Бұл күнде ресми тарихта бүкіл түрік халықтарының ататегі деп танылған, соған орай бүгінгі қазақ халқының халықтық негiзiн қалыптастыруға тікелей қатысы бар деп есептелiнетiн ежелгi сиуңну (хунну, ғұн) халықтары туралы соңғы екі-үш ғасыр төңірегінде үзбей жазылып келеді. Бұл ретте, басқаны былай қойғанда, тек олар жөнiнде әр кезеңде қалам тартқан әр елдiң арғы-бергi зерттеушiлерiнiң есiмдерi мен солар жазған еңбектердің тiзiмiнiң өзiнен-ақ бiр кiтап құрастыруға боларлықтай. Алайда, осыншалықты көп зерттеліп, көп жазылғанына қарамастан, әлі де болса сиуңну халықтарының тарихы толық танылып, шыққан тегi анықталып, кімнің кім екенінің басы ашылып, нақты айқындыққа жеттi дей алмаймыз. Оның өзіндік себептері де бар.
Рас, соңғы кезде көптеген ғалымдар қолдарында айғақты нақты дәлелдерi болмағанымен, жазба дереккөздері арқылы жеткен, сол сиуңну халықтары өмiр сүрген замандарда болған оқиғалардың болмысына, солар беретiн жанама мағлұматтарға сүйене отырып, «сиуңну тiлi – алтай тiлi жүйесiндегi бiр тiлдiң ұясына жатады» деген тұжырымға қорыған тәрiздi. Бiрақ талдай бастасаң, мұның да нақтылығынан жалпыламалығы, жорамалдығы басым. Өйткенi, сиуңну тiлiнiң алтай тiлдерi жүйесiндегi тiлдердің нақты қайсысына (түрік пе, моңғол ма, татар ма, тунгус па) жататыны жөнiндегi тiлшi ғалымдар арасындағы пiкiр таласының соңғы нүктесi қойылып, ғылыми зерденi қанағаттандырар төрелiгi әлi берiлмеген. Бұған сиуңнулардың қай тiлде сөйлегендерiне айғақ болар олардың өздерiнен бiрде-бiр жазба деректiң қалмауы себеп болып отырғаны тағы аян. Соның салдарынан, жоғарыда айтылғандай, ғалымдар сиуңну тiлiне берiлген анықтамада оның нақты қай тiлге жататынын анық көрсете алмай, әйтеуiр «Алтай тілі жүйесіндегі бiр тiлдiң ұясына жатады» деп жалпылауға мәжбүр. Тек жекелеген ғалымдар ғана «сиуңнудiң тiлi – түрік тiлi» дегендi айтады. Мысалы, Ю. Клапрот, К. Риттер секілді біраз зерттеушілер бiзге жеткен, сиуңнудiкi делiнетiн ондаған сөздi зерттей келiп, сиуңнулардың тiлi «түрік тiлi болғ ан» деген тұжырымға келеді. Бұл тұжырымның іргетасы 1982 жылы Моңғолияның Бұлғын аймағындағы Өвгент бөктерінен моңғол археологтары тапқан бай олжадан кейін одан сайын беки түскен секілді. Қалай болғанда да, әзiрге «сиуңнулардың тілі түрік тілі болған» деген бұл тұжырымды ешкiм терiске шығара қойған жоқ, шығармайтын да болар.
Түптеп келгенде, кім қалай зерттесе де, бұл орайда, тiлге тиек, ойға арқау болар дерек Хән империясы тарихына қатысты жазылған жазбалар арқылы жеткен, сиуңнулардыкi делiнетiн «чыңли», «гуту», тужи (чжуки) секiлдi жекелеген бiрнеше сөздер ғана. Оның өзi хән-зу (қытай) тiлiнiң трансформациясында берiлген. Сондықтан көненiң көзiндей болып жеткен әлгi сөздердiң бастапқы түріктік болмысының қандай екенiн тап басып тану қиын, әйтеуiр мағынасын «сиуңнулар көктi «чыңли», ұрпағын «гуту», данасын «тужи» дейдi» деген «Хән кiтабында» («Хәншу-да») берiлген Сөздiк дерегiне қарап, оларды сиуңну тiлiнiң тегін анықтауға куәлікке тартып жүрмiз («Сиуңну» жинағы. – А., 1998. – 34-б.).
Бiрақ шындығы солай ма? Расында да, сиуңнулар көктi «чыңли», ұрпақты «гуту», дананы «тужи» дей ме, әлде болмаса бұлар да кез келген сөздi өзде рiнiң ыңғайларына қарай өзгертiп, адам танымастай етiп жiберетiн көне қытайлықтардың үйреншiктi бұрмалауының жемiсi ме? Бұған ешкiм нақты жауап бере алмайды. Оның үстiне, көптеген сырт елдердiң қытайтанушылары мен қытайдың өз мамандарының соңғы кезде чыңлидi «тәңiрi», гутуды «құт», тужидi «кеңесшi, ақылшы» деп аударып, ғылымға енгiзгенi тағы бар. Осыдан шығарып, сиуңну билеушiсiнiң қытай жазбаларындағы «чәниүй» («шаньюй») деген ең жоғарғы лауазымын қазақ тарихшылары «тәңiрқұт» деп аударып алып жүр (Бұған кейiн осы лауазым туралы арнайы сөз болғанда кеңірек тоқталамыз).
Мiне, осылар тәрiздi бiраз жайларды ой елегiнен өткiзе отырып, қалай болғанда да, сиуңнуларға, олардың тарихына қатысты әлi де ойласарлық, басын ашып нақтылай түсерлiк мәселелердiң баршылық екенiне көз жеткiзуге және оны «қандай мәселе?» деп iздеп жатпай-ақ, тура «сиуңну» атауының өзiнен бастап, әрi қарай жалғастыра беруге болады.
Айталық, байырғы қытайлықтардың көне жазба деректемелерiнде христианша жыл санауға дейінгі ІІІ ғасыр оқиғаларын баяндағанда алғаш кездесетін осы «Сиуңну» деген халықтық атаумен ежелгі қытайлықтардың өздерiнiң терiстiк батысындағы бүкіл көшкіншi халықтарды атағанын және бұл ортақ атаудың екi сөзден – «сиуң – кеуде», «ну – құл» – құралып, «кеуделi құл», «өркөкiрек құл» деген мағынаны бiлдiретiнiн қазiр тарихқа ықыласы барлардың бәрi бiледi. Сондықтан бұл атауды осылай аталған халықтың өзiнiң төл атауы емес, өзiн қоршаған басқа халықтардың бәрiн «тағы», «жабайылар» деп түсiнетiн ежелгi қытайлықтардың байырғы танымдық дәстүрлерi бойынша терiстiктегi мазасыз көршiлерiне берген мазақ, қорлау атауы деп танып жүрмiз.
Сонда бұл халықтың шынайы төл атауы қалай?
Мұны анықтау, сайып келгенде, сиуңну халықтарының кім екенін, қайдан шыққанын, қай тiлде сөйлегенiн анықтаудың алғы шарты екенi анық. Олай болса, бүгiнге дейiн бұл мәселенiң шешiмiн таппай, ашық қалуына не себеп? Әлде оған мүмкiндiк жоқ па?
Егер, тiптi, өмiрде не болмайды деп, осы «сиуңнудың» өзiн қытай дерегiнде осылай аталған халықтардың төл атауы десек, онда оны өзгертуге негiз болар басқа деректiң жоқтығына қарамастан, әркiмнiң өз танымына, тiл ерекшелiгiне қарай бұрмалап, мысалы, еуропалықтардың «гунны», орыстардың «хунну» (соңғы кезде ғана «сюнну» деп атай бастады – Қ.С.), қазақтардың «ғұн», ал басқа түрік тектес халықтардың «гунн», «хұн», кейбiреулерiнiң, тiптi, «hон», «хун», «күн» деп құбылтып атайтындары нелiктен? Осылайша тiзбектей берсек, бiрiнен-бiрi туып, жалғаса беретiн сауалдар көп-ақ. Бiрақ, бұл сауалдарға осы күнге дейiнгi зерттеулерден нақты жауап табу қиын. Бiздiң жаңағы сиуңну халықтарының тарихы әлi толық танылып болған жоқ деуiмiз де осыдан.
Сиуңну халықтары тарихының өз мәнiнде толық танылмай, бұлайша сұрақтан сұрақ туғызатын тұстарының көп болу себебiн бiз әдетте тарихи деректiң аздығымен, болмаса жоқтығымен түсiндiрiп келдiк. Белгiлi дәрежеде оның солай екенi де рас. Бiрақ, мәселенiң негiзiне тереңiрек үңiлiп, бар деректер мен зерттеулердiң байыбына барып, сараптай талдасақ, оның бұлай болуының басқа да себеп-салдарлары бар екенiне көз жеткiзе түсуге болатын сияқты.
Соның бастыларына тоқталсақ, ең алдымен, жоғарыда айтқанымыздай, өзге көшкіншілердiң тарихы сияқты сиуңнулар тарихының да өзiнiң табиғи болмысында көрсетiлмей, қалыптасқан ескi әдетпен, отырықшы елдердiң тарихын жазу қалпына салынып, тек солардың таным-түсiнiгi негiзiнде жазылуының салдары екенiн ашып айтқан жөн.
Екiншiден, сиуңну халықтары туралы мағлұмат беретiн (кейінгі Еуропаға келген сиуңнулар жөніндегі деректерді есептемегенде) бiрден-бiр жалғыз дереккөзi – қытай жазбалары десек, осы қытай жазбалары деректерiнiң мәнмағынасы да толық ашылып, ғылыми тұрғыдан жан-жақты терең зерттелмей келе жатқандығы аян. Онда айтылғандардың бәрiн бiрдей шындық куәсi – нақты тарихи факт ретiнде қабылданып, солар арқылы кесiп-пiшiлген ғылыми тұжырым жасалып келеді. Соның салдарынан батыс терістігіндегі көшкінші көршілерін елінің бітіспес жауы санап келген ежелгі қытайлықтардың дұшпандық көзқарасын ғана танытатын сыңаржақты деректер негізінде тарих жазылды. Ал мұның ақиқатты тануға айтарлықтай керi әсер тигiзгендiгiн және тигізіп келе жатқанын ескермеуге болмайды.
Бiр сиуңну халықтары ғана емес, жалпы ежелгi Қытаймен қарым-қатынаста болған байырғы басқа халықтардың қай-қайсысына болсын қатысты жазылған деректердiң берер мағлұматының мән-мағынасын талдап, олардың тарихи факт есебiндегi шынайылығын дұрыс түсiну үшiн, алдымен, әлгi деректерден бұрын, соларды жазған көне қытайлықтардың өздерiнiң сол кездегi тарихына, яғни олардың дүниетанымына, халық болып қалыптасу жолына, мағлұмат берер дереккөзінің қандай мақсатта жазылғанына үңiлу қажет. Онсыз қытайдың көне жазбаларындағы басқа халықтар жөнiнде кездесетiн деректердiң шынайы болмысын ашу мүмкiн емес.
Үшiншiден, осылай iстелмегендiктен, яғни ежелгі көшкінші халықтар жөніндегі қытай деректерiн түпнұсқасынан әр зерттеушi өз тарапынан тыңғылықты зерттеп, мән-мағынасын жете ашпайтындығынан көп жағдайда сиуңну халықтары тарихына қатысты пайымдаулар мен тұжырымдар түпнұсқалық дерекке емес, сол жөнiнде бұрын айтылған ғалымдардың пiкiрiне сүйенiлiп қана айтылып жүр. Мұның бiр ғалымның кезінде жiберген бір қатесiн екiншiсiнiң сол күйi қайталап, шындыққа жету мүмкіндігін одан әрі қиындатып отырғаны да жасырын емес.
Ежелгi қытайлықтар да көктен түспеген. Олар да адамзат баласының ортақ даму заңдылықтарын бастан кешiре отырып, өзiндiк дүниетанымын қалыпт астырған. Мысалы, бұл орайда байырғы қытай ойшылдарының әлем дүниесi жөнiндегi таным-түсiнiгiн кейiнгi ғылым иелерiнiң пiкiрлерiне сүйене отырып, шамамен былайша түйiндеуге болады: «Жаратылыстың бәрiн Көк билейдi, жоғарыда төңкерiлген шетсiз-шексiз көгiлдiр аспан, төменде төрт бұрышты созылып жатқан алып жер, ал соның нақ ортасында – өздерiнiң мемлекетi. Сондықтан да оны «Орталық мемлекет» («Жуң го») деп атау қалыптасқан. Қазiр де бұл түсiнiкке өзгерiс енгiзiлген жоқ. Қытайлықтар осы түсiнiкпен күнi бүгiн де өз елдерiн «Жуң-го – Орталық мемлекет» деп атайды. Осы «Орталық мемлекеттiң жерiнен басқа жердiң бәрiн, яғни Орталық мемлекеттің төрт құбыласын түгел жабайы халықтар мекендейдi». Осымен бiттi.
Өздерiн қоршаған әлгi жабайы халықтар неғылған халықтар, олардың өзара тектiк, тiлдiк, салт-дәстүрлiк айырмашылықтары бар ма, ол жағынан таза хабарсыз. (Хабары барлығын айғақтар бірде-бір дерек кездестіре алмадық). Сондықтан да олар бұл халықтарды тек төрт құбылаға қарай бөлiп: «шығыс жабайылары», «батыс жабайылары», «оңтүстiк жабайылары», «солтүстiк жабайылары» деп қана таныған. Осы түсiнiкпен кейiн олардың халықтық атаулары ретiнде шығыстағыларды – «И», батыстағыларды – «Жұң», оңтүстіктегілерді – «Мән», солтүстіктіктерді – «Ди» деп алып, соны тарихқа енгізген.
Ежелгі қытайлықтардың өздерiн қоршаған халықтар жөнiндегi осы танымтүсiнiгi ғасырлардан ғасырларға жалғасып, ұрпақтан-ұрпақ санасына ауысып, кешегi XVIII ғасырға дейiн жеткенi белгiлi. Бұл – тарихи шындық1. Олай болса, өздерiн қоршаған халықтардың кiмдер екенiн нақты бiлмеген, бiлуге де ұмтылмаған ежелгi қытайлықтардың сол халықтар жөнiнде жазып қалдырған деректерiнiң бәрiн бiрдей тарихи факт есебiнде қабылдап, сол арқылы белгiлi бiр ғылыми тұжырым жасау – тарих үшiн де, шындық үшiн де қиянат болмай ма?! Сиуңну халқы жөніндегі алғашқы деректер, негiзiнен, қытай тарихының атасы аталған Сы-ма Чиәннiң (Цяньнiң) «Тарихи жазбалар» және әйгiлi қытай тарихшысы Бан Гудiң «Хән кiтабы» атты еңбектерінде берiлген. Соңғысы алдыңғысының еңбегiн пайдаланғандықтан, бұл екi шығарманың сиуңну халықтарының алғашқы кездерiнiң тарихы жөнiнде берер деректерi негізінен бiрдей болып келеді.
Осы деректер негізінде бүгінгі ресми тарих көне замандарда ежелгі Қытай елінің теріскейі мен теріскей батысын мекендеген әр түрлі көшкінші халықтарды бір ғана халықтың ұрпағы деп есептейді. Олардың тарихқа белгілі халықтық атауларының әр түрлі болуын әр кезеңде қытай елінің билігі басына келген әулеттердің өздерінше атап кетуінен деп біледі. Бұған, жаңағы айтқан, қытайдың әйгілі тарихшысы Сы-ма Чиәннің (христиан эрасына дейінгі 135-87 жж.) «Тарихи жазбаларында» («Ши цзи-де») бұл көшкіншілерді Шиа әулетінің (х.э. дейінгі 2205-1766 жж.) тұсында шиүниүй, Шән әулетінің (х.э. дейінгі 1766-1122 жж.) тұсында гүйфаң, Жыу әулетінің (х.э. дейінгі 1122225 жж.) тұсында сиәниуң, Хән әулетінің (х.э. дейінгі 206-22 жж.) тұсында сиуңну деп аталған деген дерегін негіз етеді. Бірақ әр кезеңде билік басына келген әулеттердің бір халықты неліктен әр түрлі атауының себеп-салдары ашылмайды, ешқайсысына ешқандай ғылыми түсініктеме берілмейді. Сондайақ мұны зерттеу нысанына айналдырған кейінгі зерттеушілер де осы әр түрлі аталған халықтардың этникалық негізінің бір екенін нақты деректер арқылы түсіндіріп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеген емес.
1 Осы орайда ескерте кетер бiр мәселе бар. Жасыратыны жоқ, жетпiс жыл бойы өмiрдiң өз шындығын саралап сараптамай, Совет өкiметiне қатысты болса бiрыңғай мақтап, басқаларға қатысты болса бәрiн жамандап, алуан түстi дүниенi тек екi түрлi бояу арқылы ғана танып үйренген бiзге кейде ақиқатты айтудың өзi бiреулерге жала жауып, күйе жағып жатқандай көрiнуi ғажап емес. Соның үшiн халқымыздың көне тарихына қатысты мәселенiң ақиқатына жету тұрғысынан өзге халықтар орайында айтылған кейбiр жайларға байыппен қарау қажет деп бiлемiз. Мысалы, көне қытайлықтардың танымы жайында ежелгi шындықты айтқанда, талантты да еңбексүйгiш қытай халқының мәдениеттiң, ғылым мен техниканың әлемдiк қазынасына айтулы үлес қосқанына көз жұмудан аулақпыз. Ежелгi Қытайда философия мен астрономияның, әдебиет пен өнердiң, математика мен механиканың, медицина мен агрономияның кең өрiс алғаны баршаға белгiлi. От қарудың дәрiсiн, компасты, қағазды, кiтап басуды алғаш ойлап тапқан да осы ел. Қытай шеберлерiнiң техника саласында қола құюдан, өндiрiсте қыш бұйымдарын жасаудан, жiп иiруден, тоқымашылықтан өзгелерден озық болғаны да әмбеге аян.
Алайда, көне замандарда және ортағасырларда қытай өркениетi осындай елеулi жетiстiгiне қарамастан, Орталық мемлекеттiң артта қалған ел болғаны, тұрғындарының басым көпшiлiгiнiң сауатсыз надандық пен дiни нанымның, ырымшылдықтың және дүние туралы қарапайым түсiнiктiң құрсауында қалып келгенiн тағы ешкiм терiске шығара алмаса керек.
Бастапқы дереккөзі болып саналынатын Сы-ма Чиәннің «Тарихи жазбаларында» да ежелгі қытайдың көне замандағы көршілері болған көшкінші халықтарды әлгіндей әр түрлі атады дегені болмаса, олардың тегінің бірлігін, яғни сиуңну халықтарының арғы ата-бабалары болғанын айғақтар нақты дерек жоқ. Айтылғанға көз жеткізе түсу үшін бар деректі үзіп-жұлмай толық оқып көрелік. Аталған ғалымдардың еңбектеріндегі сиуңну тарихына арналған тарауларындағы осы халықтың шығу тегіне қатысты ой түюге мүмкіндік берер деректің бары мынау:
«Сиуңнулардың атасы Шүнвiй есiмдi кiсi Шиахыушы әулетiнiң ұрпағы болатын» . Шәнжұң, шиәниүн және шиәнжыу ұрпақтары, тiптi сонау Таң мен Иүй патшалардың заманындаақ қытайдың терiстiк шекарасында өздерiнiң малын бағып, бiр жайлаудан бiр жайлауға көшiп жүрген болатын…
Шиа әулетiнiң жолы тарылып, әлсiрей бастаған кезде гүң Лиу өзiнiң мансабынан айырылып қалды. Сондықтан ол Батысжұңға ауа көшiп, Биндi өзiнiң астанасы еттi.
300 жыл өткеннен кейiн Жұңди тәйваң (әулие патша) Шәнфуге шабуыл жасай бастады. Ақыры Шәнфу Чи тауына қашады . Бин қаласының тұрғындары Шәнфудың соңынан ередi. Олар барған жерiнде жаңадан қала салып, сонысымен Жыу (Чжеу) әулетiнiң негiзiн қалауға жағдай жасайды.
Арада ғасырдан астам уақыт өткенде Сибо Чаң Чуани елiн жаулап алды.
Осыдан он жыл өткеннен кейiн, Вуваң Жыуды талқандап, Ло қаласын салды. Бұдан соң ол Фыңхауға қоныс аударып, онда жұңидi Жин мен Лодан терiстiкке қуып салды . Жұңи мезгiлмезгiл далалықтарға (хуаңфу) тән бағыныс ретiнде сыйлықтар берiп тұрды.
200 жыл өткеннен кейiн Жыу әулетiнiң жолы қиындап, әлсiрей бастады. Жыу Муваң чуанжұңдарды жаулап алуға аттанды. Олардан төрт ақ қасқыр, төрт ақ бұғы алып, керi оралды. Осы сәттен бастап далалықтар ба ғынуын тоқтатты… Муваңнан оның немересi Иваңға дейiнгi ара лықта Ваң үйi (Жыу кiнәздiгi) әлсiрей бастады. Жұңдилер шабуыл жасап, Орталық өңiрдi ат тұяғына таптатты. Орталық өңiр бұдан қатты зардап шектi. Ақындар ауыр жағдайды суреттеп, қайғылы өлеңдер шығарды. «Мемл екеттен айырған, от басыңнан айырған Шиәниүннiң әлегi» деп зарлады…
Жыу Муваңнан кейiн 200 жыл өткен соң, Жыудың Иуваңы Баусыны өзiнiң ең сенiмдi адамы етiп қабылдап, сол арқылы Шенхыумен жанжалдасып қалады . Осыны кек тұтқан Шенхыу чуанжұңдармен тiл табысып, Иуваңға шабуыл жасап, оны [х.э. дейінгі 771 ж.) Ли тауында өлтiредi. Осының нәтижесiнде чуанжуңдар Жыу кiнәздiгiне қарасты Жиауху жерiн иеленiп, кейiн Лин мен Вiй (Вэй) өзендерiнiң арасына қоныс аударып, Орталық патшалықты ығыстыра бастайды.
Чин кiнәздiгiнiң кiнәзi Сиәнгүң Жыу кiнәздiгiне келедi. Осыған байланысты Панваң Фынхауды тастап, Ло қаласының шығысына қоныс аударады …
Осыдан 65 жыл өткеннен кейiн шәнжұңдар (тау жұңдары) Иән кiнәздiгi арқылы өтiп, Чи кiнәздiгiне шабуыл жасайды. Чи кiнәзi Хигуң олармен өз елiнiң шекарасында соғысты.
Бұдан кейiн тағы да 44 жыл өткеннен соң, шәнжұңдар Иән кінәздiгiне шабуыл жасады. Иән кiнәзi Чи кiнәзiнен көмек сұрады. Чидiң Хуаңгуңi оған көмекке келiп, шәнжұңдар керi қайтуға мәжбүр болады.
Тағы да 20 жыл өткеннен кейiн Жуңди Ло қаласына келiп, Сиәнваңның өзiне шабуыл жасады. Сиәнваң Жин кiнәздiгiнiң Фаң қаласына қашты. Осының алдында бiр жыл бұрын (637 ж.) ол Жыңның (Чженнiң) Тиәнваңына қарсы соғысуды ойлаған едi. Оған оның Жұңди тұқымынан әйел алуы себепшi болғанды. Осыған байланысты ол Жұңдилермен бiрiгiп, Жыңмен соғысты да, бiрақ ол көп ұзамай Жуңди қызын өзiнен алыстата бастады. Ал бұған жұңди қызы қатты қапаланады.
Сиәнваңның Хыуйхыу есiмдi өгей шешесi болатын. Сол өзiнiң туған ұлын ваң етудi ойлайды. Сол себептi Хыуйхыу баласымен Жұңди қызының жағына шығып, жұңдилерге қақпаны ашып бередi. Соған орай жұңди астанаға енiп, одан Сиәнваңды қуып шығады… Бұдан кейiн Сиәнваң төрт жыл өз иелiгiнен тысқары жерде жүруге мәжбүр болды. Ақыры ол Жин кiнәзiне елшi жiберiп, одан көмек сұрайды. Ол көмекке келiп, Жұңдидi талқандап, оларды Сиәнваңның иелiгiнен қуып шығады…
Бұл кезде Чин және Жин кiнәздiктерi күштi мемлекет деп есептелiне бастағанды. Жин кiнәзi Вынгүң жұңдилердi Ин мен Ло өзендерiнiң аралығындағы Хысиден қуып шықты. Оларды (жұң-дилердi) чыди (қызыл ди) және бәйди (ақ-ди) деп атайды. Ал Чин кiнәзi Мугуң Иуиүйдi өзiне қаратып алды. Бұдан кейiн батыс жұңдардың сегiз иелiктерi өз ерiктерiмен Чинге бағынды. Сол себептi Луннан батысқа қарай жуңдардың миәнжу (алыстағылар), чиуәнжұң (тау аңғарындағы жұңдар), дихуан (шошқа дилер) тайпалары, Чи мен Лиән тауларынан және Жин мен Чи өзендерiнен терiстiкке қарай ичүй (адамгершiлiктi қалқандылар), дали (қашықтағылар), ушы (қара есiмдiлер) және чүйиән (кептiрiлген ет жейтiндер) тайпалары, Жин кiнәздiгiнен терiстiкке қарай Линху (орман жабайылары), Лыуфаң (қабат-қабат дуалдың iшiндегiлер) тайпалары, Иәннен терiстiкке қарай дуңху (шығыстағы жабайылар), шәнжұң (тау жұңдары) тайпалары мекендедi. Таулы алқаптарға шашырай қоныстанған бұл тайпалардың алдыалдына өз ақсақалдары (билеушiлерi) бар едi. Әр жерде сол жұңдардың жүз шақты топты тайпасы бола тұра олардың басы бiрiкпейтiн.
Осыдан 100 жыл өткен соң Жин кiнәзi Даугүң жұңди тайпаларымен келiсiмге келдi. Жұңдилер тартутаралғыларын алып, оның сарайына келдi.
Тағы да 100 жыл өткен соң Жау (Чжао) кiнәзi Сиәнзы жуңдилермен келiсiмге келу үшiн оларға Ваң Жианды елшi етiп жiбердi. Өзi Гыужыудан өтiп, Жиң әскерiн талқандап, Хухыға жақындады. Кейiн Хән және Вiй (Вей) кiнәздерiмен бiрiгiп, Жыбоны күйреттi де, жерiн өзара бөлiсiп алды.
Бұл бөлiсте Жау кiнәзi Дай мен Гыужыудан терiстiкке қарайғы жерге, Вiй кiнәзi Сихы мен Шәнжұнге ие болды. Соңғысы бұл жерлердi жұңдармен аралас жүрiп, бiрге жайлады. Бұдан кейiн ичүйлiк жуңдар сырт жаудан қорғану үшiн өздерiне қала сала бастады. Бiрақ оның көмегi болмады, ақырында Чин кiнәзi оларды өздерiне бiртiндеп бағындырып алды. Соның нәтижесiнде Чин кiнәзi Хыуйваң ичүйлiктердiң 25 қаласына ие болды.
Бұдан кейiн ол Вiй кiнәзiмен соғысып, одан Сихы мен Шiнжүндi тартып алды. Оған қарсы тұруға Вiй кiнәзiнiң шамасы келмедi. Чин кiнәзi Жауваңның билiк құрып тұрған кезiнде ичүйлiк жұңдардың билеушiсi кiнәздiң жесiр әйелi Сиуән Тайхыумен жасырын көңiл қосып, одан некесiз екi ұл көрдi. Бiрақ Сиуән Тайхыу ичүйлiк жұңдардың билеушiсiне опасыздық жасап, оны Ганциуан сарайында зұлымдықпен өлтiрдi. Соның iзiн ала ичүйлiктерге шұғыл әскер аттандырып, олардың патшалығын бiржолата жойып жiбердi. Сөйтiп чиндер Луңсидi, Бейдидi және шәнжұндi өз иелiктерiне қосып алады. Хулардан қорғану үшiн қорған тұрғыза бастайды. Оны «Ұзақ қорған» деп атайды (қазiргi атақты Қытай қорғаны осылай басталған).
Жау кiнәзi Вулин (Улин) 307 жылы өз иелiгiндегiлерге көшпелiлердiң киiмiн киюдi енгiзiп, жауынгерлерiне ат үстiнен садақ тарту өнерiн үйреттi. Ол терiстiкте линху мен лыуфәндi талқандап, Ұзақ қорғанды (Ұлы Қорғанды) Иiн тауының етегiндегi Дай мен Баннан Гаучөеге дейiн жалғастырды. Осы өңiрден жаңадан Иуңжүн, Иәнмың және Дайжүн облыстарын ашты.
Осы кезде хуларда аманатта болып келген шебер қолбасшы Чин Кәй Иән кiнәздiгiнде ерлiгiмен ерекше көзге түстi… Осы Чин Кәй елiне келгеннен кейiн дуңхуларға тосын шабуыл жасап, оларды талқандап, Иән кiнәздiгiнiң жерiн 1000 лиге кеңейтiп бердi… Иәндiктер Ұзақ қорғанды одан әрi жалғастырып, мұнда хулардан қорғану үшiн жаңадан Шаңгу, Үйиән, Иубейпин, Ләуси және Ләудүн облыстарын ашты.
Осы кезде қытай өзара жауласып жатқан жетi патшалыққа бөлiндi. Оның үшеуi сиуңнумен шектестi. Жау патшалығының қолбасшысы Ли Мыудың кезiнде оның жерiне сиуңнулардың атының тұяғы тиген жоқ, батылдары бармады.
Бұдан кейiн Чиннен шыққан Шы Хуанди басқа алты патшалықты өзiне бағындырып, белгiлi қолбасшы Мың Тиәнге 100 000 әскердi басқартып, терiстiктегi хуларды бағындыруға жiбердi. Осыдан кейiн Мың Тиән Сары өзеннiң (Хуаңхының) оңтүстiгiн қайтадан жаулап алды. Сары өзендi шекара белгiсi етiп, оның жағалауына 44 қала салғызып, оған кiлең баскесер бұзықтардан құралған гарнизонды орналастырды…» (Сиуңну. – Алматы: Санат, 1998. – 24-30-бб.).
Мiне, христиан эрасына дейінгі ХХI ғасырдағы Шиа /Ся/ әулетiнiң заманынан бастап, х.э. дейінгі III ғасырдың аяғына қарай құрылған Чин империясына дейiнгi мерзiм аралығында ежелгi Қытайдың батысы мен батыс терiстiгiн мекендеген түрлi көшкіншi халықтар жайындағы деректердiң бары осылар ғана. Кейiнгi жазбалардың авторларынікi жанама деректер арқылы өздерiнше азмұз өзгерiстер, толықтырулар енгiзгенiмен, негiзiнен, осы деректердi қайталау. Сол себептi бұл күнге дейiн сиуңну халықтарының шыққан тегi, олардың Чин патшалығына дейiнгi көне тарихы жайында кiм қашан, қандай пiкiр айтса да, солардың бәрi де тек осы деректерге сүйенiп, осылардың негiзiнде ғана ой түйген дей аламыз. Өйткенi, бұдан басқаның бәрi – табан тірер айғағы жоқ, тек «солай болар» деген болжамға құрылған негiзсіз тұжырымдар.
Демек, бұған дейін де айтқанымыздай, сиуңну халықтарының төркiндiк негiзiн танып, олар жөнiнде нақтылы бiрдеме бiлем деген әр зерттеушiнiң осы деректердi зерттеп, содан түйген өз пайымдауын өзгелердiң ой қорытындыларымен салыстыру арқылы тарихи шындыққа өзi көз жеткiзуге ұмтылуы керек. Олай iстемеу, яғни ескi әдетпен бұдан бұрынғы осы тақырыпқа қалам тартқан ғалымдардың пiкiрлерiне сiлтеме жасап, соларды куәлікке тартып, солардың болжамдарына ғана жүгiнумен шектелу – жаңа өрiске шығар iзденiстiң жолын жауып, баяғы көнерген ескi соқпақты шиырлай беруден басқа түк те бермейдi.
Сонымен бұл деректерден ненi бiлуге болады?
Бұл деректердiң айтпағын өз мағынасында түсiну үшiн, алдымен, осы деректер қамтитын мерзiмдi екi кезеңге бөлiп, оның әрқайсысын Орталық мемлекеттiң өз тарихының деректерiмен салыстыра қарау қажет. Онсыз тарихи жазбалардағы деректер берер мәлiметтi өз мәнiнде ұғыну қиынға соғады.
Бiрiншi кезең (х.э. дейінгі 2205 ж.-325 ж.), шартты түрде алғанда, Шиа дәуiрiнен «Соғысушы мемлекеттер» («Жауласқан кінәздіктер») дәуiрiнiң орта шенiне дейiнгi аралықты қамтиды. Бұл кезеңнiң оқиғаларынан анық байқалатыны – көне қытайлықтардың уақытында өздерiнiң солтүстігі мен солтүстiк батысындағы көршiлерi – көшкінші халықтардың (тайпалардың) нақты кiмдер екенiн ажырата бiлмейтiндiгi. Мұны олардың, жоғарыда айтқанымыздай, сол кездiң өзiнде-ақ жеке-жеке иелiк иесi болып, өз алдына өмiр сүрiп жатқан түрлi халықтарды бөлiп-жармай, тек бiр-ақ атаумен «жұң» деп жалпылама атайтындығы толық айғақтайды. Бұл атау, тарихи деректiк тұрғыдан алғанда, ешқандай нақтылықты бiлдiрмейдi, барлы-жоғы көне қытайлықтардың батысында «әйтеуiр бiр басқа халықтар болған» деген түсінікпен бiрдей. Оны айтасыз, бұл түгiлi көне қытайлықтардың кейiн өздерi «жұң» деп атап жүргендерiнiң бiр халық емес, әр түрлi халықтар екенiн ажырата бастап, оларды бұрынғы жуңдардан ерекшелеп, «жұң-ди» деп атағандарының өзінде ешқандай нақтылық жоқ. Мұндағы «жұң» атауына қосылып тұрған «ди» көне қытайлықтардың өз елiнiң терiстiк жағын мекендеген көшкіншiлерге берген жалпылама ортақ атауы. Сонда «жұң-дидiң» атаулық мағынасы «батыстағылар – терiстiктегiлер» деген ұғыммен мәндес болып шығады. Тек оның көне қытайлықтардың қолданысындағы мәнi, бұл жерде сәл өзгешелеу. Мұндағы «жұң-ди» қытай кiнәздiктерiне шабуыл жасаушылардың «батыстағылар мен терiстiктегiлердiң» бiрiккен күшiн емес, керiсiнше, тек терiстiктегі жабайылар, яғни дилер ғана екенiн көрсетедi.
Көне жазба авторларының оларды «ди» деп жеке көрсетпей, «жұң-ди» деуi, кiмнiң кiм екенiн ажыратпай келген өз жұртына бұл жолғы шабуыл жасаушылардың бұрыннан өздерiне белгiлi жұңдар емес, басқа халықтар, бiрақ бұлар да солардай жабайылар екенiн ұқтыру мақсатынан туған секiлдi. Қытай тарихына бұлардан бiраз кейiн кiрген «жұң-и» атауының да, одан да кейiнiрек кiрген «мән-и» атауының да мән-мазмұны осындай. Мұндағы «и», жоғарыда айтқанымыздай, көнеқытайлық ұғымда «шығыстағы жабайылар», ал «мән» – «оңтүстiк жабайылар» деген мағынаны бiлдiредi.
Мұның бәрi сайып келгенде, толып жатқан жеке кiнәздiктерге бөлiнiп, өзара ымыраға келе алмай, бiр-бiрiмен қырқысудан басқаға қолдары босамаған көне қытайлықтардың ол заманда көршiлерiне назар аударып, олармен түрлi қарымқатынас жасап, кiмнiң кiм екенiн ажырата танып-бiлуге мүмкiндiктерiнiң тiптi болмағанын көрсетедi. Оның солай екендiгiн Жыу мемлекетiнiң соңғы кезiнде тек Солтүстiк Қытайда ғана мыңнан астам кiнәздiктiң болғандығы және олардың бiр орталыққа бағынбай өзара жауласумен күн өткiзгендiгi де толық айғақтайды. Сол себептi бiз көне қытайлықтар үшiн батыстағы көршiлерi бастапқыда барлы-жоғы шекара жақта «малын бағып, бiр жайлаудан бiр жайлауға көшiп жүретiн» бiреулер ғана болған, тек кейiн Шиа дәуiрi (х.э. дейінгі 2205-1766 жж.) кезiнде сол «малын бағып жүргендер» Орталық өңiрге шабуыл жасап, мазалай бастағанда, оларды «жұң» деп атап, тарихына кiргiзген дей аламыз. Сөйтiп бұрынғы «батыстағы жабайылар» ендi осыдан бастап көне жазбаларда «жұң» деген ортақ бiр атаумен аталған. Бірақ бұл жұңдардың кейінгі сиуңну халықтарына қандай қатысы барлығы еш жерде айтылмайды.
Осы арада ескерте кетер бiр мәселе – бәрi бiр атау болғанымен, әуелгi кездегi жұң атауы мен кейiнгi кездегi жұң атауының арасында да елеулi айырмашылық барлығы. Алғашқы «жұң» қытайлықтар үшiн тек тибеттiктердi ғана бiлдiрсе, кейiнгiсi тибеттiктермен қоса қытайдың солтүстiк батысындағы басқа халықтарды да қамтиды. Бұл ретте кейiнгi жұң атауы мәнi жөнiнен артынан пайда болған жұң-ди атауымен мағыналастау. Жоғарыда келтiрiлген деректер берер мағлұматқа қарағанда, бұл кезеңдерде шабуыл тек көшкінші көршілері тарапынан ғана болып, қытайдың ұсақ кiнәздiктерінiң оларға қарсы тұрып, тойтарыс беруге шамалары келмегенi анық көрiнедi. Көне жазбадағы: «Жұң-дилер шабуыл жасап, Орталық өңiрдi ат тұяғына таптатты. Орталық өңiр бұдан қатты зардап шектi. Ақындар ауыр жағдайды суреттеп, қайғылы өлеңдер шығарды. «Мемлекеттен айырған, отбасынан айырған, шиәниүннiң әлегi…» деп зарлады» деген деректер соның айғағы.
Жалпы көне қытайлықтардың жұңдарға қарсы әрекет жасап, олардың өздерiне таяу жекелеген шағын тайпаларын бағындырып алуы – кейiн өзара қырқыста жеңiске жетiп, төңiрегiндегi ұсақ кiнәздiктердi құрамына қосып алу арқылы iрiленген кiнәздiктердiң әскери күш-қуаты арта бастаған тұста ғана жүзеге аса бастаған сыңайлы. Өйткенi, қытайлықтардың жұңдарға қарсы шабуылы жөнiндегi алғашқы деректiң Шиа әулетi билiктен кеткеннен кейiн тек төрт жүз жылдан астам уақыт өткенде барып, Жыу әулетiнiң негiзiн қалаушы си-бо (батыс жақтың билеушiсі – Қ.С.) Чаңның тұсында ғана тұңғыш рет берiлуi айтылған ойдың дұрыстығын растай түседi. Алайда, бұл кезде де көне қытайлықтар үшiн жұң мен ди халықтарының ара жiгi айқындалып, олар жөнiндегi дұрыс түсiнiк әлi қалыптаса қоймаған тәрiздi.
Оларды ажырату, оған мән беру, кiмнiң кiм екенiн ептеп болса да нақты тани бастау – екiншi кезеңнен, яғни «Соғысушы мемлекеттер» дәуiрiнiң орта шенiнен (х.э. дейінгі 325 ж.) басталып, Чин мен Хән патшалықтарының тұсында (х.э. дейінгі 255-22 жж.) одан әрi күшейе түскен. Бұл кезде Орталық өңiрде төңiрегiндегi ұсақ кiнәздiктердi жаулап, өздерiне қосып алу арқылы жерiн кеңейтiп, халқын көбейткен бiрнеше қуатты ірі кiнәздiктер пайда болған едi. «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, күшейген үстiне күшейе түсудi көздеп, дара билiкке ұмтылған осы iрi кiнәздiктер ендi бiр-бiрiнiң қапысын тауып, тарпа бас салып, өздерiне бағындыруға әрекет жасай бастайды. Бiрақ қуаткүшi өзiмен шамалас кiнәздiктi бұрынғы ұсақ кiнәздiктердей умаждай салу – олардың қай-қайсысына да оңай шаруа болмайтын.
Осыдан келiп, олар ендi өздерiне қиын-қыстау кезде көмек қолын созатын қосымша күш iздеуге мәжбүр болды. Орталық өңiрдiң теріскейі мен теріскейбатысы жағындағылары үшiн ондай одақтасты ол кезде тек қана жұң-дилерден табуға болатын. Көне қытайлықтардың көшкіншi көршiлерiне жаппай назар аударып, оларды бiр-бiрiнен нақтылап ажырата бастауы, мiне, тап осы кезге келедi.
Сондықтан да бұған дейiнгi тарихқа танылып келген жұңды да, жұң-дидi де, жұң-идi де белгiлi бiр халықтың ататегiне телудi, кiмнiң қашан айтқанына қарамастан, тек «солай болуы мүмкiн» деген жорамал ретiнде ғана қабылдау жөн секілді. Бiздiң «көне жазбалардағы деректiң бәрi бiрдей нақты тарихи факт бола алмайды» деуiмiз де, бар мағыналы ғұмырын қытайдың көне жазбаларын зерттеуге арнаған түркиялық ғалым Б. Өгелдiң «Заманалардың өтуiмен неше түрлi салт-сана, дәстүрлердiң ықпалына ұшыраған мұндай деректерге көз жұмып, сене беруге де болмас» (Б. Өгел. Ұлы хун империясының тарихы. – Алматы, 1998. – 26-б.) деуi де осыдан.
Қолда бар деректердің берер мәлiметіне қарағанда, сол кезеңдегi жауласушы кiнәздiктердiң өздерiнiң көшкіншi көршiлерiмен тiкелей байланысқа шығып, олардан өздерiне одақтас табуы, негiзiнен, үш түрлi жолмен жүзеге асқанын көруге болады.
Бiрiншiсi – көне қытайлықтардың көшкінші көршілерімен елшiлiк алмасу арқылы бейбiт келiсiмге келiп, ортақ тiл табысуы. Мұны х.э. дейінгі 569 жылы Жиң кiнәздiгiнiң кiнәзi Дау-гуңнiң жуң-дилермен келiсiмшартын жасасуы, болмаса осыдан тағы да жүз жыл өткеннен кейiн Жау (Чжао) кiнәзi Сиән-зының жуң-дилермен келiсiм жасау үшiн Ваң Жиаңды елшi етiп жiберуi, сөйтiп олармен одақтасып, Жиң кiнәздiгiнiң әскерiн талқандауы секiлдi фактiлер толық растайды.
Екiншiсi – көне қытайлықтардың өздерi бұған дейiн «жабайылар» деп келген жұңдар мен дилерді қатарға қосып, терезе теңестіріп, олармен қыз берiп, қыз алысуы, яғни құдандалы болуы. Бұған деректегі жұң-дидiң қызына үйлену арқылы олармен одақтасып, көршi Жың (Чжен) кiнәздiгiн жаулап алған Чин кiнәздiгiнiң ұлы кiнәзi Сиәннiң тiрлiгi дәлел.
Үшiншiсi – ірі кінәздік иелерінің көшкіншi көршiлерiн күшпен өздерiне тәуелдi етiп, олардың әскерiн өзiнiң негiзгi қарсыласын жеңер көмекшi құралға айналдыруы. Бұлай істеу кейінірек, кінәздіктер айтарлықтай күшейген кезде болған. Бұған Чин патшалығы бәрiн бiр мемлекетке бiрiктiргенге дейiнгi өзара жауласып келген жетi патшалықтың әрқайсысының тiрлiгi айғақ. Мұның солай екенiн, әсiресе, кейiнгi Чин патшасы (императоры) Шы Хуаң-дидiң қабiрiнен табылған жауынгерлердің тас мүсiндерiнiң жартысына жуығының ху адамдарының (жабайылардың) бейнесi болып шығуы да құптай түседi (Таным тармақтары. – А., 1998, Шың Цүй. Чин қабiрiнен табылған тас мүсiндер арасындағы ху адамдарының бейнесi жөнiнде. – 30-37 бб.). Жалпы чиндiктердiң өздерiнiң қарсыластарының бәрiн ху (жабайылар) әскерiнiң көмегi арқасында ғана жеңiп, қытайды бiр орталыққа бiрiктiре алғаны да тарихи шындық.
Осындай түрлi жолдармен қарым-қатынас жасап, жауынгерлiк одақтар құруларына байланысты далалықтармен арадағы барыс-келiсi бұрынғыдан жиiлеп, етене араласа бастаған көне қытайлықтардың олардың тайпаларын да, тайпа көсемдерiн де ажырата тануы – ендiгi жерде табиғи үйреншiктi жағдай болып қалған едi. Деректегi Вiй кiнәзiнiң Си-хы, Шiн-жүн секiлдi жерлердi жұңдармен араласа жүрiп, бiрге жайлауы, болмаса и-чүйлiк жұңдардың билеушiсiнiң Чин кiнәзiнiң жесiрiмен жасырын көңiл қосып, одан екi бiрдей ұл көруi секiлдi фактiлер көне қытайлықтар мен далалықтардың бұл кездегi аралас-құраластығының қандай дәрежеде болғанынан нақты хабар берсе керек.
Осы кездiң оқиғаларын баяндаған қытай тарихшылары ендi оларды бұрынғыдай жұңдар немесе жұң-дилер дей салмай, кiмнiң кiм екенiн саралап, әрқайсысын белгiлi бiр атаумен, мысалы, «Луннан батысқа қарай жұңдардың миән-жу, чиуән-жұң, ди-хуан тайпалары, Чи мен Лиән тауларынан және Жин мен Чи өзендерiнен терiстiкке қарай и-чүй, да-ли, у-шы және чүйиән тайпалары, Жиң кiнәздiгiнен терiстiкке қарай лин-ху, лыу-фаң тайпалары, Иәннан терiстiкке қарай дуң-ху, шән-жұң тайпалары мекендейдi», – деп, кiмнiң қайда мекендейтiнiн нақтылап көрсетуi де, бұған дейiн мұндай саралаудың болмауы да айтылған ойдың дұрыстығына кепiлдiк бередi. Бұдан кейiн қытайлықтардың бұл тұста тек жұң мен дидiң ара-жiгiн ғана ажыратып қоймай, сонымен бiрге олардың әрқайсысының өзi өзара бiрнеше нақты тайпаларға (халықтарға) бөлiнетiнiн бiлгенiне және оларды жеке-жеке нақты тани бастағанына ешқандай күдiк қалмайды. Өйткенi, мұның бәрi деректер мойындатып отырған шындық. Бірақ көне қытайлықтар көшкінші көршілерінің әрқайсысын осылай ажыратып біле бастаған кезінің өзінде сиуңну атауы не тайпа атауы ретінде, не жеке халық атауы ретінде еш жерде аталмайды. Оның есесіне сиуңну халықтарымен егіздің сыңарындай бірге жүретін дунху халқының есімі атала бастайды.
Ал бұл арнайы назар аударып, ерекше мән беруді қажет ететін мәселе. Өйткені, сиуңну атауының еш жерде аталмауының да, одан бұрын дунху атауының жазба дерекке енуінің де өзіндік себебі бар. Ол қандай себептер?
Бұған сәл кейінірек арнайы тоқталамыз.
Қойшығара Салғараұлы