Баспасөзге артылар міндеттердің бірі – тіл тағдырына, болашағына үн қосу, оның дамуына ықпал ету, «тіл – қару» деген ұстанымды жүзеге асыру. БАҚ жаңа сөз қолданыстарын таратып қана қоймайды, оны қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады.
Тілдің толыққанды қызмет етуіне терминологиялық лексиканың дамуы тікелей əсер етеді. Терминология мəселесі тілші-ғалымдардың ғана шешетін мəселесі деп біржақты қарауға болмайтыны анық. Бұл саланы жетілдіру жұмысына тілші-ғалымдармен бірге түрлі ғылым саласының мамандары, аудармашы, қаламгерлермен бірге БАҚ өкілдері де атсалысуда.
Тіл мəселелерін шешу тақырыбы қазақ баспасөзі пайда болған кезден бері күн тəртібінен түскен емес. Тіл болашағына алаңдамаған, тіл тақырыбын айналып өткен бірдебір басылым жоқ десе де болады. Алғаш жарық көрген басылымдарымыздың бірі «Дала уалаятының газетінде» жарияланған Асылқожа Құрманбаевтың мақаласында: «Тіл қай халықтың болса да ғылым мен өнерге жетілуіне қажетті ең күшті құралдардың бірі болып табылады. Тек өзінің тілін таза сақтай білген жəне дамыта білген халық қана жарқын болашағынан үміт күте алады жəне құрметке бөленеді», – деп тіл мəселесіне айрықша маңыз берілуі – соның нақты дəлелі.
Қазақ тілінің əлеуметтік өмірдегі қолданылу аясы кеңейгенін тілдік айналымда жұмсала бастаған терминдерден де көруге болады. Қоғамда болған келелі өзгерістер терминология саласына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Қазақ тілі мемлекеттік тіл тұғырына көтерілгелі оның қолданылу ауқымы да кеңейе түсуде. Тілдің шын мəнінде ғылым тіліне айналуы үшін түрлі саладағы орыс тілінен, орыс тілі арқылы енген шетелдік терминдерді қазақыландыру, балама табу сияқты күрделі істер атқарылуда. Бұл тілдің өміршеңдігін қамтамасыз ететін шаралардың бірі болып табылады.
Бүгінгі күні де терминология мəселесі мемлекеттік тіл саясатының маңызды бір саласы ретінде назар аудартуда. Еліміз егемендігін алғалы бері ұлттық терминологиялық қор жасалу керектігі сөз болуда. Термин шығармашылығы жанданып, көптеген салалық терминологиялық сөздіктердің түзілуі, Мемлекеттік терминкомның «Терминологиялық хабаршы» бюллетенінің шығуы бұл шараның өріс ала бастағанын көрсетеді. Терминология мəселесіне арналған дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференциялардың, семинарлардың да біраз мəселені шешуге əсері тиюде.
Ғылыми ұғымды білдіру – терминдердің негізгі қызметі. Қандай да болсын ғылым саласымен тығыз байланысты ұғымдар жүйесі – терминдерге берілетін анықтама алуан түрлі. Жалпы, «термин» атауын латыннан қазақшаға аударғанда «шек», «шекара» деген мағынаны білдіреді екен. Рим мифологиясында «Термин – шекара құдайы» делінуі сонымен байланысты болса керек.
«Тілдің ілгері басып өсуі үшін оның емлесі мен термин мəселесі дұрыс шешілмей болмайды. Болмайтын себебі сол: өркендеп алға барған тілдің түрлі тарауының бəрі де сол емле, терминологиямен сабақтасады да отырады», – дейді қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін қалаушылардың бірі профессор Қ.Жұбанов.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болып, ХХ ғасырда мейлінше кең өріс алған қазақ баспасөзі көптеген жаңа сөздердің жасалуына, таралуына жəрдемші болумен қатар, олардың саралануына, жіктелуіне жетекші де болды. Сонымен бірге баспасөздің жұртшылыққа көп тарауы сол жаңа сөздердің жазу тілінен ауызекі тілге ауысуын, көшуін тездетті. Шынында да, кез келген жаңа сөздің алғашында құлаққа тосын, көзге қораш болып тұратыны бар. Алайда, тіл нормаларынан ауытқымай, сауатты жасалған терминдер уақыт өте келе сөздік қорымыздан орын алып, сіңісіп кететіні жасырын емес.
ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлов, Ж.Күдерин, Е.Омаров, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов т.б. қазақ зиялылары қандай да бір ғылымды үйрену, ең алдымен, терминнен басталатынын жете түсінген. Олар түрлі сала бойынша оқу құралдары мен ғылыми, ғылыми-көпшілік еңбектер жазып, қазақ терминологиясын шын мəнінде ұлттық негізде қалыптастыруға көп үлес қосқаны белгілі. Ал бұдан кейінгі кезеңдерде, яғни отызыншы жылдардан бастап терминология саласы кеңестік тіл саясатына сəйкес жүргізілгенін көреміз. Яғни, кеңес халықтары тілдерінің терминологиясы арасындағы айырмашылықтарды мейлінше азайту қағидаты негізге алынғаны белгілі.
Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газеті» беттерінде ғылым мен техника жаңалықтары жайлы алғашқы деректер жарияланып отырғандықтан, қазақ тілінде термин қалыптастыру осы басылымдардан бастау алған деуге толық негіз бар.
«Түркістан уалаятының газеті» шығарушылары кірме ұғымдарды халыққа түсіндіру мақсатында қазақ тіліндегі сөздерді қолдану арқылы көптеген терминдерді аударып, мағынасын беруге тырысып бағады. Мысалы, поезды «темір арба» деген баламамен береді де, оны «ұзынша келген, тұс-тұсында əйнегі бар үйлер, кейбірінің ішінде пеші бар, жып-жылы болып тұрады, темір арбаға ат жекпейді, судың буының күшімен жүреді. Бір локомотив деген темір арбаның алдында алып жүретұғын арбасы болады» деп түсіндіреді. Түркістан өлкесінде тұңғыш рет ашылған почта-телеграф қатынасы туралы хабарламада телеграф, оның қызметі жайлы мынадай мағлұмат беріледі: «2-ші май айында Түркістан уалаятында хабар алып тұратұғын телеграф деген сым темір қылмаққа рұқсат шықты».
Термин жасауда аударманың рөлі айрықша, ол терминжасам көздерінің бірі ретінде бағаланады. «Түркістан уалаяты» газетінің материалдары негізінен аударма болғандықтан жаңа ұғымдарды көпшілікке түсіндіру, тарату, термин сөздерге балама табуда газет шығарушылары үлкен ізденіс танытқан.
Газетте баламасы əлі қалыптаспаған, түрлі нұсқада қолданылған сөздер көптеп кездеседі. Мысалы, өнерпаз сөзі бірде «һөнарманд» – «білгіш һөнарманд адамдардың арасында арқансыз шарменен ең бұрын аспанға ұшып шыққан осы кісілер екен»; бірде «өнерман» – «өнерман осы күнде от арбасы жүріп, от кемесі жиырма күншілік жерді бір күнде алады» деп жазылады. Сондай-ақ, терминдік мəндегі сөздер бірде түпнұсқадағыдай жазылса, енді бірде фонетикалық өзгерістерге ұшырап қолданылғанын көреміз: «Струой төренің Бұхарға барып келгенін бұрынғы казитте сөйлеп едік», немесе «…əртүрлі сөздер, ақпарлар жазылар бұл газет орысшадан басқа сартша, қазақтарға қазақша болып жазылар».
Орыс тілінен енген шетелдік көбінесе əскери-əкімшілік терминдер қазақ тілінің заңдылығына лайықталып алынған. Бұларға переводчик, полковник, помощник, совет, управление, титулярный советник, надворный советник, начальник, военный, приговор сияқты көптеген терминдер жатады: «…перауотчик Жүсіп Қазыбек баласын Түркістан жұртында қазақша жəне сартша газетті шығарушыға жəрдемші қылып»; «Қазан жұрты жиналып, Богданоуич деген палкауникке көп алда разы айтып, сым темірменен қағаз салды депті»; «Уременной саует жəне ордадағы ушаскоуой мекеме жəне ставкадағы памсайский управление бұлар бəрі де біліпті».
Газетте оқу, білімнің пайдасы туралы ағартушылықты насихаттайтын материалдармен бірге халыққа пайдалы медицина, ветеринария салаларынан да кеңестер беріліп отырады. Осыларға қатысты дəрігер сөзі «дəрігер», «лоқылар», «тайып», «доктор» сияқты нұсқаларда қолданылған. Мысалы, «Дəрігерлер келіп қарап, молда Абдулланың жарасы тым-ақ жаман екен депті»; «Лоқылардан лұқсат алып, сүйегін қорғасыннан қылған сандыққа салып, Хиуаға қарай алып кетіп бара жатыр екен»; «…тайыпке қаратып, ақыл сұрауға келген адам бірнеше айдың ішінде үш жүз кісі болыпты»; «Одан соң сұлтанды Құлжа қаласына алып келіп, дəрі беріп, есіне келтіреміз деп, докторға қаратып, қанша қиналса да, ештеме қыла алмай, сөйтіп Əбіл ұғлы өтіпті».
Аурухана сөзі «Түркістан уалаятының газетінде» аурулар қоятұғын үй: мысалы, «Піл бағушыны аурулар қоятұғын үйге апарып қойыпты»; немесе аурулар жататын үй: мысалы, «Осы соңғы жолы Самарқанд барғанымда мұсылман еркек, ұрғашыдан елу кісі үшін жасалған аурулар жатқан үйді көрдім» сияқты нұсқаларда кездессе, «Дала уалаяты газетінде» аурухана сөзі бірде «кеселхана», бірде «науқасхана» түрінде кездесіп отырады: «Кеселхана хисасында да қате, өсек сөздер айтып жария қылады, науқастанған қазақтар кеселханаға барып жатса, тірі болып шықпайды дейді»; «Қазақтар бұл өсек сөздерге иланып, науқасханаға барып жатпайды, яки қашан науқастары қатты болып асқынғанда ғана келіп науқасханаға жатады». Бұл мысалдардан қазіргі кездегі əдеби тілімізге сіңісіп кеткен аурухана сөзінің осы кеселхана, науқасхана сөздерін негізге алып, соның үлгісінде жасалғанын көруге болады. Ал ауруды емдету, қаратуға байланысты сөздер «ауруды бақтыру», «ауруын дəрігерлерге бақтыру», «үшкіріп бақтыру» сияқты нұсқаларда кездеседі: «Мұнан бұрын газеттерде Хиуа ханының диуанбегі Мəтнияз Петербор қаласында ауруын дəрігерлерге бақтыруға барып, сол жерде өлді деп жазып едік»; «Ташкентте ауруларды үшкіріп бағатын бір молда бар».
Шетелдік терминдердің дыбыстық өзгеріске ұшырап, икемделіп қолданылуы – барлық тілде кездесетін құбылыс. Тіліміздің фонетикалық заңдылықтарына сəйкес өзгеріске ұшыраған, бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында бірыңғай қолданылып жүрген көптеген сөздер бар. Олардың қолданылуы жайлы белгілі тілші-ғалым Ш.Сарыбаев былай дейді: «Терминдердің жазылу мəселесі де өз алдына бір проблема. Мұнда да кейбір ақпарат құралдары пошта, минөт, кілə, зауыт, т.б. кірме атауларды жазу ережелерімізге қайшы келетін, сөздерді айтылуынша, естілуінше жазу тəжірибесіне көшіп алды. Егерде біз осы үлгіні басшылыққа алып аутомат, уагон, уелесипет, уалейбол деп жазатын болсақ, терминдерді қолдану берекетсіздігіне (анархияға) тап болып, жазу принциптерімізден айрылып қаламыз». Бұл да əлі шешімін табуды қажет ететін мəселелердің бірі.
«Түркістан уалаятының газетінде» жаратылыс құбылыстарынан түсініктер, ғылым жаңалықтарынан хабарламалар да беріліп отырады. Табиғат құбылысы жайлы: «Жер сілкінгенде дүбірі күншығыстан күнбатысқа қарай кеткендей болып көрінді»; «Жиырма сегізінші декабрьде ертеменен он сағат соғып, жиырма минут өткен соң Ташкентте жердің қатты тарс етіп қимылдағаны естілді» сияқты нұсқалар кездеседі. Ал «Дала уалаятының газеті» жер сілкінісін былайша түсіндіреді: «Һəмма жердің қабығының əртүрлі теңселіп, қозғалғанын жердің сілкінгені деп атайды». Бұдан мынаны байқауға болады. Жазудың алғашқы кезеңінде сөйлем ұзақ, шұбалаңқы болып, кей сөздер бірінбірі қайталап, бірі жетпей, бірі артылып, айтар ойдың дəлдігі төмен болып жатады да, уақыт өте келе ой нақтыланып, сөз де ширай бастайды. Бір сөзбен айтқанда, жаңа сөздер туып, мағыналары айқындалып, тұрақтауы жазу əсерінен жылдамдай түсетіні байқалады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ қоғамының əлеуметтік жəне əкімшілік құрылысын бейнелейтін, терминдік мəнге ие болған «əкім», «болыс», «ауылнай», «старшын», «майыр», «жандарал» сияқты орыс тілінен енген сөздер орын ала бастады. Заң термині де «Түркістан уалаятының газетінде» жүйесіз қолданылған, бірде заң – «Заң бойынша жиырма ат ұстаса керек», бірде закон – «Құрама оязында да законнан тысқары қылған іс тақырыпты палкауник Сауинков Омар Мыржұман баласын тергеуде еді», бірде түпнұсқадағыдан фонетикалық өзгешелікте закүн деп жазылған: «Егерім, бұл жұртқа келген соң дұнғандардан бір бұзық іс шықса, орыс закүніменен тергеліп сұрасын». Ал Шымкент уезінің тұрғыны Мəделіқожа деген ақынның Сырдария облысының əскери губернаторы Кауфманның Хиуаға барғаны тақырыпты шығарған өлеңінде: «Хан бауында Кауфман бір ай жатты, Қарайғанын үйретіп закүн-заңға» деп қос сөз түрінде берілген. Сондай-ақ, бір сөйлемнің өзінде қазақша-орысша қатар қолданылған нұсқалар да кездеседі: «Осы копияны алған соң, орыс заңын білмеген кісілер амалсыздан, закон білген кісілердің алдына барса керек»; «Келмеген даугер мен жауапкерге келмегендері үшін айып, штраф салмайды».
Ғалым С.Исаевтың «Қазақ мерзімді баспасөзі тілінің дамуы» деген еңбегіндегі: «…Октябрь революциясына дейінгі мерзімді баспасөзде, жалпы жазба əдебиетте тіл құрылысы майданында екі түрлі бағыттың болғаны байқалады. Оның бірі – жазба тілде көне кітаби тіл дəстүрін барынша сақтап, оның үстіне араб, иран тілдерінің элементтерін мейлінше көбірек қолданып, əдеби тілдің аясын тарылтып, жазба тілді штампқа айналдыру əрекетіндегі бағыт болса, екінші оған қарама-қайшы əдеби тілдің өрісін кеңейтуді көздеп, тілге жаңа элементтерді кіргізуден қашпай, оның ішкі мүмкіндіктерін толық пайдаланумен бірге қажет деген жерде шетел тілдеріндегі сөздерді батыл қолданып отырған бағыт», – деген ғылыми тұжырымымен əбден келісуге болады.
«Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газетінде» кітаби (шағатай) тіл элементтері басым болды. Ауызекі сөйлеу тілі мен жазу-сызудағы айырмашылық ағарту ісіне үлкен қиындық келтірді. «Дала уалаятының газеті», «Айқап», «Қазақстан», т.б. мерзімді басылымдар мен кейбір баспа өнімдері тіліне халықтық тіл элементтері дендеп ене бастағанымен, ескі жазба тілге тəн кейбір нормалар сақталып отырды. Оның бірнеше себептері болды. Солардың негізгілері бір жағынан дінге, екінші жағынан, жазудағы ортақ дəстүрлі норманы сақтау дегенге саяды.
«Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газетіне» «дербес газет дəрежесіне жеткен қазақ тілінде шығарылған басылымдар» деп жоғары баға берген қазақ баспасөзі тарихын алғашқылардың қатарында зерттеген ғалым Х.Бекхожин өзінің «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» атты тарихи еңбегінде: «Бұл газеттер патша үкіметі қойған міндеттер мен мақсаттарға, оның отаршылдық саясатын жүзеге асыруға, Қазақстанда капиталистік қатынастарды орнықтыруға қызмет еткенімен, объективтілік тұрғыдан қарағанда, қазақтың тілі мен жазба əдебиетін қалыптастыруда, ұлттық мəдениеті мен экономикасының тарихын жазу жөнінде белгілі дəрежеде айтарлықтай рөл атқарды» деп қорытынды жасайды.
Қазақ баспасөзі тарихындағы алғашқы басылым «Түркістан уалаятының газетінде» тіл мəселесіне арналған мақалалар саны аз болды, өйткені оны көтеруге мүмкіндік болмады. Ал «Дала уалаятының газеті» бетінде қазақ тілінің сол кездегі хал-жағдайы, оның болашағы, қазақ жазуын жетілдіру жолдары сияқты түбегейлі мəселелер көтеріліп, пікірталас ұйымдастырылып отырды. Тіл тазалығы мəселесі де ең бірінші осы басылымда көтерілді. Газеттің тұрақты авторларының бірі Б.Əдікұлы 1888 жылы басылымның 23-нөмірінде жариялаған мақаласында: «Оқуға жақсы кітаптарды қазақша қылып, анық қазақ тілімен шығарса, халыққа пайдалы болар еді. Бұл уақытта қазақ араларында оқылып жүрген кітаптар Қазанда һəм басқа шəһəрлерде басылған… қазақтарға онша анық емес, түрікше, ноғайша, сартша аралас тілдермен жазылған», – деп тың мəселе көтереді.
Тіл тазалығына қатысты мəселе көтерілуі газет тілінің, стилінің жақсаруына біршама игі əсерін тигізді. «Дала уалаяты газетін» 1894 жылғы 27-санында жарық көрген мақалада: «Өзге һəр түрлі керексіз тілдердің орнына қазақтың тілін көтеріп, ілгері бастырып, молайтпақ, орыстың оқуын үйренбек қазақ халқының өнерлі, оқымысты, біліс адамдарының міндетті жұмысы болса керек. Мұндай қадірлі жұмысқа дала уалаятының қазақша газеті жəрдем қылса жарайды. Өзге һəр түрлі бөтен тілдерді араластырмастан қазақтың таза тілдеріменен жазып, үлгі көрсетіп тұрса жарар еді», – деп газетті көпшілікке үлгі көрсетер, тілдің тазалығын сақтап, дамытатын бірден-бір құрал ретінде қарастырады.
Қазақ тілінің мүмкіндігін пайдаланып, басқа тілдерден енген сөздерден іргені аулақ салу керек деген біржақты принципті ұстану мүмкін еместігін газет авторлары да мойындайды. Басылым жетекшілерінің бірі Д.Сұлтанғазин: «Əлбетте, қазақ тіліне қай жұрттың тілінен болса да сөз қосуға қарсы келгеніміздің орны жоқ жəне мүмкін емес», – дейді. Сөйтеді де, басқа тілдерден енген сөздерді транскрипциялау мəселесіне орай оны 2 топқа бөліп қарау керектігіне тоқталады: 1-топқа қазақ тіліне ертеде кіріп, оның фонетикалық заңына бағынып, өзінің о бастағы тұлғасын өзгертіп, қазақтың төл сөзіндей болып кеткен сөздерді жатқызады. 2-топқа қазақ тіліне кейін, көбінесе жазба тіл арқылы енген, əлі түпнұсқасы ұмытылмаған сөздерді жатқызады да, бұл жөнінде олардың сол тілдердегі жазылу дағдысын сақтау керек деген принципті ұсынады. Бұл пікірді сол кездегі қазақ халқының сауаттылық дəрежесін, жазу мəдениетінің аздығын, тілдің заңдылықтарын көрсететін грамматика оқулықтарының жоқтығын ескеріп, бірден-бір дұрыс айтылған пікір деп бағалағанымыз лазым. Термин сөздерді алудағы бұл принциптің қазіргі күнде де кейбір ғалымдар тарапынан қолдау тауып отырғаны тегін емес.
«Дала уалаятының газеті» қазақ жазуын жүйеге келтіру жөнінде мəселе көтеріп, сөзжасам заңдылықтарын аяқасты етпей, терминологиялық лексика жасаудың алғашқы нышандарын баспасөз бетінде көтерді.
Баспасөздің пайда болуымен байланысты публицистикалық стиль қалыптаса бастады. Публицистика стилі өз кезегінде қазақ тілінің ғылыми стилінің пайда болуына қадам жасады, яғни газет бетінде кейбір ғылыми баяндамалар, тарих, этнография саласынан жазылған очерктердің үзінділері (аудармалары) басылды, ғылыми терминология жасау əрекеті пайда болды. Бұл газетте сонымен қатар іс-қағаздары үлгілерінің алғашқы негізі қаланды.
Алғашқы басылымдар журналистика жанрларының қалыптасуына ғана емес, сонымен қатар, қазақ тілінің сөздік құрамын толықтыруда, терминдердің тұрақталуында да маңызды рөл атқарды. Бұл кезеңдердегі баспасөз тілінде кітаби тіл элементтері, түркі тілі, шет ел тілі, жергілікті сөздер де кездеседі. Өйткені, қазақ əдеби тілінің ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы сөздік құрамы үш қабаттан тұрды: негізгі – жалпы халықтық қазақ тілі лексикасы, екінші топта – арабпарсы сөздері, үшінші топта – орыс сөздері.
Атақты тіл мамандары І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаев қазақ даласында кітаби тілдің қолданыс аясының тарылуына əсер еткен фактор ХІХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген «Дала уалаятының газеті» деген қорытынды жасайды. Бұл газеттің тілі қарапайым оқырманға түсінікті болды. Кітаби тілдің кейбір элементтері сақталғанымен, қазақтың жаңа əдеби тілін қалыптастыруда бұл басылымның көп пайдасы тиді.
«Дала уалаятының газеті» материалдары негізінде қазақ тілінің сөздік қоры жаңа сөздермен толығып, қазақ сөздерінің терминдік дəрежеге көтерілуіне жағдай жасалды. Араб, парсы, орыс сөздерін қалай алу керектігі жайлы ойлар ортаға салынды. Кірме сөздердің қолданылуы туралы алғашқы қазақ баспасөзінің тілі мен стилін зерттеуші ғалым Б.Əбілқасымовтың мына тұжырымының жаны бар: «Түркістан уалаятының газетіне» қарағанда, одан он жылдай кейін шыққан «Дала уалаятының газетінде» араб-парсы сөздерінің көбірек қолданылғанын байқаймыз. Оның себебі, біріншіден, газет ресми орган болғандықтан, онда ресми материалдардың көп болуымен байланысты, орыс сөздеріне халыққа түсінікті балама іздеймін деп еріксіз араб-парсы сөздерін кіргізіп жіберуінен деп ойлаймыз».
Ұлттық баспасөз тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – қазақ тілінде мерзімді шығып тұрған тұңғыш журнал «Айқаптың» жарық көруі болды. Басылымның беташар нөмірінде жарияланған бас мақалада айтылғандай: «Газет һəм журнал халық үшін шығарылады. Халықтың қай дəрежеде алға кеткендігі – халық арасында таралған газет-журнал һəм кітаптардан білінеді», – десек, «Айқаптың» жарық көруі қазақ мерзімді баспасөзінің дамуындағы ілгерілеушілікті көрсетеді. Ол қазақ əдеби тілінің қалыптасуына айрықша ықпал еткен басылым ретінде де жоғары бағалануға лайық.
«Қазақ иісі шығып тұрған», «тілі қазақ тілі, һəм əңгімесі қазақ пайдасы» (Сəбит Мұқанов) болған революцияға дейін ұлт тілінде шыққан жалғыз журнал «Айқаптың» баспасөзіміздің тарихында алатын орны айрықша. «Таудан үлкен, тастан ауыр секілді» іс бастаған журналдың шығарушысы əрі редакторы Мұхаметжан Сералин: «Матбұғат дүниесінде газет һəм журналдың жұртқа бұл кезде ас пенен су секілді керекті зат екендігіне ешкім таласпайды. Аз да болса біздің қазақтан да бір газет пен бір журнал шығып, қолдарынан келгенше міндетті жұмыстарын атқарып тұр. Матбұғат, əсіресе, жұрттың тілін сақтауға, түзелуіне қызмет етеді, мұны да əркім біледі», – деп басылымның беташар мақаласында алға қойған мақсатын жалпақ жұртқа жария етеді.
Басылымдағы қоғамдық-саяси, мəдени, əдеби мəселелер, тіл тазалығы, ғылым, ағарту, əйел теңдігі сияқты күрмеуі көп құбылыстар жайынан жазылған мақалалардан оның өз кезеңінің шын мəніндегі айнасы бола білгенін көруге болады. Профессор Қ.Бекхожин «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» еңбегінде: «Айқап» журналы қазақ публицистикасы мен журналистикасын ілгері дамытты, оның бетінде журналистік жанрлар қалыптаса түсті, журналистік профессияның үлгі-өнегесі көрсетілді», – деп басылымның қазақ журналистикасы тарихындағы орнын айшықтап берді. Журнал ел өміріндегі ең өзекті мəселелермен бірге қазақ тілін дамыту, оның заңдылықтарын сақтау сияқты замана талабымен үндес тақырыптарды кеңінен қозғап отырды.
«Айқап» журналының материалдарын қарастыра отырып, термин сөздерге балама табу ісінің едəуір ілгері озғанын байқау қиын емес. Еркін аударма, сөзбе-сөз аударма түрлерін кеңінен қолданған журнал авторлары терминдерді оқырманға түсінікті етуге тырысқан. Айталық, «…өзінің сұрағанын қабыл етуін ашықтан жазып қағаз берді. Мұндай қағаздарды хүкімет адамдары ултиматум деп атайды», – деген сөйлемнен «ультиматум» сөзінің мағынасын түсіндіруге мəн берілгеніне көз жеткізе аламыз. Мұндай мысалдар журнал жарияланымдарында көптеп ұшырасады.
Термин дегеніміздің өзі белгілі бір ғылым мен техника саласында қолданылатын арнайы лексика екені белгілі. Тілшіғалымдармен бірге түрлі саладағы мамандар да терминология мəселесі төңірегінде өз ой-тұжырымдарын білдіріп, осы саланың өркендеуіне үлестерін қосуда. Осы орайда қазақтың ғылыми терминологиясының дамуына үлкен үлес қосқан ғалым, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының атақты «Əдебиет танытқыш» еңбегінде жарияланған мына тұжырымы аса құнды: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бəріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын… Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген əркімнің қолынан келе бермейді жəне шығарғандардың да сөздері бəрі бірдей жақсы бола бермейді».
Қоғамда болып жатқан түбегейлі өзгерістер, ғылым мен техниканың қарқынды дамуы, жаңалықтар легі жаңа ұғымдар мен атауларды тудыруда. Ғылыми-техникалық прогрестің өмірімізге дендеп енуі тілімізде жаңа терминдердің пайда болуының бірден-бір көзі болып табылды. Өйткені, өмірдің қай саласын алып қарасақ та оны терминсіз елестету мүмкін емес, ал бұл өз кезегінде ұлттық терминология саласына жаңа міндеттер қояды.
Кез келген жаңалық, жаңа сөздер, терминдер ақпарат құралдары арқылы тарайтыны белгілі. Осыдан-ақ алғашқы қазақ басылымдарының термин сөздерді қалыптастырудағы рөлі қаншалықты айшықты болғанын бағамдауға болады.
ХVІІ ғасырдағы түрік жазба ескерткіші – «Əбілғазы ханның Түркі шежіресі жəне оның тілі» деген еңбегінде ғалым Б.Əбілқасымов: «Қазіргі əдеби тілімізде қарындас сөзі ер адам тарапынан өзінен жасы кіші қыз балаға айтылады, ал Шежіреде ол ағайын, тума деген бұдан кең мағынада қолданылған», – деген тұжырым жасайды. Көне түркілік қабатқа жататын қарындас сөзі «Дала уалаятының газеті», «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде де негізінен осы мағынасында қолданылған: «Егер мұсылман қарындастарымыз бұл өтінішімізді қабылдаса, орыс сайлаушылары да қарсы келмес еді деген үміт бар. Олар да қазақ қандас қарындасымыз еді, бұлар депутатсыз қалып барады, жолымызды берелік деп айта алмады».
Журналда араб-парсы тілінен енген біраз сөздер қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігіне сəйкес өзгеріске ұшыраған түрінде де, араб-парсы нұсқасында да кездесіп отырады. Олар: əйел-ғаял, айып-ғайып, үкімет-хүкімет, əскер-ғаскер, үкім-хүкім, ақыл-ғақыл, əдет-ғадет, ақиқат-хақиқат т.б.
«Айқап» журналының жарияланымдарынан тілімізде бұрыннан бар сөздердің мағыналық өрісінің кеңіп, терминдік мəнге ие болғандарын да кездестіруге болады. Мысалы, «үгіт» сөзі байырғы тілдік қолданыста түркі тілдерінің көпшілігіне тəн «кеңес беру, ақыл айту, нұсқау» мағыналарын білдірсе, «Айқапта» белгілі бір саяси-əлеуметтік мəселені көпшілікке түсіндіру үшін жүргізілген əрекетті білдіретін жаңа терминдік мəнде жұмсалған.
Қазақтың мерзімді баспасөз тіліне революциядан бұрын орыс тілінен кірген сөздің саны анағұрлым көп. Ол сөздер көптігімен ғана көзге түсіп қоймайды, олардың қолданылу аясы, қызметі де жоғары екендігін көрсетеді, яғни олардың көбі-ақ актив сөздерге айнала бастады. Сондай-ақ, олар қазақ тілінің қосымшаларын (жалғау, жұрнақтарды) жамылып қолданылған.
Журналда кейбір мекеме, ұйым аттары аударылмай, түгелімен дерлік орысша қолданылғанын байқауға болады. Мысалы, «Государственный совет бұл законды қарап, муафық көрмеген соң, қабылдамады»; «уездный һəм областной земля устройственный комиссия жасамақ»; «землядела – земляустройствоның бас мекемесі»; «Народный сотты жоқ етсек, болыстық, ауылнайлық қалады», т.б. сөйлемдар мен сөз тіркестері жиі ұшырасуы – соның айғағы.
Басылымда кейбір кірме сөздердің араб-парсы жəне орыс тіліндегі нұсқалары қатар қолданылып отырады. Мысалы: «Əрине, біздің класымыздың терезелері ашық, һəм күндізгідей жарық»; «Əр сыныпқа өзіне басқа бөлмелі бір пəтер алынып, парталар істелді. Қазірде 4 сыныпта бір жүзден бала оқиды». Заң атауы да «заң», «закон», «низам», «қанун», «қанұн» түрінде жүйесіз кездесіп отырады: «Тіл болса законы боларға керек»; «Қазақ жерін алу турасында шыққан низам, бұйрықтарды қазақ білсе, осындай жер көшірулер азаяр еді деймін»; «Молдалар… үй ішінің істерін қарай бастаса, жаза кесетін қанун судьяға беріліп, орнынан түсіп қалу һəм абақтыға жабуға жаза кесіледі». Сонымен қатар, кей атаулардың бір мақаланың ішінде, тіпті бір сөйлемнің ішінде де аралас кездесіп отыратынын ішінара кездестіруге болады. Мысалы: «Мың сегіз жүз алпыс сегізінші жылда жаңа закон шығып, заң өзгерілді»; «Баршаңызға мағұлым үшінші июнь қанұны бойынша, жоғарыда айтылған 3 июнь законы бойынша».
Мүше деген сөз журналда ағза деп те: «екінші, бұл думаның ағзаларының көбі қара жүздерден болайын деп тұр», немесе орыс тіліндегі нұсқасы бойынша: «Г.Дума члені» яғни аудармасыз қолданылып отырғанын көреміз. Сонымен қатар, кейбір мақалалардың ішінде қазіргі жазба əдеби тілімізде қолданып жүргендей, мүше деген нұсқасы да кездесіп қалады: «Мектептің əртүрлі істерін қарау үшін бірнеше кісіден…мүшелері бар».
Журналда сол кездегі сөйлеу тіліне тəн «лəкин», «ликин», «іликин», «иликин», «уа», «һəм» сияқты бірсыпыра шылаулар да қолданылып отырған: «…тіліміз басқа туғандарымыздың тілдерінен көп ала-дүр. Іликин əдеби жағынан қарағанда»; «Иликин халқымыз рас сөзді ортаға салғанға журналымызға ашу етпес деп ойлаймын»; «Ликин арасында жаңа сөздер де көп», «Бұлардың əрқайсылары бай һəм мəшһүр адамдар болған»; «Су үшін жасалған нəрселерді, егілген ағаш уа егіндерді».
Журналдың тағы бір ерекшелігі – баспасөздің қажеттігін, маңыздылығын халыққа түсіндіру мақсатында əртүрлі тəсілдерді қолданғандығы. Мысалы, «Б., Қ., С.-лардың арасында өрбіген жұмбақ əңгіме» атты туынды ерекше бір формамен – диалог түрінде берілген. Мұнда Б. жаңа журналдың дүниеге келуін қараңғы үйдің бір терезесінің ашылғанына теңейді. «Айқап» халықтың ілгері басып көзін ашуға, нашарды əлдіге теңгеруге; естімегенді есіттіруге, кемдікті толтыруға, қиын нəрсені оңай қылуға себеп болатынын Қ. мен С.-ға түсіндіреді. Қойдың кенесі сықылданып күнін өткізіп жүруден аулақ боп, халыққа қызмет қылуға, үлгі көрсетуге, қажет болса, ол үшін құрбандыққа баруға үндейді.
Өткен ғасырдың басынан бастап қазақ елінде болған түрлі саяси, экономикалық, технологиялық өзгерістер, жаңалықтар ана тілімізде қаншама жаңа терминдердің қалыптасуына себепкер болды. Баспасөзде жүйелі қолданылуы арқасында көптеген жаңа сөздер мен сөз тіркестері айналымға түсті.
Алғашқы басылымдар арқылы тыңнан жасалған талай терминдер көпшілікке тарап, қазақ тілінің терминдік қорын байытты. Сонымен бірге, мерзімді баспасөз терминжасам амалдарын жетілдіре түсуге зор ықпал етті.
Қорыта айтқанда, фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ауытқуларға жол бергеніне қарамастан, «Айқап» журналы қазақ тілін татар, парсы, араб тілдерінен тазартып, қазақтың саф алтындай таза, өзіндік тілін қалыптастыруда елеулі рөл атқарды.
ХХ ғасырдың басында қазақ жұртының тарихын, мəдениетін, салт-санасын, саяси-əлеуметтік жағдайын батыл сөз еткен басылымдардың ішіндегі ең беделдісі А.Байтұрсынұлы басқарған «Қазақ» газеті болды десек қателеспейміз. «Қазақ» – өз заманында халықтың рухын оятып, санасына сəуле түсірген, оның көзі, құлағы һəм тілі бола білген қоғамдық-саяси жəне əдеби газет. Басты мұраты халықтың сауатын ашып, тəуелсіздік жолында күресуге үндеген, сол арқылы ұлттық идеяны насихаттай білген газеттің қазақ мəдениеті мен əдебиеті тарихынан алатын орны айырықша.
Газеттің алғашқы нөмірінде жарық көрген басылым басқармасының беташар мақаласында айтылған: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп
газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет… Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мəз болып, мал өлімінде өлмейік», – деген жолдардан апталық шығарушыларының ұстанған бағыты мен көздеген мақсаты айқын көрінеді.
Сөзден сөз туғызудағы тілдің құзіретін А.Байтұрсынов қазақ тілінің терминологиясын дамытуға барынша жұмсады. Тіл ғылымының белгілі маманы Ш.Құрманбайұлы «Терминолог» деген мақаласында Ахаңның терминология саласына сіңірген еңбегін былайша саралап шығады: «Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлы бір топ терминдерді ғана емес, бүкіл бір ғылым саласындағы арнаулы ұғымдардың атаулар жиынтығын, дəлірек айтқанда, терминдер жүйесін жасаған. Екіншіден, қазақ əдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш əдебиет теориясын жазған ғалым осы ғылым саласының ғылыми терминологиясын да жасаған. Үшіншіден, қазақ тіл білімі, əдебиеттану сияқты жеке ғылым салаларының ғылыми терминологиясының негізін қалаумен бірге əдістеме, тарих жəне этнографияға, жалпы мəдениетке қатысты көптеген терминдер жасаған. Төртіншіден, қазақ тілінің сөзжасам тəсілдерін анықтап, оларды өзінің терминжасам тəжірибесінде кеңінен пайдаланған. Бесіншіден, жекелеген ғылым салаларының ғана емес, бүкіл қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей əсер еткен айрықша тұлға. Алтыншыдан, ХХ ғасырдың басындағы қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаушы».
А.Байтұрсынов өз өмірбаянында «Қазақ» газетінің термин сөздерді түзу, қалыптастыру, айналымға түсіру процесіндегі үлесін: «…қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен; …проза (іс-қағаз, публицистика, ғылыми жазба тіл) тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздеріне термин жасау арқылы халықтың жанды тілдерінің арасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар жəне өзім редакциялаған «Қазақ» газеті арқылы іске асты», – деп көрсетеді.
Авторларын таза қазақ тілінде жазуға шақырған газеттің тіл тазалығына, қазақша жазу дағдысын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлгені оны сол тұстары жарық көрген басылымдардан ерекшелеп тұр. А.Байтұрсынұлы атақты «Əдебиет танытқыш» деген еңбегінде тіл тазалығына қатты ден қояды: «Біз сияқты мəдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мəдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан мəдени жұрттардың тіліндегі əдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пəн сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің əдебиетіміздің тілі таза болады».
Осы қағиданы басшылыққа алған газет шығарушылары орыс, араб, парсы тілдерінен енген сөздерді бейберекет пайдалана бермей, мүмкіндігінше қазақ сөзін термин етіп қалыптастыруға тырысқанын көруге болады. Дегенмен де, «Қазақ» газетінің бетінде де араб-парсы, орыс тілдерінен енген, орыс тілі арқылы шет тілдерден кірген кірме сөздер, сөз тіркестері ішінара кездесетінін жасыруға болмайды.
Белгілі тіл ғалымы Ө.Айтбаев «Қазақ сөзі» деген еңбегінде «Қазақ» газетінің бетінде қолданылған кірме сөздерді екі топқа бөліп қарастырады: а) қазақ тіліне араб-парсы тілінен келген кірме сөздер; ə) орыс тілінен жəне орыс тілі арқылы енген шет тіл сөздері. Араб-парсы сөздерінің өзін: 1) Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін бойына сіңіріп, мүлде қазақылана кіріккен сөздер (ереже, əскер, қызмет, əкім т.б.). 2) Фонетикалық өзгеріске онша түспей, дербестігін сақтауға тырысқан сөздер (мактаб – мектеп, сыныф – сынып, класс)», – деп жіктейді. Шығыс халықтары тілінен қазақ лексикасына ауысқан бұл сөздердің сіңісіп кеткені соншалық, олар қазіргі кезде де солай қолданылып жүр.
«Қазақ» газетіндегі қолданылған атауларды белгілі алаштанушы-ғалым Б.Момынова мынадай тақырыптарға бөліп қарастырады: 1) əлеуметтік-тарихи категориялар мен ұғымдарды білдіретін атаулар (жұрт, ел, алаш, халық, ұлт, нəсіл, общество т.б.); 2) мемлекеттік құрылысты білдіретін атаулар (мемлекет, хүкімет, совет, кеңес, автономия, ғаскер, шекара, одақ т.б.); 3) əкімшілік жүйеге қатысты атаулар (би, болыс, бай, старшин, хакім, төре, падша, генерал-губернатор, министр, пристав, управа, председатель, член, ішкі істер министрі (кеңесі), собрание); 4) заң, сот жүйесіне байланысты атаулар (заң, би, хұқық, арыз, куə, жаза т.б.); 5) саясатқа байланысты атаулар (социализм, большевик, саясат, ішкі саясат, сыртқы саясат); 6) соғыс, əскери атаулар (казак, орыс-казак, зеңбірек, соғыс ғылымы); 7) оқу-білім, мəдени салаға байланысты атаулар (халық ағарту, бастауыш мектеп, ұлттық мектеп, ұлттық əдебиет); 8) дін ұғымына қатысты атаулар (Алла, Мұхаммед, Құдай, молла, қажы, зекет, ораза, намаз)». Ғалымның жазуынша, «Қазақ» газеті бетіндегі оқубілім, халық ағарту саласына қатысты атаулар үш деңгейде көрінеді. Яғни, ертеден келе жатқан араб-парсы сөздері, сол тұста тілімізге екпіндеп ене бастаған орыс сөздері жəне авторлар қолтумасы – жаңа қолданыстар мен сөз тіркестері» (Момынова Б., 93, дисс.). Сондай-ақ, орыс сөздері арқылы жасалған атаулық тіркестер (переселен законы, народный судья) де кеңінен қолданылған.
«Қазақ» газеті жарияланымдарында орыс тілінен енген сөздердің біразы қазақ, орыс тілдерінде қосарланып кездесіп отырса, енді біреулері сол күйінде аударылмай, -ский, -ный, ний қосымшаларымен берілген: Кабинетский жерлер, государственный совет, Түркістанский край, Государственная дума. Ал, мектеп, мұғалім сөздерінің орысша да, қазақша да нұсқалары қатар кездеседі: «Мұғалім қандай болса, мектебі һəм сондай болмақшы», «Қарқаралыдағы городской школға учитель болып сайланды». Бұл сөйлемдерге қарап, ана тілінде оқытылатындарын – мектептер, орыс тілінде білім беретіндерін – школдар деп, бір-бірінен айыру мақсатында осылай қолданған болар деп ойлаймыз. Мына бір сөйлемдер мен сөз тіркестері соған дəлел бола алады: «Осы кезде қазақ балалары оқуды екі түрлі бастап жүр. Біреулері оқуды ауылдағы мектептен бастайды, екіншілері орыс школасынан бастайды»; «Түркістан маңында тұрған учительдер һəм мұғалімдер».
«Қазақ» газетінде жарияланған: «Біздің мемлекет қуаты – Россия патшасының қоластындағы тамам жұрт құрдастығы, тамам бұратана жұрт орыспен құрдас»,– деген жолдардағы құрдас сөзінің мағынасы бір жылы туған, құрбы мағынасынан өзгеше бірлік, теңдік, азаттық, тəуелсіздік деген ұғымда қолданылып тұр.
Апталықта жарық көрген «Қазақ əскерге алыну мəселесі» деген мақалада əскердің түрлерін жаяу əскер, атты əскер деп көрсетіп, жаяу əскер орысша солдат деп аталады, атты əскердің өзі екі түрлі болады, кавалерист, казак деп талдап, əскери терминдерге қатысты мағлұмат береді. Сондайақ, мақаладағы запас сөзінің мағынасы да қазаққа жақын тақырыптан алынып, бейнелі түрде түсіндірілген. Автор оны бұрын пішенін шаппай күнелткен уақыттағы қорық мағынасында сипаттайды: «Қорықты қыстан қысылғанда жейтін. Запастағы солдат соғысқа ғана шақырылады», – деп əдемі түсіндіреді.
Газет жарияланымдарынан алынған: «Бұл күнде «Сарыарқа» газетінің шығарушысы һəм областной комитет ағзасы»; «Учитель һəм мұғалімдердің Союзға ағза болып кірулері жөн» деген мысалдардан ағза сөзінің мүше, яғни комитет мүшесі, союзға мүше болу мағынасында қолданылғанын көруге болады. Ағза – əъза араб тілінен аударғанда мүше, дене мүшесі; қоғам, жиналыс мүшесі, қатысушы деген мағынаны білдіреді.
«Қазақ» газеті бетінде егу, доктор, чума, құрт (құрт ауруы) деген терминдер көптеп ұшырасады. Микроб сөзі ауру құрты деп түсіндіріледі. Көкірек ауруы – туберкулез, ауруға қарсы қару қылу (əдісі) – ауруға қарсы тұру, иммунитет мағынасында қолданылған.
Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет деп санаған «Қазақ» газетінің редакторы мен оның айналасындағы топтың қазақ термин сөздерін жасауға көп үлес қосқаны ақиқат. Қазақша ойлауға, ойлаған ойын қазақша жазуға бірсыпыра адамды үйреткен басылымдағы мақалаларда қазақша-орысша нұсқалары жарыса қолданылған атаулар кездесіп отырады: Мүше, ағза, член; жиылыс, жиналыс, собрание; заң, низам, закон; мемлекет, государство; Министрлер кеңесі, Министрлер советі.
Қазақ баспасөзінің тұңғышы «Түркістан уалаятының газетінде» поезд отарба деп қолданылғанын жоғарыда жазғанбыз. «Қазақ» газетінде ол негізінен поезд, кейде отарба түрінде, ал теміржол шойын жол түрінде жазылып, кейде темір көше деген нұсқасы кездесіп қалады. Мысалы, газеттің 1918 жылғы 258 санында жарияланған «Орынбор хабарларында» «Самар үстіндегі темір көше залалданған, түзетіліп жатыр» деген сөйлем бар. Алайда, бұл нұсқа жазба əдеби тілімізге енбей, теміржол сөзі сіңісіп кетті.
Терминжасамның түрлі жолдары бар. Соның негізгі тəсілдері – аударма жəне жаңадан сөз жасау. «Қазақ» газетінің басты мақсаттарының бірі тіл тазалығы үшін күрес болды. Оны тілдің ішкі мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасалған, газет арқылы тарап, қалыптасқан терминдерден көруге болады. Мысалы, қоғам, кеңес, тілші, төраға, кеден, сондай-ақ, одақтық шарт, одақтас мемлекеттер сияқты сөз тіркестері. Ал ашық хат «Қазақ» газетінің алғашқы кезеңінен бастап қолданылса, «Айқапта» жалаңаш хат (Досмайыл қажыға жалаңаш хат) түрінде де кездеседі.
Қазақ тілінің дамуы мен ғылыми терминдердің қалыптасып, айналымға енуіне, тіл тазалығының сақталуына «Қазақ» газетінің тигізген əсері, қосқан үлесі мол болды. А.Байтұрсынов қазақ сөзін ескі, жаңа деп талғамай, жергілікті сөз екен деп, ол жағына қатал қарап, қашып тұрмай, сөз байлығымызды сарқа пайдалануға шақырған. А.Байтұрсыновтың принципін басшылыққа ала отырып, термин сөздерге ұлттық тілде балама табу ісінде ана тілінің сөз байлығын сарқа пайдалану – тілдік қорымыздың толығуына өлшеусіз үлес қосатыны сөзсіз.
«Қазақ» газеті – қазақ баспасөз тарихында ерекше орны бар басылым. Ол басқа газет-журналдарға қарағанда ұзағырақ шығып тұрды жəне қоғамдық өмірге де белсене араласты. Басылым беттерінен орын алған саяси, əлеуметтік тақырыптағы мақалалардан олардың авторлары ұстанған бағыт, көздеген мақсаттары айқын көрінеді. Бұл басылымда, сондай-ақ, жарнама үлгілері, басқа да мерзімді басылымдарға шолу сияқты баспасөзге тəн элементтер алғаш қолданысқа енгенін ескерген жөн.
ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көрген газет-журналдардың сапалық өзгеріске ұшырауы заңды да. Терминолог ғалым Ө.Айтбаев «Қазақ сөзі» деген еңбегінде сол кездегі газет-журналдарға мынадай баға береді: «Қазақтың жазба əдеби тілін, оның жақсы дəстүрлерін əрі қарай дамытуда, жалпыхалықтық тілдің кейбір стильдік тармақтарын қалыптастыруда, оның терминологиялық лексикасын жасауда орасан зор қызмет атқарды. Бұл газет-журналдар беттерінде журналистік жаңа жазу үлгісі, əдебиеттің əртүрлі жанрлары қалыптаса бастады. Публицистика тіліне тəн көптеген термин сөздер мен терминдердің, грамматикалық единицалардың тұрақталуына осы кезеңдегі баспасөз тілінің əсері зор болды».
«Қазақ» газеті бетінде қазақ тілінің ішкі резервтерін пайдалана отырып жасалған жүздеген терминдер (пəн сөздері), жаңа қолданыстар алғаш баспа жүзін көрді жəне олардың басым көпшілігі тілімізге əбден сіңісіп, қалыптасып кетті, күні бүгінге дейін белсенді қолданылып келеді. «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының бетіндегі материалдарды зерттей отырып, бұл екі басылымда орыс тілінің қолданылуында ерекшелік барын анықтадық. «Айқапта» жарияланған мақала авторлары орыс сөздерін именбей батыл қолданып отырса, ал «Қазақ» газеті мұны барынша саралап, қажетіне қарай пайдаланғанын байқадық. Сондай-ақ, «Қазақ» газеті «Айқап» журналына қарағанда таза əдеби тілмен жазылған, кітаби тіл элементерін аз қолдануға тырысқан.
ХХ ғасыр басында ел өмірінде белең алған өзгерістер саяси, əлеуметтік, мəдени жаңалықтар легін əкелді, баспа ісі дамып, газет-журналдар саны арта түсті, қазақ тілінде термин түзу ісі де қарқындады. Жаңа атауларды жасап, қолданысқа түсіру, көпшілікке тарату, қалыптастыру процесінде баспасөздің атқаратын рөлі ерекше екені дау тудырмады. Алғашқы басылымдар өмірде белең алып отырған оқиғаларға ілесіп, халыққа түсіндіру мақсатында жаңа атауларды енгізуге талап қылды. Сол кездегі қазақ қоғамындағы əлеуметтік-саяси өзгерістер нəтижесінде орыс тілінен қаулап енген жаңа сөздер тасқынына «Қазақ» газетін шығарушылар шама-шарқынша тосқауыл қойды. Əйтсе де, ақпаратты жедел тарату талабы мен қазақ баспасөзінде дəстүр қалыптасып үлгермеуі газет бетінде көптеген орыс сөздерін амалсыздан қолдануға мəжбүр етті. Соған қарамастан, «қазақ тілінде шыққан «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті тіл жағынан «Дала уалаятының газетіне» қарағанда, жалпыхалықтық тілге тағы бір басқыш жақындай түсті».
«Қазақ» газетінің тағы бір ерекшелігі ол араб жазуын қазақ тіліне икемдеген А.Байтұрсынов əліпбиі негізінде шықты. А.Байтұрсыновтың араб графикасына негізделген жазу үлгісі латынға көшкенге дейін қолданылғаны белгілі. 1914 жылы Орынбор қаласында қазақ əліпбиіне біраз өзгерістер енгізген съезд өтті. Сонда А.Байтұрсыновтың үлгісі прогрестік мəні бар жазу деп табылды. Бұл жазу кезінде халықты жаппай сауаттандыруда, сондай-ақ, баспа өнімдерін шығару ісінде де көп қызмет етті.
Ал 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен Жалпы қазақ съезі: «Мектеп кітаптары болсын, өзге баспасөздер болсын, бəрі де «Қазақ» емлесімен жазылсын» деген қаулы шығарады. «Дұрыс емле менен қате емлені айыруға менің ойымша бұлай қарау керек шығар деймін: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ, емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле – жазу үшін шығарған нəрсе, жазу – тіл үшін шығарған нəрсе. Олай болса тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек», – деп жазған М. Дулатов осы пікірін былайша шегелейді: «Екі жылдың ішінде «Қазақ» газетасының тілі, емле туралы қылған қызметі көзге көрінерлік болды. Екі жылдың ішінде орта есеппен 20 мың дана «Қазақ» нөмірі тарады, жаңа сөйлеммен 15-тей кітап шықты, бұлар 45 мың данадай бар… Бұл емлені тосырқап түсінбейміз, оқи алмадық деген ешкімді естігеніміз жоқ».
А.Байтұрсыновтың қаламынан туған көптеген терминдер күні бүгінге дейін оқулықтарда қолданылып келе жатыр. Əсіресе халықтық тіл негізінде жасалған лингвистика терминдері тіл мамандарының назарын ерекше аударады. Қазақ тіл білімінде қолданылып жүрген зат есім, сын есім, бастауыш, баяндауыш, дыбыс, буын, жұрнақ, жалғау, сөйлем, сөйлем түрлері сияқты т.б. көптеген терминдер өз ана тіліміздің сөздік қорын мəңгілік байытуымен құнды.
А.Байтұрсынұлы ұстанған ең басты принцип – термин жасауда қазақ тілінің өз мүмкіндігін барынша сарқа пайдалану. Сонымен бірге жазған мақалалары мен «Тіл – құрал», «Тіл – жұмсар» тəрізді еңбектерінде кездесетін программа, фонетика, морфология, синтаксис, синод, дума, школа, председатель, министерство, петиция сияқты сөздерге қарағанда, ол реті келген жерде өзге тілдің, əсіресе, орыс тілінің сөздік қорындағы керекті сөздерді пайдаланудан да қашпаған. Бұған қазақ тіл ғылымының майталманы, академик Рəбиға Сыздық: «А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтар термин шаруасына барғанда, алдымен ғылымның ең төменгі сатысы – мектеп оқулықтарының мұқтажын өтеу мақсатын көздеді… Бұрын тіл білімі ғана емес, жалпы ғылым салалары дүниеге келмеген, олардан бейхабар қазақ жұртшылығына, оның ішінде шəкірт балаларға арналғандықтан, алғашқы ғылыми танымдардың (ұғымдардың) мейлінше түсінікті болуын көздеп, əрі грамматикалық, фонетикалық ұғымдардың атауларын қазақша беруге болатынын ескеріп, алғашқы лингвистикалық терминдерге қазақ тілінің өз мүмкіншіліктерін пайдаланды», – деп өз көзқарасын ашық білдірді.
А.Байтұрсынов – ғылымды ұлт тілінде дамытуға, ғылым тілінің ұлттық сипатын арттыруға барынша күш жұмсаған ғалым. Ұлт Ұстазы «Қазақта жазу-сызу болмаған соң, жалғыз-ақ табиғаттың закөніне ерген, сондықтан тілі азбаған» деп халықтық лексиканы терминжасамда ұтымды пайдалана білді. Оның ұсынған терминдерінің сəтті де өміршең болуы бұл іске шығармашылықпен қарағанын көрсетеді. Соның арқасында дүниеге келген терминдер ұлттық тілдің сөздік қорын байытуға зор үлес қосты.
«Қазақ» бұрын да халық газеті еді. Бізге аманат еді. Біз кешегі тар заманда халықтың аманатын ауырсынып, бейнетінен қашып, жолда қалдырғанымыз жоқ, шамамызша жүргіздік», – дейді өз мақсат-міндеттерін адал атқарған басылым басқармасы. «Қазақтың еңкейген кəрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті» (М.Əуезов) өз заманының ең түйінді деген мəселелерін көтеріп, халыққа «жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айта білді». М.Əуезов «Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында: «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған əдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын деуі оған берген əділ баға.
Қайрат Сақ