БИ

Сол күні Атырау қаласының аэропортына шет елдің кеңқұрсақ ұшағы ыңыранып келіп қонған. Тағатсызданған жолаушылар төгіліп түсті. Қыркүйектің алғашқы аптасы. Күн шуағын сахилықпен үлестіріп, райлана қалыпты. Аспандағы ала бұлттардан ығыр болған қалың нөпір күту залын кесіп өтіп, сыртқы есікке лап қойды. Әжім оюлап тастаған келісті жүз, кербез қимылмен Камилла ғана топ ішінен оқшау көрінеді. Асығар емес. Етегі тобығын түрткен көк көйлектің қос сан қайшыласар тұстағы екі тиегін еркіне жіберіпті. Тобылғы түсті тоқ балтырлар «курортқа барып, күнге қақталып келе жатырмын» дегендей, аттап басқан сайын әлдекімнің көзақысын суырады.

Іргедегі Орал қаласында тұратын. Әншейінде андағайласып күтіп алушылар бұ жолы кешігіпті. Тағатсызданып айналасына алаңдаған. Құлаққа жармасқан көгілдір жақұт қос сырға да біреулерді жоқтағандай жалтыл қақты.

Жүзінен ренішті діріл жүгіріп өтіп, ұсақ-ұсақ әжімдері сынды. Алқымы қызарды. Жұмсақтық жоғалып, аялы қара көздердің қайраты оянды.

– Әй! – деді сосын өктем үнмен бойшаң теректің көлеңкесінде тұрған сыптығыр, сұлу мұрт сары жігітке. – Таксиссің бе?

Онысы селк етіп, сызылып күледі.

– Бол десеңіз, болайық.

– Оралға жеткіз! Не сұрасаң да…

Көнетоз «Мерседес» көлбеңдеп айдау жолын тапты. Артқы орындыққа жайғасқан Камилла аз-кем тыныштанды. Әжім оюлап тастаған келісті жүзінде мана үркіп кеткен жылылық қайта қонып, ұшып жүр. Мынау не дейді, әй? Жай ма? Көрпе астынан күбір-

легендей болмай даусын шығарса қайтеді? Е…

– Қолыңыздағы көгілдір жақұт жүзік бетіңізді сипаған сайын алдағы айнаға шағылысып, көзімді қарықтырып келеді, – дейді ғой жазған.

Баяғыда күйеуіне еркелегенде тәп-тәтті ернінен екі елі тілін сүйірлеп көрсетіп үн-түнсіз күлетін. Аялы қара көздері айналасына сиқыр мен сұлулықты қоса қабат үлестіріп, жайнақтап тұрушы еді-ау! Сол күлкіні қайта тірілтті.

– Атың кім осы?

– Жәнібек.

– Жарайды. Руліңе ие бол!

Күйеуі жарықтық көңілі кең, келісті-ақ азамат еді. Соның арқасында шығар, өмір бойы алтын тұтқалы ерініп ашылар емен есіктердің төрін босатпай өтті. Қарауындағыларға да жайлы-тын. Зейнетке шығар алдында Оңтүстік Африканы армансыз аралатқан. Жартасты жағалауда кісіден үрікпей қойындасып жүзетін пингвиндермен қоса шомылған. Жібек шәлінің бетіндей шымырлап қалған суы неткен сүйкімді еді?! Өн бойыңды аялай сипап, жылы ағыс боп қытықтап құмарын қаралай қоздырған. Сонда ғой Кейптаунның қымбат дүкендерін кезіп көк көйлек, көгілдір жақұт, сары көйлек, сарғыш жақұттарды самсатып сыйлағаны.

– Қос-қостан алып қайтесің? Мені ұзатайын деп жатқан жоқ шығарсың? – деген сонда тәп-тәтті ернінен екі елі тілін сүйірлеп көрсетіп.

– Көгі – біздің өтіп кеткен жастық шағымыздың белгісі. Ал сарыны ертең мені сағынғанда киерсің.

Жүрек тұсын сипап жұмсақ жымиып тұрған күйеуінің қоңырқай жүзінен бір қауіпті сезген.

– Қайдағыны айтпаш! Елге барған соң асықпай емдел. Таста жұмысты.

– Көрерміз.

– Кім ауырмай жатыр?

Сол сөзіне періште «Әумин» деп жіберіпті. Араға алты ай түспей жатып иініне сары көйлекті ілген. Сарғыш жақұттарды самсатып таққан. Жалғыз басы қыдырып қайда барсын? Шүкірлігі кем қоңырқай кештерде мұңды азық қылатын. Қиялға сүйенетін. Жылдар жылжыған сайын сары көйлек тұрмақ сағыныш та тозады екен.

Алыстан көзін ашып-жұмып Оралдың оттары да көрінді. Жол қуалап діңкелеген сыптығыр, сұлу мұрт сары жігіт артқа мойын бұрып:

– Шаршаған жоқсыз ба? – деп сызылады. Қатары бұзылмаған аппақ тістерін ақсита күледі. Мана байқамапты, өзі көрер көзге көп-көрім екен.

– Жоқ, рахмет! Көптен таксиссің бе?

– Бірер жыл. Инженер едім. Бала-шағаның қамы.

– Отбасыңда кім бар?

– Әйелім – аты Әсем. Сосын бір ұл мен жалғыз қыз.

– Жақсы екен, – деген бұл неге риза болғаны белгісіз. Әжім оюлап тастаған келісті жүзін алақан жүгірте сипап. – Мына көшеден оңға бұрыл! Әнеу тұрған биік коттедж.

Камилланың курорттан оралғанына бәрінен бұрын қуанған иті мен мысығы болды. Көршісіне тапсырып кеткен. Ләззаты арсалаңдап келіп мойнына асылып босатар емес. Сағы мияулап тізесіне қарғып әлек. Екеуін де асырап жүрген жарықтық күйеуі. Көз ашпастан алып келіп бәйек болған.

– Еркек күшікке Ләззат деп ат қойғаны несі? – деген сонда бұл.

– Неше түрлі иттік қылықтарынан ләззат алып отырамыз. Оның несі жаман? Қарашы, сүтті қауып ішіп жатыр. Қабаған болайын деп тұр. Мысығымызды Сақ дейік. Мұрны қып-қызыл. Иісшілдің тұқымы.

Тотықұс сатып алсақ, Терге дейік. Торда қамалып отырса да үйге кірген-шыққанның бәрін тергепмошқап бітсін, бәлем!

Қоңырқай жүзінен күлкі айырылмай тұрған келісті кейпі көз алдында көлбеңдей берді. Фәниден ерте өтерін біліп, ес болсын деген ғой. Ол тірі болса, курортты жалғыз өзі жабырқап кезер ме еді? Ол тірі болса, түн ортасында таксилетіп жүрер ме еді? Тұр ғой «Лэнд Крузері» ақалтекенің арғымағындай боп қаңтарылып, ер-тұрманы бар да, иесі жоқ. Ол тірі болса… Құрысыншы, жеті жыл жоқтағанда моладан басын бір көтеріп жеті ауыз сөз айтуға жарамады…

– Шаршап келдіңіз. Мен қайтайын, – деген Жәнібек бөлмеге қол жүгін көтерісіп кіргізіп жатып. – Артығымен төледіңіз. Рахмет.

– Түн ішінде қайда барасың?

– Қонақ үйге. Таң қылаң бере кері жүрем.

Жүзіне анықтап қараған. Көзінің жігері бар. Ішкі ерік күші де, тәуекелі де бетінде қалқып тұр. Өрге салсаң ойланбай озатынның өзі сынды. Машина қажытқан шығар, тек сұлу мұрты сұйқылтым тартыпты. Мұндайларға тірліктің ұсақ түйткілдері теңдік бермей кес-кестейді. Мысын басып… Әйтпесе…

– Қон осында. Қазір шай жасаймын.

Дастарқан басына шырт-шырт түкіріп лезде шәйнек те жеткен. Жанынан томпаңдап қысқа мойын аққұман да қалар емес. Виски де бой түзеді. Сары май мен жапсарласа жатқан қара уылдырық көздің жауын алады. Мырза қолмен туралған сүр қазы қандай?! Дөңгеленіп барып таңдайыңда еріп жоғалады.

– Кел, Жәнібек, – деді Камилла өзімсіне, вискидің ындыны кең бокалына мұз тастап жатып. – Тартып жібер! Тыңайып қаласың.

Әңгіме қызып жүре берген. Әсем мектептің мұғалімі екен. Қызы университеттің үшінші курсында. Ұлы тентексоқтау боп оқымай қалыпты. Жұмыс іздеп жүр дейді.

– Өзім зауыттың мынау деген инженері едім. Басшы ауысты да, қысқартуға түстім. Қызыма құда келгелі отыр. Амал жоқ, жол бағып таксист боп кеттім,

– деген вискидің қуаты бойға шым-шымдап жайылған соң тілінің тұсауы босап. – Болашақ құдамыз мұнай саласында, дәулетті көрінеді. Қоржындарын өңгеріп сау ете түссе, қуықтай екі бөлмелі пәтерімізді қалай көрсетеміз деп қаралай жерге кіріп болдық. Ақшасы жоқ адам да бір бұ заманда, тобанаяқ та бір.

– Айтшы, айына қанша табасың?

– Мың доллардың маңы.

Жәнібектің үзіп-жұлып айтқан әңгімесі вискиден сыңар қасықтап ұрттаған сайын мұның жанына жаға түскен. Алдын ашып жіберсе, ескен желдей аңқылдай соғар азамат екенін мана байқамады ма?

Қызыл ағаштан қиыстырып ойған алуан жиһазға көз құмары қанбай отырған Жәнібек бір уақ:

– Ағамыз… – деп қалып еді, Камилла сөзін аяқтатпай кесе салды:

– Жесірмін. Құдай бізден жұртқа қиған бір шаранасын да қызғанды. Жақсыны жоқ жерден қысатын әдеті ғой…

Алқымы қызарып, әжім оюлап тастаған келісті жүзінде өкініш пе, шарасыздық па – шарпысып жатты. Аялы қара көздерінде мөлт ете түскен ыстық жас төгіліп, бетін сызбады. Кері жұтылып жоғалды.

Жуан бөксе виски сарқылған соң, қарама-қарсы екі бөлмеге төсек те салынған.

Камилла төсекке басым жетісімен қор ете түсермін деп ойлаған. Қайдан?! Көптен татып алмап еді. Қараңғы бөлмеде қаралай желігін көтеріп, бойын қыз-қыз қайнатуын. Тіпті қиялы байып, соңында тозаңдатып қалған жылдар көңіл терезесінен сығалап қойсайшы.

Осы босағаға келін боп түскен шағы-тын. Жалғыз ұлына жар болғанымен, енесінің қабағынан татау кетпеді. Атасы ұзын бойлы, байсалды адам еді. Обалы не, ләм демеді. Қолтоқпақтай қара кемпірдің ғой бабы таптырмаған.

– Шала қазақтың қызын алып… Жылтыраған бетіне ас құйып ішеміз бе? Жылдан асты, қысыр жыландай қайқаң қағады… Ернімізді тұщытар дейсің бе осы?!

Енесінің мұндай сөзіне еті әбден өлген. «Көрер қызық алда. Жаспыз ғой…» деген. Құс қанатын байлаған жылдарға дауа бар ма? Тәй-тәй басып құлаған немерені армандаумен ата-енесі де аз ғұмырын тауысты.

Күйеуі сыр бермегенімен, Камилланың шыдамы ақыры үзілді.

– Ажырас! Бағыңды байламайын. Өкпем жоқ, – деген бірде көктемге салым.

Үнсіз кеткен. Кейін есітті. Обкомға барып ақылдасыпты.

– Үлкен өндірісті сеніп тапсырдық. Айтпа ондайды!

Партия кешірмейді, – депті хатшы ызғар шашып.

– Әйелді партия емес, алған мен ғой…

– Қызыл билетті төсқалтаңа салып жүріп бір-ақ әйелмен қойындасуға болады. Онда да өз жұбайыңмен. Сен болсаң сасай бұқа құсап… Тоқтат, жолдас! Көнбесең, айда, қайқай!

Лауазымның дәмін енді тата бастаған жас бастықтың мына сөзге қайтіп дәті шыдар? Тып-тыныш қалған. Бір күні:

– Осы бала асырап алсақ қайтеді? – деп тұр. Енді шалқақтап бұл көнбеді. Ертеңді-кеш ұлардай шулап жататын жаутаңкөздердің бірін алар-ау. Бірақ ол кімнің нәсілі? Әкесінің қаны бұзақы біреу ме әлде шешесі ауру-сырқаулы ма? Тіпті арқан үзген алаяқ болса қайтеді? Өсе келе тұқымға беріліп, қозып кетер. Оңаша ордаңа ойранын салар. Ал сосын ақ сүтіңді беріп алып арпалыс та жат…

Ашық қалған есіктен аңдады, сыптығыр, сұлу мұрт сары жігіт те ұйқысыз жатқан сынды. Әлдене ойына оралғы боп әлсін-әлсін күрсінеді…

Басқа ермек қалмағасын Камилла байлықтың соңына қиқулап түскен. Бұл да бір сиқыр. Қусаң – жеткізбейді. Тоқтасаң – көз алдыңда көлбең-көлбең қағып тұрып алады. Ертедегі есті шалдар: «Ұрпақсыз әйелдің қызыл-жасылды дүние түбі баласына айналады. Соны өбектеумен күн өткізеді», – деген екен…

Орнынан тұрып кетті. Аяқ-қолы күйіп-жанып байыз таптырар емес. Су құйып ішті. Бойын жайлап алған өрт бәрібір бой берер болмады.

Мамықтай жұмсақ төсектің астына тас батқандай болуын. Әрлі-берлі дөңбекшітуін.

Жылтырақ көрсе іліп кететін сауысқан құсап осы әдіре қалғыр дәулетті не үшін жинады? Кімге мұра болады деп жанықты? Тұр ғой иық тірестіріп самсап. Басың ауырып, балтырың сыздаса қайсысы ерніңе ылғал тамызады? Бәрін қосқанда, бақа басты болса да бір балаға тати ма? Тым болмаса қалған аз ғұмырына сүйеніш болатын бір пендеге көңіл тоқтатпағаны қалай? Ендігі жерде құшағын толтырмағанмен көңілін ортайтпас еді ғой…

– Жәнібек!

Даусының оқыс шығып кеткенін өзі де аңдамай қалды.

– Камилла!

– Келші қасыма!

Жамыл көрпе жалп етіп жерге құлады… Жамбасқа батқан тас жоғалып, мамықтай жұмсақ төсек жоғарытөмен тербеле түсті.

Шынжыр үзердей боп жұлқынып сырттан Ләззат үрді. Сым бойымен жүгіріп, шауып жанталасты. Жіңішке үнін гармонның даусындай созып Сақ мияулайды. Бір жыл бұрын Тергенің өліп қалғаны мұндай жақсы болар ма, әйтпесе, сәскеге дейін құшағы жазылмаған екеуін қарғап-сілеп бітер еді.

Ашқарақ ындын тояттап, жаны жайланған сәтте Камилла:

– Маған айдаушы боп кел… Екі мың доллар… Жағдайыңды жасап берем… – деген әр сөзін сағыздай созып. Басы жұмсақ жастықта домалап жатқан сұлу мұрт сары жігіт ризашылықпен жымиды.

Араға апта салып Жәнібек қайтып оралған. Зарыға күткен екен, бұл да қунап, шырайланды. Келісті жүзде әжім салған ою жоғала жаздап, әр жерінде ғана сыңар шаштың сынығындай табы білінеді. Жарық дүниеге назырқанып емес, наздана қарады. Сары көйлек пен сарғыш жақұттар енесінен қалған жалғыз сандықтың түбіне қайтып шықпастай боп түскен.

Әдеттегідей тағы да итін әупілдетіп, мысығының жіңішке үнін гармонь даусындай создырып, мияулатып шыққан түні жарықтық күйеуі түсіне енген.

Өкпелегендегі әдетімен қоңырқай тартып, бір қырындап отыр екен.

«Басыма көптен келмей кеттің ғой, – дейді. – Енді көк көйлекті киіп, көгілдір жақұтты тақпай-ақ қой. Жарасатын жаңасын сатып алсаңшы. Ит пен мысықтың да обалы бар шығар, жандарын қинамай таныстарға беріп жіберсеңші…»

Бұл да бірдеңе айтқысы келген, тамағы құрғап үні шықса ше. Бастығырылып қалыпты. Терге малшынып оянды.

– Кінәлай бер, – деді орнынан тұра сала күйеуімен айтысқа түсіп. – Жалғыз басым жанымды шабақтап қашанғы отырам? Ең болмаса есіктен сығалап кетер біреуің бар ма? Білем сені де, тірлігіңде не бүлдіргеніңді. Қарауыңдағы әнебір күлімкөз бойдақ келіншекпен өмір бойы әуейі болдың. Тілімді тістеп, іштен тындым. Кеткен есесі болса алсыншы дедім. Әлде естімей, көрмей-білмей жүрді дедің бе?

Содан кейін анда-санда шым ете түсер ұяты тарап, бойы жеңілдеп сала берген…

Сыптығыр жігіт келе-келе қозы қарын байлап, тіпті көріктене түсті. Жаңа, жайлы қонысқа көшіріп, бала-шағасын бір қуантып қайтты. Артынша ырғапжырғап қызын құтты орнына қондырып оралды.

Ел аузына қақпақ жоқ. Кірісің мен шығысың қаймана қазақтың көңіл таразысына күнде бір түсер. Жоғыңда қоржыныңа олжа сала алмайтын ағайын барыңда алакөзденіп бітер. Өйтпесе ішкені бойына жұға ма?

– Бәсе, Жәнібектікі қайдағы бизнес десек, бір алжыған кемпірдің қолына кіріп алыпты.

– Соның байынан қалған дәулетін сорып, үйіне тышқандай тасып жүрген көрінеді.

– Өзінің басы істемесе не аяғы жүрмесе қайтсін?

– Әйтеуір бір жерінің қайырын көру керек қой.

– Арамнан байығаннан адалынан аш-арық жүрмей ме жазған?!

Бұл өсек бауырымен жыландай жорғалап, екі айыр тілін салаңдатып Әсемге де жетіпті.

Тіпті бір құрдасы:

– Сыланайын десем, байдан қорқам, сыланбайын десем, тоқалдан қорқам деп жүрсің бе? – деп қылжақтапты. О, антұрған!

Сол күні отбасына кезекті оралғанда шар ете қалған шатақтың ортасына түскен. Екі көзі бұлаудай болған Әсем бет бақтырар емес:

– Қайдағы шетелдік компания десем… Айтқаныңның бәрі өтірік! Өзіңнен екі мүшел кәрі кемпірдің қойнына барып… Ойы-бай, енді қай бетімді жыртайын?!. Ел-жұрттың көзіне қайтіп көрінейін?!. Одан да менен жиырма жас кіші қызға қырындадағы, басқан ізіңнен садаға кетейін… Айғырлығың шыдатпай бара жатса…

Сай-сүйегіңді үңгіген сұңқылға шыдас беру мүмкін емес. Шындығы түскір алды-артын бірдей шырмап тастады.

– Енді өздеріңнің қамдарың ғой. Осы дәулеттің бәрі аспаннан жаумаған шығар? – деген даусы жуасып.

– Қушиған иінің құрсын сенің! Әне, ұлың жүр, оқу жоқ не жұмыс жоқ. Өзіндей тентектерге еріп нашаға ауызданыпты. Түн ортасында келді. Ес-түс жоқ. Желігің тарқамай жүріп оған көңіл бөлем дейсің бе?!

Есік көзінде қаңтарылып тұрған «Лэнд Крузерге» қалай отырғанын білмейді. Айдау жолға түсіп, жұлдыздай ағызып келе жатып қана ес жиған.

Сол күні… Жәнібек Астанаға, алыс ағайынның тойына жиналған.

– Мен де барам, – деді Камилла қолма-қол тұтанып. – Саған екі жыл қатын болғанда бір мәрте бой жазып еріп шығуға жарамаймын ба? Әлде сыныңды бұзам ба, сымбатыңды қашырам ба?

– Жарайды. Бірге барайық.

– Тойға Әсем де келе ме?

– Солай шығар…

Бір жолы үйге күйеуінің немере қарындасы келген.

Келе жесір жеңгесіне тиісті.

– Ағамның шымшып жинаған бар дәулетін судай шаштың. Кезінде осы бедеу қаншықты қақ бастан бір салып айдап шық дедік. Көндің бе? Басыңды дуалап алған соң. Біліп ек адал төсегін арамдайтыныңды. Қаз орнына қарға қондырып… Сен өлген күні сотқа беріп мына коттедж бен машинаны тартып алам. Тап осыны істемесем, атым өшсін! Көр де тұр! – деп күлін сабалаған.

«Аларсың! – деген бұл ашып айтпаса да іштей ерегесіп. – Саған тұтам жіп қалдырмаспын. Бәрін де жанымдағы Жәнібекке, тым құрыса, итім мен мысығыма өсиеттеп кетермін».

Астананың ақшаңқан мейрамханасында той қызып жүре берген. Сұлу мұрт сары жігіттің жанында көк көйлек, көгілдір жақұттары жарқырап бұл да отырды. Елдегідей емес, Астананың халқы қызық екен. Қай қонақ қасына кімді ертіп келді, не жеп, не деп жатыр, шаруасы жоқ. Қалай дегенмен мәдениетпен ерте ауызданған орта ғой.

Келесі столда отырған Әсем бұларға назарын да салмады. Әр қимылын Камилла байқатпай бағып, қалт жіберер емес. Үйіндегі дауды Жәнібек бұған жеткізген. Тарығып, қабағы ашылмай қойған соң қайтсін, бәйбішеге деп арзанқолдау бір машина сыйлаған. Зырылдатып айдап жүр дейді. Сонан соң азуы қалса да ашуы аздап тарқаған сынды…

Әнеу иық тірестіріп отырғаны кім? Аузына дән құйып алған саршұнақтай қос ұрты бұлтиып жылмаң қағуын. Көзі моншақтай майланып, Әсемнің құлағына әлденені сыбырлайды кеп. Онысы назданып, мойнын оңды-солды бұрып жымияды.

Жаутаңдап Жәнібекке қараған. Қанын ішіне тартып сұрланып алса да сыр бермеді.

– Алаң етпе! Бәрі де орнында, – деді бұл сырт көрініске еркелей, баяғыдағыдай тәп-тәтті ернінен екі елі тілін сүйірлеп көрсетіп. – Әлі-ақ табысып кетеміз. Жұрт сияқты ішіп-жеп отырайық.

Би басталсымен Жәнібекті жетектеп ортаға шыққан. Бірінен кейін бірін іліп ала жоғалған қуатты әуен дауыл көтеріп, жұрттың арқасын қоздырған. Көгілдір сырға мен жүзікті жарқылдатып жанталаса биледі. Қамау тері алынған соң тіпті де бой берер болмады. Көптің арасынан Әсем де көрініп қалып жүр. Тербелген талдырмаш бойлы, сұлу болмағанмен сүйкімді. Ұялы қоңыр көздері мұнартып, екі беті алаулайды. Тек ырғалып емес, тұра қалып оң аяғымен паркетті теуіп секіреді. Билеген түрі. Табанының сартылын естіген сайын «мені көрдің бе?» дегендей қиқу салады. Мұның арқасында аузы аққа жарып, атқа мінген соң, алты қап жел кернемей қайтсін? Жер теппей қалай шыдасын? Шындап ерегіссе, бәрін сыпырып алып, тақыршаққа отырғыза қоярын сезе ме? Сезсе, иіліп келіп сәлемдесуге жарамағаны несі? Байын басы бүтін тартып алса не істер еді? Айына бір аптаға босатып, иіскетіп тұрған жоқ па? Осыны ойлағанда тіпті де дем басқысы келмеді. Көгілдір көйлектің етегін қайта-қайта үйіріп, Жәнібекті шыр көбелек айналды. Жүрегі өрікпіп, балтыры сыздағанын да елемеді. Орайлы сәтте тізесін бүге бере басын шалқақ жіберіп, әлі де ұстаған жанның уысын толтырар омырауын ерсілі-қарсылы тербеп қалшылдатқан.

Қайтып көтеріле алмады. Көз алдына қызылды-жасылды шеңберлер қаптап кетті… Біреудің ащы даусы шыға ма? Мал қайырғандай, мәдени ортада мұнысы несі?.. Манадан бері Жәнібек дегені күйеуі екен ғой. Қалай аңдамаған? Бәсе, ол мынау сияқты қутыңдап емес, құлашын жайып, міне, осылай, көтеріліп ұшатын ата қаздай мамырлап билеуші еді ғой. Ана жүрген – енесі. Ол да тойға келген бе? Тіпті бұған күлімсірей қарап қол бұлғайды. Жақсы адам екен ғой жарықтық. Тірісінде неғып байқамаған? Иті мен мысығы неғып жүр? Олар да мынау жалған дүниенің биіне құмартқан-ау…

Сол бой тіктемеген қалпы шалқалай құлаған.

– Не сұрасаң соны берем! Құтқар! – деген Жәнібек жедел жеткен дәрігердің жағасына жармасып. Ол шарасыз басын шайқай берді.

Құтырынған музыка қайтадан керней қағып, сырнай тартып жатты.

Рахымжан Отарбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *