МІР ОҒЫНДАЙ МІРЖАҚЫП


Алғашқы нөмірінен бастап соңғы санына дейін «Қазақпен» біте қайнасып, бірге жасасқан, оның бар ауыртпалығын «бас жазушысы» А.Байтұрсыновпен бірдей тең бөлісе арқалаған газеттің «екінші жазушысы» – Міржақып Дулатов. Көрнекті қалам қайраткерінің шығармашылық қызметі сансалалы. Оны дарынды ақын, талантты жазушы, кемел аудармашы жəне бірқатар оқу құралдарының авторы ретінде жетік білеміз. Сонымен бірге журналистік қызметі өз алдына бір төбе. Бірақ, осы күнге дейін оның бұл қызметі терең зерттеліп, толық ғылыми айналымға енді дей алмаймыз. Ал, мұнсыз жұрттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, аз өмірінің тек ащысын көріп өткен қайраткердің бүкіл болмысын танып, білу мүмкін емес. Өйткені, өзге қызметтерінің бəрін түйіндеп, бір мақсатқа жұмылдырып отырған осы «өз заманының шежіресін жазатын» публицистке тəн журналистік болмысы емес пе? Оған жалынды журналистің өмірбаянын тілге тиек ете отырып та көз жеткізуге болады.

М.Дулатов 1885 жылы 25-қарашада қазіргі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, «Қызыл бел» совхозының Сарықопа деген жерінде дүниеге келген. Əкесі Дулат өз заманының оқыған, сауатты адамы болған. Етік тігіп, ертұрман жасаған өнерлі жан екен. Шешесі Дəмеш – Торғай уезіне аты мəлім Қараман байдың қызы. Өте келбетті, талайлар сөз салып, қолы жетпеген қас сұлудың өзі болған. Көркіне сай өлең айтып, домбыра тартқан, ақыл-парасаты мол ел анасы болыпты. Міржақып екі жасқа келгенде анасынан айырылған. Он екі жасқа толғанда əкесі қайтыс болған. Сөйтіп, жастайынан жетім қалған бала тез есейеді. Ағасы Асқардың көмегімен əуелде ауыл молдасынан қара танып, 1897 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Одан ауыл мұғалімі деген атақ алып шығады. Калған білімді зейінді, зерек Міржақып өз бетімен оқып игерген.

Публицистік қызметі 1906 жылы Петерборда екі саны шығып, өкімет тарапынан тұтқындалып, өртелген «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» атты публицистикалық мақаласы жариялануымен басталады. Бұл газет татардың «Үлфəт» атты апталығының қосымшасы ретінде жарық көрген. Ол 1905 жылы 26 маусымда Ахмет Байтұрсынов, Əлихан Бөкейханов жəне басқа да қазақ оқығандары Қоянды жəрмеңкесінде бас қосып, Петербордағы кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан арыз-тілек жібергенде қойылған он бір түрлі талаптың бірі – қазақ тілінде газет шығару талабымен басылған болуы мүмкін. Қазақ халқының саяси-мəдени өмірінде үлкен мəні бар бұл оқиға Міржақып сияқты ел-жұртының қамын жеген азаматтарды одан əрі топтастырып, қайрап, шыңдай түсті. Осыдан кейін Міржақыпты жатса да, тұрса да халқының, ұлтының болашағы толғантады. Өнер-білімнен кенже қалған, сахарада көшіп-қонып, мал бағып, қыс күйлі, жаз жайлы басқа тілегі жоқ, бейқам жатқан қараңғы еліне қарлығаштың қанатындай су сеуіп, көңіліне сəуле шашуды мұрат тұтады. Оның 1909 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Оян, қазақ» атты өлеңдер жинағын оқып отырып, осыны аңғаруға болады. Міржақыптың есімін күллі қазаққа танытқан бұл кітап халық арасына тез таралып, көпшіліктің өтініші бойынша келесі жылы Уфа қаласында екі рет баспа жүзін көреді. Бірақ кітаптың төңкерісшіл рухтағы идеясы, күреске шақырған үні патша өкіметіне ұнамайды. Сөйтіп, халықтың кемшілігін сынап, оқу-білімге үндеген, бірлікке, еңбек етуге шақырған автор идеясы жандарм басқармасы тарапынан қылмыс деп саналып, жауапқа тартылады. Ол жөнінде журналистің өзі «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 233-санында былай жазады: «Оқушыларға мағлұм «Оян, қазақ» атты өлең кітабымды ескі өкімет шам көріп, «қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді. Сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым».

Бір ғажабы, алты жарым ай түрме қапасын көріп, бір жыл Петропавловскіге саяси көзқарасы үшін жер аударылған Дулатовты бұл жай мұқалтпай, керісінше, шыңдай түседі.

Ол айдауда жүрген кездерінде де уақытын босқа өткізбей ізденумен болады. Петропавлда жергілікті əкімшілік мекеме орындарында аудармашы бола жүріп, жазудан қол үзбейді. Мəселен, Троицкіде белгілі ақын-журналист Мұхамеджан Сералиннің жетекшілігімен қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» шыға бастағанда қуанышын білдіріп, 1911 жылғы 4-санында:

Бұл хабар қуандырар елді байтақ,

Керегін баспасөздің келген байқап.

«Серке» …

Жасасын ғұмырлы боп, енді «Айқап», –

деп өлеңмен құттықтайды. Сөйтіп оның жұмысына араласып, өлеңдері мен мақалаларын үзбей жіберіп отырады.

1913 жылы Орынборға айдаудан босанып келгеннен кейін бұрыннан пікірлес ағасы Ахмет Байтұрсынұлымен бірлесіп таза қазақ емлесімен «Қазақ» атты бейресми газет шығаруды қолға алады.

Оның 1918 жылдың қазан айында соңғы саны шығып, тоқтағанға дейінгі мезгіл ішінде газетте жүздеген көсемсөз үлгілері, өлең-жырлары мен сын-мақалалары жарық көрген. Осыдан-ақ бұл кезді оның журналистік шеберлігінің шындалған тұсы деп қарауымызға əбден болады. Осы мезгілде жазған дүниелерін оның журналистік қызметінің бірінші – Совет өкіметі орнағанға дейінгі кезеңінің қомақты туындылары деп қарастыруымыз керек.

Оның журналистік қызметінің екінші – Кеңес өкіметі тұсындағы кезеңі 1920 жылы «Ақ жол» (Ташкентте шығып тұрған) газетіне араласқан мезгілден басталады. Бұл уақыттарда ол аудармашылықпен айналыса жүріп, бойындағы бар қуат-күшін, публицистік барша талантын жаңа өмірді құру ісіне жұмсайды.

1926-28 жылдары Міржақып Дулатұлы «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі» газеттерінде əдеби хатшы болып қызмет жасайды. Бұл жылдар – оның шығармашылығында жемісті із қалдырған өнімді еңбек жылдары. «Еңбекші қазақта» оның қаламынан туған «Баспасөзіміз не күйде?», «Хош келдің, Наурыз!», «Қазақ-қырғыз тарихы туралы» сияқты көптеген мақалалары жарияланды. Қысқасы, осы уақыттары қаламынан туындаған шығармаларын оның журналистік қызметінің екінші кезеңіндегі туындыларының ішіндегі құндысы əрі құнарлысы деп қарауымызға əбден болады.

1928 жылдың аяғында Міржақып Дулатұлын советтік құрылысқа қарсы жасырын əрекет етті деген қарармен ОГПУ қызметкерлері тұтқынға алады. Сөйтіп, ату жазасына кесіп, кейіннен оны он жыл бас бостандығынан айырумен алмастырып, Соловецк лагеріне айдайды.

Өмір бойы үкімет тарапынан қудалау көрген Міржақып Соловецк лагерінде айдауда жүргенде де Əлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлымен хат-хабар жазысып, мəнжайды ұғынысып отырған. Мысалға, Əлихан Бөкейханұлын – Қыр баласы, Ахмет Байтұрсынұлын – А.Б., Халел, Жанша Досмұхамбетұлдарын – Екі Дос, Мұхтар Мырзаұлын – Ұзын Мұхтар деп сақтық үшін толық аты-жөнін айтпай, өзара түсінісіп отырған. Бұл хаттарды пайдаланған жеке мүліктерімен бірге 1935 жылы 5 қазанда Міржақып Дулатұлы лагерьдің лазаретінде қайтыс болған соң, семьясына қайтарған. Əкеден қалған тəбəріктей болған бұл дүниелерді Гүлнəр апай Міржақыпқызы жарты ғасырдан астам уақыт бойы аман сақтап келіпті. Қазір де сол кісінің жеке архивінде сақталуда.

Міне, дүниенің тұщысынан гөрі ащы дəмін көп тартқан, XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ даласындағы əлеуметтік өмірдің көкжиегінде жарқырай жанған шырақтардың бірі дарынды ақын, алғыр ағартушы, қажырлы қайраткердің өмір жолы осылай өтіпті. Оның өмірбаянынан бір байқалатыны – бар саналы өмірін журналистік қызметіне арнағандығы. Жай арнап қана қоймай, бүгінгі журналистерімізге бай тəжірибесін мұра етіп қалдырып кеткендігі. Мəселеге осы тұрғыда келгенде қайраткердің, ең алдымен, журналистік қызметін бөле айтып, өзге қызметтерінен айрықша қарастырғанымыз дұрыс секілді. Оның қолымызға түскен публицистикалық сарындағы бай шығармашылық мұраларын жеке-жеке тілге тиек ету арқылы да осыған көз жеткізе түсеміз.

«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты».

Бұл – осыдан сексен жыл бұрын өз заманына орай айтылған сөз. Небəрі жиырма үш жастағы ақынның халқы үшін азап шегуі. Публицистикалық сарынға толы азаматтық позициясының басы.

1909 жылы Қазанда жарық көрген Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» атты өлендер жинағы түгелдей осы сарында жазылған. Онда ғашықтық, лирикалық тақырыптағы өлеңдер жоқ. Тақырыбы айтып тұрғандай, тіке халықтың өнерге, білімге құлшынуын, озық елдермен иық теңестіруін армандаған ақ ниет, шынайы тілегі жырланған.

Ақын халқына өмірдің ағысын ұқтыруға ой жіберіп, жол нұсқайды. Дəуір шындығын бұра тартпай, сол қалпында айтады. Қазақ елінің Россия мемлекетіне қосылғанын да табиғи құбылыс санайды. Бірақ патшаның озбырлығына қынжылады:

«Патша айтқан, əділдікпен билеймін деп,

Дініне һəм жеріне тимеймін деп.

Оқ атпай, қылыш шаппай бағынған соң,

Қалайша қадіріңді білмеймін деп.

Қалдырып осылардың һəммесін де,

Шығып тұр біздің тұста бұл күнгі заң», –

деп, кезіндегі уəде-шарттың бұзылғанын, зорлықтың барған сайын артып, елдің тозып бара жатқанын жырлайды. Əділдікті көксейді. Əділетсіздіктің себеп-салдарына ой жібереді. Туып отырған қайшылықты дəлелдеуге тырысады, халыққа оның сыр-сипатын ұқтырғысы келеді.

Түп-төркінін ашады. Сөйтіп, жинақтың «Сөз басында»: «Əркім өз қолында барына жомарт болғаны секілді, мен де аз мағлұматымша бишара халқымызға пайда келтірмек мақсатымен осы кітапты жаздым» деп айтқанындай, өз халқадірінше халқына қызмет етуге ұмтылады.

Кітап халық арасына тез тарап, авторына зор бедел əкеледі. Оның айғағы ретінде сол кездері Троицкіде шығып тұрған «Айқап» журналының 1912 жылғы 1-санында жарияланған мына бір деректі тілге тиек етуге болады: «Өткен 23-декабрьде Семейпалат окружной соты Меряхуп Дулатовтың ісін қарады… Окружной сот кешкі сағат 7-де Меряхуп Дулатовты уголовный уложение 1-3-ші статьясының 6-пункті бойынша айыпты деп тауып, бір жыл крепостке хүкілі етті. Соттан бұрын жарым ай түрмеде отырғаны есеп емес…».

Мұны оқыған қазақтың көзі ашық интеллегенциясы ақынның қайғысына ортақтасып, үн қатады. Мəселен, 1911 жылы жазылған «Тұтқын» деген өлеңінде дарынды ақын Мағжан Жұмабаев:

«Қайғыланба, сорлы тұтқын, еш кетпес

Күн батқанмен, таң атпайтын түн жетпес.

Ер жүректі азаматтың басына

Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес?» –

деп жырлап, рухани серіктестік танытқан. Сол секілді Ахмет Байтұрсынов та оның зердесі мен кісілігін терең сезініп, 1912 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Маса» деп аталатын екінші жинағында оған «Ақын ініме» деген өлең арнап, былайша тебіренеді:

«Жай жатсаң жаңылмайсың, адаспайсың,

Күресте кім кетпейді ғапыл, інім.

Ат қойған аз-көбіне қарамастан,

Ақылға біздер жарлы пақыр, інім».

«Зер қадірін зергер таниды», – демекші, кейіннен Міржақып та Ахмет Байтұрсыновтың ақындығын пір тұтып, азаматтығына басын иіп, «Сөз ақыры» деген өлеңін жолдайды. Онда:

«Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,

Сөзі алтын, мағынасы меруерттей.

Оқыған ғибрат алып жас жігіттер,

Һəммесі өз халқына қызмет еткей», –

деп оның талантты қарымын жоғары бағалап, сол кездегі қазақ жастарына одан ғибрат алып, еліне қызмет етуін тілейді. Творчестволық осы байланыс мақсаттары ортақ, армандары бір қос алыпты бір-бірімен жақындастырып, кейіннен бірігіп күресуге (бұл жерде «Қазақ» газетінде бірге істеген кездерін айтып отырмыз) алып келеді.

Міржақып Дулатовтың ойы ұшқыр, қаламы жүйрік журналист ретінде танылуына оның «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсыновпен бірге еңбек еткен кезеңі ерекше із қалдырады. Бірақ, бұл оның публицистік қызметі «Қазақ» газеті шыққанға дейін болған жоқ деген ұғым туғызбауы керек. Оның «Оян, қазақтан» басқа 1910 жылы жарық көрген «Бақытсыз Жамал» романы мен 1913 жылдың басында Орынборда басылған «Азамат» атты публицистикалық сарындағы өлеңдер жинағын айтпағанның өзінде, 1911 жылдан бастап Троицкіде шығып тұрған «Айқап» журналына араласа бастаған кезін журналистік қызметінің кемелденген тұсы деп қарауға əбден болады. Журналда оның өлеңдері мен мақалалары үзбей жарияланып тұрған. Сан-салалы ғылымнан хабары бар, табиғат берген дарынды ол сол кезден бастап-ақ қазақты толғантқан мəселелермен ұштастырып, журналистік қабілетін шыңдай түскен. Оның Айқапта» жарияланған «Хан Абылай», «Қапастағы ұрының мінəжаты», «Жазу тəртібі», тағы басқа мақала, өлеңдерін оқи отырып, осылай ой түюге толық хұқымыз бар. Мəселен, оның «Жазу тəртібі» деген мақаласы Азамат Алашұлы деген бүркеншік атпенен журналдың 4-5-сандарында жарық көрген. Онда автор Ахмет Байтұрсынұлының қазақ жазуындағы арабтың артық əріптерін алып тастауын, жіңішке дауысты дыбыстарды білдіруге арналған қосымша белгі – «дəйекше» енгізуін қуаттайды. Сөйтіп: «А.Б. (Ахмет Байтұрсынұлы – автор) ноғай жазушыларын жатырқағандықтан емес, қазақ тілінде қанша дыбыс болса, сонша белгі көрсетіп, артық харіптерді кеміткен. Сонымен қазақша жазу-оқуды оңайлатқан. Сынаушы да осы арасын көздеуге керек еді, – дей келіп, – А.Б.-ның жазу тəртібін ұнатқанымен басқа қосарым мынау: қазақ əліппесіне «Ф» мен «X» да кірсе екен деймін. Таза қазақ сөзінде болмаса да қазақ тіліне кірген араб, парсы сөздерінде һəм Ахмет, Мұхамеджан, Фазыл… деген секілді қазақ аттарында бұл екі харіф көп ұшырайды. «Ф» мен «X» əліппеге кіргенменен, жазу тəртібіне қиыншылық келтірмейді. Естілуінде де, жазылуында да бұлардан айыра алмастай ұйқас харіфтер жоқ», – деген өміршең ұсыныс айтады. Мақаланың құндылығы да осында. Тағы бір ерекшелігі, ол таза қазақ тілінде жазылған. Ал тіліміз бір жүйеге келіп, толық қалыптасып болмаған, демек, ноғай татар, араб, парсы, орыс тілдерін араластырып, «алабажақ» күй кешіп жүрген кез үшін бұл үлкен жетістік. «Айқап» журналында жарияланған өзі шұбар тілді материалдардың ішінде мұның жеңіл оқылып, көзге жылы ұшырайтыны да сондықтан.

Дей тұрсақ та, айналадағы тіршіліктен бейхабар, ұйқыда жатқан елі үшін жарық сəуле, шам болып жанған жалынды журналистің публицистік шеберлігін толық таныта алған тұсы – «Қазақ» газетін шығаруға атсалысқан кезі. Жоғарыдағы еңбектерін ескерсек, XX ғасырдың басында қазақ əдебиетіне тасқынды бір арна болып қосылған жас ақынның «Қазақ» газетіне құралақан келмегендігін байқаймыз. Жазушылық қырынан танылған, газет-журнал ісіне араласып үлгерген, қаламы ұшқыр, ойы жүйрік журналистің апталық табалдырығын шəкірт болып емес, белді бір азамат ретінде аттағанына көз жеткіземіз.

М.Дулатовтың газеттің екінші редакторы қызметіне ресми түрде бекітілген уақыт – 1914 жылдың 19 мамыры. Осы турасында архивте сақталынған Орынбор генерал-губернаторының Ішкі істер министрлігі жанындағы баспасөз жөніндегі Бас Басқармаға сол күні жолдаған 2732-нөмірлі ісқағазында былай делінеді: «Согласно циркулярному распоряжению от 5 декабря минувшего года за №7022, уведомляю Главное Управление; что мною одновременно с этим разрешено обязанности второго ответственного редактора, в полном объеме, издаваемой в г.Оренбурге, образованным издательским товариществом «Азамат» еженедельной газеты на киргизском языке «Казак», …киргизу 1 аула Сары-копинской волости, Торгайского уезда и области Мир-Якубу Дулатовичу Дулатову.

Осы дерекке қарап, М.Дулатовтың «Қазақтағы» қызметі газет шыққан уақыттан емес, кейіннен басталады екен деген ұғым тумауы керек. Бірақ, өкінішке қарай, сондай да пікір қалыптастырып жүрген зерттеушілер жоқ емес. Əрине, ол қателескендік болып шығады. Көрнекті қалам қайраткерінің апталыққа сіңірген еңбегі ол жарық көрмей тұрып-ақ бастау алатынына жоғарыда нақты деректер келтірген болатынбыз. Оны мына мəліметтер де айқындай түседі. «Жұлдыз» журналының 1990 жылғы 6-нөмірінде жарияланған «Ардақтап өтем əкемді» атты Міржақыпқызы Гүлнар апайдың естелігі көзіқарақты оқырманға етене таныс болуға тиіс. Сондағы мына бір дерек еріксіз назар аудартады: «1913 жылы аңсап күткізген Міржақыптың Орынбордан жазған хаты келді. Жүрегіміз орнына түсіп, бірсыпыра тынышталып қалдық. Міржақып хатында амандығын білдіріп, Семей түрмесінде бір жарым жыл отырып, енді құтылғанын жазыпты». Бұл – ақынның немере қарындасы (ағасы Асқардың қызы) Ботаның естелігі. Одан əрі сол хаттың мəтіні алғаш рет ғылыми айналымға енгізіледі. Естелік сонысымен де құнды. Хатында ардақты Алаш азаматы Семей түрмесінен босанып шыққаннан кейін із жасырып, Түркістан жəне соған таяу Қырнақ қыстауында қазақ, өзбек, қырғыз ағайындар ортасын паналағанын жəне болашақ газет шығару үшін қаражат жинаумен айналысқандығын тілге тиек ете келіп: «1913 жылдың бас кезінде Орынборға келдім, сондағы ғалымжазушы, өзімнің ұстазым əрі ағам Ахмет Байтұрсыновқа барып сəлем бердім. Ұзақ кеңесіп, қазақ халқына арнап газет шығармақ болдық. Бұл пікірімізді Əлихан Бөкейханов ағамыз толық қолдады. «Іске сəт» деп жұмысқа кірістік.

Үкімет орындарының есігін тоздырып жүріп, əзер дегенде рұқсат алынды. Түркістанда жиналған мол қаржыны, Уфадағы «Ғалия» медресесі шəкірттерінің қосқандарын осы игі іске бағыштадық. Редакцияға қолайлы үй қарастырып, оны да таптық. Редакция құрамы, оның мүшелерін белгіледік. Шығарушы бас редакторы Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы мен болып газетімізді «Қазақ» деп атап, шығара бастадық», – деп біраз жайдан хабардар етеді.

Бұл хаттың деректік мəні орасан зор. Ол мынадай ойтолғамдарға жетелейді. Əуелі М.Дулатов Семей түрмесінен мерзімінен бұрын қашып шыққан болуы мүмкін деген болжамды пікір туғызады. Өйтпесе, 1911 жылдың шілде айында тұтқындалып, 19 ай абақтыға кесілген қаламгер қалайша 1912 жылдың аяғына қарай Түркістаннан табылады?

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 247-санында жарияланған жандармдық деректерде оның тұтқындалу мерзімі былайша көрсетілген: «М.Дулатов 1911 жылы июль ішінде абақтыға жабылды. 103 һəм 129-статьялар бойынша айыпталып, Семей окружной судының үкімі бойынша 19 ай крепоста отырды». Осыған қарап есептейтін болсақ, онда қаламгердің абақтыдан босанатын уақыты 1913 жылдың екінші айына келіп жығылады. Алдыңғы тарауда тілге тиек етілген «Газеттің шығуына алғаш дайындықтар басталып, жұмыс қызған шақта Міржақып Дулатов Семей түрмесінде жатқан болатын» деп, оны бұл жұмыстан қалыс қалдыратын автор пікірі осындай есептеуден туса керек. Алайда, оның шындығы басқаша екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Қалай болғанда да, ардақты Алаш азаматы 1912 жылдың соңына қарай азаттыққа шығып, «Қазақтың» дайындық жұмысына белсене араласқаны – дау туғызбайтын ақиқат. Ал оның абақтыдан қашып шығуы мүмкін дейтініміз, жоғарыдағы хат мазмұнынан туындайды. «Семеймен қош айтысып, ізімді білдірмеуге тырысып, Түркістан қаласына жеттім, жасырын күнкөрісте болғандықтан, сіздерге хабар жеткізе алмадым. Түркістан жəне оған таяу жердегі «Қырнақ» қыстағында қазақ, өзбек, қырғыз ағайындардың арасын паналап, 1913 жылдың басына дейін сонда болдым», – деген жолдар сондай ойға жетелейді. Олай болмаса, абақты мерзімін толық өтеп шыққан кісінің із жасырып, жасырын күнкөрісте болып, жырақтағы Түркістан жерін паналап несі бар? Иек астындағы елінде тұра бермеді ме? Бұл əлі де болса, зерттеп, зерделей түсуді талап ететін қаламгер өмірінің бір жұмбақ тұсы.

М.Дулатов үш жыл бойы газеттің екінші редакторы қызметін атқарды. Ал 1917 жылдың 14-қыркүйегінен бастап бірінші редакторы міндетін де мойнына алған. Бұл жөнінде газеттің сол күнгі 243-нөмірінде жарияланған Жақаңның «Ашық хаты» біраз жайдан сыр тарқатады: «Жалпы қазақ съезі Учредительное собраниеге (Бүкілресейлік – С.Қ.) Торғай облысынан депутат белгілегенде списокке мені екінші қылып көрсеткен еді. Мен төменгі себептер бойынша списоктан шығамын һəм тасқа түспеймін», – дейді ол бұл хатында. Содан соң оның басты себебі ретінде «Қазақ» газетіндегі басшылықты алға тартады: «Ахмет һəм мен екеуміз де депутат бола қалсақ, газет иесіз қалар. …Бір кісі бір іске жарайтын болса да аз болмас. Халыққа қызмет етемін деген кісіге бəрі бір: депутат бол, газет шығар…»

Осы жолдарды оқи отырып, Алаштың ардақты ұлының азаматтық шешіміне, өнегелі ісіне еріксіз тəнті боласыз, жаныңыз жадырайды. Оның: «Өзгеміздің бəрі сай болып, жалғыз депутатқа қарап тұрған іс жоқ. Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып яки бəсеке үшін баратын кісі болмасқа тиіс. Екі қазақ таласып, бір орысқа олжа болсақ, онан тапқан абыройға түбінде ие табылмай жүрмесін. Осыны əркім ескерсе екен», – деген өтініш-уағызының бүгінгі күні де қоғамдық мəн-маңызы жойыла қойған жоқ, құны жоғары.

Ол – газет жұмысын ұйымдастыруға қатысып, оған жетекшілік етумен бірге қаламымен де аянбай қызмет көрсеткен, жүйрік ойлы публицист. «Қараңғы қазақ көгінде» жарық жұлдыз болып жанған жалынды журналистің «Қазақтағы» шығармашылық қызметі де – бөле айтуға тұрарлық, толымды еңбек. Оның газеттің əр нөміріне дерлік мақала, өлең я əңгімесі жарияланып тұрған. Тіпті, кейде екі-үш туындысы бір санында қатар жарық көріп, оқырманын тəнті еткен кездер де жоқ емес. Мұндай жағдайда журналистерге тəн инабаттылықты сақтап, бүркеншік аттарын кəдеге жаратқандығы көрінеді. Сонымен қоса, ол «қырағы көз» патшалық цензурадан із жасыру үшін де керек болған. «Мадияр», «Арғын», «Тургайский», «Азамат», «Қауіп Қатеров», «М.Д.», «Түрік баласы» деп қол қойған материалдар – «Қазақтың» ең бір құнды жарияланымдары. Бұлар М.Дулатовтың бүркеншік аттары екені бүгінде толық анықталып отыр. Мəселен, алдыңғы үшеуінің төркіні жөнінде автордың өзі былай деп, төрт жол өлең шумағы арқылы құлаққағыс етеді:

«Болады Тургайский уалаятым,

Тайпам – арғын, мадияр – асыл затым.

Бұл сөздің мүхаррирі һəм наширы

Дулат-оғлы Мир-якуб – өзім атым».

Ал «Азамат» осы аттас өлеңдер жинағы шыққаннан кейін, «Қауіп Қатеров» айдау, абақтыда жүрген кезінде, «М.Д.» қысқарту əдісі арқылы жасалған бүркеншік аттары екендігі ешқандай күмəн келтірмейді. Мұндай ат таңдау тəсілдері қазақ журналист, жазушыларының творчествосында отызыншы жылдарға дейін кең қолданылып келген өнімді жол екенін айта кету лəзім. Ал «Түрік баласы» деген бүркеншік аттың М.Дулатовқа қатысты екендігін деректанушы-ғалым Қ.Атабаев өзінің «Қазақ баспасөзі – Қазақстан тарихының дерек көзі» деген еңбегінде дəлелдеген.

Жалынды журналист өз шығармашылығында XX ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында қалыптасқан қайшылыққа толы күрделі əлеуметтік-рухани ахуалды терең жəне толық бере алған. Ол қандай күрделі тақырыпқа барса да жəне қандай жанрда жазса да сол тарихи кезеңдегі қазақ шындығын терең меңгеріп, оның ең өзекті мəселелерін жанынан өткізіп отырып жазған. Сондай күрделі мəселелердің бірі қазақ даласына орыс шаруаларының жаппай көшіп келіп қоныстануы, соған байланысты өлкеде саяси жағдайдың шиеленісе түсуі болды. Осы тақырыпта жазылып, газеттің 1914 жылғы 30-санында жарияланған «Қоныстану жəне қазақтар» деген мақаласында журналист ащы шындықтың шымылдығын түреді. Бұл процестің себеп-салдарын талдап, оны түсіндіруге тырысады. Ол қоныс аударған орыс шаруаларына: «Неге келдің деп өкпелеуге болмайды. Басы артық жерге ақсүйектер мен байлар ие болып, қатын-баланың күн көруі қиынға айналып, бұзауын арқандап бағатын болса, пəлен жерде жақсы жер бар деп қуса, мұжық сияқты қазақ та аумас па еді», – дей келіп, мəселені ушықтырып отырған отарлау саясатын пəрменді жүргізуші Ресей патшалығы екендігін əшкерелейді. «Көршілер тату болса, екі жағына да пайдалы. Мұны өкімет те, жұрт та ескеретін жұмыс», – деген қорытынды жасайды. Осыдан Міржақып Дулатовтың адамгершілігі мол, демократияшыл журналист екенін тануға болады. Ол күнкөріс қамымен жер ауып келген орыс шаруаларының халін қазақ кедейлерінің жағдайымен тең салыстыра қарайды. Сөйтіп, дау-жанжал туғызып отырған тығырықтан қалай шығуға болатыны жөнінде мың ойланып, басын ауыртады. Ақырында екі жақ үшін де татулықтың керектігін насихат етеді.

Сол кездегі қазақ саяси өмірінің, қоғамдық ойының ең белсенді өкілдерінің ұлттық басылым төңірегінде тоғысуы кездейсоқтыққа жатпаса керек. Оларды мұнда тоғыстырған, əрине, XX ғасырдың бас кезінде қазақ жерінде қалыптасқан саяси жəне əлеуметтік ахуал, соның нəтижесінде ұлттық мүдделердің бұрын болмаған дəрежеге көтерілуі болды. Творчестволық мүмкіндіктері мол А.Байтұрсыновтың, Ə.Бөкейхановтың жəне М.Дулатовтың «Қазақ» газетінде тоғысуы оларға сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамының ең өзекті мəселелерін белсенді публицистика тіліменен бүкіл қоғам алдына қойып, оларды қоғам болып шешу жұмыстарын қарастыруға мүмкіншілік тудырған еді. Тарихи тұрғыдан алғанда бұл қазақ қоғамы үшін жаңа рухани күш болатын. Бірақ бұл мəселеге байланысты шындық мұныменен шектелмесе керек. Біздің түсінігімізше, ең негізгі шындық сол – Міржақып үшін газет те, творчестволық еңбек те түпкілікті мақсат жолындағы құрал ғана болатын. Оның газет бетінде жарияланған көлемді дүниелерінен бастап, кішкене хабарларына дейін сол негізгі мүддеге қызмет етеді. Отаршылдық озбырлық пен ортағасырлық мешеу феодалдық тəртіптер үстемдік құрған қазақ қоғамын ояту жəне өзгерту жолындағы бұл айтулы еңбек оны 1917 жылға дейін ұлт-азаттық қозғалыстың рухани басшыларының біріне айналдырғаны да рас.

Міржақып Дулатұлының «Қазақ» газетіндегі өндіре жазған тақырыбының бірі – халқымыздың өзінен бұрынғы іріірі тарихи тұлғаларына алғашқы болып қалам тербеп, шын асылын тани білгендігі. Оның ұлы Абай мен Шоқан жайлы жазған көлемді ғұмырнамалық очерктері бүгінгі күні «абайтану», «шоқантану» аталатын ғылым салаларының бастауында тұрған сүбелі үлес екендігін бұрын айттырмай келсе, енді ғана сəті түсіп, ауызға алуға мүмкіндік туып отыр. Мəселен, ол апталықтың 1914 жылғы 48-санында жарияланған, ұлы ақынымыз Абайдың өліміне он жыл өтуіне байланысты жазған «Абай» атты мақаласында: «…1904 жылы июнь айының басында Омскіге барғанымда Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сонда Байтұрсынов айтты: «Естуімше, Абай өз өлеңінің басылып шығуын тілемейді һəм бастыруға ешкімге рұқсат бермейді екен. Күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда əдейі бұрылып Абайға сəлем беремін, танысамын һəм өлеңдерін бастыру жайынан сөйлесемін», – деп. Ахметке Абайды көруге нəсіп болмады. Абай өмірі күзге жетпей, сол июньнің 23-інде опат болады», – деп жазып, екі шындықтың шымылдығын түреді. Біріншіден, бұл арқылы біз Абайдың кейбір жұмбақ мінезін аңғара түссек, екіншіден, оның есімі сол кездері жұрт арасында кең таныла қоймағанын байқаймыз. Олай болса, Абай есімін кең далаға тегіс таратып, оның құнды да құнарлы шығармашылық мұрасын исі қазақтың ортақ қазынасы ету керек болды. Осы міндетті журналист өз мойнына алса, бұл да бір оның халқының қамын жеген азаматтық болмысын танытатын қасиеті екені даусыз.

Міржақып Дулатовтың бұл туындысын осы күнгі газет жанрларының очерк түріне, атап айтқанда, портретті очеркке жатқызуымыз керек. Өйткені, онда да жанрдың осы түрі талап ететін элементтер толық сақталған. Мəселен, көркем портретті очерктің тек өзіне ғана тəн ерекшеліктері өмірдің нақты фактілеріне, оқиғаларына сүйенетіндігі, кейіпкердің аты-жөні, болған оқиғаларының орны – барлығы өмір шындығымен сайма-сай келетіндігі болса, осы талаптар мұнда да орындалған. Енді соған кезімізді жеткізейік: «Əдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында жазба əдебиеті дерлік бір нəрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бəлки, мұнан кейін Абайдан үздік, артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі. Қазақ халқына сəуле беріп алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай… Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз», – деп жазыпты журналист. Енді осында əлгінде айтқан өмір шындығы, кейіпкер болмысы азаматтық пафоспен, асқан шабытты публицистикалық сарынмен əңгімеленіп отырған жоқ деп кім айтады?

Көркем портретті очеркке қойылатын тағы бір талап – оның баяндауы ширақ болғаны, жазылу əдісі жағынан зерттеуге жақын келуі керектігі екен. Осы жағынан келгенде де мақаланың очерк жанрына жақын екендігін бағдарлаймыз. Сондай-ақ, баспасөз жанрының бұл түрі жайлы сөз жазғанда факті жəне жазушы фантазиясынан бұрын типтендіру проблемасы айтылатынын білеміз. Бұл мəселе де материалда қажетінше қамтылған. «Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артар. «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар…» – деген жолдар соның айғағы болса керек. Абай образын осы уақытқа дейін дəл осылай типтендіріп, қысқа əрі құнды етіп бейнелей суреттеген жазушының екеуі болса – бірі, біреуі болса өзі емес пе? Бұл публицистің журналистік қаламын жазушылық өнерімен ұштай түскен шығармашылық қабілетінің жан-жақтылығын байқатады.

Шоқан жөніндегі апталықтың 1914 жылғы 56 санында жарияланған «Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов» атты мақаласы да терең ойшылдығымен ерекшеленеді. Журналист мақаланы бастамас бұрын: «Шоқанды һəм оның шығарған кітабын жалпы қазақ түгіл, оқығандар арасында білушілер өте сирек болса керек. Соның үшін «Қазақ» арқылы жұртты Шоқанның өзі һəм кітабымен таныстырғым келеді», – деп оқырманға мақсатын түсіндіре кетеді. Сөйтіп, Шоқанның істеген игі істеріне, шығармаларына шолу жасайды: «Шоқанның кім екенін қазақтың білмеу себебі – оның опатына биыл 49 жыл өтті. Қазақ сияқты, өнер-білімнің асылын танымаған, қаламмен қызмет етушілердің қадірін білмеген жұртқа 49 жыл – ұмытарлық көп заман. Қылышынан қан тамған батыр болмаса, оқушысы жоқ біздің қазақ ғылым жолында еңбек сіңірушілерді тез ұмытқыш келеді!» – деп өзі куəсі болған шындыққа қынжылыс танытады. Бірақ күдері үзілмейді. «Заман өткен сайын халықтың көзі ашылып, əдебиеті гүлденіп, матбуғаты жайыла бастаған кезде естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзі қайта тіріліп, кім екендігін білдірмей қоймайтынына» сенеді. Шығарманың соңында «міне, қазақ үшін сол дəуір 50 жыл дегенде туып отыр» деп қуанады. Мақала көркем тілмен, терең ойлау сезіммен жəне болашақты болжай білетін публицистік сарынмен жазылған.

Міне, журналист армандаған, соған жетуге мақсұт тұтқан күн де туды. Бүгінде Шоқанды білмейтін қазақ жоқ шығар. Дей тұрсақ та, мірдің оғындай журналистің «Шоқан Шыңғысұлы Уəлиханов» атты ғұмырнамалық очеркін қолына алып, оқып шыққан кісі болса, танымының бір саты өсе түсетіні сөзсіз.

М.Дулатовтың «Қазақта» жарық көрген толып жатқан мақала, өлең жəне тағы басқа туындаларын түгел атап, жеке-жеке талдау – арнайы бір зерттеудің жүгін арқалауға тұрарлық еңбек. Біз оның бірқатар еңбектеріне ғана тоқталу арқылы журналистік шығармашылығы мен газеттегі үлес салмағының қаншалықты салмақты екендігін аңғартуды мақсат тұттық.

Қайрат Сақ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *