысын қорғағанша сенің сақалыңнан кәдір қалмайды, мені арулап жерлейтін мәнзіл қалмайды. Терең өзен үнсіз ағушы еді- ау, мынау теперіш көрген жамиғаттың жылап-сықтаған даусы жақсы ырым емес; қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған күнде де орныңнан су шыққандай қоқшақтап, көшіп-қона беруші едің; «Осы қылықтарыңа қабырғам кайысушы еді; қалбақтай ұшқан қаңбақтың не қауқары бар; іргелі ел орнықты болушы еді; көш-кеш сорлы ел, көшкен жұрттың көгергені қайсы, шығар ұшпағы қайсы; ойдағы-қырдағыңды жиып-тергенше жосыла шапқан жоңғардың қолжаулығы болып қаларсың;

Жыла-жыла сорлы көш, бірақ мен көзіме жас алмаймын; жылаған жұрттың мұратқа жеткенін көрдім бе; ат төбеліндей аз халықтың арыз-арманын жасаған ием тыңдап та көрген жоқ.

«Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман» – қысылғанда шыққан ыбыратсыз сөз; бақ-дәулет ұшу үшін әуелі баста қонуы керек; сенің басыңа о дүниеде де қонған жоқ еді-ау. Қонайын деп еді, қондырмадыңдар, қызғандыңдар бір-біріңнен, сон-соң сырғақсып жоламай кетті; енді кайтып оралмақ емес ол».

Көш күншығысқа беттеп барады.

«Жыла, жыла, ей, сайын дала! Сенің түн көрпесін жамылып, көсіле түсіп жатқан марайма дидарыңа телміретінмін. Бірақ, канша үңілсем де, бей-жай жалқау ұсқының зор бір өлім тыныштығына бой ұсынып жатқандықтан ба, ашық ажарың да, анық сырың да танылған емес, Ей, сайын дала, сонда сенің күндізгі қан-жоса қырқыстан әбден мезі болған тұла бойыңның талықсып, мәңгі тыныштықка қолың жетпейтінін біле тұра, жалқы сәттік беймезгіл мызғуды көксеп барып, көсіле құлайтыныңды сезетінмін мен бейбақ. Мен бейбақ, дүниенің машақатынан қашқан қалжыраңқы жұмбақ бейнеңді көре тұрып, қайран далам-ай, өксіп-өксіп жылап жатқаныңды ішім сезетіндей-ау. Сен таң атқанша жылаушы едің, сонда менің де көзіме жас іркілетін. Жо-жоқ, менің көз жасым әлдеқашан суалған. Мен оны бұдан екі жыл бұрын жылап тауысқанмын. Ей, сайын дала, сен түні бойы үн-түнсіз егіліп, сахар алдында ертеңгі күннің қамына кірісетінсің. Мен анау ес-түссіз өлі ұйқыда жатқан жетім-жесір елдің келер түнге нешеуі ілігіп, нешеуі сенің суық, әрі ыстық қойныңа кіретінін топшылайтынмын.

– Жыла, жыла, ей, ару-ана! Саған бәрі кешірімді. Өйткені, осынау алапат сойқан дүниенің, итше ырылдасқан үзірі жоқ татты тірлігіне сен кінәлі емессің. Көзін тырнап аша сап дүние жиятын – өзегі талып өлгенше жиятын пендеден кей ретте ит озық. Олар ырылдасқаны болмаса, қырқыспайды. Қабысқаны болмаса, шабыспайды. Ей, алла, айтақтап итті итке қосатын да алакөз адамдар. Ей, аруана, ботанды дала бөрісі жеген жоқ, жоңғардың төресі жеді. Үш күннен бері боздауды қойып, үш күн бойы ыңыранып келесің. Боздағаныңды құлағыма

ілмеп едім, бүкіл Тобықты боздап келеді ғой, ыңыранған үнің жаныма батты, қанталаған көзінде мені кінәлау бар. Осынау шұбырындының ендігі басалқасы, қатын болсаң да, өзіңсің ғой дегенің шығар. Менен қайран жоқ. Бірақ, сенің қайғың – менің қайғым екені кәперіне кірмейді-ау, хайуан. Жыла, жыла, алды- арты бұл емес; есіңде болар өз буыршының өзіңе шөкті ғой; жақсы ырым ба осы; жаман айғыр жатырына шабатынның кебін кидің; өспес елдің айтары өсек, ермегі төсек болар; ел өспесе мал өскенін көріп пе едік, бізден бұрын сен құрисың әлі.

– Жыла, жыла, ей, дүлдүл! Ер арыса аруақ, ат арыса тулақ, арбаны ат тартқанын көргенім жоқ, арпа тартады.

Жем иіскемегеніңе жеті күн болды, жетімсіреп тұрған тұрқыңды-ай! асылдар мінген арғымақ едің, артыңа жалт- жалт қарайсың, Олжай тірі келе ме? Екі көзі шырадай жанған пырағым, сенің киелі шоқтығыңнан Олжайдан өзге кім ұстап, кімнің тар тақымына түсіп көрдің? Толағай баста ми болмаса, екі аяққа зор түседі деген тегі рас екен. Біз бармаған жер, баспаған тау қалды ма? Оң табаным тарта береді, тірелер тұрақтың нобайы бел астында емес-ау деймін. Бірақ, айтқаным айтқан – мынау еңіреген көпшілік ит мініп, ирек қамшылап кетсе де, ей, дүлдүл, тізгінінді еш аламанға ұстатпаспын.

Көш күншығысқа беттеп барады.

Олжай-ерім айтып отырушы еді: жер өртенсе сумен сөндірер едің, егер су жанса, немен сөндірер едің, егер жер емес ел өртенсе немен сөндірер едің; қазақ өртенді, өртті салған жоңғар, бірақ мұны сөндірер су бар, ол – өртенген халықтың бірлігі; амал не, біз жоңғар шапқынына дейін-ақ іштей өртеніп жүріппіз-ау: – Осы сөзді айтып ауыр күрсінер еді. Жел айдаған қаңбақтай көшіп-қона беруге Олжай-ерім тумысынан қарсы.

«Мынау бедірейген бетпақ далада атамыздың құны қалған жоқ. Құйқалы жерді таңдап алып қоныс тепкен дұрыс. Кезқұйрықтай кезіп жүріп, отансыз, ошақсыз қаламыз әлі. Бүгін жоңғар шапса, ертең шүршіт шығады қылышын сайлап. Көрінген төбенің басына бір отырып, терең суды лайлағанша, терліктей жерге тер сіңдіріп шаһар салған баянды. Итім қаппайды, атым теппейді,– дегеннің аузы қисайсын. Жоңғарлар бізге келген зауалдың алды болмаса, арты да емес.

Олжай-ерім айтып отырушы еді: «тілге шебер, іске олақ елміз ғой. Түбі бізге сүйексіз қызыл тілден гөрі, ырзықты іс керек-ау. Қымыз ішіп қыз аңдығаннан миды шаршатар ой қуған жөн еді. Күні ертең заман өзгеріп, дүниенің тұтқасы қағаз-қаламға жүгініп жатса, көр соқыр күйде тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпес пе; осымен тынса ғой, бүгінгі айрандай ірігелі тұрған елдігің бөрінің қиы, бөкеннің сирағы болып тозбас па. Қыран баласы кияға қарап өсер болар. Ал қырағы балапанның алдында қарап өсетін қиясы жоқ екен, қияңқы боз дүние жатыр екен, сонда не етпек? Әркімнің түймедей қайғысы өзі үшін түйедей ғой. Тана беріп алған да қатын, тай беріп алған да қатын… Мені мазалайтын осы – қыранның балапаны асқаралы қиян таба алмай, шарқ ұрар, шарқ ұрар… Сонсоң барып сасық сайды мекендейді. Жол көрмей жөнсіз қалады, теңін таба алмай тексіз қалады. лайым соның бетін ары қылсын», Олжай-ерім ішінен мінәжатын оқып, бетін сипайтын. Олжай-ерім маған жалт қарап: ешкіден қозы тумақ емес! – деп шаңқ етіп, орнынан атып тұрып кетер еді.

– Олжай-ерім айтушы еді: «Тұқымсыз әке – қу сүйекпен тең.

Құдайға шүкір, ұрпақсыз емеспін: Айдос, Айдос, Жандосым – үш арысым бар. Менің жоғымды солар жоқтайды әлі. Ендігі тілек, осылар ырылдаспай, алакөз болмай тату ғұмыр кешсе екен. Байқадың ба Айпара, ана жолы Айдостың келіншегі Бөкенші мен Борсаққа екі емшегін қатар беріп еді, өмірге келген қос сәби қызғанысып, бірінің бетін бірі тырнады емес пе? Тіксініп-ақ қалып едім. Олжай-ерімнің «бұдан басқа сөз- дері есімде қалмапты. Ол асылы көп сөйлеп, көпірмейтін. Аз сөйлеп, саз айтатын. Кейде балаша қуанып, мәз болып отырар еді. Ол кейде құбылаға бетін беріп, әлденені ұзақ айтып күбірлейтін. Жауына ақырғы рет аттанарда құбыланы бетке алып, намаз оқып, намаз бітсе де тұрмай шөке түсіп көп отырған. Сонда менің көзіме Олжай-ерімнің еңсесі аласарып, бұрынғыдан әлдеқайда шау тартып, кішірейіп кеткені елестеген; сонда мен Олжай-ерімнің сексеуілдің шоғындай жайнап тұратын көзінен жас көріп едім; мүмкін, бұл Олжай- ерімнің ең алғашқы, ең ақырғы жылағаны шығар».

Күншығысқа беттеп бара жатқан көштің алды қоғалы көлге барып тұмсық тірегенде күн екіндіге таяған. Улап-шулаған азалы көштің дабыр-дұбырынан сескенген үйрек-қаз бытырай көтеріліп, қиқулай ұшып бара жатты. Қамыстың арасынан оқта-текте сумаң етіп, шыжбалақтап жүрген сұқсыр ғана. Ұзындығы атшаптырым көлдің ені тар; қоғасы тым сүйекті емес, құрық бойынан аспайды. Ұстараның жүзіндей сарғыш тартқан жапырағы үп етіп жел тұрса болды судыр-судыр үн шығарады. Бұл өңірге қоңыр күздің ақыры таянып қалғанын осы қуарған қауқарсыз қоғаға қарап білуге болушы еді. Қуарған қоға адамзаттың жасы ұлғайып қартайғанын еске түсірер еді. Жазғытұрым қар-нөсер суымен тоғайған көл қазір жағалаудан қашаң тартып, құз ырқына көнген жуас күйде. Жайпақтанып басталатын жағалауда лайсаң өмірдің хабаршысындай толқын айдап, іркіліп қалған салындылар, қоқыр-соқырлар жатыр. Осынау табиғаттың ерен күшінен туған бейқарар көңілсіз көріністерді – мынау ұлардай шулап, босып бара жатқан елдің ендігі тірлігіне ұқсатуға болушы еді. Иесіз қаңырап тағылықка айналған өңірді ойып орналасқан көл екеш – көл ел-жұртты сағынып қалған ба, қаңғылестеп кеп қонған қаралы көштің – жаралы көштің мұң-зарын салқын күйде беті жыбырлай тыңдап жатты.

– Осы жерге түйені шөгеріп, белін босатыңдар. Еру боламыз, – деген әмірлі дауысы естілісі мұң екен, тұйыққа тірелгендей боп ошарылып тұрған көш жапа-тармағай қоныс қамына кірісті. Есік пен төрдей боз биенің үстінде қамшысымен мықынын таянып отырған әйел басындағы аппақ қарқарасын қайта бір түзеп киді де, жер шола ілгері тартты. Бұл – Олжайдың бәйбішесі Айпара-ана еді.

Кешқұрымға ойысқан әлеттің қазіргі сипаты өзгеше жадыраңқы далиған кең даланың марқажонданған белқы- раттары бұлаңытып әлдеқайда… Алысқа шақырады. Сахара сарынсыз: момақан, былайғы өмірдің алыс-жұлысынан тысқары салқам сері күйде екен. Батып бара жатқан күннің алтын алауына шомылған сарғыш тартқан бетеге мен жусан, бұта мен қараған, жаздай құлпырып келіп, күзде ұзатылар арудың ең ақырғы жасануындай, ең ақырғы қыз күлкісіндей еді. Аса қызарып батқан күн көксеңгір аспанның қақ жарымын жалқын шұғылаға орап, қарасапай – жай оғынан қалып қойған ұшқының бірте-бірте сама әлемін өртеп бара жатқаны сықыл- ды. Мизамның бүгінгі кеші бөлекше сұлу. Айпара-ана бейтаныс өлкенің жүрегін дір еткізер көркем көрінісін құштарлана қызықтаған жоқ; әйтсе де әлдеқашан көмескіленіп, көңілден шеттеп кеткен қызығы мол дәуреннің, қызығы мол күндердің үзік-үзік елестері, әлдеқашан жоғалтып алған жастық кешеуінің ұлы жіңгір той жасап, Олжайға ұзатылар сәтінің шаттығы бұлаң етіп, көз алдынан бұлбұлша ұша бергенін сезінген. Осы бір таңғажайып бейуақыттың сиқырлы күші жетелеп елден ұзаңқырап кеткен екен, боз биенің басын әнтек бұрып кері тартты. Піскен шөп биенің тұяғына тиген сайын сырт-сырт үзіліп, сырғаша сылдырлап қалып жатыр, қалып жатыр…

Айпара-апа қайтып оралса, Олжайдың тоқалы Дариғаның алты қанат ақ отауын тігіп үлгерген екен. Қапсағай жігіттер білекті сыбанып тастап, сойыс қамына кіріскен. Қара жаулықты бірер әйелді ортаға алып бір топ қырмызы қыз қоға арасына сіңіп барады… Әлгінде ғана ит-құстың мекені болып жатқан көл адамзаттың мәңгілік ерекшелігін, құдыретті күшін айғақтап, ию-қию тірлікке көшкен. Әлгінде ғана үрке ұшысып кеткен үйрек-қаз қоғалы көлдің арғы жағалауына шолп-шолп қонысып жатыр. Бірақ құс атып, алаң болатын жұрт бар ма? Бәр-бәрі бүгінгі түннің жылау-сықтаусыз тынышты өтуін іштей тілеп, ас-судың қаракетінде жүр.

Айпара-ана бағанағы ат үстінде мазалаған ойдың ұшығын өлі де жоғалтпаса керек. Бір тостаған салқын саумал ішкені болмаса, әркімге бір сөйлеп мазалаған жоқ, үнсіз отыр. Бәкін- шүкін шаруамен жүрген келіндері аяғының ұшымен кіріп, ұшымен шығады. Жер ортасына келіп қалған аппақ сазандай әйелдің қарашығы мол тұнық қара көзі бұрынырақта жалт-жұлт етіп тұрушы еді, қазір оның орнын ардақ аналықтың белгілері басқан: салиқалы, көпті көрген адамның көшелі сабырлығы аңғарылады. Ет-жеңді толық денесіне артық- кемсіз баяу әрі еркін қимылы аса жарасып, төбедей боп төр алдында отырғанда есіктен именбей кіруің екіталай. Еріне сөйлейтін орнықты сөзінен шашау шыққан бекерлікті таба алмайсыз. Тобықтының игі жақсысы Айпара-ананың бетіне тура қарағанды қойып, бұл отырған үйге рұқсатсыз басын сұққан емес. Айпара-ана оларға зәбірі өткендіктен бе, жо-жоқ… Мысы басып кетуші еді. Айбынды ананың алдынан көлденең өтпейтін келіндері, қорқу-үркусіз-ақ шыншыл ниетпен жақсы көретін. Асқан адамгершілікке толы сұлу дидары жарқ еткенде жақсы көрмеуге шамаң да жоқ.

Айпара-ананың бүгінгі сынық жүзі көшкен елдің кәрі- жасына оңай тимеді. Алдан бір төтенше қауіп күткендей болатын. Неліктен жауар бұлттай түнеріп отырғанын біле алмай, Олжай мен Айдостың кешігуі себебіне жорысқан.

Айпара-ана әлгінде ғана көз алдынан сылаң етіп көрініс берген баян даланың бүгінгі өзгеше дидарынан тіксініп қалса керек. Дала оған біртүрлі қорқынышты болып елестеген. Ақселеу мен бозкөдеге оранып жатқан сахараның іңір алдын- дағы қан қызыл пошымы, ақырындап соққан қоңыр желмен жағаласып, жүрегіңді шымшылап, күні ертең салып ұрып келетін шерлі күйді қоздырғандай еді. Иесіз жүдеп-жадаған өңірдің үзіліп-үзіліп жетіп тұрған салқын лебі бой тоңазытып, әлдеқандай бір суық сырдан хабар жеткізіп, қызара бөртіп батып кеткен күнмен мынау елдің де бар арман-мақсаты жоғалып бара жатқан секілді; сазарып жатқан сахара қатал да суық. Сонда Айпара-ана осынау жадау көрініске қарап тұрып:

«Олжай-ерім қайда жүр екен?» деп терең күрсініп еді.

Таспиығын санап үнсіз отырған Айпара-ана елең етіп қалды да:

– Әй, біліңдерші, үй сыртындағы не дүбір? – деді елегізіп.

Есіктен атыла шыққан Жандос ізінше қайта оралып:

– Көтібақ пен Топай ғой, кайтып оралған,– деді.

– Тентектер-ай, шауып келіп үйге ат басын тіреу – жаман ырым деп, неше рет айтылды ғой,– деді кейи.

Сосын Айдостың келіншегіне қарап майда үнмен: – Құмалақты әперші, – деді. Айпара-ана құмалақ ашарда үйде жан қалмай-тұғын.

Ол ұзақ-ұзақ күбірлеп мінәжат оқып, бар ділімен бетін сипады да алдында иіріліп жатқан жып-жылтыр құмалақты үшке тең бөліп тарта бастады. «Бисміллә рахман рахим, пайғамбар бал ашып, шопан ата салған, құмалақсың ғой. Айдосым Жоңғарлардан есен-сау оралатын болса ашпас әліп болып түс». Құмалақгы бірінен кейін бірін тартқан сайын ананың ақ дидары сұрланып, ұрт еті суала түсті.

Үшке бөлген құмалақтың басқы қатардағы шеттері екіден, ортасы бірден, ортаңғы қатардың сол жақ шеткісі үш, ортасы төрт ал оң жақ шеті бір тастан айналды да ең соңғы қатардың екі жақ шеткісі бір-бірден, ортаңғы тас төрттен тартылды. Айпара-ананы шошытқан да құмалақтың осылайша ойсырай иірілуі еді. «Балам екі босағада да жоқ, – деді шалқалай күрсініп,– Құйысқаны бос. Екі бүйірі суалған. Алды ашық. Қаранөпір емес жым-жырт болып жоғалған-ау. Жүрегі күпті. Құдай-ау, бұл не деген ызым-қайым дүние. Сұмдық-ай, көптен бері мұндай құмалақ түсіп көрген жоқ еді. Кеше Олжай- еріме тартқанда екі аяғы үзеңгіде, басы жалаң бас, өз үйінің жастығында, алды тұйық, көңілі тоқ, қайғысы жоқ, салаң етіп көшті қуып жетердей болған соң, осы жақсы ырымды баламнан бөле қараған жоқ едім… Қайран Айдос, асыл азамат – ортаншы ұлым, ортаң қолым едің, сен жау қолында қалған екенсің. Сен енді маған жоқ екенсің. Бақыл бол, ұлым, бақыл бол». Айпара-ана алақанын жайып, бетін сипады. Содан кейін дыбыстап келін-балаларын шақырды да: – Өз-өздеріңе берік болыңдар, Айдостан айырылыппыз, – деді. Бір үйлі жан дым сызбай сазарып отыр. Дауыс шығарған ешбірі болған жоқ. Бәр-бәрі де төр алдындағы кемпірге жаутаң-жаутаң қарайды. Тек қай-қайсысының көзінде де іркіліп қос тамшы жас тұрған. Сорғалайын десе анау қабат-қабат төселген көрпенің үстінде малдас құрып, түнеріп отырған ақсұр бәйбішеден жасқанғандай. Ақ кемпір: – Осы азалағандарың да жететін шығар. Шаруаларыңа бара беріңдер, – деп, ишара жасаған соң есіктен жапа-тармағай атыла жөнелді. Сырттан өксіген дауыс естілді. Айпара-ана қолындағы құмалақты қайта шашып жіберді де, Олжай-ерім таң қылаң бере оралар,– деді.

Бұдан он күн бұрын бұл елге жау бүйідей тиіп, ауа көшкенде Айдостың әйелі екі баласы Бөкенші-Борсақпен тұтқынға түсіп қалған. Олжай мен Айдос бір түмен қолды серікке алып, жау қолында қалғандарды құтқарып алмақ болып, ал көштің іркілмей ілгері тарта беруін лайық деп тапқан. Айпара-ана қаралы көшті бастап күншығысты маңдайға ала жосылып келе жатқан беті осы.

Таң құланиектене Айпара-ана далаға шықты. Басына бүркеген қара шапаны бар. Өңі сынық. Түні бойы көз ілмеген секілді. Аспан бүгін де ашық екен. Түні бойы сайран құрған куақы жұлдыздар бозаң тартып қор болып, құрдымға айналған. Қылаяғы Шолпан жұлдыздың құты да қашыпты, кейіпсіз. Таң алдындағы өлі ұйқы меңдеген өңір: анау қоғалы көл, сонау жусап жатқан қотан-қотан қой, шық басып солпиып жатқан бұйраттар – жүдеу кейіпте. Тек үйір-үйір жылқылар ғана пысқырынып, таң салқынымен оттауға кірісіпті: су-су шөпті қақ жарып маңқыстай өріп барады. Осынау суретті жіті болжап өткен Айпара-ана қатты күрсініп барып: – Олжай-ерім айтушы еді: қазақтың малы өсіп, жаны өспейді, – деп. Әулие екен. – Шұбатылған етегін көтеріңкіреп алды. Қоғалы көлді сырттай, қалың қорымды қыратқа беттеп барады.

Айпара-ана:

«Қырымнан таянған қиқу жоқ, арқа-белді босқа сап есі бар ел боп ғұмыр кештік қой. Ол баяғының садағасына кетті. Апырау, сол қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамырстан заманда-ақ осы жұрттың пейілі тарылып, өмірге келген жас сәбиіне дейін жұдырығын түйіп емес, алақанын аша туды ғой. Осы жақсы ырым ба еді. Есік көзінде ойнап отырған жас баланың ермегі топырақ үю, бір-бірімен құшақтасып көрісу еді ғой. Осы жақсы ырым ба еді. Жандос, айналайын балам, күні бүтінге дейін көзі ілінсе болды ішін тартып таң атқанша өксіп жатады. Осы жақсы ырым ба. Жылқы ішін тартса жауын жауар болар, бала ішін тартса қайғының нышаны. Бұл елдің қатты теперіш, қуғын-сүргін көретінін Олжай-еріме бұдан екі жыл бұрын ескерттім. «Жаман сөз ауыз садағасы» деп бетімді қайтарып едің ғой арысым. Жо-жоқ, Айпара қателескен емес, құдай атсын! – әулиемін демеймін, бірақ жүрек шіркін сезеді. Кеше сол көзім тартты, Айдосыма көрінді. Дүниедегі ең сұмдық нәрсе – жаманатты бұрын сезу, басқаның іш пікірін біліп қою. Ендеше мынау жалпақ жұрттан менің шегер азабым әлдеқайда ауыр, әлдеқайда ащы. Мен тартар қайғы-қасіреттің бар ауыртпалығын қара нарға жүк қылып артармысың; қара нар жүкті ғана көтере алар, қайғыны емес; қара нар боздағанымен ойлай алмайды; дүниедегі ең ауыр – қайғы-қасірет пе екен; ойдан, өткенді жылап тұрып еске алып, ертеңді түңіле уайым- даудан ауыр не бар? Қайғысыз қара суға семіргендер – ойсыз- дар да. Қысқа түнде қырық рет оятып, сарбас масадай ызыңдап санамнан кетпейтін, ей, мазасыз ой, сен емеспісің; мені шымшылап тыншымды алатын не? Қара басымның қамы ма, бала-шағаның сауғасы ма? Олжай-ерімнің амандығы шығар… Ей, еңіреген ел, сенің тілеуің еді тілейтінім; ей, қаңбақша көшкен көпшілік сенің тілеуің – жүдейтінім. Жоңғардың қоқайы басқа түскен зауалдан көрі, жұлқысып өткен тірліктен ендігі зәуде бірлігіңе шақырғаны да. Саржамбас боп ауырған адам азап отына өртене-өртене, ертеңгі күнінен төте шипаны дәмете-дәмете, ақыр аяғы өлімнің құрығы таяп, үміті үзілген шақта бұл пәнидің соншалықты қымбаттылығын тұңғыш рет әрі ең соңғы рет сезініп, аз ғана күнгі бар мәзірге шалықтап мәз-мейрам өткен күндері әншейін құр далбақ екенін көкірегіне түйетіні бар; сонда әлгі тіршіліктен күдер үзген бейбақ мынау жалғанның түкке керегі жоқ алдамшы боз дүние екенін тағы да ақтық рет сезер болар. Е, өмірге келген әр сәби қабырғасы қатып, бұғанасы беки сала өзін дәйім биіктен көрсеткісі келіп және өне бойы осынау биіктікті аңсап, соған өрмелеп өтері хақ. Бірақ, ол биіктіктің ұшар басына шығар бар, шықпас бар. Ең абыройы сол биіктік – мансап емес, халық қамы болса. Менің жамиғатымның тұла бойында сол хан көтерер қасиет қай белгісімен нышандалып жүр? Өсер бала неге әуес?

Олжай-ерім айтып отырушы еді: «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтірер. Ай, Айпара-ай, осы намыс құрғырың кеміктеліп мүжіліп барады-ау».

Олжай-ерім сөзін осылайша тұйықтайтын. Сонсоң, керегеде ілулі тұрған он екі өрім қамшысына, кісесіндегі нар кеспегіне шаншыла қарап, ұзақ ойланар еді. Маған сонда ерім қазір қанжарын жұлып алып, өңдіршегін орып жіберердей елестейтін. Бірақ мен Олжай-ерім ондай пасық өлімге әсте де бармайтынын, қыранша қия-құзда қаза табарын білемін. Жер-жаһанда армандамайтын, әлде нені көксемейтін адам бар ма? Олжай-ерім ылғи да елінің есен-саулығын Құдайдан тілер еді. Айпара-ана көл жиектей қыр асқанда таң аппақ болып атып ақ калған еді. Бағанадағыдай емес серейіп жатқан далаға өң кіргендей. Көлден жеңіл бу көтеріліп, ептеп жайылып ауқымын барған сайын далита түсті. Күзгі сарғайыңқы тартқан шөптің басына мөп-мөлдір шық қонақтаған. Қара шапан бүркенген әйелдің сапиян мәсісі су-су болды. Шық суы көлбіреген етегін де малшыпты. Маңдайынан әнтек шығыңқырап тұрған шашы дым тартқан. Кешегі өзі жүріп өткен сілемге түсіп келген жағына беттеп барады. Оның сұңғақ келген денесі сыртынан қарағанда не бір асқаралы тәуекелге, не бір көзжұмды өлімге қасқая тартып бара жатқан ананы – алып адамды елестетер едің. Жүрегін сыздатқан қайғы (қайғының ауыр-жеңілі бар ма) – болжампаз көңіліне түскен дақ түні бойы жегідей жеді, кұзғын сәріден жұлқылап тұрғызды, қолынан жетелеп Олжайды карсы алуға мәжбүрледі. Секемшіл сезім сыбырлап қойған жаманаттан жалтара алмай, неге болсын беркіт болуды сабақ еткендей. Ұл өсіріп, қыз өсірген ананың көрер уәйім-кайғысы, тартар сазайы, касіреттің қара бұлты торлап, күйзелер шағы бұл ғана ма екен? мынау қара жердің өзіндей көмпіс жаны әлі талай ақ табан шұбырындыны көрері хақ.

Айпара-ана көлден қашаңдаған сайын соңын ала судан көтерілген тұман да қуа шыққан.

Дала ақыл-естен айрылып жатыр. Жым-жырт. Бейне бір алып батырдың ұзақ жолдан оралып, ат соғып шалдығып, көз шырымын алғаны секілді. Осы дала-батыр, осы мең- зең есеңгіреген ұйқысынан мәңгі оянбай қоятындай елестеді Айпараның көз алдына. Мынау мәңгірген қазақтың жайсаң даласы – төрткүл дүниенің асырап алған жетім баласы іспетті. Ұзақты күн қой соңында жүріп, жалқы сәт мызғып, көз шырымын алғаны секілді. «мына ұйқы – тек жетім балаға тән ұйқы, – деп ойлады Айпара-ана,– һәммәт боп жаралған жетімек осылай қол-аяғын бауырына алып бүк түсіп, бүрісіп (қаперсіз емес) елеңдеп ұйықтар болар. «Тәйт!» десең, зәре-құты қалмай зытар болар.

Олжай-ерім айтып отырушы еді: «Елдігі жоқ ерлерді етік киісінен-ақ тануға болады. Олар өкшесін әрқашан кисық басады, олардың жұлығынан бастап жұлынына дейін қыңыр келеді».

Айпара-ана арғы беттен құлдыраған жалғыз атты жолаушыны ал дегенде-ақ өз күйеуіне жорыған. Астындағы теңбіл көгі қатты жүріс өтіп кетсе керек, болдырып ілби аяңдайды. Атты иесі де қыстағысы жоқ. Онда да күндіз-түні итің-итің жүрістен жалығу, талығу бар секілді. Күні кеше ғана қалың көпір көш жүріп өткен даланың жон арқасы білеуленіп, қолдың саласы іспетті ұсақ-ұсақ сілемдер сайрап жатқан. Әлгі сыбай атты жолаушы осы ізді қуғындай жетсе керек.

Есік пен төрдей теңбіл көктің бел ортасында еңгезердей боп серейіп отырған жолаушы шынында да Олжай еді. Екі- үш күншілік жерге ұзай ауып кеткен ел-жұртының соңынан із кесіп, қуып жеткені осы. Түн қатып, түсі кашқан бәдені калыптағыдай емес; теңбіл көктің үстіне қасқайып отырушы еді; жақпарланып біткен апай төсі қушық тартып, қадала қарағанда өңменіңнен өтетін ала көз қанталап кеткен. Алып бір темір құрсау оранған аш аруақ секілді. Ауыр азаптың, кан кешкен шайқастың таңдайыңды ойып түсер ашутастай кермек дәмін еңку-еңку жылдар бойы татып, ел намысы, жер күйісі үшін шыбын жанды шырқырата найза ұшына байлап, жалау ете көтеріп, бүгінгі жамиғат, ертеңгі ұрпақ алдындағы бар борышы – міндетінен құтылғысы келген ердің салы алғаш рет суға кетіп келе жатқан. Айпара-ана күйеуі аттан түсіп өзіне қарай аяңдағанда ер еңсенің қатты қажығанын байқады. Бірақ, тәкаппар боздақ әйел алдында сыр білдіргісі келмей, кеудесін шалқақ ұстап қара жерді дүрс-дүрс нығыздай басады. Қанша нығыздағанымен, қанша кердеңдегенімен жол соқты шаршастың табын өзге болмаса да Айпара сезетін.

– Ат-көлік аман жеттіңіз бе, ерім?

– Құдайға шүкір.

Қысқаша тілдесудің – есендесудің соңын ала аз-кем бір- біріне қадала қарап қалды да, осы көріспеген күндер ішінде бастан кешкен уәйім-қайғыларын айтпай-ақ сезіскен. Сонсоң көктеңбілді Айпара жетегіне алды. Жаңа ғана ұйқыдан серпіліп, қыбырлай бастаған ауылға беттеген.

Көл жақтан қоңылтақ жел тұрып еді, әлгінде ғана ыдырап сейіле бастаған тұманды оқыс айдай жөнелді. Қоғалыда шөгіп жатқан қоп-қою тұман қозғалып, түйдектеле-түйдектеле жел ырқына көшті де, ол да жағаға жармасты.

Олжай мен Айпара қалың тұманның арасында қалды. Айпара айтты:

– Екі баланың тым құрыса бесігін тартып әкеткенің оң болған екен, ерім. Әйтпесе ырымға жаман ғой.

– Айдостың өлгенін сезіп қойғаныңды біліп едім, Айпара. Қайтеміз, халық басына қара бұлт болып торлаған зауалдан көрмесек… Мені қинайтыны – жау қолында қалған әйелі мен екі баласы.

– Әйелін қойшы. «Қандай мықты деген әйел күйеуін бір- ақ жұма жоқтайды» деп, өзіңіз айтып отыратұғынсыз. Екі бала – екі тамшы қан. Жау қолында қалғаны сол қанның бұзылғаны да.

– Менің ойым да осы Айпара.

Олжай ауыр күрсінді. Айпара селк етіп, күйеуіне шошына қарады да, тіксіне сөйледі:

– Апырай, ерім-ау, күрсіну мен жылау әйел затының несібі, ерлер үнсіз азап шегеді,– деп, өзіңіз айтсаңыз керек. Сіз қатты өзгеріп кетіпсіз. Іштей таусылмасаңызшы, сізге үйлеспейді ол қылық, бәрі де ұмытылар. Өмір деген мынау тұман секілді емес пе. Алдың ашылып, артың қымталып отырады.

– Әй, Айпара-ай, мен де осыған қиналып келемін-ау. рас айтасың, өмір дегенің тұман, тек шыр айналаңды шырмап – от орнындай жерді ғана болжай аласың. Алдыңда не күтіп тұр, білмейсің, өткеніңде не пайда, есте қалмайды. Бірақ осы қалың тұман сейілгендей болса, мынау жүдеп-жадаған қайран қазақтың болашағы жалаңашталып, бұрынғысы қуарған қу сүйекке толып қалса қайтер ек.

Тұман айыққанда атасы басқа алашқа көрінер сиқымыз қайсы, етегін ашып күлсін.

«Арғымақ аунаған жерде түк қалмай ма?» Бірақ Айпара бұл ойын айта алған жоқ.

Айпара күйеуінің бұл пікірін құптағысы келмеген. Күйеуінің пікірі қанша ағат болса да, қарсы тұрып, теріске шығармайтын. Бекер екенін біле тұра үндемеуі – құптағаны емес, ел қорғайтын ердің сағын сындырып, алтын басын пәтуасы жоқ қытымыр қаңқу сөздермен мәңгірткісі келмейтін. Ер адамның барын асырып, жоғын жасырып отыру; ер адамның алдында сүйреңдей бермей инабатты болу, әмбесінде ізгі жүректі кешірімді кеңсалқар болу әйелдің борышы деп түйетін: Айпара-ана Олжай-ерінің ернінен шыққан әр сөзді пір тұтып, азаматты қадірлеуді келіндеріне сабақ ететін-ді. Жоңғармен арадағы қырғын соғысты көреген ананың әлгі ерлер турасындагы пиғыл-ниетін дұрыстыққа жорыған.

Күншығысқа беттеген қаралы көштің дені жесір қалған қатындар еді. Қай-қай соғыстың да азаматтарға тартар еншісі осы.

Олжайдың келісі тым төтенше болды ма, дүзге шыққан бірер ақ жаулықты әйелдерден өзге жұрт байқамай қалысты. Мына арып-ашыған сықпытымен ел көзіне көрінуге Олжайдың да зауқы шаппады. Қанжығадағы арқалығы сүйектен жасалған бесікті шешіп алып, көк теңбіл аттың ер-тоқымын сыпырды да отқа жіберді. Іші бұраудай боп тұрған ат жата калып ары-бері аунап түсті. Сілкініп-сілкініп алды. Татыларша жер иіскелемей басын қаздита ұстап, қырға желіп кетті.


Қоғалы көлдің жағасына ұзақ аялдамай күні ертең қайта көшетін болған соң аз күнгі қоналқыға бола Олжайдың тоғыз қанат ақ ордасын тікпей, тоқалы Дариғаның алты қанат отауында отыр еді уақытша. Бұл отау Олжайға амандасып, Айдос өліміне көңіл айта келген адамдарға таршылық жасады; қысқа есендесіп, «Айдостың иман байлығын беріп, алдынан жарылқасын» деген сықатты сөздерден соң ізінше шығып кетісетін. Тобықтының игі жақсылары, ендігі қалған атқа мінер ер-азаматтары түске дейін толық келіп біткен. Неше күн бойы сүйретпеде салдыр-салдыр шайқалып, әбден пісіліп, бабында тұрған күздің таңасқан жарау сары қымызы да сарқылуға айналған. Түс әлетіне дейін үш рет еселеніп, ет әкелініп, сүрі араласқан жас еттің тоғын басу үшін шара-шара езілген құрт ішілді. Бұдан сон, бас ауылдың ақсақалдары Айдостың жаназасын осы жерге шығарып, ескі ырым бойынша кісі бойындай ағашқа жерлеудің бар рәсімін жасап, асын беруді ұйғарысқан.

Түстен кейін кісі аяғы саябырсыды да, Айпара-ана мен Олжай оңаша қалысқан. Айпара-ана ұзынды қаракеш көзіне жас алған жоқ. Дариғаны бас қылып, келін-кепшіктерін қаз-қатар отырғызды да, көңіл айтуға келген қатын-қалашты соларға көрістірді. Таң атқаннан бермен із құрғатпай көңіл айтып, кіріп-шықкан екі жүз қаралы кісінің бірде-бірінің аузынан «артының қайырымын берсін» деген тілеулі сөзді естімегеніне қайран қалды Айпара. Өзі осыған пәлендей мән бергісі келмесе де, іштей елегізіп, жарым көңіл отыр еді. Олжай болса қаз- қалпында: жауар бұлттай түнерген, қабағын ашпастан салқын ғана есендеседі, салғырт қана тіл қатады.

Айпараның көкейін кескен Айдостың өлімінен гөрі, дұшпан қолында қалған егіз ұл-тұғын. Өлмектің артынан өлмек жоқ, өзекті жанға бір өлім. Айпараға қан сасып жатқан ұрыс- талас таңсық емес.

– Ерім, Бөкенші мен Борсақты алып келудің айла-шарғысы жоқ па? – деді күйеуінің бетіне тура қарай алмай имене сөйлеп. Олжай кесіп айтты:

– Жоқ.

Айпара-ана: «мен сенің қара қазандай кеудеңнің сол қара қазандай бұрқ-сарқ шам шақыра шамырқанып, қақырап жатқанын түсінемін, Олжай-ерім. Бір түмен жігіт пен Айдосымнан айрылдың сол екі жылбысқаны құтқарамын деп. Менің сауалым тығырықка тірелген сені «ал қапияда жол тауып көрші» деп сынау емес, суға кеткен тал қармайдының кебі еді. Қарайғанда не калды – қамыс калды, өр тұлғаңда не қалды – намыс қалды. Буынсыз жерге пышақ ұрып не етейін, екі немереңді ойлап, бас қатырма, ерім. Ендігі тілек, мынау сең соққандай сенделген елдің басалқасы болып, өзің көксей беретін не Ұлытауға, не Шыңғыстауға есен-сау көсемдеп бару болмақ. Хан Шыңғысқа жеткенде хан болмайтының белгілі, ырыққа көнбей, ықтасын таппай жосыла көшкен жұрт қайғысыз қара суға семірген ел бола ма деген ниет қой. Бір жылда жетерміз, жүз жылда жетерміз, мүмкін сол көксеген жерұйыққа жете алмай жер жастанып та кетерміз. Пенде деген әмісе бір үміттің жетегінде жүріп өлмей ме. Байғұс сіздің шешеңіз, менің енем, әбден кәртейгеңде үйден каңғып шығып кетіп, тарғақ қуып өлмеп пе еді. Құдай-ау, ауыл сыртындағы қалың шөпте секектеп жүрген тарғақты ұстаймын деп жас балаша қуа беріп, қуа беріп адасып кетіп еді-ау. Әлде алжыған енемнің көзіне әлгі тарғақ жалқы сәт елестеген бақыт құсы ма екен.

Бақыт құсы бұл елдің қолына өңі түгіл түсінде қонбайтынын қайдан білсін, бейшара… Бірақ, топырағы торқа болғыр енем менің бетіме – «әй» деп ажырая қарап көрген жоқ. Жалғыз- ақ көз жұмар сәтінде: «Келін шырақ, Олжайымның бетінен алма, азамат қой, көзіне шөп салма» деп, екі тілек аманатын қалдырып еді. Еркегі жұмбақ айтып, әйелі шеше алмай жатса қандай жарасымды, ал енді «қатын айтқан жұмбақты күйеуі шеше алмаса киын-ақ. Олжай-ерім, сіз бен біз жұмбақ айтысып көрдік пе. Екеуміз шеше алмайтын не бар еді. Шатқалаң шақта сені қинайтын намақұл сөз айтпаймын да. Мұным от басының берекесінен туған қаймығыс емес, қалың дөңсеңнің жуан ортасында жүрген ер еңсеңді жасытпаймын дегенім. Сенің жез бауыр қамшың әйелді тезге салу үшін емес, еркектік қасиетіңді танытып, жауынды жасқау үшін жасалса керек. лайым кейінгі қалған келіндер осымды лайық тұтса етті… Жау қолында қос ұлан қалды дегенше, жаныма жазылмайтын жара түсті десеңші. Сарманымды шақырып, қанша қақсағаныммен жоңғарда қалған қарақтарымды қайтарып, үйіріме қоса алам ба; тым болмағанда тірі қалдырып, жаудың итіне талатқанша өлтіріп кету керек еді. Олжай-ерім, бойында шыбын жаны болған соң ерте өлімге қимады білем сәбиді. Мен қиямын, мен құрбандыққа шаламын.

Бүйтіп, Олжай-еріме емініп отырғаннан түсер пайданың реті бар ма… Елге дабыра қылмай-ақ епті есебін табармын… Іргелі жауды күшпен қорқыта алмайсың, қорқытқанымыз сол ма, екі баласын құтқарамын деп жүріп өзін оққа байлап берді емес пе Айдос. Іргелі жауға көрер көзге елеусіз дәруіш керек. Айламен істелген іс қоянды жымынан алар. Көз қытықтатпайтын ескерілмес бала-шаға аттандырған ләзім. Егер менің көзім алдамайтын болса, қос сәбиді алып қашу үшінші ұлым Жандостың қолынан келсе керек. Екеуін құтқарамын деп жүріп, төртеуінен айрылармын ба? Тәуекел деп тас жұтсам – тамағыма тұрып қалар ғой. Көзі жайнап тұр, әй сол ұлымнан шығады. Дегенмен шақырттырып, сынап көрейінші өзін».

Айпара-ана үй босап, оңаша қалған сәтінде Жандосты шақыртты.

Жандос Айпараның ат жалын жаңа ғана тартып мінген үшінші ұлы. Екі көзі қарақаттай, сүйегі кесек, бітімі шомбал қара бала. Сынаптай жылпылдап, бір орында меңірейіп көп тұруды білмейтін қағылез. Түр-түсі Олжайдан көрі Айпараға ұқсас. Олжай отауына именбей емін-еркін кіретіннің бірі осы. Бұл ретте де қас қақтырмай сумаң ете қалып еді, Айпараның қолынан тәспиығы түсіп-ақ кетті. Шешесі қапелімде сусытып алған тәспиығына ұмтыла бе-рем дегенше, барыстай ырғып келді де, одан бұрын қағып алып, саусағына іле қойды. Ұлының осыншалық шапшаңдығына аса риза болған ана ақырын ғана жымиды да, маңдайынан иіскеді. Жандос орынсыз еркелікке жеңдірмей бойын тез ширатып алып, әкесінше малдас құрып «не айтар едіңіз» дегендей Айпараға шаншыла қарады. Сезімтал ана ұлының бойынан өзгеше бір тосын қылықты, ерте есейгендікті байқап, осы ерте есейістің бар себебін – бұлаң құйрық заманнан іздеді. Ойын баласына ой салған қалың Тобықтының азып-тозуы, күркірей өтіп жатқан күйзелісті жылдар еді.

– Балам, сен түсіңде әсіресе нені көп көресің? – деді Айпара салқындау сабырмен.

– Сені, – деді Жандос іле жауап беріп.

– Сонан соң?

– Былтыр ботасы өлген маяны.

– Содан соң?..

– Содан соң түсімде ылғи жылап жүрем. Айтқандайын кеше түні Бөкенші-Борсақ кірді. Ит еміп отыр. Айпара тіксініп барып: – Жә, жетеді! – деді. – Санға біткен бір толарсақ барын білесің бе?

– Білемін, бірақ сол санның бір тобығы да бар ғой.

– Ендеше толарсақ Айдос та, тобығы – сен. Мына менің тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді иітіп өскен төлсіңдер. Айдос адал өліммен аттанып кетті. Бұл жалғанда кім қалмақ. Өгізге туған күннің бұзауға келері хақ. Оман дарияның ортасында қаңғи аққан салынды сияқтымыз… Сол Айдостың әлгіндегі өзің айтқан «ит емген» екі ұлы барын білесің… Оларды да шешесі тасқа тауып, қасқырдың бауырына телімегені рас…

– Әулие шеше-ау, тоқ етерін айтыңызшы?

– Әй, ақыр заманның баласы-ай, тоқ етері керек болса – сол екі ініңді «ит емізбей» алып кел.

– Мақұл.

– Кесіп айттың, ойлан.

– Кесіп айтқаным – шешіп айтқаным. Осындай бір киелі сапарға шығарымды сезгендей алағызып, іштей дайындықта жүруші едім.

– Алдыңнан жарылқасын, балам. Көп айтып, аз айтып ескертерім – әкеңнің сапияннан тіктірген жұмсақ қоржынын беліңе буа кет. Көш сені тоспайды. Қайда аттанғаныңды басқа түгіл, әкең де білмесін. Ұлы істі үндемей тындырар болар. Асығыстық – қатер, жаныңнан тастамайтын жалқы жолдасың бар, қысылғанда медеу, сүрінгенде сүйеу болсын, ол – сабыр.


Түн еді. Ай бар еді. Аспан таза еді. Сол түнгі, сол аспаннан сол ай мұңды да сабырлы нұрын салқын ғана төгіп тұрды. Қоғалы көлдің беті жыбырлап, жағасында жайрап жатқан қалың елдің ақ тілекшісіндей мінәжат айтады. Сол мінәжатты қамыс арасынан оқта-текте естіліп қалатын әупілдектің қоңыр үні қуаттайтын. Саябыр тауып, салқам жатқан дала ай сәулесіне шомылып, маңқиып түн тыныштығына бой ұсынады. Қойнын ашып, төсін керген жалпақ даланың толықсып, бір сәт тыныстауын жел екеш – жел таңсық көргендей: үзіліп-үзіліп майысып керімсал соғады. Әр үйдің есігі ашылып-жабылған сайын жер ошақта қоздап жанған оттың жарығы жалт етіп қалады. Жалт ете калған от сәулесі жалт етпе қазақтың өміріндей, арман мақсұтының жыртың- жыртың шырақшысындай. Тымық ауаны тілгілеп, сумаңдаған жел шидім-шидім шилерді бас салып жұлмаласа, сыңсыған әлсіз үн шығарады. Сыңсыған нәзік әлсіз үн мынау қазақтың тауқымет сүргініне қарсы тұра алмай, жан жарасы ашығанда айтар хош-хошы, жан-жарасы сыздағанда айтар тәсіліміндей; өлімсіреген үн шығарып мәңгі сарғайып тұратын шилер – мынау қазақтың бақилыққа ұласар сартап сағынышындай; бірақ шидің басы үнемі сарғыш тартып тұрғанымен түбінде жап-жасыл қияғы бар-ау, оған көз жұмбай жасауға болмас керек… Сонда әлгі жел тербеген шидің сыңсыған үні болымсыз бір үміттің, болымсыз бір мұңлы арманның, болымсыз бір ашу- кектің күндердің күні тұтанып, тұлан тұтарын, күндердің күні күркіреп-сарқырап шамырқанар, шабына от түсіп шамданар жамиғаттың басынан бағы ұшып, қолынан дәрмені кетіп, қансырап жатқанда айтар жырындай; оқта-текте шәу етіп қалар заржақ иттің үні үлкен қауіптің хабары емес, айтақшысына жағынудан шыққан қоқанлоқы ғана. Анда-санда әлгі ұйыған меңіреу түннің тыныш күйін алакөз боп тебіскен азбандардың арқыраған дауысы дір еткізіп бұзады. Әлгіден бері Жандостың қолынан жетелеп, ләм деместен келе жатқан Айпара мырс етіп күлді де: «Қасаң байтал екі айғырдың арасын ащы қылады» деуші еді. Екі елдің арасын араз қылатын да «бақталастық» деген байтал-ау»,– деді күбірлеп. Жандос бұл сөзді толық ести алмай қалды. Ол өзімен-өзі боп оңаша келе жатқан. Әйтеуір, бар білетіні, шешесі мұны қауіпті сапарға шығарып салмақ. Ол сапардан оралар-оралмасы екіталай. Балиғатқа толмай жатып осыншалық қатты сынға түсем деп ойлап па еді. Асау үйретіп, өзі кұралпы баламен жарбаң-жарбаң күрескені болмаса, қотан басынан қозыкөш ұзап та шыққан жоқ. Ащы мен тұщыны, арзан мен қымбатты парықтап көріп пе. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей-ақ көктей орылып, өлім мен өмірдің дәмін татқалы барады. Жандос кешелі-бүгін-ақ кәдімгідей есейіп қалған еді.

Бүгінгі маужыр түннің жұмсақтығы соншалық, айлы сағымға оранып, кілкіген аппақ тылсым дүниенің тұңғиығына шым батып, жүре бергің, жүре бергің келеді. Жүре берген сайын өмірге деген құштарлығың артып, алдында ақсақ киіктей қашып бара жатқан сағым арманына ұмтыла түсесің. Ол сені әзәзілдей қол бұлғап шақыратын. Айлы түнде жалғыз жолға шықсаң жым-жырт боп сұлаған дала – жылаған дала ырқыңнан тыс көнімпаз күйге бөлеп, өлім тыныштығындай мәңгі тұнжыр иірімге салып, шырқ айналдырып, мең-зең, дел-сал шапағатқа бөлейтін. Айлы түн астында маңып бара жатқанында сонадайдан мүлги салбыраған көгілжім мұнар жақындаған сайын кашаң тартып, сайтандай елбектеп тұрар. Жандостың есіне қатты жауған нөсерден соң пайда болар қызылды-жасылды кемпірқосақ түсті. Кемпірқосақ қол созым жерде уықтай иіліп тұрар еді. Тамам баламен бірге жүгіріп жетіп, ұстап алмақшы болатын. Сонда әлгі шұғыла, арғы төбеге секіріп шығып кетер еді. Мұның өзі де мынау елдің тірлігіне ұқсайтынын Жандос қайдан сезсін. Ата-бабасының сағым қуып, саңдалып өткенін қайдан білсін. Өзі іспетті сол сағым тірліктің, сағым бірліктің ағайындарына да еңку-еңку жылдар бойына ұстатпайтынын, ұстаймын деп жүріп азып-тозып жер қойнына кіретінін қайдан білсін. Ақ сәулеге оранып, қол ұстасып, қыр асқан ана мен бала қаранасыр даланың ең соңғы үмітін, ең соңғы базарын арқалап бара жатқандай еді.

Айпара-ана ұлының бетінен сүйген жоқ. Кең бітімді маңдайынан бір иіскеді де: – ал, балам, жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын, екі баланы тірі алып қайта алмасаң өлтіріп кет, – деді. Жандос үнсіз басын изеді. Сосын жүз қадамдай артына қайырылмастан атын жетелеп жөнеле берді де жалт бұрылып: – Хош! – деді. Енді ана үнсіз тұрған еді. Айпараның қош айтқысы келмеді. Оның есен-сау оралатынына сенген. Сенбесе жіберер ме. Ол Жандос қыр асып көзден ғайып болғанша үнсіз, ұзақ тұрды соңынан қарап. Сырттан қараған адам Айпара-ананың бұл тұрысын анау қауіпті сапарға аттанған баланың жарылқаушысы, мынау ақ селеу даланың сақшысы дері рас. Ұлының соңынан қарап қалған Айпара-ана алғаш рет өзін сергек, бұрынғыдай емес жеңіл сезінген. Олжай- еріне айтпай өзі біліп істеген ұрлық ісінің алғашқысы осы-тын. Әйткенмен, көңілінде лоблудан гөрі, жұқалаң ғана қуаныштың хабаршы сәулесі кезіп жүргендей еді. Көптен бері зіл болып басқан ежігей мұңнан шым-шымдап сейілткендей болған да, әлгі, тұңғыш өз көкірегін шабақтаған қуаныш сәулелері еді. Білмеген адам Айпара-ана шоласыз ғұмыр кешіп келедіге жорып, он сегіз мың ғаламда бұл кісіге тең келетін ақылды әйел жоқ деп топшылар. Бірақ, олар Айпара-ананың қайғысы: Айпара-ананың қасіреті һәмма халықтың зар-запыранынан әлдеқайда мол, көл-көсір екенін қайдан білсін.

Өзін тұңғыш рет тәуір сезінгендей болған ана сағымға шомылып, қаннен-қаперсіз жусап жатқан далада тұрып, қауіпті жол – қан кешуге аттандырған ұлына арнап бата берді. Әлгінде Жандостың көзінше ақ батасын бағыштамағаны – көңілі борпылдақ жас баланы босатып алам ба дегені.

Айпара-ана: Айпара-ана құбылаға бетін бұрды да: «О, алла тағала! менің күнәһарларға жападан-жалғыз аттанған ұлыма рахманың түсіп, жортқанда жолын қыла көр. Құдыреті күшті жарылқаушы ием, сенің қолыңнан келмейтін іс жоқ. Құлынымның жолын оңғарту үшін ешбір рәуәяттің себі тимейді.

Болайын деп бола алмай болдырып жүргеніміз – сенің кәрің емес, ақыл-таразысына тартып карасақ – басқа біткен бағымызды өзіміз шайқап жүрсек керек. Дарқан өміріміздің қызығы кетіп, шыжығын қалдырмаймын десең, алла тағалам, мынау қойдай өріп, жылқыдай жусап жүрген халқыма анау киелі сапарға аттанған кенжеме – қара қылды қақ жарған әділдікті, бір-бірін оққа байлап бермейтін қимастықты, шүленсіп өтер кең пейілді, бабасының күнәсін баласы жуар намысты бергейсің. Білемін, бұл пәниде ешкім қалған ба. Мен де өлемін. Сен қаласың тек, сен қаласың… Сонда бізден тараған ұрпаққа – басына қайғы-қасірет түсіп, одан құтылар шамасы сарқылып сандалып отырған шағыңда, құдыретіңе басын игіз де, тәубесін есіне түсір. Тәубесін есіне түсіргенің – тас жұтатын тәуекелшіл, әрі өз тағдырын өзгеге қолжаулық қылып, рәсуәләтпай- тын кекшіл қылғайсың. Егер менің халқым қай пайғамбардың үмбетіне бағынарын білмей тығырыққа тірелсе, егер менің халқым жер ортасы көктөбеде қаңырап қалса… тезге салатын да өзіңсің… Шариғаттың шарты бойынша, әр адам өз өмірін сақтауғаміндетті, ендешеменонекідебір гүлі ашылмағанкенже ұлымның тілеуін – өзімді құрбандыққа шалып тілеуге әзірмін. О жасаған ием, білесің ғой, мен сенен бес уақыт намазымда құбылаға қарап басымды сәждеге тигізем де үш ұлымның тату-тәтті ғұмыр кешуіне шарапатың тиюін жалбарына сұраушы едім-ау. Сонда менің көкейімнен аңыздарда айтылатын: туған екі ағасына жақсылық жасап, бірақ сол жақсылығы өзіне жәбір-жапа шектіріп, құрдымға кеткелі тұрған кенже ұл иттен жақсылық көріп, соның арқасында байығаны, өзі жетіп алған соң екі ағасын торға қамап, әлгі итке лағыл тастың тоғызын тізіп, қарғыбау таққаны, алдына алтын табаққа кұйып ас қойғаны, иттен қайтқан қалдықты екі ағасына бергені әсте кетпейтін. Мен өз-өзімнен тітіреніп шошынатынмын. Сонда менің қан жұтқан жұртым көз алдыма алып қара нардай, мынау есінеп- құсынап жатқан сайын дала сол кара нарды сойып, сыпырып алып шелдеп тастаған терісіндей елестейтін. Уа, жаратушы жақсы ием, ұлым ғазиз істің жолында шейіт болса арман не, елімді сойқан соғыстан, дұшпанға таба қылар жаманаттан аулақ қыла гөр. Көз жасын көр қазақтың, әумин!»


Дала. Дала. Дала. Үш қайтара айтқан сәлемдей. Бала. Бала. Бала. Үш қайтара жолдаған сәлемдей. Дала һәм бала. Егіздің бір-бір сыңары тәрізді; дүр қыздың, хас сұлудың қос бұрымы секілді; жалғызын қайтпас сапарға шығарып салып тұрған әзиз ананың қос жанары секілді; аруананың қос өркеші секілді; көк төсінен сусыңдай ұшқан қос аққу секілді. Бәр-бәрі де егізден, егіз ұғымды білдіреді. Бәр-бәрінің де бір-бірінсіз күні жоқ. Балталаса да айрылмас қосарлар. Егер осы қосақтарды айыршы, ғұмыр бойы арылмайтын күнәға батарсың. Ондай күнәға батқандар аз ба. Ондай күнәһарлардың халық лағнетіне, халық кәріне ұшырағандары аз ба. Дүние, жалғанда сыңарынан айрылғаннан қасірет бар ма?!

Жандос Терісақкан өзеніне иек артқанда таңнан хабар сезіліп еді. Түнгі таусылмастай боп көрінген жалпақ дала сары жонданып, қылтима-қылтима қыраттарға ұласа баста- ған. Сыпыра ақ селеу жамылған жердің өңі біртіндеп қызылкүреңденіп, биылғы күздің әдеміленген бір бабында тұрғанын аңғартқан мұқым өңір жолақ-жолақ ақбоз кейіптен шаңқан ағарыңқы түске ойысқан сайын киік жонданған адырлардың құз жаққан алакүрең бояуы көзге ұра бастады.

аспан таза, пейілді де ашық еді. Сол таза аспанды азан-қазан етіп мың сан қарғалар ұшады. Қара шегірткедей қаптаған қарғалардың қарқылы мынау ұйқысынан енді-енді ғана оянып талықсыған күйінен серги бастаған даланы уақсыз-уақ мазалағандай еді. Таң шығы мал баспаған қуарыңқы шөптің басын там-тұмдап қана дымдағаны болмаса, малшынған суға шомылдыра алмаса керек. Неше күннен бері қабағы жадыраңқы тұрған ауа райы уағы жетіп әбден піскен пішенді қаңсытып тастаған сияқты. Белінен морт-морт сына бастаған қурайлар да күзгі шақтың созалаңдап алатын ізгі ақ жауынын сағынғандай; ертеңгілікте майда самал үп етсе болды – сырнайлап қалатын. Тұрақ таппай ауада қалқып жүрген мизамдар да биылғы күздің аса жайлылығын білдіреді.

Есік пен төрдей тұрықты қара қасқаның үстіне қонып отырған кара бала түні бойғы ұйқыға жеңдіре бастады білем, екі беті жүдеу тартып, қайта-қайта есінеп-құсынап келеді. Оның дидары бір-ақ күнде есейіп, бір-ақ күнде кіржиіп салқын тартып кеткендей еді. Кеше шешесінің меселдесін қайтармай, ет қызуымен шығып бүгін жалғыздықтың, жол соқтының азабы алдынан дәміл-дәміл кес-кестей бастағанда ендігі сапарынан іштей іркіліңкіреп келе жатқан. Екі түменмен ала алмаған жоңғардан екі бірдей баланы ұрлап алып шығу, көзді жұмып көлге секірумен бірдей. Алып шыққанның өзінде ит арқасы қиянға ұзап кеткен көшті қуып жете ала ма. Қуып жеткен күнде емшектегі егіз ұлдың аман-есендігіне, кірпігін қимылдатып өлтірмей жеткізетініне кепілдік бере ме. Бәрі де тұманды, бұлыңғыр дүниелер. Дәл осы іс қолынан келсе – көзсіз ерлік емес пе?

Жандос қара қасқаның басын тежеді. Созалаңдай аттан түсіп еді, өне бойы салдырап ұйып қалған екен. Аяғын түзу баса алмады. Екі қара саны сыздап удай ашыды. Қара-қасқаны отқа жіберді. Өзі үйдің орнындай қына басқан жалпақ қара тастың үстіне сұлай кетті. Аспанға қарады. Көкпеңбек түпсіз тұңғиық мұхит іспетті шексіз де шетсіз екен. Таңдайы кеуіп шөліркегенін сезді. Жанторсығын шешіп әкеп сусын жұтсам ба деп әлденеше рет оқталды, мойны жар бермеді. Қатты шаршаған екен. Көзін жұмып көріп еді ашыды-ай. Сосын көк күмбезін тесіп жіберердей тым-тым ұзақ телміріп жата берді.

Ол аспанда қарқ-қарқ ұшқан қарғадан өзге еш нәрсе болжай алмады. Осы өңірдің қожасы тек қарғалар секілді. Тым болмаса жемтік аңдыған қарақұс та шалынбады-ау көзге. Жандос шешесін ойлады. Шешесін ойлап еді: ұлым қайтарыңда адасып калма, барар жолында әр жерге тас үйіп белгі жасап отыр, біз де бір-бір уық шанша көшерміз,– деген сөзі түсті. Атып тұрды да қожыр-қожыр қой тастарды жия бастады жан- дәрмен. Қарасүмек болып терледі-ай, сонсоң қара қасқаның ер-тоқымын сыпырып алды да, шідерлеп қойды. Енді бір сәтте көзіне ұйқы тығылып мызғып кетіп еді…


Жандос көзін ашқанда бас терісін сыпырып алып қаңқасын қалдырған қу бастың өзіне қарап ырсиып тұрғанын көрді. Қайта талықсыды. Енді ол көзін мүлдем ашпауға бекінген. Дегенмен сау көз қаншама тас қылып жұмсаң да түбі бір ашылмай қоймайтынын білді. Тістенген күйі, тәуекел деп, тағы да айқасқан кірпігін көтеріп еді, тағы да тісі ақсиған ку басты көрді. Жандос өзін мүңкір-Нәңкірде жатқандай сезінген. Алғаш есі кіресіл-шығасыл жатқанда осының бәрін түсіне жорыған. Оның көз алдына күллі әлем сап-сары болып, қуарып қалғандай, тіпті әке-шешесі де осы сарғыш түске боялып, есекті теріс ерттеп мініп, бұған мойын бұрмастан өкпелей тартып барады ғой. Құлағы шыңылдады. «Қай құлағым шақырды?»

«Сол құлағым». «Жамандаған кім екен?» «Шешең». «Жоқ- жоқ, ол емес, ол өлтірер, бір-ақ туған баласын ғайбаттамайды». Әлдекімдердің қарқ-қарқ күлген дауыстары, жылқының кісінегені естілді. «Құдай-ау мынау қара қасқаның кісінесі ғой. И-и, жануар-ай, ашығып қалғанын. Қой, бүйтіп қара басып жата бергенім әбестік, аттанайын. Әлі ұзақ жол бар алда. Қос інім бар. Артымда ақ батасын беріп қалған анам бар… тұрайын. Ту, көзім неге ашылмайды? Тағы да карқ-қарқ күлкі естілді.

Ол көзін ашты. Ашпағаны жақсы еді. Көзін ашып еді: Қазықтың ұшына қу бас шаншып, үңірейіп тұрған төрт жоңғарлықты көрді. Олар Жандос есін жиып, көзін ашқан сайын әлгі бас сүйекті көрсете қояды екен. Жандос жаудың тұтқынына түскенін аңғарды.

Жоңғарлықтар жас баланы ермек қылып ұзақ ойнады. Өздері де мұндай «ойындарға» еті өліп, көнікті болып алса керек. Еңгезердей-еңгезердей төрт жоңғар торт таған жасап тұр. Ортада лаулатып жаққан от бар. Бірі баланың қос білегінен мықтапұстапалады да, айналдырып-айналдырып әкеп, оттың ар жақ шетінде тұрған екінші жоңғарға шырқатады. Ол үшіншіге, үшінші төртіншіге… Жандос от жалынын кесіп өткен сайын жан даусын шығара айқайлайды. Сонда оның аузына кұдайдың емес, тек қана Айпара-ананың есімі оралушы еді.

…Жандос енді бір рет көзін ашқанда қап-қара боп шүйлігіп, түнеріп тұрған аспанды, сол аспанда қарқылдай ұшқан мың- мың карғаларды көрді. Қарғалар мол еді. Аспан жақындап кеткен. Ендігі сәтте найзағай ойнап, күн жарқылдады. Әлде не жарқ ете қалды да, көз алды аппақ болып, ізінше дүнияуидің бәрі қасқыр түске айналды. Тыныштық. Мәңгі тыныштық. Әлгіндегі жарқ еткен жайдың оты ма, жаудың оты ма – онысын айырған жоқ. Әйтеуір, өзі лапылдаған қып-қызыл шоқтың ортасында жатыр. Әйтеуір өзі тірідей тозақ отына – жау отына өртенді. Құрым киізге оралған жас баланы жоңғарлар отқа тастаса керек.

Дала бей-берекет. Тағы да күркілдеп, найзағай ойнады, қарғалар қоналқы тапқан секілді. Жел тұрды да, танадай- танадай тамшылар төпелей жөнелді. Жандос жанған отқа телміріп, ағаш тастап отырған төрт жоңғар қайқы қылыштарын салпылдатып, құйын-берен шаба жөнелді қостарына.

Дүниені сел қылып жаңбыр жауды. Барша әлем «ей, бала, өртенгенің де, өртенерің де жалғыз бұл емес» деп күліп тұрғандай.

Жандос: «…Есіңде ме ана, өзің айтып отырушы едің ғой, бүкіл жаһанды тапалап өткен Шыңғысханды шешесі жіліктің майын беріп асыраған. Сен мені жілік сорғызып асыраған жоқ едің. Ақ сүтіңді беріп асырадың. Сенің алдыңдағы бақыл- дығымнан, бала-ау деп қомсынбай, бір түмен қолмен келіп әкете алмаған жоңғар сынды ата жауыңа жұмсағаның құтқар- майды… құтқармайды. Сен әулиесің анашым, мен осындай екіталай кезеңге тап болып, кіріптар болып жатқан күйімді әлдеқашан болжай білген шығарсың. Апырай, сол жылғы қыс

қандай қатты болып еді, сәуір айында тізеден жауып қалған қардан қараспанда пайда болған зауалдай шошысып, ұлардай шулаған жұртқа кеңес айтып, камқор болған өзің едің. Осындай алапат жұт болатынын күздің қара басында-ақ бағамдасаң керек. Күздің қара басында: толайым әлеуметке биылғы қыс аса қатты боларын, ырымы жаман; жылылап шарбақтан қора жасап алуды сабақ еттің. Қолын бір сілтеп кеткендер де болды. Сонда қалың Тобықтының қақ жартысы шыбықтан бес қабат шарбақ тоқып, қойын соның ішіне қамап баққан. Ашыққан қой сәуірде жауған омбы қарда далаға шықпай сол шыбықты кеміріп жан сақтағаны әлі есімде. Иә, мен сонда шаруа малы үшін әкемнің наркескені мен егеулі найзасының түкке қажеті жоқ екенін зердеге түйгенмін, сосын білесің бе, ана, неше күн сұлап ызғарын шашып ысылдап жатып алған қарлы боранға қарғыс айтып улап-шулаған ел өзіңе жүгініп еді ғой. Сонда сен маң-маң басып тысқа шығатынсың. Тысқа шығатынсың да, құбылаға қарап үнсіз тұрушы едің. Біраз тұрдың да көкжиек пен аспанды түгелдей жіті шолып өттің. Жүзіңді ызғарлы желге тосып: желдің өті сыныпты, жылынайын дегені, аспан тым-тым шымқай көк екен, көкжиек алыстап кеткен тәрізді, – дедің. Дедің де: қара қасқа азбанды алдырдың; жылқының алды-артына жіті қарап шықтың да, қысырақтың үйіріне салуды әмір еттің. Қысырақтың үйіріне араласқан азбан бір мезгіл иіскелеп, қоқиланып жүрді де, шырқ иіріп алдына сап айдап қырға тартқан. Үйірдің артынан қарап тұрып-тұрып көзің жайнап:

– Ал, халайық, қазірден бастап қырға көшіңдер. Ой мен ойпаңда, сай мен сайлауда бірде-бір мал-жан қалмасын. Ертең түсте сел болады. Топан су қаптар, – дедің. Айтқаның айнымай келген. Жұрт тегіс төбе басына шықты. Ертеңінде түстен кейін күн тас төбеге тырмыса шығып, шыжығанда ақ көрпені айкара жамылып міз бақпай жатқан дала әп-сәтте терлеп-тепшіп ағыл-тегіл сел қаптады. Пұшпақ-пұшпағынан тер сорғалаған дала күн екіндіге таянғанда түгелдей қарайып болды. Кешқұрым қырда тұрып кеше қоныс болған жұртымызға көз тастағанымызда қоқыр-соқыр, сынған науа, шолақ уық, қаңсыған шаңырақ, көтерем малды іліп алып андыздата айдап буырқанып жатқан қар суын көргенбіз. Таудан көшкі түсіп, Олжай өзені таң атқанша күркіреп-сарқырап жатқан. Сонда сенің піріңе табынған қайран ел, жағасын ұстап, кейбірі шошынған, кейбірі шын адал көңілімен көзіне жас алған. Құдай-ау, сол бір аласапыран қым-қуыты мол, саба пісіп, тай үйретуден басқа ермек жоқ жылдар жылжып-жылжып артта – көзден таса, көңілден шет болып, бұлдырап қалған екен-ау. Сол жылдардың ең кереметі – туған жер, өскен елдің суын ішіп, жер ошаққа өз шаңырағымыздың түтінін түтету екен-ау. Шешемнің оң қалтасында Олжай өзектің шытқа түйген бір уыс топырағы әлі жүр емес пе. Біз қайда көшіп бара жатқанымызды және ол жердің қаншалықты құйқалығы беймәлім, жерсінеміз бе, әлде құндыздай шұбап қайтып келеміз бе; мүмкін, әкемдер айта беретін Ұлытауға тартамыз ба? Шығар күнді маңдайға алып, жосылып бара жатқан көш, бәлкім сендер сол жұмбақты жерұйыққа менсіз-ақ барарсыңдар. Мен енді жоқпын сендерге… Өзіме де сол керек, қара басып қалғып кетіппін ғой. Атаңа нәлет қу жоңғар, қайдан ғана тіміскелеп жүр едің сол маңды. Менің есімде тек жалпақ көк тастың үстінде жатқаным, сосын түсімде тамам балалармен Олжай өзектің ар жағынан жидек тергенім ғана қалыпты. Үйбай-ау, мен неге өртеніп кетпей жатырмын. Жүрегім соғып тұр… бірдеме тырсылдайды, аузыма құйылған не?… Қан шығар… Құдай-ау, неге өртенбеймін мен…»

Нөсер шелектеп құйып тұрғандай.

Жоңғар жаққан от пысылдап бағана өшіп қалған. Жандос тірі жатыр.


Қаршадай бала қып-қызыл боп ажал бүрке лапылдап жанған оттың ортасына түскен мезетте жарық дүниені қайта көріп, бұл бәтуәсіз пәнидің ыстық-суық кешуін аза бойын қаза етіп, сан рет бастан өткерерін қайдан білген. Ол осы бір әлекедей жаланған ажал атты тажалдан енді құтыла алмайтынын, көктей орылғанын, жанбай сөнгенін, тіпті де бажайлаған емес; бар болғаны, бар қолынан келгені осынау қиямет-қайымға үнсіз, өз болмысында жоқ, тылсым бір ырықпен мойынсұнған. Құрым киізге орап-орап отқа тастап, қазақтың қайсар қара ұлының қалай үйтілгенін, қалай өртенерін қызық етпек боп дәмеленген жоңғарлардың үміті садаға кетті. Киіздің екі қабаты жанғанша ләм деп үн шығармай, шыдап жатқанында табиғат ана бұрқ-сарқ долданды да, мынау өзі жаратқан пенделердің біріне-бірі жасар жауыздығына шыдай алмай ағыл-тегіл жылады-ай. Аспанның ағыл-тегіл жылаған көз жасынан от сөніп, жарқылдаған найзағайдан шошынған жоңғарлар баспанасына зытып еді. Бірақ Жандос мұндай кездейсоқ сәттілікті, тіпті де табиғаттың құдыретіне сайған жоқ, өз шешесінің піріне жорыған. Өз шешесін әулие санайтын ол шырқырап отқа қақталып жатқанымды сезді де, аллаға жалбарынып мені құтқарды деп ойлады. Кім білсін, солай шығар, әйтеуір сезімтал Айпара-ана Жандостың қатты қысылғанын құмалақ ашып білгені рас!

Осы күні кешке дейін жауын болды. Осы күні жоңғарлар шатырларынан шықпады. Осы күні қасы, саусағының әр жерін күйік шалған Жандос кірпігі қимылдап әлсіреп жатты. Күн ұясына қонып, апақ-сапақ уақ туғанда үстіндегі күймей қалған киіздің орауын жазып, тірідей киген кебіннен сытылып шыққан. Басы айналып, көпке дейін есін жия алмай отыр. Башпайлары удай ашиды. Башпайларының удай ашығаны есіне шешесі тапсырған аманат түскенде сап болып, шыбын шаққан құрлы болмай атып тұрып еді. Ол өлмей қалғанына қайран қалған жоқ. Ел-жұрты, ақ сүтін емізген анасы алдындағы борышын өтеу үшін әлі де сан рет тірі калатынына, әлі де сан рет жағасына жармасқан жауын кеудесінен теуіп, жұлқысатынына имандай сенетін. Әлгінде ғана оттан шыққан Жандос енді бойын суық ұстап, жаурағанын сезді. Бойын суық ұстап тоңазығанын сезбес те еді, түстіктен салқын жел тұрып, жауыннан соңғы күзгі аңғар құлази бастаған. Бұл жақта күзді күнгі түн сойқанды өтетін. Қабағын қарс жауып түнерген аспаннан таң атқанша сырғақ жауып, итше ұлыған жетім желі болушы еді. Кейде сырғақтың арты қарға айналатыны бар, қар күн көтерілсе жылбысқалана еріп, ылжырап жатар. Бүгінгі түннің сыңайы сол түні бойы асау аттай мөңкіп өтер алапатын аңғартты.

Іштей қуанғаны – мазасыз түн қалмақтарды айдап қостарына тығатыны сөзсіз-тін. Ендеше Бөкенші-Борсақты сездірмей алып шығудың ыңғайлы сәті осы. Тек бел шешіп, бекем кіріскен ләзім.

– Қай үйде екен?

– Қай үйде болушы еді? анау бір маңқиған ақ ордада болар…

– Күзетші бар ғой.

– Күзетші де пенде. Таң атқанша көз ілмес дермісің.

Қалмақтар қосы өлі ұйқыға ойысқанда Жандос еңбектей жылжып ақ ордаға тақаған. Ақ орда маңында айналсоқтап найза ұстаған екі күзетші жүр. Орданы қоршап, жусап жатқан екі-үш түмен әскерге сене ме, атағы күзету деген болмаса бейқам. Жоңғарлықтардың иті көп болушы еді, суықтан қорғалап жатыр ма, олар да үнсіз. Әр үйдің жабығынан әлі де сөнбеген жерошақтың оты жылтырайды. Алыстан… тым-тым алыстан жылқы кісінеді. Алыста, әлдеқайда түйе боздады. Аспанды қара-құрым бұлт басып еді ғой, сол қара-құрым бұлт жауын толастағанымен сейілмей жер-көкті тас қараңғыға тұншықтырып буып тұр. Осы көзге түртсе көргісіз қараңғыда елбең қағып жүрген сақшылар бүрсеңдеп-бүрсеңдеп кеп үйдің ығына жантайысқан. Құбыладан мың бұрала соққан сойқанды жел өткір, әрі қарлы жаңбырлатып сабалайды-ай. Алақаншықтана үрген желден өзге тырс еткен үн жоқ, егер әр қостың жақтауына құлақ түрсең жоңғарлардың қорылдай, тұяқ серіппей ұйықтап жатқанын сезуге болады.

Жандос осы түннің өзі үшін аса қолайлығына еркінсімей, сақтана еңбектейді. Жыланша жылжып ақ ордаға таянғанда төңірекке тағы да құлақ түрді. Түн түнегіне каншама көз тұндырып караса да мелшиген қою қараңғылықтан басқа еш нәрсе көре алмады. Жүрегі дүрсілдеп, байыз таппаған соң итше шоқиып, жүресінен отырды да тағы тың тыңдады. Мәңгі түнек… тұнжыр дүние. Не деген қорқынышты! Бұдан жауың- мен бетпе-бет келіп, қан жұта шайқасу әлдеқайда оңайырақ шығар. Жандос бағана отқа өртенгенде дәл осылайша зәресі ұшпап еді. Кейін шегінбекке бір оқталды. Шешесі есіне түсті, көзінің алды жап-жарық болып кеткендей болды. Тас түйін бекініп, тістенген күйі ілгері жылжыды. Қара жерді қарманып төрт аяқтап келе жатқанында қолына әлдене былқ ете тиді де, ыңырана аунап түсті. Жандос тырапай асып ұйықтап жатқан күзетшіге соғылып қалғанын білді. Дес берді де, әлгі бейшараның ұйқысы мұндай катты болар ма, міз бақпады- ау. Жүрек тоқтатып, біраз отырған соң, ақ орданың есігін тұспалдады… Есік тиектеулі екен. Сипалап тиегішті іздеп еді, ішінен бекіткен бе табылмады. Қорылдаған қатты үн шығады. Жел үдей соқты. Бағанағы қыр жақтан боздаған інгеннің дауысы семген жоқ. Жандос ішінен екі қабаттап орап тастаған жұмсақ былғары қоржынды босатып, ышқырына жасырған кездікті алды. Кездікпен босағаның қанатқа кіріккен тұсынан сара тіліп қолын тығып сипалап еді, көдіре тиек-ке саусағы ілікті. Ептеп ағытып, есікті итерді. Қас қылғанда есік сыңсып ашылады екен. Жандос тәуекелге шындап мінсе керек, алғашқыдан гөрі еті үйреніп, буын-буыны дірілдеп-қалшылдамай беки бастаған. Сипалап жүріп жарма сықырлауықтың тоспасын тауып алды. Түкіріктеп ұзақ дымдады, тағы итерді. Тағы сықырлады. Қандай қорқынышты! Қарлы жаңбыр сабалап тұр. Ендігі сәтте ол есікті үйдегі адам қор еткен сайын біртіндеп итеріп, сипалап ашып ішке кірген. Ішке кіріп еді, тісі-тісіне тимей қалшылдап кетті; суық ұстаған балғын дене бірден жылу құшқанда шыдай алмаған-ды, Жандос сақылдаған тісінің екі ортасына бас бармағын сала қойды. Сонсоң қаны шыққанша шайнап отырды. Осы мезетте кімнің қай жерде жатқанын әбден топшылап үлгерген. Оң жақтағы іргеде үлкен төсек барға ұқсайды. Әлгі қорылдаған үн сол тұстан естіледі. Әр қорылдақтың ара-арасында жеңіл, пысылдаған үн шалынып қалады. Тегі әйел болса керек. Одан өзге пәлендей дыбыс жоқ. Екі баланың қай жақта жатқаны белгісіз. Ендігі бір сәтте бала қыңқылдады. Қыңқылдаған бала қорылдақтың дәл аяқ тұсынан естілді. Төсек сықырлады. Жандос іргеге жалп етіп басын бүркей сұлай жығылды. Шағи шымылдық суылдап әлде кім төсектен түскендей болды да, қыңқылдап жатқан балаларға беттегені көлеңдеді. Жандос бұл өз жеңгесі – Айдостың әйелі, анау бесікте жатқан баланы Бөкенші-Борсақ деп білді. Төсек қаттырақ сықырлап, қорылдақ үн сап бола қалды. Жоңғарша қырылдап әмір берді: «Екі күшігіңнің жағын қарыстырмасаң, отқа қақтаймын» дегені болар бәлкім. Бесіктегі бала емшекті сылпылдатып, көп сорды. Осы бір оңаша аналық күйді ол да сағынғандай білем. Бала ұйықтаса да төсекке беттегісі келмей ұзақ отырып қалды. Содан соң шымылдықты сусылдата орнына жатты. Қорылдақ үн қайтадан есе алды. Киізүйдің ішін тымырсық күй қайта жайлады. Жандос демін ішіне алып, бұғып жатқан жерінен көтеріле берем дегенде дәл желкесінен біреу міне түсті. Селк етіп барып сонда да дауысын шығармай қайта жығылып еді, әлгі міне түскен адамның қолы тым қатты емес, былпылдақ екен, жанына батырып мытыған да, ақырып ұрысқандажоқөкпедейбылқылдапүстіндесұлқжатыр. Жандос дәл осы жолы құтылмаспын деп ойлады. Сонда да қорқынышқа жеңдірмей арқасындағы жұмбақ жанның ырқына көшкен болды. Дәл осылай бірінің үстіне бірі мініп, үн-түнсіз жата беруге дәттері шыдамаса керек, Жандос ақырын қозғалақтап еді, арқасындағы да қыбырлап, сусығандай болды. Сонсоң не де болса ұстап көрейін өзі деп, қолын артына қайырып сипағанда шұбатылған сұп-суық сусар ішіктен өзге ештеңе сезе алмады. Сусар ішік адалбақаннан құлап түссе керек. (Бұл уақиға күлкісін келтірді). Өз сужүректігіне өзі налып, бесікке қарай жылжыды. Бесікке карай жылжып еді, іргедегі ағаш төсек тағы сықырлап, келіншектің: уһ! аллам-ай, не деген айуан еді, өлтірді ғой,– деп күбірлеп, ұйқысырағаны естілді. Жандос тағы да іркіліп қалды… Бесікке жетіп, сипалап отырып, белдік бауын ағыта бастағанда бағанадан бергі үйді басына көтеріп жатқан қорылдақ үн сап бола қалды. Жандос және бір селк етіп қалған. Жоңғар ыңыранып барып, ағаш төсекті ойбайлата аунап түсті. Бұл үй заманында Айдостың отау үйі-тін. Жау қолында қалып, жоңғарлықтар иемденген. Сондықтан Жандос қай заттың, қайда тұрғанын жете білетін. Төсек қанша сықырласа да қорықпай отырғаны содан. Ендігі мезетте ол алды-артына қарамай, бесікті ағыта бастады. Жалпақ бесікке қатар бөленген баланы екі бауырына қысып алғанда бірі аздап қыңқылдап барып, әлдилеген соң қайта ұйықтап кетті. Жоңғар мен жеңгесі өлі ұйқыда. Жандос екі баланы алып, жүрелеген қалпы қазша қаздаңдап, шығарға беттеді. Даладағы жел әлі ұлып тұр. Есікті ептеп ашып еді, сұп-суық сұр жыландай болып төрге шапшыды. лып етіп шығып, сыртынан жаба салды. Күзетшілер тырайып жатыр. Бірі күрк-күрк жөтеліп қыбырлағандай… Екі сәбиді қойнына тыққан Жандос бағанағы түйе боздаған жаққа бүкшеңдеп тарта жөнелді. Жел күшейе түсті. Самсап жатқан қалмақтың қалың қолы қырылып қалғандай. Ұлып тұрған жел әлде қайдан боздаған түйенің зарлы дауысын үзіп-үзіп әкеп тастайды. Сол зарлы дауыс екі інісін бауырына басқан Жандостың ендігі жетекшісіндей, бұдан былайғы көш басшысындай; сол зарлы дауыста баласынан айрылған бүкіл ананың жыры, ішті өртеп шығар аналық шын сыры жатқандай; сол зарлы үннен Жандос өзі де әзір білмейтін медет табардай құстай ұшып келеді. Артына жалтақ-жалтақ қарап безектегенде айтар иманы, табынар пірі – шешесі. Қорқақты көп қуса батыр болады деген тегі рас-ау. Жандос қазіргі сәтте алдында айдаһар тұрса да именбей тура тартар сыңайда. Осы бірер күнде-ақ ересек адамның көргеніндей, апақ-сапақ өмірді бастан кешті. Ол өзін қартайып кеткендей сезінді… Бауырына жасырған қос сәбиі оянып, бақырып, жылап мазасын бір алса, өңменнен итере соққан жел ілгері басқан аяғын кейін кетіреді. Бет-аузын жуып, тарам-тарам аққан судың жас екені, жоқ болмаса жауын екенін ажырата алмады. Бусанып терлеген сайын мұздап, тісі-тісіне тимей кемсеңдеп тоңып келеді. Боздаған сарын әлі тыйылған жоқ, Жандосты жетелеп барады…

Дүлей табиғаттың балаға жасаған жақсылығы өлшеусіз. Жандос бұл сиқырлы күшті тағы да Айпара-ананың сыйы деп білген.

Қалай болған күнде де осынау дауыл, мынау жауын – бәр-бәрі туған жердің үйренші тентектіктері ғой. Мүмкін, жазираның төскейінде күні кеше ғана асыр салып, ойнап өскен ұлына пәле-жала үймелегенде жібігені шығар, әлде қиынына салып сынағаны шығар.

Бөкенші-Борсақ шырқырап жылап келеді. Олардың ащы дауысы жырақтан боздаған інгеннің зарлы үніне қосылып, желге мініп желіп кетіп жатыр… Желге мініп жеріп кетіп жатыр…


Айпара-ана бұл түні таң атқанша көз ілген жоқ.


Егіз баланы көтергеннен екі қоржын тас арқалаған әлдеқайда оңайырақ сезілді. Жылбысқа болса да жаны бар, тыпырлап зәрезеп қылды. Ол жауынды желдің енді басылуын тіледі. Тілектің бәр-бәрін орындай берер құдай қайда? Желдің ағымы бағанадан бетер әспенсіп алған. Жандос шаршайын деді. Сонда да болса боздаған үнге құлақ түре ілби аяңдап барады. Түйе жақыннан боздады. Бірақ дәл таптырған жоқ. Селді түн түйе екеш түйені де қылғытып қойғандай. Көп әуреге түсіріп барып желге артын беріп бүрісіп тұрған інгеннің сұлбасы болжанған. Сыңайы ботасы өлген аруана болар. Жандос мойнынан сипап еді, иіскелеп, ыңыранды-ай. Шабына қол жүгіртіп желінін ұстағанда тырп етпей, мекіреніп тұрды. Желіні тырсиып әбден сыздаған. «Обал-ай», – деп ойлады Жандос. Екі баланы ығына қысыңқырап құша ұстап інгенді сауып емшегін босатқан. «Шөк!» деп еді, ілгері ұмсынып барып, кейіндей шөкті. Қайырылып Жандостың қолындағы шырқыраған баланы иіскелей берді. Екі қары салдырап талып қалған екен, түйенің ығына аздап дем алғысы келді. Қалмақтар тым жақын, қашпаса болмайды. Беліндегі қоржынын шешіп алып, екі басына Бөкенші-Борсақты салды, сонсоң аруананың шұбатылған шудасынан кесіп-кесіп қымтай орады. «Обалың қалмақтарға болсын» деп күбірлейді. Ботасынан айрылып зарықкан інген өзі секілді мұңлықтардың сасқалақ күйін түсінді ме, «айт-шу, жануар» деген жіңішке әмір шығуы мұң екен, лыпып жүріп кетті.

Бұл өңірдің желі ылғида құбыладан аса соғатынын білетін. Ендеше құбыладан соғатын желді сол жақ бетке ұстап жүрсең, көш кеткен жаққа тұспалдай тартуың мүмкін. Осыны бағамдаған Жандос адасам-ау деген пиғылды талақ тастап, іркілместен ілгері жосып еді. Қанша жол жүргені, күннің қай уақ екенін ажырату қиын. Әйтеуір інгенді қақпайлап жан ұшырды. Түйенің ырғағы сәбилерді уатып-ақ тастады. Жел бәсеңдеген секілді.

Жел бәсеңдегенімен жол ұзақ. Неше түн, неше күн жүрері беймәлім. Артынан қуғыншы шығу қаупіжәнебар. Десбергенде таңды бетке ала жел тыйылды. Алқара аспаннан сорғып ұсақ тамшылар көпке дейін үзіліп түсіп тұрды. Қаражон жердің нобайы білініп, әр тұста состиған сасыр сүлделенген. Сасыр өсімдігі Жандосқа таңсық емес, ақ сары гүлдерін талай-талай терген де. Осы сасырдың тіршілігі таң қалдыратын. Жап-жазық ақ тандақ шөлде серейіп-серейіп аспаннан түсе қалғандай самсып тұратын. Сәуір туа қылтиып, шілденің ортасында-ақ солып қалар еді. Өзінің бойы қандай ұзын дейсің. Жертаған жапырақтары арқылы бар қорегін алып аз ғана ғұмыр кешетін. Осы азғана ғұмыры бар сасырды ауырып, әлсіреген малға берсең, қунап шыға келетін. Жандос жоқ дегенде осы сасырдай себі тиюін тілейтін. Мейлі аз жаса, көп жаса ел есіне сақтар ерлігің, жұртыңа тигізер пайдаң болсын да. Құз сасырдың тырпын қоймайтын: қадау-қадау, сояу-сояу.

Таң атты.

Тобықтының жаудан қашқан үш ұлын теңдеген түйе маң- маң басып шығысқа беттеп барады. Таң аппақ атып, жарық түскенде, Жандос астына мінгені ботасын жоңғарлар сойып жеген өз елінің сары інгені екенін таныды. Көшке ермей ботасы өлген ескі жұртқа бірақ тартса керек.

Күзді күнгі бұлт көктемгідей қақ жарылып, кесек-кесек пышырамай, сұрғылттана жұқарып, бой-бой болып ыдырай айығады. Шарбыланған бұлттың ар жағындағы күн қызусыз, болар-болмас қана жансыз сәуле шашар. Жел бәсеңдегенімен ауа салқын, көп кешікпей келер қыстан сұп-суық хабар таратқандай. Дала жуас. Анда-санда селеу арасынан пыр етіп жорға торғай ұшса, сонадай жерден бүрсең-бүрсең қосаяқ қашар. Алкүрең сахараның быжынаған кесіртке, ешкіемерлері ініне кіріп, жым-жылас болған секілді.

Әншейінде желпілдеп дес бермейтін селеубояу тып-типыл, өлген кісінің шашы іспетті ұйпа-тұйпа…

Қоржынның екі жақ басындағы егіз бала қарны ашса керек, шырқырап жылады-ай. Мойынын ішіне алып бүрісіп отырған Жандос түйені шөгеріп жерге түсті. Екі сәбиді еппен алып, інгенді қайта тұрғызды. Желінін ұстап еді, шертіп тұр екен, бота боп еміп, аруананың жып-жылымшы қою саумалын таңдайына талмай әлденеше рет сорып-сорып жіберді. Сонсоң ұртына толтыра еміп алды да, ернін шүршитіп апарып Бөкеншінің аузына тақады. Түннен бері шешесінің емшегін көрмей қарны әбден ашқан бала Жандостың ернін солқылдата сорып, түйенің сүтін еме бастаған. Үшеуі де ботасы өлген сары інгеннің уызына қанып алып, жолға шықты.

Жол ұзақ еді. Дала кең, өмір тар еді.

Жандос: «атыңнан айналайын құдайым-ау, жау қолынан екі інімді алып шыққаным өңім бе… Сенбеймін, менің қолымнан осыншалық ерен іс келуі мүмкін емес. Мен жаспын әлі. Бұл түсім болар. Оянайыншы, неге таң атпайды. Мен қайда жатырмын. Әлгі қалмақ жаққан отқа өртеніп барам ба? мен әлдеқашан өлген секілді едім ғой. Қайдам, сол о дүниеде жүрген шығармын. Күн ашылайын деді ғой. Жылынса екен. Өзім ырқ етпеймін-ау, Бөкенші мен Борсаққа обал. Бір күн, бір түн жүрдім. Осы жүріс маған қаншалықты қымбатқа түсті десеңізші. Мұңсыз-қамсыз өткен күндеріме күлкім келеді, мүмкін тынышты, іргеден сұғынып жау шаппайтын жерұйық тауып, мәре-сәре өмір кешкенде осы басымнан өткерген ауыр күндерімді есіме алып жылайтын шығармын. Қартайған шағымда ақсақалдар құсап «е, балалар, біз не көрмедік» деп, әңгімелеуге жарар. Егер мен өле калсам мынау шабдар аспан, шабдар аспанда қалықтай ұшқан қара құс, анау боп-боз көсіліп жатқан даланың күйі не болар еді. Олар да менімен бірге құрыр ма. Құриды ғой. Әйтпесе, көзімді жұмсам болды, жоғалып көрінбей калмас еді. Мен өлсем дүниенің бәр-бәрі жоғалып қалатындай. Бірақ Айдос ағайым өлді, біз шапқылап жүрміз, онымен қоса құрығанымыз жоқ. Ендеше, мен өліп кетсем де тіршілік бәз қалпында жалғаса берер. Күн өз орнынан шығып, өз орнына батар. Ендеше, менің өлімім еш аламанды қорқыта алмайды. Сонда не үшін жасауым керек. Өзім! Өзім! Бекер. Онда Бөкенші-Борсақты кім құтқарар еді. Демек, мен әйтеуір бір адамға, әйтеуір бір игілікті іс жасауға керекпін. Әулие-анам айтып отыратын: марқұм Олжай-ерімнің ағасын өлгеннен кейін ғана адам деп танып ек. Өлген соң бәріміз де аяулымыз. Тіріде қадірің білінбейді. Сондықтан «өлген сиырдың барлығы сүтті» деп мәтел шығарып алды бұл халық. Тек жауыңның ғана өлімі сүйкімсіз болып қалмақ».

Күн тағы да суыта бастады. Сары інген ілби басып шығысқа беттеп барады.

Ымырт үйіріле жел тұрып, бағанағы әр тұста іріп-іріп жүрген бұлт қауымдаса келіп, аспаңды шымқай қарасұрлап күрегейлеп алды. Даланың күйісі кете бастады. Жандос түйенің басын тежеп, шөгерді. Солқылдақ жүріс шайқап ұйықтап жатқан Бөкенші-Борсақ қыңқылдап жылаған соң, інгенді сауып, саумалын ішкізді. Екі інісі жағы босағаға тигендей зарлай бере ме деп еді, қайта тынышты екен. Саумалға сықай тойып алып, түйенің ырғағымен ес-түссіз ұйықтай береді. Жел өтіне көлденеңдей шөгіп жатқан аруана жалмаң-жалмаң күйсеп, тағдырының ендігі ноқтасына көндіккендей. Игілігі мол киелі іс атқарып, өз елінің тірі жетімектерін жапан түзге тастамай алып қашып барады. ық жағын паналап, қос інісін бауырына жасырып дірдектеп отырған қаршадай ұл өз анасындай ардақ аруана тапқанына шексіз қуанулы. Осынау таңғажайып сапарда түйенің тигізген пайдасы ұлан-ғайыр және бұл ақырғысы емес те. Түйенің ық жағында қалғып-шұлғып отырған Жандос тал бойынан әлдеқашан ұшып кеткен қорқыныш атты құстың қайтадан қонақтай бастағанын сезді. Өне бойы мұздап, сұп-суық тер шықты. Ол ауыра бастап еді.

Ол ауыра бастағанын сезді. Түн түнерген сайын шошына түсті. Алағызған көңілін әр нәрсені, өткен-кеткенін ойлап баспақ болады. Бәрібір белең алған қорқынышқа тосқауыл болар күш жоқ екен-ау.

Қорқынышқа тосқауыл болар тек, ақыл ғана… Ал баланың ақылы әлі балаң болса ше? Онда ол жүрек тоқтата алмай, елеңдеуді ғана білмек. Дегенмен батырға да жан керек. Қорқу мен қуану бірдей дейді білгіштер. Білгіштер айтады: адам қорыққан сайын мынау ию-қию өмірге керектігін парықтайды. Қайғыдан қуаныштың артық жері қайсы? Жандостың есіне шешесі айтқан әңгіме түсті: – Сенің әкең, – деген ол, – сенің әкең жас шағында көзсіз ер еді. Қазір тайсақ қой. Қартайғаны шығар. Мен алғаш келін боп түскен жылы барысты тірідей жетелеп келіп еді үйге. – Сонда Жандостың бойын сондай болсам деген алапат әуестік билеп:

– Қалайша? – деп сауал қойған.

– Қалайшасы бар ма… Оң қолына қолтығына дейін тұтас- тырып бірнеше қабат қыл арқан орап, қамыстағы барыстың жымына барыпты. Сол қолына канжар ұстап, өзіне тура атылған барысқа арқан ораған оң қолын ұсына қойыпты. ызалы аң қолды өңешіне дейін қапқанда тілінен ұстап үйге жетелеп келген. Қыл арқанға тісі өтпейді». – Жандос дәл қазір сенген жоқ сол әңгімеге.

Аса қауіпті айдаһардай аранын ашып азынаған түн бастал- ды. Түннің осы қалпы көр секілді жанға жат, тәнге салқын. Жел уілі қайғылы даланың шерлі бір күйін шертіп, зор түңілістің, мәңгі өкініп өтер өксіктің жырын айтып тұр. Қазір дала жоқ, тек қапас түн ғана еркіндік алған. Мұндай қоқайдың талайын көрген аруана ызың-ызың желді, тозақты түнді қаперіне алып мизер емес. Кабырғалай соқкан ызғырықтың бетін қайтарып, балаларға пана жасап жатыр. Жандос өз тумысында жападан- жалғыз далаға қонғанына үшінші рет. Неге екені белгісіз, далаға неғұрлым көбірек түнеген сайын, солғұрлым уайым меңдеп, елегізуі күшейе бастаған. Еліне жақындаған сайын тәтті бола бастаған жанын әлдеқашан екі інісінің жолына садаға еткені қайда? Емен ағаштың майысқаны – сынғаны, қорқудың төркіні ездікке тірелер болар. Оның есіне шешесі айтып отыратын тағы бір әңгіме оралды. Айпара-ана айтатын: баяғыда күйеуі қотанға отырар қорқақ, әйелі жойпаң біреудің үйіне ұры түссе керек. Сонда ұрымен сартылдатып, шайқасып жүрген қатынының артынан тас қылып ұстап алған ынжық неме: «Қатша, құйрығыңды маған тақап соғыс», – деп жабысып айрылмайды екен. Сөйтіп жүргенде ұры қашып құтылса керек». Жандос зормен жымиған. Көңілді күпті қылған күдік бәрібір кетер емес. Безгегі ұстағандай қалшылдап ауырып та отыр.

«Егер қасқыр шапса, не айла істеймін» деп ойлады. Өз ойынан өзі сескеніп, артына жалт қарағанда тұнып тұрған қараңғының қуысынан жарқыраған қос ноқат көрді. Қып-қызыл ноқат бірте- бірте жақындап келе жаткан секілді. Зәресі ұшқан Жандос қапелімде ышқырындағы пышағына жармасты. Бірақ әлгі Қызыл ноқат неге екені беймәлім алыстап қашаң тартып бара жатыр еді. Қасқырдың көзі түнде от болып көрінетінін естіген.

Мүбәда, қасқыр түйенің үстінен секіріп кетсе, хайуан қайтып тұра алмай шойырылып қалады екен. Бұл жердің қоналқы болуға ыңғайсыз екенін сезген ол сары інгенге қайта мініп, ілгері тартты. Жол ұзақ еді. Дала кең еді.

Үшінші түннің таңы құланиектене бала қоржындаған Жандос Қоғалы көлге келіп жетті. Көл жағасында жайрап жатқан калың ел ызым-қайым баяғыда-ақ көшіп кетсе керек. Сарғайыңқырап жұрты ғана қалыпты. Әр жерде шашылып, қоқыр-соқыр, малдың қиы жатыр. Жандос түйені шөгеріп тастап, ұзақ сәйірледі жұртты. Тұңғыш рет қарны ашқанын сезді. Бір үйдің орнынан қатып-семіп қарала-торала боп жатқан құрт тауып талмады. Мұрнына қымыз, бүлк-бүлк қайнаған ет иісі келгендей болды. Өздері үй тіккен орынға барып отырды. Көңілі босап алғаш рет көзіне жас алған. Қоғалы көлді қыстап қалатын бірер шүрегей жүзіп жүр. Бұл жердің қожасы тек дарақы қарғалар ғана секілді. Өңір құлазып, мұңлы күй жайлаған. Неше күн бойы аузына нәр салмай өзін де, екі сәбиді де түйенің сүтімен асырап келе жатқан Жандос жалғыздық зарын енді ғана шеккендей. Жылыүй, шым-шым сорпа… Шыдай алмайды-ау. Жер бауырлап өксіп-өксіп ұзақ жылады. Бұған не болды дегендей маңқайып қараған аруанадан өзге жанашырсыз жатқан қара бала жердің ыстықтығын, сол қара жерде көшіп- қонып тірлік еткен елдің қымбаттылығын зерделеді. Ол мынау кең даланың пәтуасы жоқ пәлелігін, басқа тиер гүрзісін көкейге түйді. Адамды уақыт емес, уақиға қартайтатынын білді.

Жер бауырлап жылап жатқан бала: тағдырдың, сол тағ- дырдың мұрнын тескен тайлақша елпектеп құлы болып жүрген адамдардың бір-біріне қатыгездігін; қарашаның күнінен түні, түнінен күнінің қатал, әрі суықтығын; пенде дегенің өлмеген соң сең соққандай сенделектеп жүре беретінін; ал анау жер мен көкте сүйретіліп сықап жатқан бұлттың көктем бұлтына әсте оқшамайтын сұрқайлығын; мынау дарақы қарғалардың әрі жексұрын, әрі көмпіс қара-байырлығын; аққу-қаздан айрылған көлде ешбір сән-салтанат, ешбір көсілген көркемдік болмай жетімсіреп калатынын әмбе осы мұңды көл мен өзінің қазіргі хал-қадірі тым ұқсас екенін бағамдады.

Жер бауырлап жылап жатқан бала: ит арқасы қиян – анталаған жау, абалаған ит ортасынан шыбын жанын шүберекке түйе жүріп, түн демей, күн демей безектеп, қойнына жасырып ала қашып бара жатқан Бөкенші-Борсақ құдай сақтап аман- есен өсе қалса кімді жарылқар; біле-білсе, дұшпанның қанды шеңгелінен алып шыққан Жандос ағасының төбесін көкке жеткізбес пе… осылар ержетіп, еліне қорған болса қандай мерей; Жандостың еңбегі ақталғаны ғой; мүмкін жат бауыр, қатыгез болып кетер… оның бетін ары қылсын… онда Бөкенші-Борсақты Жандос өз қолымен бауыздайды – осыны бағамдады.

Жер бауырлап жылап жатқан бала: «туған жерден айрылып, босып бара жатқан өскен елдің ертеңгі тағдыры не күйде, барар жері баянды болса ғой; көзін алартар дұшпан ол жақтан табылмас па; садағаң кетейін қазақтың жалпақ даласы-ай, жас баланың жөргегіндей сарғайып жатқан сықпытың мынау – кім-кімдердің табанын жалап, несібесіне айналар екенсің; жауыңның бәрі жоңғарша қаһарын төгіп, қаптай-шаппай, дос болып мүсіркеп, ішіне қанжарын байлай келсе қайтер едің; әй, бәрібір жас балаша қызарғанға, күле қарағанға мәз болып, салқар құшағыңды ашар едің, салқар құшағыңды аша-аша аш қаларсың; «қонағым артыңа қарай отыр» деген сөз шықпайды сенің аузыңнан; сенің жомарттығыңда шет-шек жоқ; ал, жомарттың қолын байлап, жолын тарылтар – дарақылық; садағаң кетейін қазақтың байтақ даласы-ай, сарғая тосып, көз жасын жылап тауысқан ананың қол орамалындай қан жұтып жатқан түрің мынау, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» да күндердің күні ұмытып, бодауы ада капысыз тірлікке көшер ме екенсің… сені ылғи да анау қалбақтай беретін қарғаларға балай беретінім қалай? қарға жиылып, қасқыр алғанын көрдің бе?… Мен кінәлімін туған жер, мен сенің бар қасиетіңе көзжұмбайлық жасаған шығармын; садағаң кетейін қазақтың қойдай жуас даласы-ай, сен менің көз алдыма құсбегінің қолындағы жемтікті елестетесің; сондығы болар, ит-құс саған әуес қой… Мен сенің тағдырыңды ойласам өлімге бас тіккім келеді; тіпті, өлейінші, өлейінші құдай!» – Өлген жоқ. Өйткені, ол дәл осылай ойлаған жоқ. Ойлай алатын ой-өре де жоқ. Ең аяныштысы сол еді…

Төртінші күнде аппақ қар жауды. Қар жауғанын Жандос алғашында сезбей қалған. Сары інгенді шөгеріп тастап бір сәт мызғып еді. Түйенің сүтіне үйреніп алған екі сәби де тырайып жатыр. Кеше ғана алкүреңденіп тұрған адырлар ақ кебінге оранып маужырайды. Тым-тырыс салқын да сазды күйде жатқан дала осы бір таң ала жауған ақша қарды бұрыннан-ақ сағынғандай, сарғая күткендей бойкүйез. Азанда жауған ақша қар мәрмәр ұнтағындай таза, күннің көзі түсіп еді сынапша жылтылдап, жабырқау тартқан өңірдің бойына қан жүгіртті. Карауытып қайғылы мұнар басқан бел-белестердің күңгірт түсі ғайып болған; көз қарықтырар шаңқан, қылау түспеген қыздың арындай кіршіксіз-тін. Неше күнгі ызың-ызың желден, сүреңсіз күз жауынынан мезі болған, қажыған даланың казіргі дидары Айпара-ананың жайнамазындай еді. Сол қыбыр еткен мал-жансыз ақтымық дүниенің арғы бір аспанмен әдіптелген шетінен қос ноқат болжанады. Қос ноқат алғашында қоңыздай ғана еді, бірте-бірте ұлғайып жақындай түсті. Олар да сонадайдан қарауытқанды көздері шалып солай қарай беттеген. Аппақ даланың дәл ортасында шөгіп жатқан түйе екеш түйенің екі өркешінде бір сауысқан, бір қарға қонып отыр. Жемтігінен айырған қос аттыға ауызға келгенін айтып, таңдайын қағып таңырқап, наразы болғандай ұшып кетті. Албасты басқандай аласұрған табиғатпен қоса арпалысқан түйе «жеткен жерім осы, ей жетімек. Енді менде хал жоқ, өзіңе сен» дегендей аса шаршаспен шөксе керек: төбеден салып қалғандай тұмсығын жерге тіреп ұп-ұзын болып сүйретіліп жатыр. Бір қызығы, түйе беттеп бара жатқан жағы күншығысқа артын беріп, басын құбылаға қарата шөгіпті. Мұнысы күншығысқа емес, ақтық демдерің таусылғанша құбылаға беттеңдер деген ишарасы секілді… Үстін жұп-жұмсақ қар басқан аруананың қос жанарынан аққан жас әлі суып та болмаған жып-жылы. Түйе өлгенге ұқсайды. Бірақ не кереметпен тыраң етіп, қабырғалай құламай шөкелеген қалпы тізесінен аумай жатқанына қайран қалды жүргіншілер. Жүргіншілер Жандосты іздеттіріп жібер- ген Айпара-ананың кісілері екен. Олар екі баланы қолына алғанда шырқырап жылады-ай дерсің. Жандос ессіз ұйқыда. Жұлқылап әрең дегенде оятып алды. Ояна келген Жандос сасқалақтай пышағына жармасты. Өз елінің адамдары екенін танып, бас салып көрісті. Ол көпке дейін өксігін баса алмай солқылдап жылап тұрды. Төрт күн жан жолдас; жан серік болып, төрт күн ит-құсқа жегізбей қас-дұшпанның қанды шеңгелінен алып қашқан түйені өлдіге қимай, екі азаматқа тұрғызыңдар деп әмір берді. Екеуі келіп өркештен тартып қалғанда сылқ етіп аунап түсті… Аруананың өлімін Жандос қатты азалады. Шынында да өте аянышты, әрі таңғажайып тамаша өлім еді! Ол хайуанның ауырмай, ашықпай не себептен жантәсілім бергенін түсіне алмады, неге жорырын да білмеді. Мүмкін, сағыныштан шейіт болған шығар. Бар қолынан келген қайраны «ит-құсқа жем қылмай қайта айналып келіп көміп тасталық» деді.

Аруананың топырағы торқа болары сөзсіз: өз ботасынан айрылып жүрген бейшара, адамдардың бейбастақ қылығынан қаншама жиреніп, жерісе де сол қанағатсыз пенделердің құлы екенін мәңгі мойындап, карызын өтеді; канышер қатыгездерге өкпелеп, қорғансыз мұңлықтарды өлімге қиғысы жоқ; ол – аналық, аруаналық борышын өтеді; сол игілігі мол, жасампаз іс жолында құрбандыққа шалды өзін. Қандай салтанатты өлім десеңізші!

Аруананың топырағы торқа болары рас: басын құбылаға беріп жан қинап, мандырамай көз жұмған хайуан бүкіл бір ұрпақтың бабасын арқалап келгенін сезсе ғой шіркін; Жандос пен Бөкенші-Борсақтың кейінгі өмірі не болды, қандай ұрпақ тарады, олар айрандай ұйып тірлік кешті ме, оны білгіңіз келсе ұлы жазушымыз мұхаңның «абайын» оқыңыз; қайран сары інген, сен «абай жолын» бастап берген екенсің-ау. Не деген салтанатты өлім десеңізші!

Аруананың топырағы торқа болатыны рас: күншығысты беттей жосылып кеткен уақ-шуақ салқар көштің ең ақыры болып, маңыған сары інген сол бір ерқашты қылған ырғақ пәтуасыз кезбеліктің түбінің қайыры жоқ каңғып өтер қайран тірлік екенін күні ілгері болжағандай ерте аттанды бұл дүниеден; ерте аттанғанымен өз қажыр-қайратын сарқып берді; ол болашағына, анау көшті қуып жеткенде көрер мамырстан күндеріне сенбеді білем: ақ тілегіндей, адал еңбегіндей аппақ қарды ең соңғы рет көрді де, демі таусылды; ол енді қайтып оянбайтын мәңгі ұйқыға аттанарда өлген ботасын іздеп, ұзақ боздаған; бірақ бұл үнге Жандос оянбап еді; ұзақ боздап жатып ағыл-тегіл жылаған, қор болып жылаған; сонда да тұяқ серпіп қиналмады, төрт аяғын серпіместен бүгілген қалпы жатты; жылдар бойғы шеменделген кесепаты мол ашудан түйілген сары даланың жұмылған жұдырығындай еді. Не деген ардақты өлім десеңізші!

Аруананың топырағы торқа болмайтыны және рас: шығысқа жосыған қалың көш қайта қайырылып, түйенің өлімтігіне келе алмады; алакөз боп қызғанысқан қасқырлар, қанға карқ болған карға-сауысқандар жүрді шырғалап; қарға мен сауысқан өзара кетісіп те қалды; өлексені алғаш иемденген қарға олжасын саудалай бастады; қарға айтты: түйенің бір жақ көзі қ-ы-рық сом; сауысқан айтты: тым-тым қымбат екен, тым-тым қымбат екен; касқыр айтты: былжырамаңдар, сендерге дым да жоқ, өзім арғы беттегі ұрым-жұрағатымды көшіріп әкелемін; сөйтіп сары інген бөліске түсті. Бұл не деген опасы жоқ өлім десеңізші!

Айпара-ана: «Кейінгі ұрпақ сендерден түңілген едім. Оным бекер екен. Сендердің қажыр-қайраттарыңда шек жоқ екен. Оны Жандос дәлелдеді. Ұлым менің, жігіт екенсің, сен енді жігітсің… жігіт-ақсың.

Бөкенші мен Борсақты жат қолына тастамай, өгіздей өрге сүйреп келдің. Ол да бір алла-тағаланың жар болғаны, көз жасымызды көргені шығар. Мен ойлаушы едім, осы жаман немелер барған сайын жатбауыр болып азып барады, бір- біріне сәлем бермей қара басының қамымен кетер-ау деп. Мен ойлайтынмын: әркім өзі шығар тауының биіктігін көксеп, кім ертсе соның жетегінде, итаршысында кетер-ау деп. Құдай таупиық бергенде оның беті ары болатын секілді. Менің ұрпақтарым намысын қолдан бермейтін, ожданы таза, діні берік күйде баз кешпек. Менің ұрпақтарым бірер сүрініп барып, үшінші рет жігер отын жағар. Мен болашаққа әсте сенбеуші едім. Оным да бекер екен. Ұрпағымның көзі, ей алла, бұдан жүз жыл кейін ашылар, мың жыл кейін ашылар… Әйтеуір ашылар… Ашылар. Тый көз жасыңды, ей еңіреген ел, ата-баба қонысын жоңғарға бермей, тас-талқан етер ұлың бар. Жаралы екеніңді білемін. Батыр ел әмсе жаралы болмақ. Шалқайғанға шалқай – пайғамбардың ұлы емес. Еңкейгенге еңкей – құдайдың құлы емеспісің. Жеріңді тастама – жетім қалар. Ашыққан арыстанның шөп жегенін көрдің бе? арғымақ мінген азаматы бар елдің ақыретсіз қалғанын көрдің бе? Сол кезең туған да шығар. Көз жасыңды сен де тый, сайын дала, құдайға шүкір, Жандостай ұлың тұрғанда туырлықтай мүшеңді бермейді жауға. Ей, қазанат, жал-құйрығыңды шаң басып, сүмірейме, әне Жандос келе жатыр, қолтығыңды жазарсың. Құлағыңнан садақтың ызыңы емес, самал жел еседі. Жыламаңдар! мен-ақ жылайын. Мен қуаныштан жылайын. Жандос есен-сау оралды. Уа, қаңсып қалған жанарым шылансын бір. Ал, мен жыладым… жыладым… жыладым…»

Сонсоң Айпара-ана ботасын жоғалтқан аруанадай алғаш рет боздап тұрып, құбылаға қарап қолын жайып, мына бәйітті айтты «Ей алла’ Барша ғаламның арманына жеткені сияқты, ақ ниетті күнәсіз елдің мүскінін есіркеп, біздей пақырлардың арманына рахымыңыз түсе берсін, уа, ұрпағымыз қарам пиғыл- істен, пәле-жаладан аман болғай. О дүние, бұ дүниенің иесіне әмин!»

Көш күншығысқа беттеп барады. Жол ұзақ. Дала кең.

Оралхан Бөкей

1968 жыл

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *