Өнер-білім бар жұрттар
Ыбырай Алтынсарин
Өнер — білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып — жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды;
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді;
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай,
Білгендерге осылар
Бәрі — дағы анықтай,
Білмегенде танықтай;
Біз де бекер жатпалық,
Осыларға таныспай;
Ат өнері білінбес
Бәйгеге түсіп жарыспай;
Желкілдеп шыққан көк шөптей
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз, қалыспай.
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
Өнер – жігіт көркі деп
Ескермедік мақалды…
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды.