Жусан мен шағыр басы бүрісіп, көгі қашып, сояуы көрініп қалыпты. Аспанда бұлт желіндемей қырық күн шілде шыжғырған соң қайтсін, ат тұяғына ілесіп шырт-шырт сынады. Құбыладан ескен майда леп шашаға жетпес ұлпа шаң көтереді. Күн еңкейіп, көлеңке басы ұзарғанмен ауыл қарасы көрінер емес. Көлденең жатқан төрт-бес қырға тұяқ тіреп барып жеткізер. Сырым мен Қаратау алыс сапардан жолсоқты болып қажыды ма, әлде көз шарасына сиыр жерде шөлбасыпөтербірқарашаүйдіңжоқтығынаназырқанды ма, әйтеуір әңгіме түбін қаққандай үнсіз қалған. Сол бие сауым уақыттан бері Қарекең кертөбелдің беліне қаршығадай болып қонып, жанындағы екі аттыдан торғай адым болса да ілгері келеді. Сырым жымың етіп, есік пен төрдей бурылдың тізгінін ірікті де, қамшылар жағында келе жатқан атқосшы жігітке сыбыр ете түсті.
– Қареке, – деді жүзіне шырай тепкен жас жігіт ат құлағын теңестіріп, – бүгін батырдың атының мойны озатын күн еді. Бүлкілдеп алға түсіп кете бересіз. Шамасы, кертөбеліңіз ауыздығымен алысып келеді-ау деймін!
– Шырағым, қара қарға шын ықыласың құлап атсаң қаздай көрінер, кәрі қатының алыс сапардан сағынып келе жатқанда қыздай көрінер. Сұрағанмен Сырым маған жас тоқалын бере ме? Кемпір де болса аңсап келем.
Мұны естіген батыр бозшулан даланы басына көтеріп күліп жіберді.
– Қара сөзден қаймақ алған, қаспақ қырған қайран Қарекем-ай!
Алдан аңқылдақ кешкі самал есті. Тыныс кеңіп, бойы сергіген Сырым манадан бері көңіліне жабысқан бір сауалды биден білмекке мойын бұрған…
Мана Бекмағамбеттің үйінен түстеніп аттанысымен екі шағыл асып түскен бұлар айдалада тұрған жалғыз молақ ағашқа келіп тізгін тартқан. Заманында аспанға шапшыған зәулім бәйтерек болса болған шығар, түбі қарлы кісінің құшағы жетпес тым жуан. Найзағай түсіп өртенгені жұғыны қалған күйе мен жаңқаланып шорт сынғанынан-ақ көрініп тұр. Тізерлей кетіп дұғаны алыстан қайырған Қаратау ағашты айналып ақтық байлап жүріп:
– Садағаң кетейін, бабам-ай, бармысың? Кейінгі ұрпағыңды желеп-жебеп жатқайсың, – деп көзін кәдімгідей шылаған.
Батыр іштей мүдірді. Жапандағы жалғыз ағашқа бидің бордай үгілгені несі? Ескі аруақтар жатқан мола болса бір жөн. Діні берік жанның сақалына жас қондыратындай бұл қу қарағайда не қасиет бар?
– Иісі Ысықтың ұранына айналған бәйтерек бабамыз сол ағаштың астында жатыр. – Би әңгіменің турасына көшті.
– Апыр-ай, шын сөзіңіз бе? – Батырдың төрт өрме тобылғы сап қамшысы бурылдың сауырына барып қалды.
– Алхамдулла, ақиқаты сол. Бұрын естімесең, айтайын. Ілкі өткен шалдардан құлағымызға қорғасын боп құйылып қалған сырдың төркіні, міне.
…Көк шалғында ақ жамбыдай боп қаз-қатар тігілген қонтайшының ордасы. Іші қалы кілем мен қытайдың көз арбаған патсайы жібегіне малынып тұрған соның біріне он шақты қазақ келіп түскелі сәскеден ауып барады. Ара-тұра есіктен басын көрсетіп жоғалатын бітік көз, домбық бет қарадан басқа жан баласы жоласа ше? Қазақ жағынан бітімгерлікті бастап келген, жүзі ақ қайыңнан ойғандай көрікті жас батыр мына майлық-сулыққа бірдей қараның сыпылдақ қимылынан секем ала бастады.
Иә, жаулықпен келіп қоныстанған жоңғардың сыры бұған мәлім. Іші қалтырап тұрса да сырты жылтырап дөңайбаттан жазбайды. Жер деп, аузын үріп, аяғын сыпырған ақ-адал мал үшін деп дүрбіттің қай батырымен найза салыспады, кек алыспады? Қажаса-қажаса екі жақ та титықтап, ақыры жаз жайлау, қыс қыстаудың ара жігін бөліскендей боп тыншыған. Алдамшы бәтуа боп шықты. Төрттағандап тұрып қалған жерінде әл жинап, әлекедей жаланып алысымен жоңғар жағы қиқуды тағы да күшейтті. Қылқұйрықтыны құрық көтере қуып ішке асырып жіберді де, түйе көрдің бе, жоқ, бие көрдің бе, жоқ десіп мүлги қалады. Тіпті қазаққа дегенде көзінің қарасын жоғалтып, тек аласын көрсетіп ыдырынып, жалғыз-жарым кезіккеннің күпісін түтіп сабап жіберетінін қайтерсің?! Екі ара сонау тышқан жылғыдай қатайып, ушыға бастаған соң сөз жүріп, қонтайшы ақыры бітімге кісі шақырған.
Бұлар алдағы арбасуы мен ығысуы мол тартыстың ау-жайын ойласып ақ ордада жатқанда бітік көз, домбық бет қара қонтайшының алдына шөкелей жығылған.
– Иә, айт, келген қазақтарыңның басшысы кім? – деді селдір сақал, сұйық мұрт қонтайшы темір кереуеттің үстінде, мамық төсекке көміліп жатқан қалпы.
Төбесінде шоқпар тұрғандай бүгжең қаққан бітік көз, домбық бет қараның мысы басылып, даусы әдеттегідей мияулап шықты:
– Мырзам, соңғы қырғында үш батырымызға бірдей қан құстырған әлгі… көрікті қазақ бар ғой, әлгі… соның өзі!
– Не дейд?! – Селдір сақал, сұйық мұрт қонтайшы жастықта домалап жатқан басын оқыс жұлып алды. Оң жақ көзі ұясынан шатынай шығып, құтырынып, бет терісі жыбыр қақты. Кереуеттің аяқ жағында жайма-шуақ қымыз сапырып отырған бәлекейінің1 өзінен бұрын үстіндегі көйлегі үріккендей етегі рабайсыз желпілдеп жатты.
Қонтайшы бет терісінің жыбырын басып барып тілге келді:
– Қазақтарға ата салтымызбен сый көрсетіңдер.
Өзгесін сосын естисің. Жөнел!
1 Бәлекей – төртінші әйелдің атауы.
Іле-шала бір топ жігіт қауқылдасып жетегіндегі жалғыз қара тайды қазақтар түскен ақ орданың алдына әкеп байлаған.
– Қонақтар, бата беріңдер! Кәне…
Бет сипатып үлгерген жоқ, жоңғарлар екі жарылып, қара тайдың мойнындағы қыл арқанды табан тіресіп шірей тартып жіберді. Сауырынан бит домалардай боп семіріп, жылт-жылт еткен жануар оқыс тұншығып шатқаяқтап туласын. Қыл арқан жіңішкеріп, талма мойынды сығып барады. Бұлқына шыңғырып еді, танауынан қызыл қан дірдектей шапшыды. Омақаса құлап, тыныс үзді.
Мына тағылыққа жүзі шыдамаған қазақтар денесі құсеттеніп сырт айнала берген…
– Астау толы еттен бір жапырақ та ауыз тиген жоқ.
Арам өлгенді жемейміз десті, мырзам.
Аяқ жағынан мияулап шыққан дауыс қонтайшының көңіліне желік бітірді. Кеңкілдеп күліп еді, жалпақ мұрны беттің жартысын алып кетті.
– Бөрік алып қашқандай ғана шабысы бар жаман қазақтың бұтқа толуын көрдің бе? Ендеше, ертең қой сойыңдар! Бар!
Алакүлік оймен төсегінен тұрған бітімшілер алдына тағы бір жоңғар қауқылдасып жүріп құйрығы тегенедей ақсарыбас ісекті жеткізді.
– Қонақтар, бата беріңдер! Кәне…
Тағы да бет сипатып үлгерген жоқ, бірі момақан тұрған ісектің қолтығын қанжармен сөгіп жіберіп, екі қабырғаның арасынан қолды салды дейсің. Жұлқынған ісектің жүрегі ұстатпай жанталасқанмен, тар кеудеден ұшып қайда барсын, ақыры аяусыз алақанға ілінген. Үлпіл қаққан бір шөкім етті сығып-сығып жіберуі мұң екен, ақсарыбас бір маңырап тырапай асты.
– Астау толы еттен бұ жолы да бір жапырақ ауыз тиген жоқ. Әзірге сіздің қош алмайтыныңызды естісімен суыт аттанып кетті, мырзам!
Әншейінде бас терісін қаралай құрыстыратын мияулаған дауыс бұ сапар қонтайшының құлағына сондай сүйкімді боп естілген.
– Шақыр жүзбасыны!
Шойжелке дәудің табалдырыққа оң аяғын сала беруі мұң екен, қонтайшы саңқ етсін:
– Әй, аналар кетіп барады! Қанға – қан! Құныкерді сірке сыққандай ғып тастаңдар!..
– Жоңғар!
– Сары масадай самсап келеді!
Қашса құтылмасын білген он шақты қазақ тырнауыштың тісіндей шүлдіреп жүз қаралы әскерге қарсы найза тіктеп тұра-тұра қалысты.
Айналаны сапырған ала құйын қас пен көздің арасында өтті де кетті. Ысқырып, үрей шашып келген садақ оғы тар қолтығынан қадалған батыр ғана ат жалынан ауып бара жатты. Өзгесі ер үстінде.
Қаз-қатар қойылған шашақты найзаның үстінде келе жатып жүзі ақ қайыңнан ойғандай көрікті ер дембіл-дембіл талықси берген. Буынып өлген қара тай шыңғырып кісіней ме?.. Жүрегін жұлдырған ақсарыбас ісек маңырай ма?..
– Баһи кешкен тұсқа жерлеңдер… Моламды тегістеп кетіңдер… Дұшпан сүйегімді қорлайды… – деді есін бір жиып. – Жоңғарға мені емес, биді жұмса деп едім…
– Кейін қалай табамыз, ойбай?! – деп жанындағы аузы жылдам біреу бажылдап жіберді.
– Оң уысымды жазбаңдар… Тал өсер, бәйтерек болар… Содан…
Қайтып тілі кәлимаға келмеді.
Ақшам жамырай батырдың аманатын орындаған үзеңгілестер жас топырақты алақан қырымен тегістеп, үстіне қаңбақ аунатып жатты…
Араға үш жыл салып ағайындар іздеп барған екен, айтқандай жас шыбық бой түзепті…
Қаратау би өз-өзінен шөгіп, маңдай әжімі батып Сырымға назар тіккен.
– Кейін алып бәйтерек боп ержетті. Ол да қартаяды екен. Жұқанасы тұр.
– Апыр-ай, Қарекем-ай, есіл ердің азан шақырып қойған ныспысы кім болды?
– Ол ұмытылған. Тек «Бәйтерек» атанып, ұранымызға айналды. Сол қалпында жасасып келеді…
Кешкі қызыл араймен таласып алдан ақбоз үйлердің төбесі көрінген.
Рахымжан Отарбаев