(Мyң)
Нұралыға!
Ала таңмен Атыраудан аттанған поезд қайыстай созылып күнге маңдай төседі. Перронда қараң-құраң қол бұлғағандардың да қарасы үзілді. Сүмбіленің самалына жонын тосқан дала көз алдымда сырғанайды. Қыратты бел, ойдым-ойдым сор. Жел үрлеп кетіп жұмсақ шағылынан ада болған шоқалдар құлағын көтереді. Ертеңгі тұнық ауаны тынымсыз дөңгелектер оңды-солды кескілейді.
Үлкенді-кішілі қапшықтарын тілерсегіне соққан жолаушылардың сабылысы басылыпты. Купелеріне сіңіп байыз тапқан-дағы. Ыңғай-төкпе күймен ырғалған вагон тамбурында терезеге телміріп тұрдым. Темекісі түскір өзегімді өртейді. Іле-шала тепловоз азынап қоя берді. Көз ілеспес жылдамдықпен қарсы беттен жүк поезы өтіп барады. Соңғы жайдақ платформасы ноқтаға көнбеген асау тайдай бұлғақ қағады.
– Ағай, демалмайсыз ба? – дейді тамбурға шыққан жолсерік қыз әнтек жымиып. Екі бетінің ұшынан қан тамып тұр.
– Қазір.
– Алматыға шығыпсыз…
– Иә.
– Жазушысыз. Бір көрсем деп жүретінмін. – Аялы көзінде беймәлім жылтыл оянды. – Тіпті жас екенсізау…
– Әзірге жер таянып отырған жоқпыз, – дедім көңілім көтеріліп. Сөзімді күлкім қостады.
– Шай қояйын.
– Рахмет. Ұйқы қысып келеді.
– Қызметіңізге әзірмін, – деді ол келген ізімен кері бұрылып. – Айтсаңыз болды.
Вагон ішіне өзінің кәнігі иісі жайылыпты. Темір мен майдың, тер мен зәрдің, әтірдің аз-аздап қосындысы қолқа қабады. Купеде көсіліп үш әйел отыр. Сәлеміме салғырт қана бас изесті. Алдарында жапырақталған жаппа нан, туралған қияр мен қызанақ. Бір жартының басы жарылыпты. Жолаяқ жасаған.
– Жол болсын, қыздар!
Қай-қайсысы да бала көп ойнаған қуыршақтай жұлмаланып қалған екен деген оймен екінші қатардағы өз орныма еңсе көтердім.
– Кел, жігітім. Дәм ауыз ти. Жүз грамм… – Астыңғы ерні қайқайып кеткен қара келіншек көзін күлмеңдетеді. Қабағы әжімді, қасы сұйық екен.
– Отыра қал! – деп балпанақтай сарысы құйрығын жыбырлатады. Ығысып орын бергені.
– Алла риза болсын. Демалайын.
– Шақырғанға зар боласың, – деп ботаның көзіндей титтей айнаға үңіле қалған әдеміше ақ келіншек күлістік атады. – Зиялы-дағы. Біздей базаршы қатындарды менсінер деймісің?.. Әкел, құй!
– Манты, буы бұрқырап тұр. Қақталған балық. Сыра, закуска! – Заржақ қатыннан әзер құтылдық.
Көзім іліне бастады. Көпшігімнің дәл астынан дөңгелектер дүрсіл қағады. «Тездет. Екпін ала түс. Алатаудың жасыл жазирасына жылдам жетсем екен…» – деймін қалғып бара жатып. Өң мен түс ортасында тербеліп ұзақ дөңбекшідім.
Оянып кеттім. Сәске түс. Қозғала бастап ем, қоңырау қаққан әйел даусы көпшікке қайта жаншыды:
– Поездан қарсы алмады. Вокзалдағы жалаңдаған қайыршыларды жалдап таксиге отырдым…
Байқатпай көз қиығын салсам, астыңғы ерні қайқайып кеткен қара келіншек екен. Алқымы қызарыпты.
– Содан?
– Қызық екен!
– Шыжық десеңші! Аузың бармай отыр ма? Келе есікті төмпештедім. Ашпайды. Телефон көтермейді. Көрші-көлем өре тұрды. «Жаңа жүрген… «Іште ғой…» деп күмілжиді. Жүрегім зырқ етіп бір пәлені сезді.
– Ашпасаң сындырам! – дедім тура темір есікті тепкілеп. Қаным басыма шапты.
– Кел, кішкене ұрттап жіберейік.
– Басып құй. Қайғысы жеңілдейді.
Шөлмектегі арақ сылқыл қақты. Стакан сыңғырлады.
– Ақыры ашты есікті. «Ертең түнде келеді деп ойлағам. Ұйықтап қатып қалыппын…» деп есінейді.
Көзін кілгіртеді. Содан бума-бума жүкті кіргізіп, шешіне бергем… Киім тұрған шкафтың ішінен біреудің түшкіріп салғаны.
– Әукесі салбырап жүріп…
– Қой, бұл еркекті қой!
– Жалма-жан ашып қарасам, шошайып әлгі салдақы отыр. Басында менің құндыз тоным. Бүркеніп алыпты. Шашынан дырылдатып сүйреп шығардым. Өй, бір өкпесіне тептім-ау! Бізөкше төпли кигенім мұндай жақсы болар ма?.. Қол ұстастырып қуып шықтым. Тырқыратып!
– Сауап болған!
– Кетсін қаңғырып! Ел-жұрттың бетіне қалай қарар екен?
Біреу қытықтап жатқандай аяқ асты күлкі бусын. Ұрлығын жасырам деп… тон жамылып… парафин иісі мұрнына теуіп… жарыса қашып… Оқиға тізбектеліп келіп көз алдыма қайта-қайта кептеледі. Көмейім жыбырлайды. Ақ жамылғыны аузыма тығамын. Қырқып бармағымды шайнаймын. «Арсыз ит-ай!..» дейм. Күлкіні айтқаным.
– Сауап болған! – дейді балпанақтай сары келіншек еңкейе беріп құйрығын қозғап. – Тасынып мен жүрмін. Астында машина. Не ішем, не кием жоқ. Бұлғақ қағады… Қайдан білейін… Әлгі біздің байды айтам.
– Жаман аттан жайдағым… – Әдеміше келген ақ келіншек қолына ботаның көзіндей титтей айнаны қайтадан алыпты. Инеліктей майысқан сым темірді сүйреңдетіп қасын аңдиды.
– Қыз-ау, ол таусылған соң неңді жұласың? – дейді астыңғы ерні қайқайып кеткен қара келіншек.
– Табылады, әпке.
– Сыбай-салтаң жүрген осы сенікі дұрыс. Қартайғанда аузыңа су тамызар біреу кезігер.
– Мә, ағам әлі ұйықтап жатыр. – Купе есігінен жолсерік қыз басын көрсетеді. Кірпік арасынан сығалаймын. Көзі жайнақтап тұр.
– Бұл кім өзі?
– Тс-с… Белгілі адам. Жазушы.
– Сол екен ғой. Бәсе… Жақында «Қазақстан» каналынан жағын сауып тұрған.
– Е, мен де көрдім. «Егемендік алдық. Мемлекетімізді қалыптастырдық. Бірақ бізде мемлекетшіл тұлғалар неге жоқ?» деп жер тепкен.
– Сөз сатқан саудагерлерге зәру емеспіз.
– Қойсаңдаршы, қайдағыны айтпай. Шай ішесіңдер ме? Қазір Қандыағашқа келеміз.
Жолсерік қыз даусы қатайып, есікті сарт жапты. Қалқайтып басымды көтердім. Баспалап дәлізге шықтым.
Көрші купеге төрт жігіт кірген. Алдарына карта жайыпты. Ойын қыз-қыз қайнап жатқан сыңайлы.
– Тұзбен ұр! Жарайсың! – дейді гүжілдеген дауыс риза боп.
– Қатырған жоқпын ба? Давай, қу ақшаны! – деп біреуі шырылдап күледі. – Қарға жүрген өзіңнен көр! Алдан шағын қаланың үйлері қарауытады. Кешікпей поезд да ысылдап кеп ентігін басты. Аяқ астында қауын-қарбызын көгендеп орыстың шалы отыр.
Подходи народ,
Свой огород.
Половина – сахар,
Половина – мед!
Санап алуға болатын селдір сақалын селкілдетіп дембіл-дембіл айқайлайды. Қарақұрым халық сеңдей соғылысады. Көбі қызара бөрткен. Той болыпты. Енді қыз-күйеуді поезға отырғызбақ. Тұс-тұстан шампан атылып, ән әуелейді. Жасы-кәрісі бірдей ақ желек жамылған қалыңдық пен күйеу жігітті ортаға алып тарсылдап билейді. Біреудің бұлғаңдаған басына қарсы бетте тұрғанының былқыл қағып бөксесі қосылады. Қайшыласқан қол-аяқ шатысады.
– О, композитор! – деді шеткері тұрған мені жұпжұмыр келіншек қапсыра құшақтап. – Кәне, әніңді айт «Алтайдың ар жағынан келген аруды». Қосылып шырқайық! Ал, баста!
Еріксіз бас шайқап күлемін.
– Танымай тұр дейсің бе?
– Кешіріңіз, қателесесіз. Ол композитор баһи кешкен.
– Соқ өтірікті! Тап өзісің! Ерегістірме!
– Ал, ерегес.
– Нағыз шындасам бай ғып тиіп алам!
– Қой, Күлпаш ұят-тағы, – дейді айналасындағылардың бірі ұяң тартып.
– Мұның ондайы бар. Ана жолы да… Салғаннан белінен бүріп алғанын қарашы, – деп жанындағысы қаралай желігін көтереді.
Ақ бу атып поезд күрсінді. Тынымсыз дөңгелектер жылжи жөнелді.
– Бақытты болыңдар! – деп қалың топ енді вагонмен шаужайласып жүгіреді. – Тойға барамыз! Жетіп үлгереміз!
Көз алдымда кең жазық дөңгеленеді. Жапандағы жалғыз үйлі разъездер қалып барады. Жаңбыр мен күн кеміріп шифері тозған. Қызыл кірпішінің іргесіне ақ сортақ жүгірген. Түйе мінген шал қалпағы қисайып аулақта уақ жандығын қайырады. Қанатын төсеп қарға ұшты. Көптен бұғып жатқан сарытап сағыныш бой көтеріп өзегіме кептеледі. Жанарым жасаурайды.
Шалқар станциясынан мінген кейуана:
– Қайта айналып көрем бе, жоқ па, аман бол! – дейді қол бұлғап. Даусы жіңішкереді. – Киеңнен айналайын сенің!
– Шалқарға айтып тұрсыз ба?
– Осы елге ғой, балам, – деді кимешегін түзеп. – Бізді аштықтың аузынан аман алып қалған осы топырақ.
– Айта түссеңізші.
– Не айтатыны бар, Аралды жайлап отырғанда әкем «халық жауы» атаныпты. Ұсталып кеткенде мен үш жаста екем. Араласып отырған ағайын бетін аулақ салған. Шешем – жұмыссыз. Бәрінен бұрын көзтүрткісін айтсаңшы. Аштық жайлапты. Төркіні осында. Мені арқасына салып алып үш күн, үш түн жүріпті.
– Апырым-ай…
– Не айтатыны бар, табаны ойылып Шалқарға жеткен. Мойным былқылдап, көзім ауып кетіпті. Нәр татпағасын да. Базарына келіп саудагер татарға қос алтын білезігін шешіп беріпті. Сөйтіп, әлгі иманың күйгірден жарты қап тарыны әзер алған. Түйіп, суға шылап аузыма салыпты. Әйтеуір жан сақтадық. Бойжетіп ұзатылғанша нағашыларымның қолында өстім.
– Солай деңіз.
– Не айтатыны бар, басқа жердің тоқпын дегені Шалқардың аш отырғанымен бірдей ғой, шырағым. Қайта айналып көрем бе, жоқ па, аман бол, аман!
– Айна менен тарақ бар, алмасаң да қарап қал! Өзі әдемі, өзі арзан.
Сонадайдан бір қомпылдақ еркек дауыс естілген. Тұла бойын түгел сылдыр қақтырып желке тұсымыздан өте кетті.
– Ой, мороз, мороз…
Үш әйелдің мас даусы маңайды жаңғыртады. Астыңғы ерні қайқайып кеткен қара келіншек әнге жылап қосылып отыр.
Күн ұясына домалап бара жатты. Салқын леп есті. Қос аяқ жолды қоймай қуалаған поезд іркілер емес. Жарысып келе жатқан электр бағандары санауға мұрша бермей, қыр асып құлдыраңдап қашады.
– Жаным-ай! – деп жаңа түскен жас келін оңаша купеде ышқынады.
– Сыпырып алды! Түк қалса бұйырмасын, – деп манағы мейманасы тасыған таныс дауыс енді жыламсырап шырылдайды.
– Картаны желпілдемей ойна дедім. Мәткені неге корольмен баспайсың? – дейді жанындағысы гүжілдеп. – Өз обалың өзіңе!
– Түн болды. Әлі тұрсыз. Жүрсеңізші менің купеме, – дейді жолсерік қыз көзі жайнақтап. Екі бетінің ұшынан қан тамып тұр. – Үстімдегі орын бос… Бір көрсем деп жүретінмін. Қазір Қызылордаға келеміз.
Шарасыз жымидым.
Шеткі купеден тық-тық жөтеліп қаумет сақал қария шықты. Ұзақты күні терезеге телміріп тұрғаным тосын көрінген шығар. Жай басып жаныма тақады. Поезд да баяулай бастаған.
– Ұйқы қашты, – деді өз-өзінен. – Балам, сапарлас екенбіз, таныс болайық. Әңгіме жол қысқартады. Руың кім? Қай жүзсің?
– Жалпы қазақ емеспін, – дедім қолыма портфелімді қысып ұстап. – Қинамаңызшы…
Қызылордадан сыпырылып түсіп қалдым. Алматыға асықпай самолетпен ұшармын…
Қауқылдасқан жолаушылардың қайғысы мен қуанышын әзер сүйрегендей поезд ауыр қозғалды. Тынымсыз дөңгелектер түнгі ауаны оңды-солды кескілейді.
…Жанымның жетім қоңыраулары сыңғырлап жатты.
Рахымжан Отарбаев