КӨРГЕН-БАҚҚАН

Шөп буыны қатып, құс балапаны түбітін тараған шақ. Қызыл қанат шегіртке секірсе, семіздікті көтере алмай, аттам жерге бір қонып қалыпты. Таздың тақиясындай жетім бұлт ертеңгілік қоңыржай самалмен біраз тайраңдап баққан. Тырмысып күн төбеге жеткенде ірге бойлап көкжиекке қашты. Тамыз түссе де шілдеден қалған аптаптың қоламта табы басылар емес. Көлік күтіп ауыл жанындағы айдау жолға шыққан Мыңжылқының көлеңке басы кішірейіп, ақыры аяғының астында қалды. Үйінен сәскеде сылаңқоразданып-ақ шығып еді, ыстық ұрды ма, шекесі тырысып, аузы кермек татыды. Қоңырқай жүзі қабарып, мойнын ырғай созғанымен шаңымен жарысып келе қояр көліктің жоқтығы күдер үздірді.

Ерегіскенде екі сағатта ентелеп жетіп барайын ба деп бәтіңкесіне қараған, ат шаптырым жердегі аудан орталығы сағыммен қыдырып көшіп, көрер көзге алыстап кеткендей әрі-сәрі күй кешірді. Арбаға торы атын жегіп, дестелеп шөп тиеген Зайырлы қарт айдау жолды кесіп өтіп бара жатты. Май сағынған дөңгелектің сұрамсақ шиқылы қаперіне кірер емес, қара қалпағы көзіне түсіп, шөп үстінде қалғып отыр.

Қыстың қамы ғой, шау тартса да отырғызбай жүрген деп соңына іздік қана ұлпа шаң көтеріп өткен арбаны қозы көш жерге дейін үнсіз ұзатып салды. Дауыс көтеріп сәлемдескісі келген, қалғып отырған қаңбақ шал қапелімде жалп етіп құлап түсе ме деп бой тартты.

Алаңғасарланып тұрып аңдамапты, екі жаяу айдау жолмен бір-бірін қуалап өзіне тас лақтырым жерге келіп қалыпты. Ентіге басқан екеуге көз тоқтатты да, селк ете түсті. Пері көшетін қызыл іңір емес, әлем-жәлем боп айдан түскендей мына қатыны кім? Төбесінде шаңырақтай боп шатыр келеді. Қызылдыжасылды ұсақ гүлді ұзын көйлектің етегін теуіп екпіндете басады. Бізөкше төплиін нық қадағанымен, тобығы түскір сыртқа теуіп, бәйгеге көп шапқан аттың артқы аяғындай қоғамдалып тұр.

– Қайным, бармысың? – деді мұның жанына жете бере. Үні сыбызғының сағадағы даусындай ашқылтым екен. – Тұрысың қандай жақсы, қазықтай қадалып?!

Шаңырақтай қолшатырын шалқайтқан, көргені – қызылшырайлы, бет терісі жұқа, ал құйрығы сандықтай қалың екен. Көзі… шақпақ тастай жылтыл қағады. Жаныңды баурап, жанып-өшеді. Қапелімде тілі кәлимаға келмей, бас изеп қана мезіреті танытты.

– Әй, шал, – деді сосын сыбызғы дауыс ес жиғызбай. – «Өлмегенге – өлі балық» деген. Бас аяғыңды!

Томаршадай шал ақ бу атып кеп қатар түзеді. Амансаулық қысқа қайырылды.

– Жол болсын, балам, – деді екі беті бұлтиып, иегіндегі үркек торғайдай жабысып тұрған шоқша сақалы селтеңдеп.

– Қанішкенге шығып ем…

– Жеткізбей қойды. Әдірем қалғыр, – деді келіншек сағыммен қыдырып көшіп, көрер көзге алыстап кеткен аудан орталығына қарап. – Төрт дөңгелегің төбеңде ойнағыр, машинаға да тыйым болды.

– Иә, Алла, соны білгеніңе де шүкір! – деді шал меңірейіп.

– Сыбырласаң ғана естиді бұл, – деді келіншек шатырды әуелете түсіп.

– Қатты айтса жаңғырып кетеді, – деп шал жөндемге енді келді. – Үзеңгі жолдас боламыз ба, балам?

Таяғын жерге тық-тық қадайды.

