ТОҚТЫШАҚ

Мұса мен Қалданның рухына

Наурыздың шағырмақ күні мен өкпек желі сіре қардың көбесін екеулеп сөгіп жатты. Тоңнан босаған жердің ажары анық кірмегенімен алакөбеңденіп қалған. Теңіздің қуысында қамалған төрт-бес үйді қоршап алғысы келгендей жағалауды көмкере біткен нар қамыстар үкілі басын тербеп, баяу сыбдырайды. Қалың арасынан жылт етіп көрінген ашөзек түлкі ауыл жаққа тұмсығын төсеп иіс аулағанымен, көңілін жұбата алмай, қозы-лақ ойнаған қораны төңіректейді. Тоқтышақ қарға аунай-аунай жоны өрттей боп жанып бара жатқан түлкіні бұ жолы да аңдап қалды.

– Әжем қорада жүр. Өскен соң қақпан құрып ұстап аласың деді. Әзірге жүре тұр, – деді бүлкіл қағып бара жатқан түлкіге торша бала тіл қатып. – «Қаладағы бай шыдатпай жүрген шешеңе жібер. Төбесі жұқарып, миы сұйылған. Малақай істеп кисін» деді әжем.

Омыраудан шығысымен әжесінің әлдиімен өскен Тоқтышақ өз әкесін түстеп танымайды. Шешесі бірде:

«Байқамаппын, мінезсіз ит екен. Қызғаншақ, іші тар боп шықты», – деп отырған. Келесі жаз жанына жылмаң қаққан көсені ертіп келді. Тағы бір көктемде мұртын сылаған сырбазбен, қысқа салым, соғым соярда, қаба сақал қарамен оралды. Кейін әжесіне сәлем айтыпты: «Қазаққа күйеуге тиіп болдым. Енді саудаға басы бүтін кірістім», – деп. Дүкен ұстайтын шығар…

Сәске кезінде қорадан оң аяғын билете басып ақсақ кемпір шықты. Жаулығы ағараңдап теңіз қуысында түтін басы бірікпей, бір-бірінен үркіп ұшқан төрт-бес үйге қарап әдетінше аңырап қоя берді:

– Қыз баққаннан қарға жиып бақсамшы… Бірінен тірілей, бірінен өлілей ай-ры-леп!..

Кемпірдің ащы зары бұйығы жатқан төрт-бес үйдің тәтті ұйқысын шошытып жібергендей. Алдымен ақ шатырлы көрші үйден шаң-шұң ұрыс шықты. Монтер ағасы мен қайыстай қара қатыны-дағы тағы қаймалдасып жатқан. Әдеттегідей, соңы қашты-қудыға ұласпай, өрт тез сөнді. Қоламтасы қоздап, кешқұрым да жалғасар. Әжесі ұрысқақ қатынды жаратпай: «Тілі көсеудей, көсей-көсей есіл азаматты қор етті ғой», – деп тыжырынып қалатын.

Оң жақтағы тоқал тамның есігі шалқасынан түсіп, іштен екі беті нарттай боп Пішенбай шықты. Көзі майланып жайнаң қағады.

– Тез жиналыңдар! Бураны пішеміз. Нәлеті!

Соңынан бұрынғы «пермі бастықтың» шалғайына оратылып Науқанбай шабарманның қолтоқпақтай басы қылтиды. Қоян бөркі ұйпа-тұйпа боп теріс айналып кетіпті.

– Обалы жоқ! – деп екіленді аузы жаялықтай боп. – Қайрақ қайда?!

Тоқтышақ ернін тістей алды.

Тоқал тамның иесі жадау шал-тын. Қақ-соққа қатысы жоқ, бар өмірі мал соңында өткен. Жекешелендіру келіп тиіскенде үлес бұйырмай, ысқырып қана қайыратын уақ жандығы қалған. Есесіне Пішенбайдың көзі сол кезден бастап майланды десетін жұрт.

Аңқау еді жарықтық.

Төлді көп алған жылы ауданға әспеттеп шақырыпты. Алқалы жиын боп, ойдан-қырдан тәжірибе алмасамыз деп келгендер ығы-жығы дейді. Бір домаланған бастық бала жадау шалды жетектеп апарып, «ардагеріміз», «еңбек озатымыз» деп қолпаштап төрге оздырған. «Алдымен малды қалай жаясыз, өрісті қайтып жаңартасыз, соның сырын айтыңызшы», – деп тап бір қымбат құпияны біліп алғылары келгендей барлығы мұның аузын тосыпты.

Ғұмыры шаршы топқа түсіп мінбер мінбеген, балашағадан басқаға билік айтып көрмеген жадау шал не десін?..

– Осы отырғандарды бір отар қой дейтін болсақ, – деп залды оң қолымен орап өтіпті. – Түске дейін былай жаямын, – деп күншығысты меңзейді. – Көлеңке басы қысқарған кезде көлден суарамын. Өзім де кемпірімнің қаймақ қатқан қою шайын терлептепшіп ішіп аламын. Көз шырымын алып мызғимын. Сосын кешкі салқын түсе былай қарай өрістетемін, – деп күнбатысты көрсетеді.

Осы тұста мұны әспеттеп алға шығарған домаланған бастық бала даусы әлем-тапырық боп бажылдап жіберіпті:

– Жетті, ойбай! Енді қозыны қайтіп көп алып жүрсіз? Соны айтыңыз да, сөзді доғарыңыз!

– Е, қошқарларға кәтта обал болды, – дейді бұл қабағын шытып. – Күйегі алынып, күйлеген қойдың құйрығына бұрынғыдай жабысып жатпайды. Саулықтарым қазір де ғылыммен шағылысып жүр. Мауқы қанбайды. Көздері мөлиіп тұрады. Қайтсін енді?.. Сосын…

Әлгі домаланған бастық бала шиедей боп шыжбаңдап, қыран-топан күлкінің ортасынан мұны суырып алып, қойторысына әрең деп отырғызып жіберіпті.

Сөйткен жадау шалды бұрынғы «пермі бастық» қыстақ ауыстырамын деп көмекке шақырады. Жем мен сұлыға бөгіп, құйрығын теуіп тұрған мініс атын қимайды. Астына екі өркеші баладай бураны беріп, бір қора сиыр айдатады. Қаңтарда жарап, ақ жынын аспанға атып тұрған бура өркешінен мойны аспай қылқиып отырған дәрменсіз жанды менсіне ме? Қамшысын сауырлата берген шалдың қылығына алдымен шамданыпты. Бара-бара шын қайратына мініпті. Бейқамдығын бағып, иір-иір мойынын қайырып әкеліп қара саннан азуын салған. Тулақтай етін жұлып алып, сонадай жерге лақтырған. Оған да құшыры қанбай, шөге қап төс табанымен езген. Ішекқарнын шұбатып ақ қардың үстінде жантәсілім еткен әкесін көрген жалғыз ұлды содан бері желік кеуледі… Шаңқ етіп ит үрді. Қара қанден екен. Бәкене тамның есігінен шапшып шығып, көрші ауылға қарай көсілте салды. Күндегісі осы. Жамиғаның

иті. Жеңгесінің етегі қанамай, күйеуімен ажырасып тынған. Әскербек болса көрші ауылдың кәрі қызына үйленіп сәби сүйіпті. Оны біліп жатқан бұл жоқ. Қолын жалатып өсірген ерлі-зайыптының неге енді екі жақта тұратынын түсінбей дал. Алғашқыда ізім-ғайым болған Әскербекті жоқтап әркімге бір жалтақтап бітті. Кейін ел ақтап жүріп иесін тапқан. Содан бері қара қанденнің тірлігі кілт өзгерді. Жамиға жеңгесінің үйіне бір түнеп, көрші ауылға қарай сынық сүйемдей аяқтарын бауырына алып құйындатып бара жатқаны…

– Ақ торғындай еді-ау, қай-те-йін?! – деген әже даусы естілді. Күйікқақты кейуана әлсін-әлсін ішкі запыранын құспаса шері тарқамайды.

Тоқтышақтың сол ақ торғындай апасы былтыр көктемге салым тұрмысқа шыққан. Жездесі өткір көзді, қыр мұрынды, әдемі жігіт екен. Теңіз қуысындағы төрт-бес үй өз етектеріне өздері сүрініп жүріп, әйтеуір, той ма, томалақ па – жасап ұзатқан. Қуаныштары ұзаққа созылмады. Араға апта салып мұның ақ торғындай апасы пойызға өзін-өзі тастап өлді деген суық хабар жеткен. Жаласы күйеуінен деп ел шуласқан…

Жадау шалдың жалғыз ұлын тағы да есірік меңдеген екен. Үйінен жұлқынып шықты. Қарашығы ауып кеткен. Қолында селебе пышақ.

– Әкемнің қарасына соям деп алдап… Енді атан етем дейд! Әкемді өлтірген бура емес, Пішенбай! Қазір өзін пішіп тастаймын! Жібер де жібер!

Бажылдап шалғайына жармасқан шешесін түйіп тастап қораға ұмтылған…

Әжесінің созып салған зары да жағаласа шықты.

– Қайсыбірін ай-та-ен?!

Бұл күнде жұрт аузына қақпақ бар ма?

– Есіттің бе, әлгі жығылып жүріп той берген қызымыз неке түні қыңқ дей алмапты. Бетінің ажары жоқ екен. Шыдасын ба, өткір көзді, қыр мұрын, әдемі жігіт ашуға тізгін беріпті. Ендеше деп… Жақтан олай бір тартып, былай бір тартып… Пұшайман болған қыз өз ұятына өзі пісіп, құтпан айғырдай азынап бара жатқан пойызға жүгіріпті. Күйеу бала сотта міз бақпапты дейді. Айтқаны «Мен өзіме тиесіліні сұрадым» депті. Ер екен…

– Араша, халқым!

Бес-алты еркектің ортасынан суырыла қашқан Пішенбай жанын аузына тістеп, құйын-перен қора айналып бара жатты.

Желігіп алған жалғыз ұл селебе пышағын сілтеп өкшелей түсті. Бура мең-зең қалпы, омырауы ақкөбік боп күйіс қайырып тұр…

Өкпек жел тынып, аспанды қазбауыр бұлттар басынып алған. Шытыр жеген түйедей ыңыранып, бүйір тақастырып, жерге жақындай түсті. Сұрғылт ауа сыз бүркеді. Теңіздің қуысында қамалған төрт-бес үйді қоршап алғысы келгендей жағалауды көмкере біткен нар қамыстар үкілі басын тербеп баяу сыбдырайды. Қалың арасынан жылт етіп көрінген ашөзек түлкі ауыл жаққа тұмсығын төсеп иіс аулайды.

– Жон терің өрттей боп жанып ортамызда жүре бер, – деді торша бала өз-өзінен қамығып. – Сені ұстап алғанда қай мұратымызға жетерміз дейсің? Малақай кигенмен саудаға түскен шешемнің төбесі бүтінделмес.

Көптен бой үйретіп алған түлкі Тоқтышаққа қарай абайлап бір басып, екі басып қояды.

– Саған қандай жақсы?! – деді торша бала түлкіге. – Жат боп кеткен әкең, жағаласып жатқан көршің жоқ. Атасынан қалған жаман тонды мектепке киіп барса мазақтап жүргізбейтін достарың жоқ. Тіпті өз ұятына өзі пісіп өлді дейтін ақ торғындай апаң да жоқ. Мұны бауырына қысып еркелететін жалғанда жалғыз адам сол еді ғой…

Айтары көп еді. Өксік кептеп, көз жасына тұншығып қалды. Жапалақтап қар түсе бастады. Күн көкжиектен құлап барады екен. Қараңғылық еркінси бастапты. Әлгінде өзі көрместей боп қашып шыққан ауылға сараң басып келе жатты.

– Құлыным, үйге кір! Наурыздың ақша қары ғой бұл. Жауа түс! Жаусыншы, – деп қояды әжесі оң аяғын билете басып. Арқасындағы бір қап тезекті көтеріп еңістегі үйге еніп кетті…

Монтер ағасы бүгін тағы ішіпті. Қайыстай қара қатынымен кәнігі қаймалдасуы басталып кеткен екен:

– Жеті қыз таптың. Арасында бақа басты болса да бала жоқ, – дейді алдындағысын жайпап. Кесектеп атқан соң ыдыс-аяқ қирайды.

– Жапырағың жайылсын деп жаттым… Жазығым сол ма? Бала таптырсаң қой деппін бе?.. Төркінімнен қызды қоралап айдап келіппін бе?.. – Тілі көсеудей қатын мына өшкен қоламтаны үрлеп, тұтатып жатты. – Томаршадай боп… Тобығың қисайып жүріп… Толағайдай ұл дәметіп… Басыңа көктас қойса көрермін. Мықтаса бураға мініп Пішенбайды қуып кеткен әлгі жындысүрейдей-ақ болар… Әскербектен ақыл сұра, кәрі қыздың есебін сол біледі…

– Жұрттың байында шаруаң не? Түбі айналып қазығын табар, – деп, Жамиға үні тозып, тездетіп есігін кілттеп алды.

– Сені мұқатайын деп емес. Мисал үшін айтып жатырмын. Мисал…

Наурыздың ақша қары төпелей түсті. Баданадайбаданадай жабысқақ, бауырмал қар екен. Тоқтышақ аққала соғамын деп домалата бастады.

Томаршадай монтер ағасы аяғына тағы да тісті темірін киіп алыпты.

– Кеттім! – деді ақырып. Бірақ кәрі қызы көп көрші ауылға беттемейді. Үй жанында тұрған биік бағана басына өрмелей жөнелді. Қатынына сөз шақ келтіре алмағандағы дағдысы осы. Ілініп алса бітті, бағанаға біткен жұдырықтай боп аспанға сес көрсетіп таңға дейін түспейді…

Ойынның қызығына кірген Тоқтышақтың бойы жылынды. Қырдан еңіске домалай-домалай әп-сәтте бес-алты аққала қатар тізді. Домаланып тұрған бастың әрқайсысына сиырдың тезегінен көз, мұрын, ауыз ойып жапсырды. Найзаның орнына үкілі басын тербетіп тұрған бір-бір нарқамыс ұстатты. Айқайлатып ат тақты. «Қобыланды», «Алпамыс», «Чапай», «Бауыржан Момышұлы», «Қасым Қайсенов» деп.

– Ертең жорыққа бірге шығамыз. Мені мұнда тастамай, а-лыс-қа алып кетіңдерші, – деді Тоқтышақ ынта-шынтымен сеніп. – Ешкімді де көргім келмейді…

Түсінде батырларын ертіп түнімен сойқан соғыс салған Тоқтышақ сәскеде бір-ақ оянған. Кешегі қазбауыр бұлттар ауа көшіпті. Айналада жылы леп есіп, кемпіршуақ ойнайды. Көрші ауылдан бері қарай көсіле шауып келе жатқан қара қанденге көзі түсті. Көз ашқаннан қолын жалатып өсірген ерлі-зайыптының неге ажырасып кеткеніне әлі түсінбей дал. Екі жылдан бері екі ортаны жол ғып бітті. Қыстың ақшұнақ аязы, шіліңгір шілденің ми қайнатқан ыстығы қаперіне кірмес. Жамиға жеңгесінің итаяғын бір жалап, Әскербектің жаңа отауына асығыс аттанады. Барып жас тоқалдың сұйқылтым жуындысын ішеді. Иесінің аяғына оратылып жүріп бір қонады да, кері құйындай ұшады. Сөйтіп жүріп Жамиға жеңгесінен «Иә, тоқал тамағыңды тойдырды ма? Сен де қолына кіріп алмадың ба?» деген сөз естіп жатады. Әйтеуір қызметі қауырт. Бауырын төсеп шапқанда сынық сүйемдей аяғы жазылып, алқынады. Көзіндегі мұң төгіліп-төгіліп кете жаздайды.

– Осы ит түбі сағыныштан өлетін шығар, – деді Тоқтышақ әжесінің сөзін қайталап. – Кел, келе ғой. Сүт құйып берейін. Аңқаң кепті ғой, жазған!

Төбеден қанатын сусылдатып бір топ торы ала қаз ұшып өтті.

– Жорыққа аттанамын, қара қанден, – деді бала сүтті қауып ішіп жатқан итке қарап. – Менімен бірге жүр. Алдымен кәрі қызы көп ауылды шабамын. Сенің өшіңді әперемін. Сосын шешеме сауда жасатып жіберген жылмаңтөс көселерді, мұртын сылаған сырбаздарды, қаба сақал қараларды…

Аулақта бура күркіл қағып шабынып, тісін сақ-сақ қайрайды.

– Жүр, батырларға барайық!

Бала мен қара қанден жетектесіп үй сыртына беттеді. Бұл кезде «Қобыланды» да, «Алпамыс» та, «Чапай» мен «Бауыржан Момышұлы» да, тіпті «Қасым Қайсенов» те жартылай еріп, жантая құлаған. «Ер Чапай» ғана аузындағы сиырдың тезегімен тістесіп жатыр. Қамыс найзалар шашылып түскен.

– Мен сендерге сеніп едім ғой!.. – деп Тоқтышақ бақырып жылап жіберді. – Батыр емес пе едіңдер?.. Барар жерім жоқ. Панам қалмады. Көңілім тозды…

Қалың қамыстан шығып, жон терісі өрттей боп жанған түлкі торша баланы өзіне қайта-қайта шақырып тұрды.

Рахымжан Отарбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *