Арнау
- Жаса жастар, жаңа жылда жалында,
Биылғы жыл жас ұрпақтың қолында.
Жас ұрпаққа ұстатқызып тізгінді,
Сенім артып, қойды алдыңғы орынға. - Жаса жастар, жасай бергін тоқтама,
Абылайдай атылып шық топтада.
Жалындаңдар, Мағжан сенген жастарым,
Алау болып, қызыл күрең шоқтана. - Жайна жастар, арнаулы жыл барында,
Тоқтап қалмай, алға жылжып, адымда.
Қорған болып, сақтап жүрші әрдайым,
Қазағымның намысы мен арында. - Жайна жастар, жұлдыз болып жарқылда,
Сөйле тілім, шегіншектеп тартынба.
«Бір істі мен бастап кетем», — десең де,
Бәрі сенің өз еркіңде, хақында. - Алға жастар, өртен, от боп лапылда,
Найзағайдай ерік бермей шартылда.
«Жаспын», — деп сен мойымағың жасыма,
Сенен шығар бәлкім ерен нар тұлға. - Алға жастар, әрекет ет сақтана,
Жақсылық қыл, көрме бірақ мақтана.
Қайтарғанда ете алмассың ештеңе,
Жасар кезің осы жастық шақ қана. - Ұмтыл жастар, абыройды шарықтат,
Самұрықтай самға биік қалықтап.
Өз өзіңді көрсететін кез келді,
Өжет болып, қараңғыны жарықтат. - Ұмтыл жастар, ешкімненде жасқанба,
Сәтті кезең, осы жылым жастарға.
Әрекет ет, көркейтуге еліңді,
Байлық пенен атағыңа мастанба. - Өрле жастар, еріншек боп ерінбе,
Сынақтарда оңай ғана жеңілме.
Қазақ елді сөзбен шағып, оятып,
Шырылдатып, шындық айтшы төгіле. - Өрле жастар, хақ жолынан жаңылма,
Хайуандық, жамандыққа таңылма.
Жалған сөйлеп, күлімдемей өтірік,
Тура айтып, тік қараудан арылма. - Беу жастар, болмасын еш бақ таласың,
Бауырыңнан не үшін сақтанасың?
Ақиқатты айқындап айтса біреу,
«Қателік» деп, неліктен аұталасың? - Беу жастар, мен сендерге кінә артпаймын,
Өз жылым болса қалай үн қатпаймын?
Жастар жылы құтты болсын барлығына,
Ғұрпым мен ата салтын тең сақтайын.