Шеткі үйден Нағима қолына құман ұстап шығып, көйлегінің етегін көпсітіп түзге отыра кетті. Отырып жатып сараң гүлдеген ақтікеннің ар жағынан бұларды сығалайды кеп. Таң намазына жығылып жатқан көрші шалды ту сыртынан «Қайнаға, сәлем бердік!» деп айғайлап қап етпетінен түсірген алаңғасарлау неме ақтікеннің ар жағынан да қарап жатпады:

– Сыған қаптап кеткен бе? Қаңғымаса басы ауырады-ау бұлардың!

Апыл-ғұпыл тұрып, құманы мен дамбал бауын қолына бүріп ұстап, тездетіп қора айналып кетті.

Нәті бөлек екеудің сырт болмысын қызықтап тұрған Мыңжылқының өкшесі көтеріле берді:

– Жүрдік, ақсақал!

Шаңырақтай шатыр сытылып алға түсті.

– «Әңгіме жол қысқартады» деген…

– Ә, оның дұрыс, балам, – деп шал басындағы жиегі ақжемделген зерлі тақиясын бір қозғап қойды. – Әңгіме көп. Тек қай тұстан бастасам екен?

– Еркіңіз білсін.

– Ендеше жақыннан көрейін, – деді даусын көтеріп. – Кемпір ала қоятын ойым жоқ еді…

Шатыр бір аунап түсті.

– Кеміріліп қалғыр… Келіншек де. Жұрттың мендей қызы әлі күнге оң босағада ойқастап отыр.

– Жалғыз ұлым бар. Жас кезінде екі беті бұлтиып тұратын. Жігіттің сұлтаны еді. Қайтейін?! Келінді қаладан түсіріп, сол ауыздық бермей алып кетті. Хабар-ошарсыз. – Таяғына күш түсіріп емпеңдей басады. – Шешесі өлген соң қызым да көп отырып жарымады. Қиякелді біреудің етегінен ұстаған. Түске дейін есі бар, түстен кейін есі жоқ ішкіш екен. Ащы суды ұрттаса бітті, айналасын бездіріп тынады. «Қолыма алам. Әкемдей көрем. Давай, үйіңді бер» деп тобадан тоба қоймаған. Құлқыны мәлім. Шалқақтап көнбей қойдым. Балағынан бала төгіліп жүріп қызым шығандап қайда барсын? Отыр. Сөйтіп сегіз бөлмелі үйде қуарып жалғыз қалдым… Қапелімде кемпір ала қоятын ойым жоқ еді, – деді боз бешпентінің өңіріндегі жалғыз медалі қалтылдап. – Көктем жылт етіп құс келген әзірде Бозан бетке құда шақырысқа барғам. Дәм айдаған шығар, дастарқан басында табыстық. Жалғызілікті екен…

– Қалыңдық ойнап олжалы келе жатқан бетім десеңізші.

Шалдың иегіндегі үркек торғай ұшып-қонып әрең байыздады.

– Өйдөйт де. Төрінде жаттым. Бір шүмектен су, бір шүмектен от ағып тұр. Жанның рахаты.

– Қақсамай жүр енді… Бәрі сенің арқаң.

Сыбызғының сағасындағы ашқылтым үн баяулап барып бітті.

– Иә, Алла, соны білгеніңе де шүкір!

Алла мен келіншектің арасында қандай байланыс барын біле алмаған Мыңжылқы есесіне мына құбылып қалған дауыстың сырын түсінгендей еді.

Қызақай сауысқан қанатын төсеп айдау жолды әрібері кесіп өтіп шықылықтағанымен, сыңар табылмай діңкелеп кетті.

Жолдың жартысын жеп, өрмек жүзі ауғанда барып келіншек кейінге мойын бұрды:

– Кел, қайным, қолшатырдың көлеңкесін бөліс! Шалға жалтақтаған. Беті бұрынғысындай бұлтиғанымен, аяғы шатыса бастапты. Келіншектің сылт желісі шыдата ма, иненің жасуындай танауы шуылдап болдырған сыңайлы.

– Бар, бар! Шаштарың жалбырағанмен, сендерде қайбір төбе бар? И-и, осы күнгі жастар…

Шаңырақтай шатырдан пана тапқасын аңдады. Жасы мүлдем айырғысыз екен. Бет терісі ғана жұқа, ал қалың құйрық бізөкше төплиді қадап басқан сайын секемшіл аттың сауырындай дір-дір етеді.

– Қанішкенде үй қымбат па?

Келіншектің көзі шақпақ тастай жылтыл қағады.

Жаныңды баурап, жанып-өшеді.

– Солай шығар…

– Е, әншейін көп бозымның бірі екенсің, қайным.

– Солай шығар…

– Қатарыма келмей, ана сасай бұқамен сырласа кеткеніңнен байқағам.

– Иә, Алла, соны білгеніңе де шүкір!

– Мына шал көк шатырлы үйім бар дейді. Пұлдап сатсақ… Қайтамыз.

– Отағасы ойда жоқта жас иісті болдым деп масаттанып келеді.

– Басыңдағы көлеңкені көпсініп келесің бе? Бай таба алмай соқаға отырып жүргенім шамалы.

Секемшіл аттың сауыры тағы да дір-дір етті.

– Есте қалған бір жайтты айтыңызшы… Ұмытылмастай боп… – деді Мыңжылқы өзінің әбестеу қылығына ұялыс танытып. – Жадымда жүрсін, жеңеше.

– Есімде не қалып жарытты дейсің? Таң алды көрген түстей қызығы тарап кетті. Күмірә боп күлдік… Күрсініс аттық… Бақсам, өмір дегенің, міне, мынау екен. Көрдің бе?.. – Сол қолдың балаң үйрегі мен ортан терегінің арасынан қызыл тырнақ қылтиды. – Бақ деп, сор деп ат тағып әшекейлеп жүргендерің…

– По-оф! Пу-ух!

Жігіт ұртын осыртты ма әлде шытыр жеген түйедей көптен ішін кернеген бір жел жол тауып шығып кетті ме – елемей қалды.

– Жарайды. Жүрегім езіліп жылағаным бар. Бірақ рет. Соны тыңда, қайным, – деді келіншек екпінін сәл-пәл баяулатып.

– Бердім құлақты.

– Жол бойына өскен көк шөп құсап қылтиып бойжеткен шағым. Базар шығып кеткен әкем жарықтық Астраханнан көйлектік көк жолақ мата әкеп берді. Қасқалдақтың қанындай зәру еді. Өйткені ондай матадан көйлек кию мода болатын…

– Сосын?..

– Оңды пішетін шебер таптырмай… Әлгі матаның шетіне қызыл жіппен әдемілеп «Әлиман» деп атымды жазып қойдым.

– Сосын?..

– Сосының бар болсын! Қыдырып құдағиымыз келіп, шешем әлгі әспеттеп отырған матамды кигізді де жіберді.

– Сонда жыладыңыз ба?

– Жоқ. Араға кө-өп жыл салып сол мата өзіме қайта оралғанда…

– Апыр-ай, ә?

– Иә. Сонау оңтүстік өңірге зәуімен бара қалғам. Бір жегжат көйлек тіктіріп киерсіз деп көк жолақ матаны қолыма ұстата салды. Әлдене есіме түсіп, екі шетінен ұстап, ортасынан тістеп бүктеуін жазып кеп жібердім. Шетінде түсі өңіп кеткен «Әлиман» деген әдіптелген жазу тұрды. Құса боп қоймай жыладым… Қолданқолға өткен ол мата да модадан әлдеқашан қалған… Мына мен де…

Қашса да құтылмасын білді-ау деймін, сағыммен қыдырып көшіп тұрған Қанішкеннің үйлері табанымен жер басып қалыпты. Жасыл теректер санап алардай боп самсап тұр.

Сыптығыр қара қаншық бұлардың алдын орап, сумаң етіп айдау жолға шыға келді. Артынан ерген жетісегіз төбет өзара алқымдасып, әлгі ұрғашысы түскірді бөлісе алмай жатты.

– Өй, көргенсіз… Бұларда кезек деген жоқ-ау. Келіншектің көзі шақпақ тастай жылтыл қағады.

Жаныңды баурап, жанып-өшеді.

Соңдарынан ентіккен дауыс үзік-созық боп қуалайды.

– Иә, Алла, соны білгеніңе де шүкір!

Шөп буыны қатып, құс балапаны түбітін тараған шақ-ты. Десе де, салқар далада көшкен сағымның сиқыры әлі бір басылар емес.

Рахымжан Отарбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *