Ізгілік сапарына ерткен рухани ұстазымның бірі Дулат Исабековке!
Бар пәле Гогольдің «Үйленуінен» шықты. Қаламының сиясына бойдақтардың мұңы мен пендешілігін езіп құйып жазған пьесасы ғой. Николай Васильевич некесін қия алмаған бейбақтардың бағын ашамын деп қазақ драма театры жанталасып жатты. Жанталасатындай да жөні бар. Мәдениет министрлігінен «Ұлы жазушының осы пьесасын сахнаға шығарыңдар, шығарыңдар да Агафья Тихоновнаның ролін ойнаған актрисаны дереу «Құрмет» орденіне ұсыныңдар» деген пәрмен кеп түскен. Гәп қайда?
Бұл хабарды естігенде алдымен театр директоры буыны босап, орнынан үш ұмтылып тұра алмай қалған. Абдырап, бір тал шашы шашау шықпайтын таза күмістен құйғандай аппақ басын сипалай берді. Есесіне қапсағай бойлы, құс тұмсық, қылқылдап сөйлейтін бас режиссер:
– Гениально! – деп айқайлап жіберді.
– Жазған-ау, неңе мәз боласың? Бұрын-соңды қоймаған ауыр спектакль. Оған лайық киім-кешек қайда? Жасау-жабдық ше?
– Табасыз. Бұл – анау-мынау емес, министрліктің тапсырмасы. Орден бергелі жатыр, − деп бас режиссер бір көтеріліп кетсе көпке дейін қона алмай қоятын әдетімен шымқай қызыл бешпетінің тиегін ағытып, құлашын кеңге жайып жіберді.
– Өй, сен де… − деп шарасызданған театр директоры телефонның тұтқасын бір алып, бір қойды.
– Бұл рольге лайық артистеріміз бар ма?
– Агафья Тихоновна, Подколесин, Яичницалар қаптап жүр емес пе?
Театр директоры бір тал шашы шашау шықпайтын таза күмістен құйғандай аппақ басын сипалап тағы бір уайымның шетін шығарды.
– Басты ролдегі Агафья Тихоновна жалғыз. Демек, оны бір ғана актриса орындауы керек. Орден де біреу. Міне, мәселе қайда? Онсыз да роль жетпей атақсыз қалдық деп күнде құлағымызды кеміріп жүретін әйелдер енді қырылып өлетін болды ғой. Соны неге ойламайсың? Әлгі бай таңдайтын Агафьяның жасы нешеде өзі?
– Отызға жетер-жетпес.
– У-ух! – деді театр директоры кәрі қыздың бар салмағы өзіне түскендей, күрсінісі мен күңіренісі айырғысыз. – Ол роль жас актрисалардың біріне бұйырар. Орденді өңіріне жарқыратып сол тағар. Ал сахнада қартайған әпкелері ше? Оны кешіре ала ма?
– Абырой да ортақ, орден де ортақ, − деп бас режиссер құс тұмсығын көкке тіреп тұрып алды.
– Бұлар ортақ қып байды бөлісер, ал орденді бөлісе алмас. Онсыз да іштей жарылып, өздері екі-үш жік боп жүр… Қып-қызыл дауға қалдық десеңші!
– Өздері білсін.
– Осы рольді тәжірибесі де, көркі де келісті Қызтуғанға берсек қайтеді?
Бас режиссер көк тіреп тұрған тұмсығын түсіріп, театр директорының жүзіне таңданып үңілді.
– Ол әпкеміздің жасы елуден асқан. Сыры кетіп, сымбаты тозған. Әрине, түпкі ойыңызды түсініп тұрмын. Амал жоқ…
– Гримді қалың салса… кім біліп жатыр?..
– Кешірерсіз, ол кісі кешікті. Галя, Таня, Даша мен Маша. Басты рольді осы төртеуінің біреуі ойнайды. Қайсысы мықты, сол алсын. Бағынан көрсін.
– Кассада көк тиын жоқ. Бюджет бекігенде қаралмаған қойылым. Қайдан білейін…
– Ендеше Қызтуғанды Фекла Ивановнаның роліне салайын.
– Мейлің. Көр өзің.
Бұл кезде мына ұлы жаңалықтан хабардар театрдың барша актрисасы Агафья Тихоновнамен ауырып үлгерді.
Ал, шындап келгенде, Галя Гогольдің атын шалашарпы естіген боп шықты.
Таня оның мұндай пьесасы барынан тіпті мақұрым екен.
Даша ұлы жазушының жинағын іздеп кітапханаға жүгірді.
Енді Маша болса Агафьяның өзімен түйдей құрдас екенін, оның да өзі сияқты күйеу таңдап жүргенін естігенде жүрегі жарыла қуанды.
Жасын өсіріп алып, басты рольден құр қалған Қызтуған болса аяқ асты қан қысымы тасып ауруханаға түсті…
Көпестің кәрі қызының роліне қаз-қатар бекітілген актрисалардың шындап келгенде бойы да, ойы да тіпті тұрмыс жайы да бірдей-тін. Ақсары өңді, күлімкөз, сыбай-салтаң. Төртеуі де жігіт атаулы өзімізге шақ келгенімен талантымызға шақ келмейді деген пікірде. Бәрі де күн сайын түс көреді. Бір қызығы түстері де бір-бірінен аусашы. Ылғи ақбоз ат мінген жас мырзаның алдында толған айдай толықсып кетіп бара жатады.
Роль бөлінуі мұң екен, театр ұжымы үшке бөлініп шыға келді. Қуыс-қуысты сығалап, сыңараяқтап жүріп, біриықтап кіріп үш гримеркада жасырын жиналыс ашылды.
Театр директорының ыңғайындағы топтың жетекшісіҚызтуған-тын. Қаралай табаныңды қыздырған мына дүбір тыныш жатқыза ма? Өлердегі сөзін айтып, дәрігерлерден уақытша сұранып шыққан.
– Мені әлгі өсекші кемпір, көше кезіп Агафьяға бай іздейтін Фекла Ивановнаның роліне бекітіпті. Мұнан асқан басыну бар ма? Заманында Томирис пен Баян сұлуды, Әйгерім мен Ақтоқтыны ойнаған мендей жарық жұлдызға бұл не қорлық?! – деп Қызтуған әжептәуір дауыс шығарып жылап жіберді. Өрмекшінің торындай ұсақ әжімдер түскені болмаса ақсары жүзді еді. Құлағының ұшына дейін қызыларай шарпып, қалшылдап кетті.
– Су ішші. Сабыр ет, − деп сөзді дәл төбесінде сәбидің алақанындай ойма тазы бар артист алды. − Дұрыс айтасың. Үлкенді сыйлауды қойған. Еңбекті бағалау атымен жоқ. Енді кеп театрға күні кеше келген бір шүйкебас орден алады деп бәріміз сүрініп-қабынамыз ба? Жо-жоқ!
– Жарайсың! Осының бәрін бүлдіріп отырған – ана қатын құтаймай жүрген бас режиссер, − деп анаумынауға мейірі қана қоймайтын Қызтуған қайтадан көтерілсін. − Тұмсығын көкке шаншып болды. Тіпті бар ғой, Агафья Тихоновнаның роліне бекіген әлгі төрт қаншық та соның көңілдесі. Алма-кезек пәтерінен шықпайды.
Ақыры қызу талқылаудың нәтижесінде бас режиссер мен төрт актрисаның үстінен Президент Әкімшілігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арызданатын боп уәде байласты.
Бұл кезде театрдың келесі бұрышындағы гримерныйда кезекті басқосу өтіп жатқан.
– Бас режиссер – нағыз шығармашылық тұлға, – деп әңгіме тізгінін әп дегенде Олеся ұстаған. − Мен өзім киім цехының меңгерушісі болсам да о баста жұмысты актрисалықтан бастағанмын. Сондықтан білемін, білген соң да айтамын.
Осылай деп өзінің қоғамдағы орнын бір бекітіп алды. Бірақ бойы бір тұтам қысқа да, басы тым үлкен болған соң, комедиялық қойылымнан басқаға жарамай, амалсыз киім күзетіп қалғанын айтқан жоқ.
− Ол аса жауапкершілікті сезінгеннен де басты рольге осы тұрған төртеуіңді бөлмей-жармай, қатар ұсынып отыр. Біреуіңнің жұлдызың жанғалы тұр. Оны қалғаның қызғанбаңдар. Тілекші болыңдар.
– Осыны айтқан аузыңнан айналайын, апатай, − деп Галя, Таня, Даша мен Маша орындық жетпей тік тұрған қалпы сәмбіталдай майысып сала берді. − Қызтуғанды қайттік? Фекланы қарғап-сілеп, Агафьяға таласып жатыр ғой.
– Оған жел беріп жүрген – театр директоры. Басты рольді ойнап әбден дәніккен.
– Орден менікі депті.
– Тіпті шолақ жең ақ көйлегінің өңірін тесіп, әлден-ақ әзірлеп қойыпты.
– Демек, − деді мұрты үстіңгі ернінен асып аузына төгілген артист кесімді сөзін айтып, − дереу хат дайындау керек. Аты-жөнімізді көрсетпейміз. Ұжым атынан.
– Ендеше тілінен май тамып тұрған қаламы жүйрік бір журналисті табайық, − деді Олеся ылдым-жылдым. Ал театрдың үшінші бұрышындағы аядай гримерныйда халық артисі Арон Арысович өзіне қараған топты ұйытып тұрған.
– Бұл спектакль сөзсіз құлайды, − деді ол қызықыздымен. − Мұндай әлемдік классиканы алып шығу үшін қандай күш керек?! Қандай тер төгу керек?! Ал оның орнына театр директоры мен бас режиссер өзара сүзіседі кеп. Бірінің басшы сықпыты жоқ, екіншісі даңғой, барып тұрған дарынсыз. Онымен қоймай, айналасына айғыр үйір топ жинайды. Олары бір-бірін атарға оғы жоқ, ілінісіп әрең жүр.
– Көке-ау, енді не істейміз? − деп түкпірде бұғып отырған біреу жетім лақтың маңырағанындай етіп үн шығарды.
– Күтеміз. Өңірлеріне орденнің орнына ошаған қадаған кезде әлгі екеуін де қатар қуғызамыз. Мәдениет министріне өзім барып кіремін. Бар былықтың бетін ашамын. Оның тоқалы – біздің ауылдың қызы. Демек, туған күйеу баламыз, − дегенде Арон Арысовичтің жұмған жұдырықтай ғана бет-аузы гүл қауызындай ашылып, аяқ асты жайдарыланды.
Десе де, Мәдениет министрлігінің пәрмені қоя ма, роль алған артистер сөзін дереу жаттады. Киім тігілді. Декорация орын-орнына қойылды.
Қаншама аспанға шапшығанымен діңк етіп түсер жері сахна болған соң Қызтуған амалсыз Фекла Ивановнаның роліне ене бастады.
Халық артисі Арон Арысович Подколесиннің, дәл төбесінде сәбидің алақанындай ойма тазы бар артист Яичницаның, мұрты үстіңгі ернінен асып аузына төгілген Жевакиннің, шіли өткен ғасырдағы батырлардың тұлғасын сомдайтын қанардай дәу қара Анучкиннің образына еніп, қатынның зары өткен қақбастың кейпінде жүрді. Қалғандары сахнадан андасанда жылт етіп бір көрінер елеусіз рольдерді де қағып әкетісті.
Сөз жатталып, артистер сахнаға шығысымен бас режиссерден маза қашты. Қапсағай бойын екі бүк теп, құс тұмсығын көкке тіреп, атақырдай залда дайындықты бағады да отырады. Артистер жайдан жай отырғыза ма? Алғашқы бөлімдегі ел қыдырып, көше сыдырып көпес қызына күйеу іздейтін өсекші Фекла – Қызтуған сүйкімсіз кейіпке енбей, аяқ басқан сайын назданып, керіліп-созылып бітеді. Ал төзіп көр! Қалыңдық көруге келгенде керенау, кердең Подколесин – Арон Арысович өзінің күнделікті жүрісіне салып қутыңдап жүгіреді. Ал шыдап көр!
– Өңшең топас! Қанымды ұрттап іштіңдер! Осы спектакльден соң сендерді желкемнің шұқыры көрсін! – деп әншейінде қылқылдап сөйлейтін бас режиссердің ойбайлаған даусы атақырдай залды жаңғырықтырады. – Гогольдің аруағы атсын!
Бас режиссердің құлақты тескен ащы айқайын естіген сайын театр директоры кабинетінен шығып, бір тал шашы шашау шықпайтын таза күмістен құйғандай аппақ басын бір көрсетіп кетеді.
Бар қызық пьесаның бірінші бөлімінің соңын ала басталды. Агафья Тихоновнаның үйіне ентігіп алдымен Яичница жетті. Жетті де жасауы мол көпес қызына өзге бақталастарынан бұрын сөзін өткізгісі кеп:
− Сүйікті ханым, мұндай ауа райында жападанжалғыз отыру азап қой. Ал үйленген, бала-шағасы барлардың жөні басқа… Олардың өз қызығы өзінде, − десін. Десін де осы рольдегі дәл төбесінде сәбидің алақанындай ойма тазы бар артист Агафья – Галяның алдына кеп сызылып тұра қалсын. Осы көрініске дейін кәрі қыздың образын бар сымбатымен жарқырата ойнаған Галяның есіне өз өмірінде өткен баянсыз бір оқиға оралсын.
…Иә, айтары не, қараторы келісті жігіт еді. Айыбы – оның да дәл төбесінде сәбидің алақанындай ойма тазы бар еді. Оқу бітіріп келген жылы бір тойда танысқан. Іштей ұнатқан. Ұнатқан жанда ерік бар ма? «Күн жарқырап тұр. Кеттік, қыдырайық…» десе ере жөнеліпті. «Жаңбыр сіркіреп тұр, рақат. Көше кезейік. Кафеге барайық…» десе тұра жөнеліпті… Бойына бала бітіп, үш ай толғанда есін жиды. Жиғаны құрсын, бәрі кеш. Қараторы келісті жігіт балалы-шағалы боп шықты. Табанының астына сынап төккен сұйық екен. Мұның жанын жаралап, жазықсыз нәрестені абортпен өлтірген оңбағанның енді мүләйімсіп келіп тұрғанын көрдің бе?
– Абройымды төгіп!.. Масқарамды шығарып!.. Мә саған, алаяқ! – деп Агафья − Галя қалшылдаған қал пы Яичницаны жақтан қондырсын.
Қапелімде мұндай әрекетті күтпеген артист жанындағы орындыққа сүрініп, шалқасынан гүрс етіп жығылды.
– Агафья, сучка, рольден неге шығасың?! – деп бас режиссер шашын жұлып жатты. – Кел орныңа! Баста қайтадан! Ассистент, қайдасың? Тұрғыз ананы жатқан жерінен!
– Ойнай алмаймын. Құрығанда Агафьясы құрсын! – деп Галя иығына жамылған желекті лақтырып, еңіреп жіберді. – Шыдамым жетпейді. Таняға бер бұл рольді. Жерде жатқан желекті жамылып сахнаға жүгіре шыққан Таня бірден үйіріле жөнелді. Рольге енгені сондай, Яичницаға күлім қаға тіл қатып, тіпті әлгінде оқыс тиген шапалақтан қызарып кеткен бетін үлбіреген алақанымен самал ескендей сипап өтті.
– Гениально! – деп бас режиссер қараңғы залда бас бармағын шошайтты.
Әдемі ойынның әрін Жевакин қашырды. Яичницаның ізін суытпай сөз алған Балтазар Балтазарович:
− Шіркін, Сицилия! Сүйікті ханым, сіз буырқанған теңіз толқындарымен жақсы таныс күйеуге шығуға қалай қарайсыз? – деп алдын кес-кестесін. Мұны естіген Таня селк ете түсті. Мұрты үстіңгі ернінен асып аузына төгіліп тұрған артиске шоши қарап, «Ах!» деп шоқ басқандай шегінсін.
…Ах! Мынау соның аумаған өзі ғой. Сөзін көрдің бе?.. Вахталық жұмысқа келген түрік жігіті-тін. Мұның көңілін сары майдай еріткен. Екеуі емінеркін ойнап-күлген. Еліне шақырған. Болашақта үйленеміз дескен. Ауылдағы әке-шешесі қызына батасын қақтап беріп қалып еді-ау. Бүкіл ұжым бақ тілеп еді-ау… Бара Босфор бұғазына шомылып, аппақ алтындай құмына аунаған. Сауық-сайран құрған. Әдемі басталған ертегі еді. Әттең… Бір кеште сол сенген сүйіктісі түрік сұлуының етегіне еріп ізім-қайым жоғалды. Жат өлкеде жалғыз қап, қадірі қашып, әупірімнің күшімен кері оралған. Енді кеп тағы да теңізге шақырып тұрғанын қарашы. Бетсіз ғой, бетсіз!
– Көргім келмейді сені! Салдақыға бола саттың!
Жоғал, тез! – деп өксіп-өксіп отыра кетті.
– Өңшең ауру! Бұлардың бәріне психолог керек, − деп бас режиссер құтырынып, бір уыс төбе шашын тағы да жұлып алды. – Қайдағыны айтып тұрсың, а?!
Бұл – Жевакин! Саған енді ғана сөз салып тұр! Сенің бұрынғы көп көңілдесіңнің бірі емес!
– Жоқ, жетер! Тойдым мыннан! – деп, неге тойғаны белгісіз, Таня сұқ саусағымен кеңірдегін бір сызды да сахнадан шыға жөнелді…
Сол күннен бастап бас режиссер ішіп кетті.
Үш-төрт күннен соң театр директоры амалсыз пәтеріне іздеп барған. Бас жағында қылқиып жарты шөлмек арақ тұр. Өзі майдан даласында құлаған ердей сұлқ түсіп жатыр. Көзін ашып-жұмып жарытымды жауап қатар болмады.
– Спектакльдің афишасы ілінді. Ел-жұрт тегіс құлақтанды. Бар-жоғы төрт-ақ күн қалды. Еш нәрсе дайын емес. Министрліктің бас маманы қатысам деп дігірлеп ол отыр, − деп театр директоры әбден жуасыды. – Басыңды көтер, айналайын. Құтқар бізді. Қазір барып жиналыс ашамын. Төбелеріне қамшы ойнатып аламын. Әлгі театр сыншысын да шақырамын. Көрсін. Кеңесін берсін. Өзің таңертең кел, кел де дайындыққа кіріс.
– Көргім келмейді соларды.
– Артист баққан тауық баққанмен бірдей. Айдасаң пышырап қашып аулаға кірмейді… Енді маған тынышымен зейнетақы да бұйырмас. Балағат естіп кететін болдым. Министрлік пен Гоголь түбіме жетті, − деп енді бәйіт айтып жыласын.
– Түнде Николай Васильевич түсіме енді, − деді бас режиссер.
– Ойбай, не дейд?! Не хабар айтты?
– Аузы берік адам ғой. Есіктің көзінде тұрып-тұрып бір күрсінді де шыға жөнелді.
– Жарықтық, ол да сенің мына жатысыңа қапа боп жүрген де. Артистерге де риза емес.
Тығылып қалған ванныйдан Даша тықырын білдірмей сыртқа қашып бара жатты. Ізінше есіктен бір шөлмек арақ пен тіскебасар көтеріп Маша кіріп келе жатты.
– Өй, пері, сен мұнда неғып жүрсің? Жоғал. Көрінбе көзіме, − деп театр директоры зілсіз жасқады.
– Шай қойып берейін деп… Басының сақинасы ұстап жатыр. Дәрі алып келдім…
Өзі де келе артистерді кабинетіне жинады.
– Бар мен жоқтың ортасында ілініп тұрмыз, − деп зікір салып, жер тепкен. – Бас режиссердің жатысы анау, сендердің жайылып жүрістерің мынау. Осы тұрған біреуің басты рольге жарамайсыңдар. Шеттеріңнен қияли. Жүйкелерің тозған. Сахна мен шынайы өмірдің ара жігін ажырату атымен жоқ.
– Оны экспромт дейді, ағай.
Бір тал шашы шашау шықпайтын таза күмістен құйғандай аппақ басын көтеріп алып, осыны айтып тұрған шынымен сен бе дегендей, киім цехының меңгерушісі Олесяны көзімен жеп жібере жаздады.
– Экспромт! Онда үйлеріңде бажылдатып қатын сабағандарыңды, баймен ұрысып, басқамен қыдырғандарыңды көрермен алдына алып шығыңдар. Сахна қасиетті! Өңшең өнердің киесі ұрғыр!
Міне, алдарыңда өздеріңе етене таныс театр сыншысы тұр, – деп сосын желке шашы мен жауырыны тұтасып кеткен жұқалтаң сары жігітті нұсқады. – Талай спектакльімізді мақтап баспасөзге мақала жазған, бізден ықыласын аямаған азамат.
– «Үйленуді» студент кезімде оқығанмын. Қазір ұмытып қалыппын, – деді ол шашын бір сілкіп тастап. – Әрине, үйлену керек. Бірақ кімге? Адамды қинайтыны осы жағы ғой. Мәселен, Қытайда 50 миллион бойдақ жігіт бар. Бәрі де жар таба алмай зарығып жүр.
– Ах! – деді бір жас қыз аузынан жалын атып. Оны:
– Ох! – деп және бірі қостады.
– Обал-ай! – деп Олеся бұл өкінішке өзінше нүкте қойды.
– Тынышталыңдар. Ал тыңдайық.
–ЖалпымағанГогольдің«Ревизоры»ұнайды,–деді одан әрі сыншы шашын тағы бір сілкіп тастап. – Байқаймын, болашағы зор шығарма. Өзім қалалық драма үйірмесін басқарамын. Осы спектакльді дайындау үстіндеміз. Мен Хлестаковтің роліндемін. Ал қала әкімі болса городничий Сквозник-Дмухановскийді ойнайды. Сол еңбегіме қолма-қол үш бөлмелі пәтер берді. Енді «Lеxus» машинасын сұрамақпын. Айтпақшы, ол менің әйелімді…
Тағы да біраз көсілгісі келген, осы кезде есік сарт беріп ашылып, ішке жұбайы ентелей енді. Қолында конверт пен бір жапырақ ақ қағаз. Онсыз да сұрша беті көгіс тартыпты. Тіпті көз тоқтатып қарау мүмкін емес.
– Тырп етпеңдер! – деді келе кабинеттен біреу қашып шыға ма дегендей. – Мына хатты жазған қай антұрған?!
– Хаты несі?
– Қол қойып па?
– Мазмұны қандай? – деп артистердің арасында сыбыр-күбір көбейді.
– Тырп етпеңдер! – деді сосын тағы да. – Қазір беттеріңді аймандай қылам. – Сөйтті де ақ қағазды жарқ еткізіп бетіне тақап саудыратып оқи жөнелді:
«Театр ұжымы іштен бүлініп, алауыздық өршіп тұр. Оның басты себебі – театр директоры артистерді алалайды. Мысалы, өмір бойы басты рольді тек Қызтуған орындап келеді. Ел арасында оның Күндеқыз деген лақап аты бар. Бес байға санап тұрып тиген. Соның біреуіне де құтаймаған. Моральдік жағы тым осал. Соңғы он бес жылдан бері театр директорымен көзқыспасы бар. Қызғанып, ешқайсымызды оның жанына жолатпайды. Директордың кабинетінде роль бөлетін диван тұр. Сол диванның орта тұсы ішіне қарай ойылып кеткен. Сол ойық Қызтуғанның құйрығының өлшеміне дәлме-дәл келеді. Нанбасаңыздар арнайы комиссия шығарып көруге болады…»
Хатты саудыратып оқып келе жатқан сұрша бет әйел осы тұсқа келгенде кілт кідірді. Кідірді де манадан бері бір қызарып, бір сазарып тұрған Қызтуғанға қарады. Еңкейіп жоқ іздегендей актрисаның артқы жағынан бір айналып өтті. Іргеде тұрған орта тұсы ойылып кеткен диванға үңілді.
– Рас қой.
– Құтылсақ екен.
– Қандай жақсы жазған?! Кітаптың сөзіндей, – десіп артистердің даусы енді емін-жарқын шыға бастаған.
Онсыз да сұрша беті көгіс тартқан әйел одан әріге төзбеді.
– Ах, сайқал! Көзім енді жетті! – деп шап беріп Қызтуғанның бетін тырнады. Қызтуған сауға сұрап қашып жүрсе де киім цехының меңгерушісі Олесяның бетін тырнап үлгерді. Олеся болса қапелімде қолына ешкім ілікпей жанталасты.
– Мынау жаңа шығарма ғой. Авторы кім, авторы? Комедия ма? Образға бірден еніпсіңдер. Ғажап! Шеттеріңнен жұлдызсыңдар, – деп театр сыншысының есі шығып, қағаз-қаламына жармасты. – Қатырып тұрып газетке жазамын. Жаһанға жар саламын!
Сол күні театр директоры инфаркт алып ауруханаға түскен.
Ертеңіне бас режиссер жұмысқа шығып, дайындықты қайтадан бастады.
Агафья Тихоновнаның ролі енді Дашаға тапсырылды. Басынан бастап қамшы салдырмай көпес қызы боп көлбеңдеген Даша да пьесаның соңына келгенде оңбай сүрінді. Сүрінгені емей немене, халық артисі Арон Арысович Подколесин боп:
– Қолыңыз неткен әдемі?! Сүйікті ханым, рұқсат ет, мен сізбен қазір, тап қазір неке қидырғым келеді, – деуі мұң екен:
– Әкемдей адаммен қалайша неке қиямын? Бұл қай басынғандық?! Мұны күйеуге тиейін деп жүрген жігітім естісе не бетімді айтамын? Онсыз да баламмен қоса алам деп уәде берген, – деп азарда-безер боп сахна айналып қашты…
Үш күннен соң спектакль сахнаға шықты.
Бетіне гримді қалың салып жасарған Қызтуған Агафья Тихоновна боп жарқырап, жайнап, айттыра келген күйеу жігіттерге нұрлана қарап, қылымсып, ұрлана қарап көрерменді қаралай естен тандырды.
Ал Галя бетіне гримді қалың салып, қартайып Фекла Ивановна боп жүрді.
Таня болса Арина Пантелеймоновнаны місе тұтты.Даша бар-жоғы Дуняшка еді.
Спектакльдің соңын ала екі оқыс оқиға орын алды. Бірі – Подколесин қалыңдықтың үйіне қалпағын қалдырып, екінші қабаттан секіріп қашатын тұста Арон Арысович жаңылысып, қарсы бетке қарғып… Тура музыканттар отыратын апанға құлапты. Жамбасы сыныпты. Аш бөрідей ұлыған даусын естіп алдыңғы қатарда жайғасқан Мәдениет министрлігінің бас маманы:
– Браво! Міне, нағыз халық артисі! – деп мәз-мейрам боп қол шапалақтап жіберді.
Екіншісі – роль тимей ызаға піскен Маша көптен соңынан қалмай қойған қартаң профессорға күйеуге қашып кетті.
Сөйтіп, спектакль сәтті аяқталды. Бүкіл ұжым бірбірін құттықтасып, құшақ ажыратпай, сілекей алып сүйісіп түнімен тойлап жатты.