Осы кемпір түбі алжып өлетін шығар. Баяғы бір қора қойды ысқырығымен қайырып, кімсің – Санақбаймын боп жүргенде… Тоңқаңдап жүріп томырғаны май еді. Қабақ шытып, қас ойнатса бітті, тұқайы сыртылдаған сиырдың жорғасы құсап бүлкіл қағатын. Енді кеп шүйкедей боп дауды тамызық етуін. Қызыл тілі таңдайын күйдіріп олай-бұлай көсеуін.
«Мен болсам белімнен шойырылып, кәріп боп қалдым. Сегізкөзімді сипатайын деп ауданға балгерге кетіп барам. Жолкіреңе деп зейнетақыңды уысыма тұтасымен құймайсың…» деуін!
Қап, бәлем!..
«Дүкен жағалап кеткелі тұрсың. Иә, карта ойнап ұтыласың. Бар, ойбай, сыбағаңнан қағыларсың…» дей ме, әй?!
Осы сөзді кешегі сауырынан түспей, оқыранып тұрған шақта айтса нетті?..
Мана түс әлетінде поштаға бас сұққан. Зейнетақысы келіпті. Ол қайбір жарытымды нәрсе? Ай сайын алақанына сауысқанның саңғырығындай ғып бірдеңе тамызады. Жатар-тұрарың осы деп. Келе: «Мә, әлгі жамандарға кәмпит апар», – деп кемпіріне тұтас мың теңгелікті ұстатқан. Немерелерін айтқаны.
Аяғын аттап басқан сайын бажылдап жүрген неме жалғыз жетім қағазды көргенде тіпті өршіп кетті. Осының ауыратынының өзі өтірік. Қарашы, қаздаңқаздаң етіп мұны желімен қағып жанынан әрі-бері өтуін.
– Кетем, келін-баламның қолында тұрам! Қал солай, Ерлепес мен корей шалды, қарауыл орыс қатынды қара тұтып, – деп сілтейді-ай.
Үкіметтің үйіне қамалып оңарсың. Дәрет алам деп таскелінің үстінде үкі құсап шошайып отырғанын көрсе бір, шіркін!
Дүкен жағалап дейді. Е, несі бар? Айына бірер мәрте Антонинаның күркесіне бас бағып, бата тілемес көкмойнақтың бір-екеуін босататындары рас. Қыздықыздымен алдарына ала қағазды да жайып жібереді. Басқа не ермек қалды дейсің осы ауылда?
– Кешегі кезде…
– Келістіргенің шамалы. Алдыңдағы ызғындай малды өңшең шпанаға айдап беріп, қарадың да отырдың. Жауап қатуға шамасын келтірмегені. Есікті сарт жапты. Айтам ғой ауырғаны өтірік деп. Немелерін сағынғандағы әдеті. Сегізкөзден шойырылса, ішіне адам сыйып кететін шатыраш қытай сөмкені құрым құрлы көрмей жөнеле ме? Ауданға қатынайтын автобусқа асыққан түрін. Қап, тым құрығанда төрт өрме қамшымен сипай бір тартып жібермегенін
қарашы…
Кешегі кезде… Еліміздің егемендік алуына да қыруар жәрдемі тиген Санақбай емес пе бұл?! Құрдастары әзіл ғып айтса да негізсіз емес. Болған оқиға…
Тура елу бес жасты ерттеп мініп тұрған шағы-тын. Жілік майы толысқан, қияқ мұрт, қыр мұрын, қарағайдың берішіндей Санақбайдың алдын… Кесіп өтсе кеңшар директоры ғана. Қозықарын қортықтау, жымысқы неме ұрлығын жасырам деп ақыры елден безді. Әкесін қаңғыртып жұртқа тастап кетіп еді, әй, түбі оңбас!
Ерте көктемнің кезі. Мая-мая шөп таусылып, қой біткен ескі қораны кеміріп, үңгіп шыдатпай барады. Енесі жарытпаған соң төлде береке бола ма? Шығын күн санап үдеп тұр. Екі апта бұрын «Жем жіберемін, сақманшы бөлем, қарық қылам» деп кеткен қозықарын қортықтау немеден ұшты-күйлі хабар жоқ. Баласына қатын әперіп, кернейлетіп-сырнайлатып жатыр деп естиді. Ал, шауып ал!
Ашумен атқа мінген. Қолтығынан жел гулеп шауып түс әлетінде кеңшар орталығына жеткен. Салып-ұрып кеңсеге беттеген. Жолдағы дүкеннің жанында үш-төрт құрдасы қауқылдаса қалыпты. Құшақтарын жая ұмтылысты. Тісінің қатары бұзылған бірі тіпті бетін сілекейлеп те жіберді. Қайтіп жібімесін?..
Жардай атанды жығатын жазғытұрғы желкем күн бойын жайлап алған екен. Ат үстінен әупірімнің күшімен түсті. Қысыр әңгімені қыр асырып тұрған құрдастарына да керегі сол. «Ауыз жылытайық…» десті.
«Күнде қолымызға түсіп жатқан жоқсың…» десті. «Ет жемегенмен сорпа ішкендей болайық…» десті. Өңшең қу мүйіз шыдас бермес. Әрқайсысына атап тұрып екі жартыдан алған. «Жарылғанша ішіңдер, өлгенше ұмытпаңдар» деп…
– Ал кеттім… – деп үзеңгіге аяқ іліктіргенін біледі. Арғысы бұлдыр-бұлдыр бір елес. Бір есін жиса, әлгі қозықарын қортықтау неменің кабинетінде тұр. Өзі креслоның үстінде қалқиып көрінеді. Аман-саулық жоқ. Бұл болса айылын жияр емес. Теңселе басып, ықылық атады. Көз алдын кептеген мұнар бірде қоюланып, бірде ашылады. Кеңшар директорының жымысқы жүзі кейде анық көрініп, кейде тұңғиыққа сіңіп жоғалады.
– Әй! – деді бұл сол тұрған қалпы екпіндеп. – Атаңа нәлет, балаңның күйегі түсті екен деп малды қырамыз ба?! Бір уыс шөп жоқ. Қыстай жем көрмедік. Тумай туа шөгіп жатыр. Ертең «төл қайда?» дерсіңдер. «Пішт, мә!» дерім сонда. – Қолын шығарып, бас бармағының өсіңкіреп кеткен тырнағына бір түкіріп қойды. – Пішт, мә! Неге үндемейсің? Ә, солай ма? Шыбынның өзі шөлдеген шілдеде… Өгіз өкірген аязда… Біз пақыр жүреміз. Алдымен мал аман ба дейсіңдер… Жан аман ба деп көрдіңдер ме осы?! Қақсайтындарың – қайта құру… Құрып неге кетпейсіңдер?! – деп сөзінің соңын саясиландырып барып әзер тоқтаған.
– Ағай, директор әзір келе қойған жоқ. Құда аттандырып жатыр. Ертең болады.
Жалт қарапты. Есіктің көзінде еліктің лағындай боп бұған үрке қарап хатшы қыз тұр.
Көз алдын кептеген мұнар сейіліп сала берді. Қараса, кресло қаңырап бос жатыр. Бос креслоның көк желкесінен асылып Горбачев тұр. Жансыз сурет демесең, бұған тесірейе қалыпты. Көз айырса екен-ау! Оң жақ шекесіндегі қызыл қалы тіпті қарақошқылданып барады.
«Әй, Санақбай-ай, сен де сондай ма едің?..» дейтіндей.
Ыза мен ұят қысып, атына міне қамшы басты. Әлгі еліктің лағындай пәтшағар естігенін елге жайыпты. Былайғы жұрт бауырын тырнап күлді. Аңыз ғып әкетісті.
Қылаяғы Санақбайдан да сөгіс естіп тынған Горбачев «қой, болмас, болмас» десе керек. Алаң-құлаң етіп отырғанда «Жайлауың – анау, қыстауың – мынау, бар енді, егемен бол» деген. Осында Санақбайдың да үлесі жоқ деп кім айта алар?!
Былтыр көрші ауылдағы немере інісінің қызына құда келіп, табақтас болғаны бар. Артынып-тартынып жеткен құданың алдында бұл қызды-қыздымен:
«Мен сонау Петерборға қой айдайтын жылы», – деп салыпты. Сөйтіп, дастарқан басындағы жас-кәріні бірдей таң-тамаша еткен. Тек әлгі немере інісі түскір ұялып, жауырынын бүлкілдетіп: «Көке, оның бергі жағында да қалалар бар ғой», – дейді. «Ой, Сәке, сіздің даңқыңызға қанықпыз», – десіп құдалар жағы мұның ыңғайына жығыла-жығыла кетсін.
Не десеңіз де, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кешегі заман мұның көзінен бір-бір ұшты. Петербордың төбесін көрмесе де қызды-қыздымен қой айдаттырып отырған жүз граммның буы емес, сол өткен дәуренге деген сағыныш екен-ау.
Жекешелендіру келді де, әлгі жымысқы неме ортақ қазанның қаймағын қалқып ішіп, қашып ол кетті.
«Пайызға алдым» деп маңыратып айдап бас мамандар жөнелді. Жиырма-отыз тұяқ пен ақ таяққа сүйеніп
«Ой, дөйт!» деп бұл қалған. Сегізкөзін сүйретіп жүріп кемпірінің кіржіңдейтіні содан…
Өз ойымен өзі тартысып жүріп аңдамапты, ауылдағы жалғыз дүкеннің де алдына келген екен. Дүкенмен іргелес қарауыл күркесінен жылт етіп Антонинаның басы көрінді. Артынша тот басқан мылтығына сүйеніп шикіл сары кемпірдің өзі шықты.
– Санақ, ішке кір. Корей шал қазір келеді.
– Келсін. Ерлепес қайда?
– Пошта жақта. Жетер.
Енді тізе сындыра бергенде аулақтау өскен қос теректің көлеңкесінен корей шал да шықты. Қолында қара сөмке. Әдетінше бір мойындап сығалай қарайды. Иегі қалтылдап күбірлейді. Бір уыс бетін көміп кеткен ұсақ-ұсақ әжімдер құрт құсап жыбырлап қашып байыз таппайды. Соңынан бір қара қаншық салақтап еріп келеді.
– Әй, сөмкеңдегі не?
– Күшік. Үйге апарып тастайын. Аш жатыр.
– Не жапағам?
– Құрғырдың әкесін танитын ем. Обал! Мынау жарытпайды екен.
Күшіктер қыңсылап, сөмкені тырмалайды.
– Әкесі көрші ауылдағы сары төбет қой, – деп Антонина қара қаншыққа саусағын безеді. – Біліп ем. Жыл сайын істейтіні осы. Аузыңды аштырып… Осыдан көзіме көрінсін. Бір-ақ атайын.
Қара қаншық бұларға айыпты көзбен мөлиіп қарайды.
Пошта жақтан бір қырындай басып Ерлепес те жетті. Төрт көз түгенделді. Алғашқы шөлмек ашылды. Өзі алған араққа иелік еткен Ерлепес:
– Бәрібір пәршиби дүние. Енді біз құрастырып жарытпаспыз, – деп лақылдатып тең бөліп құйды. Осыным қалай дегендей, қалған үшеуді қысыңқы көзімен әжептәуір тінткіледі. Қоңқақ мұрны қолпаш дәметіп, одан әрмен көтеріліп басылды.
– Солай!
Сұлудың көз жасындай мөлтілдеп тұрған араққа қатар қол созысты. Ішке түскен ыстық бу кәрі буынды қуалап бара жатты.
– Айына бір бас қосып, өз көңілімізді өзіміз көтермесек, несіне жер басып жүрміз?
– Солай!
– Зейнетақы өспепті.
– Былтыр алты жүз теңге қосты ғой.
– Өй, – деп Санақбай қолын қалпағынан асыра сілтеді. – Қоспай кетсін!
– Рас. Кеңшардың көшін қара нардай сүйреген біздей озаттың алатыны тиын-тебен. Ал күймей көр!
– Озат атанамын деп бір жамбасты беріп шықтың, – деп Антонина іліп-қақты. Санақбайдың жүзіне күлкі қонып ұшты. Корей шалдың аузы күбірлеп, қолы жыбырлап басылды.
Айтса айтқандай…
Қара жер бусанып, мейірімін төккен жыл еді. Шағыр мен жусан аттың үзеңгісіне оратылып, омырауын қағып жүргізер емес. Шөп шапқан, тай-тай ғып үйген тракторшылар ала шаңның астында. Бригадир Ерлепестің тфу десе түкірігі сол күзде жерге бір түсіп, бірде түспей, шөп басына ілініп тұрды.
Содан Октябрь мейрамында қара үзіп, шаппай бер бәйге алсын. Бригадасына уыстап шашып ақша үлестірсін. Көзі майланып, есірік меңдеген тракторшылар жайына тұра ма? Кеңшар кеңсесінің алдында мұны ортаға алып, әлпештеп көкке атсын. Қағып алып, төбелерінен асырып тағы лақтырады.
– Ерім-ай! – дейді.
– Атыңа затың сай Ерлепесім-ай! – дейді.
– Сен жүрген жерге шөп шығады ғой, – дейді. Аяқ-қолы шашылып:
– Тағы да, тағы, – деп бұл шалқалай түседі. Осы кезде:
– Тез! Директор жинап жатыр, – деген шаңқылдаған әйел даусы естілген. Бәрі кеңсеге лап қойыпты. Әуелетіп атып жіберген мұны қайтадан қағып алайық, аяғымен жер бастырайық деген жан болса ше? Бұрқ етіп тақырға өзі түсті. Өкіре құлады. Жамбас сүйегі морт кеткен. Содан бері бір қырындай басады. Содан бері қарауында істегендермен амандаспайды.
Дүкенге Санақбай бас сұғып оралды.
– Бұрынғыдай кезек жоқ. Дүние көздің жауын алады, – деп бір қойды. – Әттең…
– Давай, осы тосты Антонина үшін алайық! – деген ұсыныс корей шалдан түсті.
– Алайық.
– Әйел нәсілінен бізге жалғыз серік осы.
Астрахань облысынан бұл отбасының көшіп келгеніне де ширек ғасыр асты. Күйеуі – ұзын сары Петро пешші еді. «Ол салған пешке тіпті тамызық керегі жоқ, көмір өзі тұтанады», – десетін қатын-қалаш. Рас шығар. Тек аздаған қулығы бар. Ал деп іске кіріскенде, қолына тастан бұрын қылқитып бір шөлмек ұстатасың. Әйтпесе мұржаң түтін сормайды. Сорса, шығармайды. Қақалып-шашалып жатқаның.
Жатпай-тұрмай балық аулайтын. Қызылқанат пен табанның желбезегінен тізіп, майын тамызатын да қоятын. Сол судың құрты ақыры ажалына жолықты ғой. Шәуіш қатқан шақта қайығы аударылып, Шора өзені жұтып тынды.
Басына шырақ жағып, жылап отырған Антонинаға:
– Петро умер. Это – плохо. Но не беспокойся, дорогая… Это подарок от нас, – деп көрші-қолаңның атынан аз орысшасымен көңіл айтып, Ерлепес конвертпен ақша ұсынған.
Сонда өзге түгіл Антонинаның өзі біреу қытықтап жатқандай сықылығын баса алмай қойған.
Өзі алдымен дүкен ұстады. Артынан қарауылға өтті. Қолында тот басқан сүйір мылтық. 1937 жылы Пензада құйылған. «1986 жылы желтоқсан айында таңдайына оқ салдым» дейтін. Содан бері атылмапты…
– Қанішкенге жүретін автобусқа кемпірің өрмелеп мініп жатқан.
Бір қырындай басып Ерлепестің де көрмейтіні жердің астында.
– Балгерге кетті. Сегізкөзімді сипатамын деп.
– Біздің жасымызда домбыра мен әйелді күйге келтіру оңай іс емес.
– Ой, бұ заманда заңгер мен балгерге сенім қашқан. Екеуі де алдымен тамырыңды басып көреді. Бас шайқайды. Иманыңды ұшырады, – деп корей шалдың тілі шықты. Бір уыс бетін көміп кеткен ұсақұсақ әжімдер құрт құсап жыбырлап қашып байыз таппайды. – Айтпақшы, өткен жұмада ауданға барғам. Опырып жейтін Орбайды көрдім.
Ауыздарына аңдаусызда ащы түсіп кеткендей жанындағы үшеуі бірдей тыжырынды.
– Үстінде өзім тіккен ақ кенеп бешпент. Ақ кепкі. Иығынан бастап етегіне дейін жарқ-жұрқ етеді. Қаптаған орден-медаль. Ал керек болса!
– Оңбаған ит! – деді алдымен Санақбай.
– Ұятсыз доңыз! – деді Ерлепес іле-шала.
– Осыдан көзіме көрінсін. Бір-ақ атайын! – деді Антонина тот басқан мылтығын әрлі-берлі қозғап.
Опырып жейтін Орбай – бұрынғы пермі бастық. Жекешелендірудің алақызба тұсында асап қалғанның бірі. Аузынан ақ май ақтарылып жүріп, ақыры аудан орталығына көшкен.
– Осы ауылға жалғыз құрым киізбен келіп еді, пепілдетіп керуен түзеп көшкенін қарашы, – деп әйелдер жағы қыт-қыттаған. Оны да қойшы, әлгі саудыраған орден-медальді айтсаңшы!
Ел егемендікке жеткен елең-алаң тұста қысқа жіп байлауға келсе де күрмеуге келмей… «Ой, пірім» деген шақта: «Несін айтасың, әлгі Орбайдың кенже ұлы бизнесмен екен. Екі қап ұн беріп, Ленин орденін сатып алыпты. Елу кило қантқа Еңбек Қызыл Ту, палас төсенішке «Құрмет Белгісін» сұрапты. Медаль берсең он қадақ кір сабын ұстатады», – десіп ел-жұрт елеурескен. Сауда қызды. Сақал сипағанша небір озаттың өңірін әшекейлеп тұрған атақ-абырой сылдыр қағып со баланың қоржынына түсті.
– Әлгі сиыршы Сайлаудың борпаяқ әйелін білесің ғой?..
– Ал…
– Соның да бала көп тапқаныңның байғазысы деп үкімет берген «Алтын қатын» деген медалін жымқырып кеткен.
– Тұзақ үзген алаяқ!
– Оны айтасың, Орбай сол орден-медальді жарқылдатып тағып Астанаға барыпты. Үй сұрапты. Ондағылар «Ореке, сіздей қадірлі қарияға пәтер бергеніміз жараспас. Қонақтаған тауық құсап бірінің үстіне бірі мінгескен үйде қалай тұрасыз? Үш қабатты коттедж соғып сыйлайық» деп дереу іске кірісіпті.
Корей шал иегі қалтылдап, әдетінше жанындағыларға бір мойындап сығалай қарайды.
– Оңбаған ит! – деді алдымен Санақбай.
– Ұятсыз доңыз! – деді Ерлепес сазарып.
– Осыдан көзіме көрінсін! Бір-ақ атайын! – деді Антонина тот басқан мылтығын әрлі-берлі қозғап.
– Онсыз да қасқыр соғатын жағымда отыр екенсің. Күйдірме бізді. Тоқтат! – деп Ерлепес ежірейіп барып ес жиды. – Қой алдымызға одан да бір шөлмекті!
Бір уыс бетін көміп кеткен ұсақ-ұсақ әжімдер құрт құсап жыбырлап қашып, өз қалтасын өзі тінткен. Ышқырын қопарып жатып төрт бүктелген екі жүз теңгені әрең тапты.
Үшінші шөлмектің басы бұзылған соң арқа-жарқа күйге енді. Дүние жайланып, жадырады…
– Соңғы кезде кемпірім түсіме жиі енеді.
Бойын арақ билеген корей шал тыңнан сөз бастады.
– Жұмаққа кіреді. Саспа!..
– Рас па?..
Тігінші шалдың мұнда қалай тап болып, тұрақтап қалғанын ешкім тап басып айта алмайды. Сөзі шоттың тасындай санаулы. «Камчаткада туып-өстім. Түбім Кореядан», – дейтін. Дөңгеленіп піскен майлы тоқаштай домаланған кемпірі бар-ды. Ауылда бақша ұстаған жалғыз өзі. Қауын-қарбызды көгендегі қозылақтай ғып тізіп, тоқал тамның көлеңкесінде тиын сауып отыратын жарықтық!
Осы Антонина баяғыда көйлек тіктіргелі сол тоқал тамға беттепті. Етженді, шикіл сары келіншектің бұлғақтап тұрған кезі. Бояуы жұқа, аспан түстес көгілдір көзі күлім қағып, найқала баспай ма? Ішіне құпия бүгіп, наздана қарамай ма? Сонда осы антұрған көйлектің өлшемін аламын деп бесті биенің
сауырындай былқылдап тұрған бөксесін сипалай беріпті. Сипалап жатып:
– Осы келіншекті-ай, тым болмаса түсімізде оңаша көрсек, бұ дүниядан армансыз өлер едік, – депті.
Домаланған Дусясы түскір қайдан шыдасын, шар ете қалыпты. Шатақ бастапты. Матаны жұлып алып терезеден атыпты. Байын жұлып алып есіктен атыпты. Әйтеуір, өле-өлгенше осы әйелмен алакөз боп өтті.
Сол қызғанышты қызылды-жасылды дүние бұл күнде бұлардың көзінде ғана қалды. Өзі жоқ. Бұлдырбұлдыр бір елес. Не біржола қашып кетпейді, не қусаң жеткізбейді. Зырылдаған қара мәшенкесін құшақтап корей шал, тот басқан мылтығына сүйеніп Антонина қалды. Не дерсің бұған?..
– Корея дамып кеткен. Керемет! – деді ақыры жанарында беймәлім жылтыл оянып. – Телевизордан көрдім. Көшетін шығармын.
– Россияның жағдайы жақсы, – деді Антонина нарттай қызарып. – Қызым шақырса, мен де қозғалам.
– Астана күшті! – деді Ерлепес те қарап қалмайын деп.
– Астана сұмдық! – деді Санақбай өзге сөз таба алмай.
Тот басқан мылтығына сүйеніп, орнынан әупірімнің күшімен тұрып кеткен Антонина дүкенге беттеген.
– Ғазиза ұрсып жатыр, «Айналаны жау шапқандай еттіңдер» дейді, – деп оралды. Құрқол қайтпапты.
– Саудасын қыздырып тұрмыз. Одан артық не керек? – Ерлепес ренжіп, бір қырындай отырды.
– Сұлтанмахмұт деген жас ақын шығыпты. Сол
«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деп жазыпты, – десін Санақбай қопаң қағып. – Жақында оқыдым.
– Күн болатындар көбейіп кетті. Қорқам, нәлеті, – деп Ерлепес әлі өкпесін баса алмай бір қырындаудан жазбады.
– Давай, ән айтайық, – деді Антонина алыстан бір сиқырлы әуен естігендей басын екі иыққа кезек тербеп. Басқа былқыл қағып мықын мен бөксе қосылды.
– Шырқайықшы, – деді корей шал қолын ербеңдетіп, дирижердің кейпіне еніп.
– Баста! Бәріміз мінгесіп айтамыз.
Ерлепес үш ұмтылып зорға құйрық көтерді. Екі көзін тарс жұмып алған Санақбай:
Аy тауыққа жем салмайсың,
Аштан өлсін дейсің бе? –
деп лекітіп келіп, даусын енді созам дегенде:
– Өй, қой! Қайдағыны қоқытпай… Ақ тауығың арам қатқан, – деп Ерлепес кесіп тастады.– Әнұран қайда? Соны айтамыз! Баста!
Алтын күн аспаны…
Қапелімде төрт дауыс төрт жаққа шығандап барып, «Қазақстаным» деген тұста ғана бас қосып өтеді. Қайырмаға екінші мәрте оралғанда Антонина күшейіп, жігері тасып, тот басқан мылтығының дүмін жерге солқ еткізіп ұрсын. Сол сол-ақ екен, сонау желтоқсан айында салынған жалғыз оқ шаңқ беріп атылды. Өзі де зарығып тұрса керек. Бүкіл ауыл шаңынан дүр сілкінді. Бота-тайлақ бас жібін үзіп қашып, шығандап кетті.
– Россия, спаси! – деп Антонина қос қолын жайып аңырай жығылды.
– Made in Korea! – деп сымдай жіңішке даусымен бажылдап жіберген тігінші шал қурайдай боп сол құшаққа құлады.
Кімнен араша тілерін білмеген Санақбай мен Ерлепес дүкен айнала жортақтап қашып, жорғалап бұқты.
P. S. Бір уыс жемге таласқан торғайлар да ұшыпқонып, «алтын күннің» астында шырылдап жатты.
Рахымжан Отарбаев