АСПАНДАҒЫ АҚ КӨБЕЛЕКТЕР

Құмырсқаға тимеңдерші, іздегені өмір ғой.

Фирдоуси

Тағы да ақ көбелектердің соңынан қуып діңкелеп, аңқасы кеуіп оянған.


Оқтаудай көшенің оң қапталында иін тіресіп, итініп ұмтылған жүргіншілер арасында батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Беталысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген…

Табанын қыздырып алғандар мұның шабан қимылын шаң қаптырғандай. Ертеңгі қызыл арай еркін тарап, күн қуатына мініп, шекесін шақты. Ақ кепкісін қышыған шекеге жығып, ажырайып зеңгір көкке қараған. Жүнделмеген жетім тайлақтай алба-жұлба жалғыз бұлт беталды маңып жүр. Тамыздың таңғы шығымен таңдай жібіткен қала торғайы да жұрттың ыңғайына шоқақтап, ұшып-қонып байыз таппайды. Бұл жазғанның да базардан дәмесі бар шығар. Әлден уақытта:

– Ой, дәурен-ай! – деген дауысқа мойын бұрған. Қайырылған ешкім көрмеді. Сарысу жиналған оң аяғын еркелете бастырып жанынан бір кейуана озып барады. Жетегіндегі жас қызға арзу-арманын айтқан сыңайлы.

– Мен де сендей болғанмын, – дейді жарықтық.

Қасындағы күмірә болғыры жыртаң қағып көзін жайнаңдатады. Жайнаңдатқан сайын көшенің арғы бетін тінтіп қарайды. Кеудеше мен етектің қабыспай тұрған тұсынан сығалаған жалғыз көз – кіндігі түскірі қарсы жүргіншіні көздейді.

– Сен де мендей боларсың…

Кемпір мен қыздың қарасы батқасын ғана есін жиды. Ой теріп, уайым арқалап, шексіздіктің құшағында кетіп бара жатқан жалғыз өзі дейсің бе? Әне, бәрі де…

Баяғы Дәурен дәу қаланың бетке ұстар базарында шалбар саудалаушы еді. Арық қатынның арты әзер сыярдай ғана орынға көздің жауын алдырып, ағын, көгін, қарасын жайып:

– Жәке, сізге сұмдық жарасады… Тәте, құйып қойғандай екен… – деп өз тауарына өзі тамсанып бітетін. Алушысы түскір де алуан-тын. Желпілдеген жасы, жер жетектеген кәрісі, сүйріктей сұңғағы, мимырт басқан мықыры, шілаяқ сидаңы, балпаң қаққан бөкселісі… Ақшаның бет-жүзіне қарамас сахиы, теңгенің мөрін жылап жалайтын сараңы… Ой-дөйт дерсің! Десе де, қалтаға құйылған тиынның сыңғыры жиылып кеп бұйра бас, ақсары өңді, ашаң, әдемі жігіттің пәтер жалдауына да, назқоңыр нәпақасына да, Жарбай ауылындағы жалғыз шешесіне де жетіп артылатын. Шалының қара шаңырағын жықпаймын деп төрттағандап отырған кейуананы айына бір барып сүйсіндіріп, ас-суын қамдап кететін.

Қайтарда «Құлыным-ау!» деп қасқа жолдың бойына дейін шығарып салғанда көлбеңдеген кең көйлегінің етегіне алтын шуақ үйіріліп, өзімен бірге жан тыныштығын, қанағат пен иманды қоса-қабат алып қалғандай болатын. Бұл қалаға кіре жанталасы басым, алқын-жұлқын беймаза өмірге сіңіп жүре берерді. Жанын бірге саудалаған бұл ұйыққа түспес еді… Әлимасы бар ғой. Кәдімгі базардың кіреберісінде су сататын, екі қасының нақ ортасында тарыдай ғана меңі бар қыз ше?.. Иә, иә, сол! Әр шалбарды өткізген сайын кеп су ішетін.

– Кербаланың шөлінен келдіңіз бе? – деді бірде ұяң жымиып.

– Жоқ, кең балақ, тар балақтың сорынан жеттім. Сыңғыр етіп күліп жіберген. Жай күлкі емес, шыны ыдыс сынып, ауаға тарап кеткендей. Содан бастап су емес, сынған ыдыстың құлағыңды қуантар дыбысын іздейтін. Сыңғыр! Әне, көзге көрінбей шашырап барады. Аға-жеңгенің қолына қарап қалған жетім нарша екен. Жүзінде сәбилік пәктік ұйып, үркектеу жанарының түбінен ылғи да бір үміт сығалайтын. Құмары қанбай ішкен мұның кәусар күлкісін сол шығар үзбей-жұлмай аман алып қалған.

«Күзге салым той жасаймыз…» дескен.

«Жарбайдағы жалғыз шешені қолға көшіріп аламыз…» дескен. Тек, әттең…

– Көне зиратты тегістеп жіберіп, үстіне мына «Неке сарайын» салды. Алда көктемегірлер-ай! – деген таныс дауысқа қараған. Сарысу жиналған оң аяғын еркелетіп басатын кейуана екен. Бусанып алыпты, жауырыны бүлкіл қағады.

– Бүгін неке қидырғандар сұмды-ы-ық көп.

Елге жалғыз көз – кіндігін көрсетіп келе жатқан қыз «сұмдық» деген сөзді айызы қанып, сағызша созып айтты.

– Е, мал семірді. Жеміс-жидек пісті. Жұрттың күйегі түспегенде қайтеді?

Жетектегі қызды қаралай желік кеулеп көтеріліпбасылды.

– Өй, осы күнгі жастарда бәтуа жоқ. Түнде берген уәдеден таң алды тайып шығады… Тас лақтырым жердегі базары түскір жеткізбеді ғой.

Жолай дүкен біткенді сығалап, алды-артын орап жүргізбеуін көрдің бе қақбастың!..

…Тек, әттең!

Күнделікті шалбар саудасы қызған тұста:

– Базар қожасы шақырып жатыр. Тез жет! – деген хабар алған. Аң-таң боп тұрып қалыпты. Бетінің ұшынан қаны тамған көк көз жігіт ағасын ілуде бір көріп қалатын. Аста-төк байлығын базардың бүкіл қатын-қалашы аузының суын ағызып айтып тауыса алмаған.

– Несін айтасың, костюмін күніне екі мәрте ауыстырады.

– Қасқа-ау, айтып тұрған көйлек-дамбалың не, құрығанда аптасына бір жаңа машина мініп шығады.

– Әйеліне Парижден вилла сатып әперіпті. Онысы басқа иіссуды менсінбей, тек «Шанельге» шомылатын көрінеді.

– Жалғыз қызы бар. «Джиптен» түспейді. Отырып қалған, отырып.

– Ойбай, отырып бай таңдайды да. Жүзіқара-ау, сені мен мен дейсің бе?

– Пішту, негрге күйеуге шығып, тайпа көсемімен таласып, шетелден қуылып келсе көрер ем отырмағанын. Отырады! – десіп шулағанда араның ұясындай жерді азан-қазан ғып жіберетін. Тіпті бір-бірін сөзден жыға алмай, жағаласып кетуге бар.

Сол пышағы майдан кеппеген базар қожасы мұның қай қызметіне зәру боп қапты? Келімсек көп, оймақтай орнымнан айырылып қалмасам деп зәре-құты ұшқан. Шешесі де әр барған сайын: «Құлыным, тым биікке шыққанға сенбе!» – деп зарлап қалатын. Шалбар саудалаған бақалшы ұлы тап бір төре үйлердің төрін бермей жүргендей. Тілерсегі дірілдеп кең де жайлы кабинетке енгенде бетінің ұшынан қан тамған көк көз жігіт ағасы орнынан күлімсірей көтерілген.

– Кел, бауырым, кел! Өзіңді іні қылсам деп көптен көзім шауып жүр.

Аңырып бетіне қараған. Қожасының жанары мұның жүдеу иінін, қойны-қонышын тінткілеп жатыпты.

– Ассалау-мағалей-күм… – деді бұл одан әрмен сасып.

– Әлік алдым. Отыр. Деміңді бас. Шалбары құрысын! Құтыл! Бүгіннен бастап маған кеңесші бол. Қызым екеуің… Қызмет көлігің… ақшаң…

– Сатылмаған тауарым көп еді… Қожасы саңқ етіп күліп жіберді:

– Әй, бауырым, ешкім жалаңбұт қалмайды, қорықпа, өзгелер өткізіп береді.

Дәурен көпке дейін есін жия алмаған…

…Батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Беталысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген… Көше қазағының бәтуасыз әңгімесіне құлақ түрген. Бірер әріптің обалына шығып мұрнынан сөйлейтін мықыр шал қасындағы ұзын сирақ, безеу бет баласына кіжінеді кеп:

– Былтыр піштірген қызыл өгізді сатып оқуға түсірдім. Мұғалімдерің зар сылайды балаң әлі күнге әріп танымайды деп. Ал керек болса… Қарғам сот болады деп шешең сүр ісіп-кеуіп. Біз баяғыда кітапты сеп қоятын ек. Сылқыбай деген атағыма кір келтірдің, сатыры саман ит!

– Түй, папа, қойшы енді! – дейді онысы… Үйелмелі-сүйелмелі екі кеңесшінің бірі – әлгі оңбағыр қатындарға айтқызсаң, тайпа көсемімен таласты дейтін Сырғалы. Қызылшырайлы, еркекшора, еркін қимыл. Жанарының бояуы әкесінікіндей қою жұқпаған, аспан түстес көгілдір. Қарама-қарсы кеп тұра қалғанда тепсінген қос анары алқымыңды тіреп, аузыңа асатып жібергендей екен.

Сол күні Әлимасы:

– Бастық адам енді біздің суымыздан дәм татса жақсы, – деп бейкүнә жымиған.

– Қашанда сенің суатыңа құлаймын ғой, – деген бұл айғыр стақанды әдеттегідей төңкеріп жатып.

– Күн жанып кетті. Айтпақшы, ертең театрға барайық. Жақсы спектакль жүріп жатыр деп есіттім.

– Барайық. «Мерседесіңе» мені мінгізесің бе? – Сақтанып, сыбырлап айтты.

– Әрине.

Сыңғыр ете түскен. Шыны ыдыс сынып, ауаға тарап кетті.

Іле қожасының кабинетіне енген. Төрдегі жігіт ағасы ләм-мимсіз, басын төмен тұқыртады. Жанында қаздиып, қырыққан серке бұттанып тұрған қызының қызылшырайы өңіп, аспан түстес көгілдір көзі ақайранданып кетіпті.

– Не? – деді салған жерден. – Не? Дырдай басшысың. Әкемнен кейінгі. Еще, тұра қап есік көзінен сиырдың сідігіндей сары су ішесің. Содан кейін сені қай базаршы сыйлайды? Не?! – Екі иінін қусырып, төменшіктей берген. – Тоңазытқышың толып, жарылып кетейін деп тұрған жоқ па? Не?!

– Жә, жә, – деп қызы қара дауылды көтеріп бара жатқан соң қожасы тұқырған басын тіктеді. – Жә, енді! Дәурен қарағым, ел-жұртпен аралас-құралас болған жақсы. Бірақ бұ қазақты бойыңа тым үйір ете берме. Балағыңа жармасса бітті, басыңа бір-ақ қарғиды. Құрып кетсін! Сырғалының жоқтап тұрғаны сенің абыройың ғой. «Жас-жастың тілегі бір» деген. Бір-біріңе осылай қамқор, сүйеніш боп жүріңдер. Мен сырттарыңнан сүйсініп, масаттанып отырайын.

– Кешіріңіз… Абайламай…

– Не?

– Сырғалы, қой енді! Ал, Дәурен, менің мынадай жоспарым бар. Біз базар аштық деп өз қазанымызда өзіміз қайнап мәз бола бермейік. Көрші облыстарда, Алматы мен Астанада жаңа, заманауи сауда орталықтары, шүкір, жеткілікті. Солардың озық үлгісін үйреніп, тың тәжірибесі болса іске асыруымыз керек. Жабайы сауда бүгін бар да, ертең жоқ. Халыққа мінсіз қызмет көрсету – парыз. Осы шаруаны Сырғалы екеуіңе аманаттағалы отырмын.

– Жарайды, аға. – Жуасып айтқан.

– Бәрекелді! Ендеше бүгін ұшыңдар. Міне, билеттерің.

– Қанша уақытқа? – Қызы мейірленіп, қызылшырайы мен аспан түстес көгілдір көзін қайтадан тапты. – Асықпай қыдырайық, әке!

– Бір ай… екі ай… үш ай… Еріктерің білсін…

…Батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Беталысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген…

Мұрнынан сөйлейтін мықыр шал қасындағы ұзын сирақ, безеу бет баласын әлі нықыртып барады:

– Сендей сігіт кезімде ат үстінен түспейтін ем. Есіл састық сендерге қор болған. Оқуды оқсатпасаң қатын ал дедім. Көрші Құдайбергеннің қызына құда түсейін дедім. Семіз деп… Оның несі саман? Басының пайдасын білмейтін ит-ау! Қыста – сылы, сазда – көлеңке…

– Түй, папа, қойшы енді…

– Өй, нәлет! Үріп ауызға салғандай-ақ бала еді…

…Қала сайын тоқтап, бір төсектен өрген. Ілкі сәтте қашқақтап бой тартқанда:

– Не? – деген таныс дауысты естіген. – Осы мырғамның бәрі салбырап аспаннан түспеген шығар?! Менің арқам. Саған өле ғашықпын. Не?!

– Жарайды енді… – деді. – Мен де… – Жалы жатып қалған екен.

– Жараса, су сатушы сұмырайдың көзін жоғалт!

Барған бетте!

– Ым-м…

– Не?

– Иә дедім ғой.

Сонан соң… Жұп-жұмыр қос тақымның ортасында асау үйретіп жүргендей ме?.. Ұста дүкенінде шоқ көсеп, күмпілдетіп көрік басып жатқандай ма?.. Базар емес, құдды жаннат бағында сайран салғандай ма?.. Бойын алақызба есірік сезім меңдеп, Жарбайдан шыққан жалғыз ұлға әйтеуір тізгін бермей қойған. Қызығы тарап, қызуы басылмастай көрінген сапардан оралысымен салып-ұрып кәдімгі Әлимасына келген. Ығы-жығы кезек сирегенде ғана жанарын көтерді.

– Барсың ба? – Жай ғана жымиды. Шыны ыдыс сынбады. Айналасын көзге көрінбес мұңмен құрсаулап тастаған екен. Екі қасының ортасындағы тарыдай мең балалап, жүзіне құмырсқаның ізіндей білінер-білінбес боп жайыла бастапты.

– Жарбайдан апам келген. Сені іздеп жүр. Қолаяғым сырқырайды дейді. «Бұ заманда бастық болған бала қолға тұра ма?..» деп уайым төгіп кетті.

– Ым-м…

– Қашан көшіріп аламыз? – деді үнсіз тұрып-тұрып. – Театрға да бармадық қой, Дәурен.

– Жақсы спектакльдер ойналып кетіпті…

…Батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Беталысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген… Алдынан тағы кезіккенін көрдің бе?

– Әдірем қал, – дейді кемпір мәз боп, қолын мықыр шалдан асыра сілтеп. – Қаладан тоқал іздеп жүрмін деуін. Басқа түгіл саған ақсақ мен ұстатпаспын.

– Өйтіп құтырма! Сөп сұлдырып қоярмын. Әлі күнге қымыз ішіп, сал-сая сеп сүрмін. Ә-ә… Давай, әдірісіңді айт!

– Қой, жазған! Балалардан ұят-тағы.

Ұзын сирақ, безеу бет бала мен күмірә болғыр қыз бұл кезде бір-бірін көзбен шағып жеп, ыржалаң қағып балмұздақ жалап тұрған…

…Сол күні жас отау тігеміз деген тілекпен мына тұрған «Неке сарайына» Сырғалыны жайнатып кіріпшыққан.

– Бір ай тез өтіп, той тарқап, шетелге шығып келсек екен, – деп Сырғалы сарғайған.

– Африкаға ма? – Астапыралла, айдың-күннің аманында аузына түскен сөздің түрін қарашы.

Болашақ жұбайы батқан күннің бояқ сәулесіне малып алғандай күреңітіп кетті:

– Жоқ, Жарбайға. Арасы тым жақын деп есіттім.

Екеуі де абайсыз айыбын шайып жарыса күліп жіберген.

Түс ауа жаны жай таппай алып-ұшып жұмысына келгенде:

– Әлиманы «Жедел жәрдем» алып кетті!

– Су ішіп құлады!

– Суы несі, у ішіп жығылды!

– Ішкізді, ойы-бай, ішкізді!

– Ішінде жеті айлық нәрестесі бар! – десіп қатынқалаш онсыз да алау-жалау дүниенің аспан астын жаңғырықтырып жатты. Көз алды дөңгеленіп жүре берді. Жалма-жан кері ұмтылған. Аурухананың есігі алдында Сырғалымен соқтығысып қала жаздады. Бұл қайдан жүр?!

– Не?! – деді қалт тұра қалып. Таңертеңгі қызылшырайы өңіп, аспан түстес көгілдір көзі ақайранданып кетіпті.

– Кес-кестеме!

– Не?!

Операция столының жанына бұза-жара жеткен. Тұп-тұтас аққа тұмшаланған кәрі хирургтің көзі шегірленіп кетті. Жанындағы екі мейірбике әзірейіл көргендей бажылдап жіберді:

– Тоқтаңыз!

– Сабыр ет!

– Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық.

Беті әлгінде ғана жабылған мәйіт орнынан ақ нұр боп қайта көтерілген. Кәдімгі Әлимасы. Судағы бейнедей қалықтап кеп аңтарылып қалған мұның жанына жетіп тоқтады. Мұңайып, кінәлай қарап сәл бөгелді де, будай ыдырап төбеге сіңе берді. Қасында көктемгі алма ағашы гүліндей ақ көбелек қалт-құлт ұшып қоса кетіп барады…

…Батып-шығып, шығып-батып ұз-зақ жүрді. Беталысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген…

Дембіл-дембіл алдын кес-кестеп басынды-ау бұлар. Ақсақ кемпір мен мықыр шал жоқ, зым-зия. Ұзын сирақ, безеу бет бала күмірә болғыр қыздың жалаңаш белінен қапелімде біреу тартып әкететіндей тас қып құшақтап алыпты.

– Жеп қояйын ба? – дейді.

Бәлекеттің қолының сырықтайын көрдің бе, жалаңаш белден асып, қыздың өңір тиегін сипалап жатыр.

– Тоясың ба? – дейді онысы көзін жайнақтатып.

– Тоймасам тағы жейм.

Былтыр піштірген қызыл өгіздің обалына қалған, Алла, ашқарақ ит-ай! Жөнді әріп танымай жүріп, әкесін жолда қалдырғандай екен…

…Дәл неке қияр сәтте аспанға көтеріліп кеткен ақ нұр Дәуреннен басқа жан баласына көрінбей, судағы бейнедей сырғанап кеп Сырғалы екеуінің ортасына түсе берген. Бұ жолы мұңайып та, кінәлап та қарамады. Тұнжыр тартқан жанарында баяғы үміт оты өшіп, үрей мен мазасыздық шүпілдеп тұрды.

– Жо-жоқ, – дегендей ернін тістеп, жанұшыра бас шайқады. – Жо-жоқ!

Көктемгі алма ағашы гүліндей бір шөкім ақ көбелек ғайыптың ақ нұры мен Дәуреннің арасында қалт-құлт, қалт-құлт ұшып байыз табар емес. Көз алды бұлдырап, ақ гүлдер жауып кетті. Музыка болса кернейлетіп, Бекболат «Елім меніңді» аңыратып жатты.

Ес-түссіз талып құлаған…

Содан бері түсінде ақ көбелектердің соңынан қуып діңкелеп, аңқасы кеуіп оянады.

– Некесіз жаратылған сәби екі дүниеде де шырылдап әкесін іздеумен өтеді, – десін әлдекім базарға кеп кіргенінде. Біте қайнасқан үн. Айналасын тінте қараған, қап арқалаған құла тасқынның мұнымен ісі жоқ, тоғытылған қойдай ығып барады. Е, тәйірі-ай, жалғызының тойына кеп топалаңын көріп, Жарбайына бәйіт айтып жылап қайтқан шешесінің даусы екен ғой. Бала күнде естігені құлағында тіріліпті.

Кәдімгі Әлимасы тұратын орынға кеп (базар қожасы әлдеқашан тегістетіп жіберген) мешел болған баладай құйрығын төсей кетті.

– Су беріңдерші. Су! Су!

Ылғи отырып жатып айтатын осы бір ауыз жалынышты ләмінен бұ жолы да жаңылмады. Кімнен сұрағаны белгісіз. Өзі де жауап күтпес. Содан қас қарайғанға шейін тырп етпейді. Дағдысы осы.

Ақ көбелектер… Қалт-құлт еткен ақ көбелектер…

Рақымжан Отарбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *