«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ


Ғасырдан ұзақ ғұмыры бар қазақ баспасөзі тарихының əлі де болса, терең зерттей түсуді қажет ететін тұстары баршылық. Əсіресе, Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңін заман сұранысына сай қайта қарау – уақыт талабы. Өйткені оның күні кешеге дейін ғылыми тұрғыдан біржақты бағаланып, түрлі кедергілер салдарынан кемшін зерттеліп келгені бүгінде ешкімге де жасырын емес. Оның, біздіңше, бірнеше себебі бар:

Біріншіден, Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ мерзімді баспасөзі негізінен ұлттық мəселелерді көтеріп, елдің біртұтастығы мен шынайы бостандығы жолындағы бірден-бір күрес құралына айналуы кешегі кеңестік тоталитарлық жүйенің сіреспе таптық идеологиясына қайшы келгендігінен еді. Осы себептен де мұндай бағыттағы басылымдарға тарихи шындық тұрғысынан зерттеу жүргізуді мұрат тұтқан ғалымдардың алдынан түрлі тосқауылдар күтіп тұрды. Тіпті «ұлтшылдықтың көрінісі» деп те айып тағылып, сыналыпмінеліп, қуғын-сүргінге ұшыраған кездері де жоқ емес.

Қазан төңкерісіне дейінгі газет-журналдардың толыққанды зерттеу жүзін көрмеуінің екінші себебі – айналасы онон бес жылдың ішінде екі мəрте əліпбиімізді (графикамызды) өзгерткен, алдымен, арабшадан латыншаға (1929), одан кириллица жазуына (1940) көшірген үстемшіл орталықтың тілімізге əдейі жасаған қиянат, қастандығынан туындайды.

Бұл да, сөз жоқ, тарихи жəдігерлерімізді игеруді ауырлата түскен қиындықтардың бірі. Алдыңғы екі жазудан қол үзген кейінгі ұрпақ үшін мұрағат материалдарын түпнұсқалық негізде оқып, кəдеге жарату бұл күнде аз қиындық келтіріп отырған жоқ. Оған ұлтымыздың рухани мұрасы болып табылатын архив қазыналарына күні кешеге дейін жол жабық болып, екінің бірінің қолы жете бермегендігін қосыңыз. Мұны аз санасаңыз, ондай қымбат асыл қазыналарымыз бір жерде жинақталып ұсталынбай, əр қиырда шаң басып, шашылып жатуы да аз кедергі емес екені белгілі. Бұл жайлар бүгінгі күні де толық шешімін тауып отыр деп айта алмаймыз.

Дегенмен, қазір заман өзгерді, соған сай талап-тілек те жаңа арнаға бұрылды. Бүгінде қай мəселеге де ел тəуелсіздігі тұрғысынан қарап, егемен еліміздің қажетіне қарай оң шешім жасауға мүмкіндік тууда. Осы себептен де ел тарихына қатысты айтылмай не бұрмаланып келген тұстарымызды айқындап, əділін айтып, ақиқаттың салтанат құруына қолғабысымызды тигізсек деген ниет уақыт талабынан туындайды.

Осы күні ұлттық сананы ояту, соның бір бұтағы – Отансүйгіштік қасиетті тірілту жəне сол арқылы тəуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін барша жұртымызды бір тудың астына біріктіру – мемлекеттік деңгейде күн тəртібінде тұрған өзекті мəселелер. Осыған қалай қол жеткізіп, қайтсек баянды етеміз деген сауал төңірегінде Елбасымыздан бастап, Отанымыздың барлық саналы азаматы ойланып-толғануда. Соның бір жолы ретінде өткенімізді танып-біліп, оның кесапатқа толы залалды тұстарының тамырына қайта көктеместей етіп балта шауып, тарихтан тағылым алу арқылы болашаққа қадам басу керектігі алға тартылуда. Тəуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің 1998 жылдың 16-қаңтарында жарияланған «Жадымызда жатталсын, татулық дəйім сақталсын» деген тарихи еңбегі осылайша түйін түюімізге негіз берді. Қолдарыңызға тиіп отырған еңбектің зəрулігі, міне, осындай талап-тілектерден туындайды. Түйіп айтсақ, ол мынадай мəселелерді қамтиды:

Біріншіден, Алаш баспасөзі – XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының шежіресі, дəлірек айтқанда, 1907-1925 жылдар аралығындағы халқымыз бастан кешкен күрделі кезеңнің айнасы. Ендеше, оған тыңғылықты зерттеу жүргізу арқылы Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ даласының қайшылыққа толы тарихи жағдайын жан-жақты айқындап, терең тани түсуге мүмкіндік туады деген сөз. Сондайақ, басылым материалдары арқылы сол кездегі ұлттық азат ойдың басты арналарын танып-біліп, олардың басықасында болған қазақ зиялыларының ұстанған жол, мақсатмұраттарын анықтауға жол ашылады. Сонымен бірге ұлттық сананың ұйытқысы бола білген Алаш баспасөзінің «пікір тайқазанында» əбден піскен халқымыздың өсіп-өркендеуіне қатысты негізгі идеялар егемен еліміздің іргетасы қаланып жатқан бүгінгі күні де қоғамдық мəн-маңызын жоғалта қойған жоқ. Оны зердемізге тоқып, игілігімізге жарату да – уақыт талабы.

Екіншіден, Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, «газет əдебиет тобына жататын нəрсе болғандықтан жазылған сөздер мағына жағынан толымды, көңіл жағынан қонымды, тізуі тəртіпті, сын алдында сымдай боларға тиіс» десек, осы қағида алдарына тартылған туы болған, одан бірде-бір ауытқымаған Алаш баспасөзінің бүгінгі журналистер қауымы үшін үлгі аларлық өнегелі тұстары ұшан-теңіз. Оның үстіне, ұлы Мұхаң, Мұхтар Əуезовтің «Шолпан» журналының 1923 жылғы 4-5 нөмірлерінде жарияланған «Қазақ əдебиетінің қазіргі дəуірі» деген мақаласында берілген баға бойынша, «жазба əдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті» болуы да ол туралы терең талданған еңбектің қажеттігін байқатады. Сонымен бірге, «тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп шырылдап, тілімізге төнген қауіпті сейілтіп, оның таза сақталып қалуына газет-журнал арқылы жанұшыра əрекет еткен Алаш азаматтарының ізгі істерінен өнеге алу да – уақыт сұранысы. Ол бүгінде мемлекеттік мəртебе алған тіліміздің көсегесін көгерту үшін ауадай қажет.

Үшіншіден, Алаш баспасөзі, соның ішінде, əсіресе, «Қазақ» газеті – төл журналистикамыздың дамуына тигізген ықпал-əсері орасан зор басылым. Оны теориялық жəне практикалық жағынан байытып қана қоймай, журналистерді баулу мектебіне айналғанын ешкім теріске шығара алмайды. Осы орайда, Алаш зиялылары шоғырынан шығып, əлемге танылған, сол арқылы қазақ халқының атын дүниежүзіне паш еткен, ұлы Мұхаңның, Мұхтар Əуезовтің мына пікірі сөзімізді жандандыра түсері хақ:

«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр». Біздіңше, сол «табалдырығынан жаңа аттап, ішіе жаңа кіріп жатқан» буын – бүгінде журналистика мамандығына баулыну үстіндегі жас шəкірттеріміз. Ендеше, бұл тақырып Алаш баспасөзінің қадір-қасиетін танып-білу үшін ғана емес, сонымен қатар осы күнгі ұлттық журналистикамыздың қанатын кеңге жая өркендеуіне қосар үлесі мол болғандықтан да жете зерттеуді қажет етеді.

«Қазақ» газетінің осыған дейінгі зерттелуі жайына тоқталсақ, оны шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңі – газет шығып тұрған уақыттан өзінің «тұзы кем болғанша, артық болсын» дейтін сүйікті нақылы мен «қазақ ауылын қазан сыпыртқысымен аршып шығу» деген атақты ұраны арқылы танымал Голощекин Қазақстанға келгенге дейінгі аралықты (1913-1925) қамтиды. Осы уақытта жарық көрген еңбектер негізінен газеттің атқарған қызметін шынайы бағалап, оны оқырманға таныстыру, жан-жақты насихаттау мазмұндас болып келеді. Оған газеттің «бас жазушысы» Ахмет Байтұрсыновтың, «екінші жазушысы» Міржақып Дулатовтың «Қазақта» жарық көрген мақалалары мен кейіннен баспа бетін көрген естеліктерін жəне сонымен қатар С.Асфендияровтың, М.Əуезовтің, Т.Рысқұловтың осы басылымға берген оң бағалары мен ой-пікірлерін жатқызуға болады. Екінші кезеңін кешегі кеңестік əкімшілік-əміршілдік жүйе тұсында жарық көрген зерттеу еңбектер құрайды. Бұл кезде «ұлтшыл-алашордашыларға» қарсы күрес науқаны өрт болып, жалын құшып тұрғандықтан тарихи шындық қазқалпында баяндалмай, бұрмаланып көрініс табады. Тіпті ақиқат ауылынан бұра тартып, біржақты қаралауға жол берген туындылар да жоқ емес.

«Қазақ» газетін кеңес өкіметіне жау қылып көрсетіп, оны сынап-мінеуді мақсат тұтқан мақалалар 1925 жылдан жарық көре бастаған. Осы жылдың 5-мамырында Орынборда шығатын «Еңбекші қазақ» газеті «Қазақстанда қандай газеттер болды?» деген мақала жариялайды. Оның авторы – белгілі жазушы Сəбит Мұқанов. Осы мақалада «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Бірлік туы» секілді бейресми ұлттық басылымдарға алғаш қысқаша анықтама беріліп, «олардың барлығы 25-октябрь төңкерісінен кейін кеңеске қарсы газеттер» ретінде жабылғандығы хабардар етіледі. Арада дəл бір жыл өткеннен кейін аталмыш газетте Ə.Байділдəұлының «Баспасөз күніне» деген мақаласы жарық көрген. Мақала мақсаты – заман талабына үн қату. Сондықтан оның сарынынан Қазан төңкерісіне дейін қазақ баспасөзі қалыптасып болмаған, оның дамуына тек кеңес дəуірінде ғана айқара жол ашылды деген жалаң партиялық ұрда-жық ұранның салқын лебі есіп тұр: «Жұрттың көбіне белгілі, төңкерістен бұрын қазақта оңған баспасөз болмаған. …Бардың өзі молдалар мен байлардың қолынан əрмен аспайтын», – деген жолдардан соны аңғарасыз.

Осы мақалада күні кешеге дейін біржақты қаралаудан көзін ашпаған Қазан төңкерісі қарсаңындағы бірқатар басылымдарға алғаш рет «байшыл-ұлтшыл, алашордашыл» деген «кінə» тағылады. Бұл ретте сол кезең тынысын əрі мақала авторы қаламның «ұшқырлығын» əсіресе-бейнесіз жеткізу үшін мақаладан үзінді келтірейік: «Бұлардың (Қазан төңкерісіне дейінгі газет-журналдардың – С.Қ.) бірлі-жарымы болмаса, көбінің бағыты «Қазақ» газетінің бағытына ұқсас, ұлтшылдық бағыт болды. Көбі: «ұраным, қорғаным, сен, Алаш! Жолыңа құрбандық мал мен бас» деп, едəуір айбындады. «Алаш» үшін құрбандыққа бастарын байлады.

Бірақ тап тартысы күшейіп, Октябрь төңкерісі қанаттанған кезде көбі кімнің «құрбаны» екендіктерін көрсетті. Байға, жуанға болысып, октябрьге қарсы шықты».

Міне, осындай айыптаулар Қазан төңкерісіне дейінгі басылымдардың, соның ішінде, ең алдымен, «Қазақ» газетінің басына қара бұлт болып үйіріліп, қазақ баспасөзі тарихының «ақтаңдақ» беттеріне айналуына негізгі себеп болғаны баршамызға мағлұм.

Бұдан екінші кезеңдегі зерттеулердің баршасы біржақты «Қазақты» сынап-мінеп, қаралау бағытында болыпты деген ұғым тумауы керек. Жоғарыдағы айыптауларды, амал жоқ, қайталай отырып, «Қазақтың» артық тұстарын айтып қалуды мақсат тұтқан қаламгерлер де жоқ емес. Бұл қатарда Б.Кенжебаев, Қ.Бекхожин сынды ғалым-зертеушілердің есімдерін атауға болады. Сонымен бірге, көрнекті қалам қайраткері С.Мұқановтың 1932 жылы жарық көрген «XX ғасырдағы қазақ əдебиеті» деген кітабынан да таптық идеология талаптарына сай, саяси айыптау тұрғысында жазылғанына қарамастан, қазақ баспасөзі тарихына қатысты кейініректе жарық көрген еңбектерге енбей қалған бірқатар соны деректер мен оң пікірлерді кездестіруге болады. Сонымен бірге, апталықтың ұлтымызға еткен қызметін аша түсуі де кітапты ауызға алуымызға себеп болып отыр: «Айқапта» шала піскен мəселелерді («Қазақ» – С.Қ.) дұрыстап пісірді. Көмескі пікірлерді айқындады. Сонымен қатар, «Қазақпен» қазақтың тілі туды. Таза қазақ тілінде шыққан баспасөз «Қазақ» газеті ғана болды. «Қазақ» газетінің тілінен өрбіп, қазақша оқу құралдары шықты (53-бет)», – деген жолдардан бүгінгі біздің ұғымымызға қайшы келмейтін тарихи шындықтың тұңғыш рет пердесі түріледі. Аталмыш еңбектің екіші қайтара жарық көрмей, архив қапасында «құлыпталып» ұсталынып келуінің басты себебі де сондықтан деп білеміз.

«Қазақ» газеті зерттелуінің сөз болып отырған екінші кезеңінің еншісіне қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуде алғашқылардың қатарынан ойып тұрып орын алатын тұлғалы ғалымдар – Б.Кенжебаев пен Қ.Бекхожиннің де еңбектері енеді. Олардың зерттеулері бүгінгі талап тұрғысынан шындықты бүркемелегендей болып көрінгенмен, кезінде ағынға қарсы тоған іспетті тоталитарлық жүйенің тар шеңберіне сыймай, сіреспе таптық идеологияның сынына ілігіп, қараланып отырғанын ұмытпауға тиіспіз. Оған төмендегідей дəлелді деректер бар.

Қазақ баспасөзінің тарихын, оның ішінде «Қазақ» газетін зерттеушілер турасында сөз қозғағанда есімін айрықша атауға тиісті тұлға – белгілі əдебиеттанушы ғалым Бейсембай Кенжебав. Оның бұл саладағы қызметі – өз алдына жеке зерттеуге лайық толымды еңбек. Біз бір ғана қырына тоқталайық. Б.Кенжебаев – қазақ баспасөзі тарихы тақырыбында тұңғыш рет арнайы еңбек жазып, тыңнан түрен тартқан, соқтықпалы соқпақсыз өмір жолының ыстығына да күйген, суығына да тоңған, алайда, алған бағытынан қайтпаған үлкен ғалым, айтулы азамат.

Ғалымның «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты тарихи очеркі – осы салада баспа бетін көрген алғашқы кітап. Бір қарағанда, еңбек замана үнімен сарындас, таптық идеология тұрғысынан, марксизм-ленинизм классиктерінің шығармалары негізінде жазылғандай көрінуі ғажап емес. Сөйтсек, оның астарлы мəн-мағынасы да жоқ емес екен. Зерттеушінің онсыз да айтыла-айтыла əбден жауыр болған саяси айыптауларды қайталай отырып, бір кездері қалың қазақтың қамқоршысы болған газет-журналдардың, тым болмаса, аты ұмыт болмай, жаңа ұрпақтың құлағына сіңе берсін дегенді мақсат тұтқанына төменде көзіңіз жетеді.

Мұны партияның «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділері де байқамай қалмапты. Алдымен, «Əдебиет жəне искусство» журналының 1951 жылғы 7-нөміріне Ж.Сəрсеков деген сыншысымақтың «Тарихи шындық бұрмаланбасын» деген мақаласы атойлап аттан салады: «Бейсембай Кенжебаев жолдастың «Қазақ баспасөзінің тарихынан» деген кітапшасы да қате-кемшіліктен сау емес» – деп, ə дегеннен, ғалымды сын қамшысының астына алатындай, кітаптың не жазығы бар еді дейсіз. Сөйтсек, Қазан төңкерісіне дейінгі біраз басылымның атын атап, түсін түстеп қойғаны «қатекемшілік» болып шығыпты. Соның бірі – біздің зерттеу объектімізге айналып отырған «Қазақ» газеті. Осы үшін зерттеушіге «қазақ ұлтшылдарының органы «Қазақ» газеті туралы да жалпыға белгілі оның буржуазияшыл-ұлтшыл газет болғандығынан басқа түк те айта алмайды (78-бет)» деген «кінə» тағып, айыптайды. Міне, сол заман сынының сиқы. Мұны тиісерге қара таппағанның дəл өзі демей, енді не дейсіз? «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесіннің» кері ғой бұл.

Аталмыш еңбекті қаралап жазған сынның екіншісі Қазақстан коммунистерінің орталық органы – «Социалистік Қазақстан» газетінен (1951 жылдың 17-қарашасындағы санында) орын тебеді. «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер» деген, атының өзі айыптап тұрған мақаланың авторлары – Б.Қорқытов, Ə.Досбаев деген компартия «белсенділері». Мұнда алдыңғы мақалаға қарағанда тағылған «айыптың» салмағы едəуір зілді, сөзі өктем əрі өтімдірек. «Б.Кенжебаев буржуазияшыл-ұлтшыл бағыттағы газеттер («Қазақ», «Серке» т.б.) жөнінде құлшына баяндайды: алашордашылардың 13 газетінің атын тізеді. Бұл – бұл ма, автор алашордашылардың орталық органы «Сарыарқа» газетінің совет үкіметіне, оның ұлт саясатына қарсы жазған контрреволюциялық, жалақорлық мақаласынан бір құлаш цитата келтіреді. Сөйтіп, контрреволюциялық идеяға трибуна береді», – деген айыптауда қаншама зіл жатыр десеңізші. Бұл деген сөз уақтысында бір ғана зерттеуші-ғалымның емес, ол бастап берген ғылым жолының алдына тартылған ор болғандығын бізден гөрі алдыңғы буын ағалар жақсы білуге тиіс.

Үшінші кезеңі – еліміз егемендікке қол жеткізіп, тəуелсіздігіміздің тұғыры нығайып жатқан бүгінгідей, қазақтың өз қолы өз аузына жеткен уақытта туған туындылардан тұрады.

Сонау сексен бестің (1985) сəуір лебімен ілесе кеңестік тоталитарлық жүйе шытынап, үкілі үкімет – демократия мен жариялылықтың арасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күйді бастан кештік. Еңбектерін айтасыз, аттарын атауға қатаң тыйым салынып келген ардақты Алаш азаматтарының бірінен соң бірі «ақталып», арамызға қайта оралуын солай қабылдадық. Сол ұлы дүрмектің ішінде Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ зиялыларының мінбері, шығарушыларымен қоса өзі нақақ жаланың құрбаны болған «Қазақ» газетінің халқымен қайта қауышуы да бар.

Содан бергі уақытта «Қазақ» газеті туралы біраз зерттеу еңбектер дүниеге келіп үлгеріпті. Атап айтқанда, Ү.Сұбханбердинаның, М.Қойгелдиевтің, Ө.Əбдіманатовтың, Ж.Нұсқабайұлы мен Қ.Аллабергеннің жəне сонымен бірге газет туралы азды-көпті мəлімет беретін Ғ.Ахмедов пен К.Нұрпейісовтің оқырман көз қуанышына айналған Алаш қозғалысы мен баспасөзіне арналған кітаптары жоғары бағалануға əбден лайық.

Əсіресе, библиограф-ғалым Үшкүлтай Сұбханбердинаның «Қазақ» газетінің халқымен қайта қауышуына қосқан үлесі қомақты екенін бөле айтқанымыз жөн. Зерттеуші бұл игілікті іспен 1956 жылдан бері айналыса бастаған екен. Сол кезден газет тігінділерін тартып, басылым материалдарының картотекасын түзуге көз жұма кірісуі – ерлікке пара-пар іс. Жеке басқа табыну зұлматының ызғары басылды дегенмен де, үстемшіл орталықтың өктемдігі жүріп тұрған мезгілде мұны қолға алу отпен ойнаған көбелектің күйін көз алдыңызға келтіреді. Бар айырмасы, ғалымның оған саналы түрде барғандығы. Осындай ерлік пен өрлікті паш ететін жанкешті еңбегінің арқасында кешірек болса да қолымызға тиген «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттерінің мазмұндалған библиографиялық көрсеткішін қалай бағаласақ та артық болмайды. Бұдан басқа да екінің бірінің қолы жете бермейтін архив материалдарын ғылыми айналымға енгізіп, қазақ мерзімді баспасөзіне қатысты құнды-құнды дүниелер тудырып жүргені көзіқарақты оқырманға етене таныс. Ал 1997 жылы жарық көрген, Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясында басылып шыққан, «Қазақ» газеті материалдарының іріктелген мəтіндік жинағы осынау қызметінің ұшар биік шыңы деп бағаланарына ешбір күмəніміз жоқ. Оған құрастырушы авторларының бірі ретінде қатысқанымды өзім мақтаныш санаймын.

«Қазақ» газеті туралы соңғы кездері республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында да аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Атап айтқанда, М.Əнесұлының, Ө.Əбдімановтың, Р.Əлмұқановтың, М.Бекбосыновтың, А.Бенигсеннің, С.Дəуітұлының, америкалық ғалым, түрік қызы Б.Дениздің, М.Жармұхамедовтің, А.Мектеп пен Қ.Əбіштің, Г.Міржақыпқызының, Б.Момынованың, А.Сармурзин мен М.Қойгелдиевтің жəне Ф.Оразаевтың, т.б. республикалық газет-журнал беттерінде жарық көрген естелік-зерттеулері, мақалалары осы тақырып турасында сөз қозғайды, өзіндік пікірлерін білдіреді. Бұл еңбектердің «Қазақ» газетінің қадір-қасиетін тани түсу үшін қомақты үлес болып табылатындығын ерекше айтуға тиіспіз. Сонымен бірге олардың барлығын бірдей ғылыми негізде шындық тұрғысынан жазылған дүниелер деп қабылдау дұрыс болмайды. Арасында ақиқатты бұрмалап көрсетіп, өз пайдасын көздеген туындыгерлер де жоқ емес. Оған еңбегіміздің тиісті жерінде тоқталатын боламыз. Сондықтан бұл еңбектерді сыни тұрғыдан елеп-екшеп барып қажетке жарату керектігін назарда ұстаған дұрыс.

Міне, көріп отырсыздар, «Қазақ» газетін зерттеуге байланысты осыған дейін де аз жұмыс жасалынбапты. Осының өзі – еңбекке арқау болған тақырыптың көкейтестілігі мен қоғамдық сұранысқа ие болып отырғандығының тағы бір дəлелі. Бірақ, бұдан «Қазаққа» қатысты мəселе сарқа жызылып, ақырғы нүкте қойылыпты деген ой тумауы керек. Ол – біздің де мақсатымызда жоқ, болашақтың шаруасы, өйткені, «Қазақ» – тарихы күрделі, көтерген мəселелері қомақты да көкейтесті əрі жан-жақты, талай ғылым саласына, сондай-ақ, барша жұртымызға рухани мол азық боларлық энциклопедиялық басылым. Оны философтарымыздан бастап, тарихшы, саясаттанушы, экономист, этнограф, филолог, өнертанушы, т.б. ғалымдарымыз жұмыла зерттегенде ғана терең де толық игеруге мүмкіншілік туады деп білеміз.

«Қазақ үні» газеті, 1993 жылдың сəуірі.

Қайрат Сақ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *