Алдыңғы жылы ел мерейін үстем еткен Қазақстан Тəуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойының ең бір шарықтау шегі төрткүл дүниеге қазақ атын танытқан асқақ Астанада ашылған «Мəңгілік Ел» кешені болғаны баршамыздың есімізде. Мəңгілік ел болу – мың өліп, мың тірілген қазақ халқының асқақ арманы. Арада бір жыл өткенде сол арман асқарын бағындырудың бас бағдарламасы жасалып, жер жаһанға жария етілуі санамен ойлап білген кісі көңіліне зор қуаныш əрі үлкен мақтаныш сезімін ұялатады. Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына жолдауымен тұтас танысқаннан кейін түйген ой осы болды.
Тарихи жолдаудың көптің көңіл төрінен орын иемденуінің, меніңше, екі түрлі негізі бар. Біріншіден, алдыңғы Жолдаулардан айырмашылығы – Ел Тəуелсіздігі мерейлі мерекесіне арналған салтанатты жиында жария етілуі жұрт қуанышын еселей түсті. Екіншіден, Елбасының өз сөзімен айтқанда, «2030 стратегиясының мерзімінен бұрын орындауға қол жеткен параметрлерінің қорытындыларын шығару үлкен абырой» болғаны ел мерейін тасытты. Тарихи жолдауда: «Ел 20 жыл бойы егемендігіміз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды. Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық, – деп қорытынды жасаған Елбасы сөзін нақты деректермен дəйектеп берді. – Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекетіміз халықаралық дəрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Соңғы 15 жылда халықтың саны 14 миллионнан 17 миллион адамға дейін өсті. Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін ұлғайды. 2012 жылдың қорытындысы бойынша, ішкі жалпы өнімнің көлемі жағынан біз əлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз».
Бұл Елбасы тілге тиек еткен негізгі нəтижелердің бір парасы ғана. Ал санамалай берсек, оның қатары еселене береріне ешкімнің күмəні тумасы анық. Сарыарқа төрінде күн санап көркейіп өсіп, Алаш атын əлемге паш еткен асқақ Астананың өзі неге тұрады!
Сонымен, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағыты бағдарлануының бір себебі «Қазақстан-2030» стратегиясының орындалуымен байланысты екеніне көз жеткендей болды. «Қазақстан-2050» стратегиясы – «Қазақстан-2030» стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы. Осыған орай, ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын», – дейді Елбасы бұл жөнінде.
«Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен жəне экономикалық өсумен айналысады». Тарихи жолдауда күллі əлемге паш етілген осы тұжырым – «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдаудағы екінші себеп екені еш талас туғызбайды.
Ал үшінші себеп Елбасының: «Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ендігі жерде 2030-стратегиясының аясы жеткілікті емес. «Басқарылатын болжамдау» қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетігіне айналуда», – деген салмақты тұжырымынан туындайды. «2050 жыл – жай бейнелі дата емес. Бұл бүгінде əлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім. Біріккен Ұлттар ұйымында 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаhандық болжамы əзірленді. 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады. Қытай өзі үшін дəл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды», – деп қарастырады тарихи Жолдауда.
«2050 стратегиясы» – Тəуелсіз Қазақстанның XXI ғасырдың ортасына дейінгі даму межесін айқындайтын бас бағдарлама. Оның ең негізгі мақсаты – «2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған эканомиканың жəне жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру». Соның нəтижесінде «Қазақстан XXI ғасырдың ортасына қарай əлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарында болуға тиіс». Бұл тарихи Жолдау айқындаған, барша қазақстандықтардың жауапкершілігін еселей арттыратын биік меже. Егер біздермен бəсекелес елдердің қол қусырып қарап отырмай, күн құрғатпай даму үстінде, алға ұмтылу талабында екенін ескерсек, онда ол межеден шығу жүгі өте ауыр екенін бағамдау қиын емес.
«2050 стратегиясында» ел мерейін үстем ететін осынау биік мақсатқа жету жолдары тарқатыла талданады, нақты айқындалады.
Қазақстан дамуының, бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің ең негізгі кілті еліміздегі тұрақтылық пен татулықта екенін Елбасы егемендігіміздің елең-алаңынан бері талмай айтумен келеді. Тарихи Жолдауында: «Əлеуметтік қауіпсіздік жəне азаматтарымыздың бақуаттылығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі, – деп тағы да еліміздегі тыныштық пен татулықтың сақталуына аса маңыз береді. – Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Бұл тарих заңы. Сондықтан қазақтардың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мəселесі. Қазақты ешуақта сырттан жау алған емес. Қазақ əлсіресе, алауыздықтан əлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай.
Үдеудің сыры – бірлікте,
Жүдеудің сыры – алауыздықта.
Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз əрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек», – деген жолдарды тебіренбей оқу мүмкін емес.
Əңгіме ауаны тарихи Жолдаудың идеологиялық мығымдығына қарай ойысқандықтан, ойымызды шегіне дейін шегелей жеткізуді жөн көрдік. Біздіңше, «2050 стратегиясының» алдыңғы «2030 стратегиясынан» басты айырмашылығы да, артықшылығы да осында. Оның табиғи заңдылығы да жоқ емес. Бұдан 15 жыл бұрын тəй-тəй басқан Тəуелсіз Қазақстанның экономикалық қуаты тым əлсіз болатын. Ел алдында халықтың əл-ауқатын көтеру міндеті тұрды. Сондықтан бірінші орынға экономикалық мүдде шықты. Идеологиялық мəселелер кейінге шегерілді. Қазіргі Қазақстан жағдайы мүлде бөлек. Ел экономикасы қарқынды дамып, халқымыздың тұрмысы көш ілгері түзелді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ тек материалды байлық адамдарды бақытты ете алмайтынын өмір көрсетіп берді. Ендігі жетіспейтіні – рухани байлық. «2050 стратегиясы» осы олқылықтың орнын толтыру жолын айқындауымен де аса бағалы. Жолдаудың «Ұлттық интеллигенцияның рөлі» атты бесінші бөліміндегі Елбасының: «Біз мемлекеттігіміздің рухани мəселелер экономикалық, материалдық мəселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз», – деп тұжырым жасауы – сөзіміздің жаны бар екенінің нақты дəлелі.
Осы орайда, Жолдауда ұлт зиялыларына айрықша маңыз беріліп, ерен жауапкершілік жүгін арқалатып отырғаны да көңіл төрінен орын иемденгенін жасырғымыз келмейді. Өйткені, Елбасы дəл айтқандай, «Рухани дамуда негізгі рөлге əрқашан интеллигенция ие». Сондықтан да, «интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек».
Жалпыұлттық құндылықтар дегенде, ең алдымен, ұлт зиялыларының көңілін мемлекеттік тіл мəртебесіне ие ана тіліміздің жадау жағдайы алаңдататынын еш жасыра алмаймыз. Жолдауда бұл мəселе бойынша да көңілге медет боларлық бағыт-бағдар айқындалып, нақты тапсырмалардың берілуі жанымызға жаққанын айтуға тиістіміз.
«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, – деген тұжырымды алдымызға тартқан Елбасы оны жүзеге асырудың жолдарын да нақты айқындап береді. – Біз 2025 жылдан бастап əліпбиімізді латын қарпіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мəселе. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз жəне бұл əлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады».
Расында да, жазуымызды латын қарпіне көшіру қажеттігі əбден пісіп-жетілгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол, ең əуелі, тіліміздің айрықша дыбысталу жүйесін қалпына келтіру үшін ауадай қажет. Екіншіден, түбі бір түркі жұртымен бірлігімізді арттыру үшін аса маңызды. Ендеше осы қажеттіліктерді ескере отырып, жаңа жазуға көшу туралы дау-дамайды доғарып, ана тілімізге шақтап əліпби жасақтап, күн құрғатпай оны мемлекеттік құзырлы комиссия деңгейінде бекітіп, нақты іске кіріскеніміз құба-құп болар еді.
Осылайша, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», есі кіріп, етегін жапқан жұрт екенімізді танытып, ауызбіршілігімізді арттырып, бір жұдырық болып жұмыла кіріссек қана ісіміз ілгері басатынын есте ұстағанымыз жөн шығар. Сонда ғана Жолдауда айқындалған: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай Тəуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі», – деген ұлт мұраты жүзеге асарына сеніміміз мол.
«Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мəніндегі мемлекеттік тіл мəртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», – деген жолдар «2050 стратегиясының» тарихи маңызын айшықтай түсері даусыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келгенде, Алаш көсемсөзін зерттеуші ретінде байқағаным, Алаш идеясы мен Елбасы Жолдауы арасындағы тарихи сабақтастыққа көз жеткізгендей болдым. Ол – қазақ жұртын Мəңгілік Ел ету идеясы. «Біз болашаққа көз тігіп, тəуелсіз елімізді «Мəңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» стратегиясы осынау мəңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тəуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кəміл сенемін. Бабаларымыздың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері жəне жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біз Мəңгілік Ел боламыз.
Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық.
Аңсарлы азаттығымыз бен тəу етер тəуелсіздігіміз баянды болсын! Мəңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дəуірлерге жол ашсын!» – деп, тарихи Жолдауы арқылы төрткүл дүниеге паш еткен Елбасы тұжырымы соның айқын айғағы.
«Егемен Қазақстан» газеті, 2013 жылдың 2-наурызы.
Қайрат Сақ