КЕЛІ
Бір күні Гугуцэні анасы ертемен оятты. Ол тұруын тұрғанымен, ұйқысын әлі аша алмай отыр.
— Қалқам, Симион ағайыңа барып, келі сұрап келе қойшы. Кендір дәнін түйейін деп ем. Әкең, кендір сүтін жақсы көреді.
Гугуцэ ауылдың шетіне қарай қалқиып бара жатты. Бір үйден соң бір үй. Міне, ағайдың қақпасына жетті. Сол жерде Гугуцэ ұйқысын ашып, басын ұстай алды: жол бойы кендірден сүтті қалай жасайды деп ойлап келе жатып, кездескен адамдардың біреуімен де амандаспапты.
Гугуцэ кері қарай жүгірді. Кетіп бара жатқан кісіні қуып жетіп амандасты. Енді манағы адамдардың басқасын қайдан тауып сәлем беруге болады?
Ол агрономнан кімнің қайда кеткенін біліп алды да, егістікке қарай жүгірді. Бір беткейде қант қызылшасын, біреулер екінші жерде темекі жинап жатыр екен. Гугуцэ таңертең мені, көріп пе едіңіз деп бас-басынан сұрап шықты. Біреулер көрген, екіншілері көрмеген, енді біреулері көрсе де ұмытып қалған болып шықты. Сонда да Гугуцэ әрқайсысымен түгел амандасты.
Кісілер Гугуцэнің мұнда неге келгенін сұрап еді, ол көмектесуге келіп едім деген сылтау айтты. Сонсоң біреуінен темекі салатын алжапқышын, біреуінен баспалдақ сұрап алып, ағаштың басынан шабдалы жинасты. Жұмыс істеп жатса да, ол жан-жағына жалтақтап қарауды ұмытқан жоқ және біреу-міреу машинамен не арбамен өтіп бара жатса, қалпағын бұлғап амандаса берді.
Гугуцэ тракторшыларға «Қайырлы таң» деудің орнына «Қайырлы күн» деп амандасуды ұйғарды. Ол жұрттың бәрі дала қосына тамаққа жиналғанша күтіп, бәрімен сәлемдесіп, арасында тракторшыларға тамақ ішуге көмектесті.
Сосын ол астық бастырып жатқан қырманға қарай жүрді. Онда адам көп екен. Гугуцэ бәрімен қол беріп амандасып, өзімен бірдей бірнеше қапшықты бидайға толтырды. Ең ақырында тауық қорада жүрген әйелдерге «Кеш жарық» деп сәлем беріп, жұмыртқа санасуға көмектесті.
Әбден шаршаса да, үйіне ол ұрыста жеңіп шыққан батырдай кейіппен келді. Қараңғы түсіп кеткен еді.
— Гугуцэ, келі қайда? — деді анасы.
Гугуцэ санын бір соқты да, Симион ағайдың үйіне жүгірді.
ГУГУЦЭНІҢ ПЫШАҒЫ
Қолтығына араның ұясын кысып алған аю бұлақ басына келді. Әрнені білуге құмар елік аю су ішіп болғанша күтіп тұрды да:
— Не жақсылық бар, қисық аяқ? — деп сұрады.
— Қөрдің бе? Радио! Ән-күй тыңдамасам, ішкенім ас болмайды, — деді аю араның ұясын көрсетіп.
Елік қос құлағын тігіп еді, радио емес, жер селкілдеп тұрған секілді. Қараса, қоянға ініп алған қызыл қоңыз екен.
— Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе! Тоқылдақ телеграмма жіберді: «Орманға Гугуцэ келді! — деп жар салды ол.
— Сен болсаң, құр босқа әндетесің! — деп, радиоға кейіген аю оны жерге бір қоюға шақ қалды.— Қызыл қоңыз, айтшы, ол жалғыз ба, жоқ жанында нөкерлері бар ма?
— Қім? Гугуцэ ме? Пышағы. бар, қисық аяқ пышағы бар! Сені қайда деп сұрады.
Аю соны естуі-ақ мұң екен, радиосын қолтығына қысып (өлсем де музыкамен өлейін деген ойы ғой), әйда каш!
«Гугуцэ пышағымен орманда жүр!» — деген лақап лезде аймаққа тарады да кетті.
Тиін ағаш қуысындағы үйін жауып алды. Түлкі борсықтың ініне құйрығын әрең сыйғызып жасырына қойды. Қасқырдын да зәре-құты қашып, қалың түйетікеннің ішінде селкілдеп отыр: егер кешегі жеген қойы Гугуцэнің ауылынан болса қайтеді?
— Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе! Гугуцэ борсық інінің жанына келді!
Осыны естуі-ақ мұң екен, қу түлкі іннен тұра қашып, жөке ағашының арасына қойып кетті:
— Қап! Жұма күндері қара тауық ұрлауды қоямын деп әлдеқашан өзіме-өзім ант берсем де, мына төрт аяғы құрғыр тыңдамай-ақ қойды. Енді Гугуцэге не бетімді айтам?!
— Дәл қазір Гугуцэ түйетікеннің жанына келді! — деген дауыс шықты.
— У-у-у! — деп ұлыды қасқыр. — Аю радиосын бұрап, соңғы жаңалықтарды тыңдап отырған шығар. Мен байғұс сұп-сұр түсімнен көзге шалынып, құритын болдым-ау.
Қасқыр алды-артына қарамай зыта жөнелді. Оның оң көзін бұрын малшылар шығарып қойған еді, сондықтан ол солға қарай жүгірді.
— Гугуцэ пышағымен жөке ағашының жанына келді! — деген дауыс естілді.
Ол жерде аю мен түлкі бұғып отырған. Түлкі аюдың радиосын арқалап алыпты, әйтеуір жалғыз қалмасам екен деген ой болса керек.
Орман іші күні бойы осылай астан-кестен болды. Аңдардың қашқан дүбірінен жер солқылдап, зәресі ұшқан балапандар ұяларынан құлап түсе жаздады.
— Апатай! Бұл не? Соғыс болып жатқаннан сау ма? — деп, аналарының бауырына тығылды олар.
Кешке қарай әбден әлі құрып, сілесі қатқан аю:
— Шыдай алатын емеспін енді. Өзім жан сақтаймын деп терімнің бәрін бұтаға жырғыздым. Түлкі, баршы әлгі тоқылдаққа, Гугуцэ деген кім екен өзі, түрі қандай екен. Қолындағы пышағы мылтықтан да қорқынышты ма екен — сұрап кел, — деді.
Мұны естіген тоқылдақ ішек-сілесі катқанша күлді:
— Е-е! Зәрелерің кетті ме?! Сол керек! Ал Гугуцэ үйіне баяғыда барған. Таңертең ертемен келіп, пышағымен сыбызғы жасайтын бұта кесіп алды да, балапандарына жем беруге кеткен.
ГУГУЦЭНІҢ ӘТКЕНШЕГІ
Күн сайын Гугуцэ әткеншек жасап алайын деп жиналады.
Балалар әткеншек тебеміз деп оның жанына жетіп келгенде, Гугуцэ ұялғаннан жерге кіріп кете жаздайды. Екі бағананы орнатып беруге әкесінің қолы тимей-ак қойды.
Бүгін қолы тимейді, ертең қолы тимейді, оның арғы жағында Гугуцэ қартайып бітеді — сосын қалай әткеншек теберсің!
Осы телеграф бағаналарының арасына әткеншек орнатып көрсе қайтер екен? Кенеттен телеграф сымдары үзіліп кетіп, телеграмманың бәрі Гугуцэнің үйінің алдына шашылып қалса ше?
Бірақ бір күні Гугуцэ әткеншек жасаймын деп әуреленуін қойды.
— Шамасы, бұның басына тағы да жаңа бір ой келген ғой, — деген шешімге келді үйдегілер.
Гугуцэ сол күні ұшты-күйді жоқ болып кетті. Анасы аяғы сарсылғанша іздеп таба алмай қойды.
Әкесі бұл кезде бақша мен құдықтың арасында шелекпен су тасып, помидор суарып жүрген. Жаңа ғана су тасып болғалы жатыр еді, қайдан шыққаны белгісіз, Гугуцэ жетіп келді.
— Қайда жоғалып кеттің? — деп кейіді анасы.
— Ешқайда жоғалған жоқпын, әкеммен бірге помидорға су құйыстым, — деп қарап тұр Гугуцэ.
Әкесі әуелі шелегіне, сосын өзінің қолына, сосын кабағын шытып баласына қарады да:
— Сен өзің байқа! —деді.
Сенбі күні кешкісін Гугуцэ тағы жоғалып кетті. Анасы іздеп-іздеп таба алмады. Дауыстап шақырады, — дыбыс жоқ.
Осы кезде көрші әйел гүлге су құйып жүрген. Құдық үстінде қауқиған үлкен қол шығыр біресе тіке көтеріліп, біресе төмендейді.
— Олина апай, Гугуцэні көрмедіңіз бе?
Олина басын шайқады да, соңғы шелек суды гүлдеріне құйып еді, жер астынан шыққандай Гугуцэ тұр. Анасы ұрысып жатыр, Гугуцэ де қалысар емес:
— Мен Олина апаймен бірге гүлге су құйдым ғой!
— Тоқтай тұр, бәлем, әкең де келер жұмыстан…
Анасы Гугуцэні қолынан дедектетіп отырып ат-арбамен құдық басына кеп тоқтаған әкесіне алып келді. Шағым айта бастап еді, Гугуцэ тағы ұшты-күйді жоқ болып кетті.
Әкесі құдықтан аттарын суарып, жетелеп жүре беріп еді, соңынан Гугуцэ еріп келеді.
— Ал, енді қайдан шықтың?
— Әкеме ат суарыстым, басқа не істеуші ем?
Әкесі мен шешесі бір-біріне қарады да, бастарын шайқады.
Ертеңіне анасы Гугуцэні дәрігерге апару керек деген байламға келді. Бірақ әуелі қиярды суарып тастау қажет.
Анасы құдыққа келді. Ол құдық жанында жатқан тастарды көрді. Ал шығырдың басындағы себеттің ішіне қауғаны көтеретін тастардың орнына басқа бір нәрсені салып қойыпты. Ол не өзі? Жасаған-ау, мынау Гугуцэнің қалпағы ғой!
— Қарай гөр тұрған жерін! Қане, тез түс!
— Түспеймін. Мен деген қиярға су құюға саған көмектесіп жатырмын ғой.
Сол күні кешке қарай әкесі әткеншек жасап берді. Ол әткеншекті көршінің балалары тепті. Ал Гугуцэ аяғын да салған жоқ, тек қарап қойып тұра берді.
Өйткені бұл әткеншек шығырдың басына отырып алып тербелгеннен артық емес деп ойлады ол.
ОР ЖӘНЕ ЕХ
Баяғы заманда жер үстінде бойлары шай қасықтың сабындай-ақ адамдар өмір сүрген деседі. Бір қойдың жүні бүкіл бір ауылдың адамдарына шұлық тоқуға жетеді екен. Үш сиырдың сүті бүкіл елді асырапты. Үйлердің үлкендігі біз су ішіп жүрген кружкадай ғана екен. Бір үйдің төбесін күнбағыстың бір ғана қалпағымен жабатын болыпты.
Елдің ең шетінде гүл өсіретін көгілдір көзді келіншек тұрыпты, оның бойы сіріңкедей-ақ егіз ұлы бар екен. Келіншек гүлдерді тойларға, шілдеханаларға апару үшін өсіріпті. Сондықтан ел оны аса құрметтеп, сыртынан ылғи мақтап жүретін болыпты.
Әйел жылына бір рет елдің басшысы корольге гүл жібереді және одан ешқандай соғыс ашпауын, өйткені оның өз бақшасындағы гүлдердей жақсы көретін екі ұлы бар екенін айтып өтінеді.
Бір ұлының аты Ор, екіншісінің аты Ех екен. Екеуі де әкесіне тартқан, көздері қара. Ехтың қолынан келмейтіні жоқ, анасына гүл шоқтарын жасауға көмектеседі. Ор гүлдерді суарады. Одан соң екеуі кең алқапта неше түрлі қызық ойындар ойнайды. Алқаптағы жәндіктер де бұл екі бала гүл өсіруші әйелдің ұлдары екенін біліп, оларға барынша көмектесіп жүреді.
Ех инелікпен достасып алады да, бір күні Ор екеуі оның үстіне отырып, вертолетпен ұшқандай самғап елді шарлап кетеді.
Анасы балаларын өте жақсы көретін.
Егіз ұлдың әжелері жоқ еді. Бір күні екі бала анасы күлген кезде көзінің айналасында әжім пайда болатынын байқайды. Сосын екеуі біздің анамыз да, әжеміз де болсын деп шешесін ылғи күлдіре береді.
Уақыт өте берді. Бір күндері анасы өзінің бойындағы күш-куатын да, әдемі ажарын да гүлдер ұрлап алғанын бір-ақ білді. Сонан соң ол сүйікті ұлдарына арнап сақтап жүрген екі пар ғажайып кебісті берді. Ол кебісті киген адам ешқашан аш болмайды екен. Енді Ор мен Ех өздерінің вертолет-инелігіне отырып алып, алысқа шарлап үшатын болды. Екеуі тек кешке ғана үйге қайтып оралатын, анасы сонда сап-сау келген ұлдарын көріп қуанатын.
Бір күні балалар байқамай елдің шетіне дейін ұшып барды да, инеліктен көрші мемлекетке апаруын өтінді. Ақыры екеуі бөтен елдің үстімен ұшып, көрмеген жердің әдемілігін тамашалады. Бөтен елдің дәл орта тұсына жеткенде, күн батып, қас қарайып кетіп еді. Ағайынды екеуі шегірткені қалың жапырақты ағаштың түбіне қондырып, сол жерге түнемек болды. Ор мен Ех от жағып, инелікті тамақтандырды да, ағаштың түбіне қисая кетті.
Түн ортасында Ор орнынан тұрды да, ептеп келіп Ехтың аяғындағы ғажайып кебісін шешіп алды. Сосын ағаш басына шығып отырды. Ор әуелден осы кебісті қолға түсіруді көздеп жүрген. Ондағы ойы: ғажайып кебісті өз елінің короліне сыйға тартып, корольдің қызы ханшаға үйлену еді. Бұл кезде Ордың мұрты тебіндеп, жігіт болып қалған және кеш сайын сұлу ханшаны көзіне елестетіп, қиялға бататын.
Ор Ехтың кебісін қойнына тығып, ағаш басында отыр еді, бір кезде көзі ілініп кетті. Сол-ақ екен, ағаштьщ бір бұтағы Ордың үстінен жылжып түсіп бара жатқандай болды және сырт ете қалған дыбыс естілді…
Таң ата Ор оянды да, жасырынғысы келді. Сөйтсе, өзінін кебісі де, Ехтың кебісі де ұшты-күйді жоқ. Инелік те зым-зия.
Ор Ехты оятты да, түнде қарақшылар келіп төбелес болғанын, өзінің әрең құтылғанын айтып сыбырлай бастады. Қарақшылардың Ехқа тиіспеген себебі ол Ордан бір сағат болса да соң туған, кіші ғой. Ал екеуміздің де кебісімізді солар алып кетті деді. Ех ызадан жұдырығын түйіп тістеніп еді, Ор оған:
— Мен барда қысылма, сенен бір сағат үлкенмін ғой! Күн шыққанша күте тұрайық. Мүмкін, қарақшылар кебістің бір парын түсіріп алған болар, біз оны тауып алып, кезек-кезек киетін боламыз, — деді.
Ор Ехтың ағашқа шығуына көмектесті, сосын өзі де шықты.
Жарық әбден түскесін екеуі қолдарына бір-бір таяқ алып, ағаштың түбін, жапырақтардың арасын түгел шарлады. Бірақ кебіс түгіл оның өкшесін де таба алмады. Инелік оралмады, ал бұл жердің жәндіктері оларды тыңдағысы да келмеді. Амалы құрып, екеуі үйге жаяу тартты. Кешікпей қарындары ашып, көздері қарауыта бастады.
Жақын бір ауылда жолаушылар бір шаруаға құрт өлтіруге жалданды. Сөйтіп бір ауылдан екінші ауылға жылжи берді. Бірде көлден шабақ ұстап алды. Оларға шабақ кит секілді үлкен болып көрінді және оны мақтап екеуі үш күн бойы жеді.
Ағайынды екеуі кез келген жерден кебісін іздеумен болды. Сонсын Ор кебісті инелік ұрлап әкетті, әйтпесе қарақшылар бұларға қиянат жасайын деген жоқ еді деп лепірді.
— Анамыздың көзі тірісінде үйге жетсек екен, — дейтін Ех күн сайын таңертең.
Ағайынды екеуі өз елін ұзақ іздеді, тіпті қарттық шіркін самайларына ақ кіргізе бастады. Екеуі де таяққа сүйеніп жүретін халге жетті. Бір күні аяқтарының астына бір жаңғақ түсе кетті. Жаңғақ ағаш басында отырған қарғаның аузынан түскен еді.
— Қане, бізге қарға не сыйлады екен?— деп, Ор жаңғақты арқасына салып, жақын маңдағы үйге қарай жүрді. Екеуі үйден балта алып шығып, жаңғақты жарып көріп еді, өз көздеріне өздері сенбеді: жаңғақтың ішінде су жаңа екі кебіс тұр екен.
— Бұл біздің кебісіміз емес, біз мұны алмаймыз, — деді Ех.
Ор қолын соза беріп еді, Ех кебісті лақтырып жіберді.
Екеуі балтаны кезек көтеріп, ілгері жүре берді. Жолшыбай олар кездескен жаңғақтарды жарып көрді, бәрінің ішінен де жап-жаңа кебіс шығатын болды, бірақ өз кебістерін ақыры таппай қойды. Сонда да екеуі осыншама әдемі кебістер көбейіп кеткеніне қуанышты еді. Әнеугүні кебісті алған ұрылар емес, өзі отырған ағаш екенін Ор енді ғана түсінді. Сөйтіп ол інісіне бәрін айтып, мойындады.
— Мені кешір, Ех,— деді.— Шамасы, сенің кебісіңді корольдың қызының қолына түспесін, онан да ағаштардың басында өсіп, балаларды қуантсын деп ағаш алып кеткен ғой.
Ех Ордың сақалынан сілкіп қойды. Сосын екеуі екі жаңғақты жарып, бір-бір кебіс киіп алды да, гүл өсіруші аналарын көзі тірісінде қуанту үшін үйлеріне жетуге асықты.
ИОН КРЯНГЭНІҢ ӘРІПТЕРІ
Атай мектепте бар болғаны екі жыл оқыған, яғни оның екі кластық қана білімі бар. Ол қолы тиіп кетсе, әкесінің Гугуцэге жасап берген партасына барып отырып алады.
— Заман түзелді-ау, тіпті үйден оқуға болатын болды,— деп қояды Атай.— Ал мен болсам, баяғыда бірінші класты тоғыз шақырым жердегі Стрымбу селосына барып-келіп оқып едім. Анам мені ертемен тауық шақырғанда оятады да, кітаптарымды дорбаға салып, шыныға құйған сия береді қолыма, сосын мен тоғыз шақырым жолға шығам. Онда да жолмен емес, Реут өзенінің бойын жағалап жүрем, әйтпесе адасып кету де ғажап емес-тін.
— Ата, сен Ион Крянгэмен1 бірге оқыдың ба?
— Болмаған нәрсені болмады деу керек. Крянгэ менен көп үлкен ғой. Мен оқып жүрген кезде, ол Яссыда мұғалім болатын. Бірде біздің жаққа Крянгэде оқығандардың біреуі келді. Оның қалай оқығанын, қалай білім алғанын біз қояр-да-қоймай сұрадық. Ой, Гугуцэ, бұл бір ғажап қызық тарих.
Крянгэ күнде мектепке келгенде, қолтығына қағаз қорап қысып келеді екен. Қораптың іші толған әріп. Оның өзі қарапайым әріп емес, үннан бетіне қант сеуіп пісірген әріп екен. Ол әріптерді бір-бірлеп алып, түйреуішпен тақтаға бір сөз шығатындай құрастырып жапсырады да, бірер оқушыны шақырып:
— Оқы, қаттырақ оқы, тақтада не жазылған? — дейді. Егер оқушы дұрыс оқыса, Крянгэ оған әріптердің ішінен таңдағанын алып жеуге рұқсат етеді. Бала әріпті жеп алып, тілін жалап отыра бергенде, Крянгэ тағы айтады:
— Тақтада не жазылған, тағы бір рет оқып жібер, бірақ әлгіде өзің жеген әріпті ұмытып кетпе.
Ион Крянгэнің әріптсрінің тәттілігін сөзбен айтып жеткізуге болмайды. Тәттіге бала біткен үйір келеді емес пе, тақтаның алдында бір жыл тұр десе де тұруға бар.
Ион Крянгэ өте кедей болған адам ғой. Соған карамай күн сайын бүкіл балаға тәтті пісіріп әкелетін болған.
— Сондай тәтті әріпті мен де жер едім, ата.
Атасы қабағын тыржитты да:
— Сандықшаның түбін қарашы, осы Ион Крянгэнің бір тоқашы жатқан жоқ па екен.
Гугуцэнің үй ішінде қопармаған жері жоқ—ешқандай тоқаш
табылмады. Шамасы, тышқан жеп кеткен болар.
Ол енді Ион Крянгэнің тоқашы туралы ұмытып та кетіп еді, атасы тағы келіп:
— Таптың ба, Гугуцэ?—деп сұрады.
— Сен жай әзілдеген боларсың, ата?
Атасы оны қолынан жетектеп алды да, үйге кіргізді. Сосын кітап сөресінің жанына әкеліп, бір кітапты алды да:
Міне, айналайын Гугуцэ, Ион Қрянгэнің пешінен шыққан тәтті әріптер осы. Қане, ашып көрейікші! Мысалы: «Ерте, ерте, ертеде. Ешкі құйрығы келтеде…» Қалай?—деп немересіне күлімдей қарады.
Гугуцэ кітапты ептеп алып, қойнына қысты да, атасына:
— Ата, сенің екі кластық білімің барлығы өтірік! Екі класс емес, сексен кластық білімің бар ғой!—деді.