ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА

АТАСЫНЫҢ ЕРКЕСІ
ПОЧТАШЫ
Почташы қартая бастады, хаттарды да сиректеу әкелетін болды.
Үйде жатқан ескі хаттары бар біреулер сарғая бастаған әріптерін сиямен қайта өңдеп, айы мен күнін, кейде тіпті жылына дейін жаңартып, бүгін келген хаттай оқып отыратын. Мұндай көне хаттарды сақтамағандар ауылға не жаңалық жазып жатыр деп көршілерінен сұрайтын.
Өздерінде де, көршілерінде де ешқандай хат жоқтар қақпа алдына шығып алып, өтіп бара жатқан почташыға қарайтын. Сүйтетін де:
— Е, почташымыз бұдан да қартайып кетсе, әбден сорлаймыз ғой,— деп күрсінетін.
Көптен бері қолдарына хат ұстамағандар бір күні почта маңына жиналды да, көк шөптің үстіне отырып алып ойлай бастады. Почташы болса қартайды, енді не істеуге болады? Қайткенде де бұған бір амал табу керек қой. Қартайған адам енді бәрібір жасармайды.
Ақыры олар олай ойлап, былай ойлап, почташыға жылқышыдан бір ат пен арба алып берді.
Сол күні кешке қарай ауылға екі бірдей хат келмесі бар ма!
Ауыл адамдары түнімен көз ілместен хаттарды кезек-кезек оқып, тыным көрмеді: бір үйдің шамы өшсе, екінші үйде жанады.
Ертесіне оқушылар осы хаттардан оқыған сөйлемдерді бормен тақтаға жазъш, сөз таптарына талдап жатты.
Бір жұма бойы ауылда той болды: почташының саулығы үшін деп шарап ішісті, оның атына әр үй сұлы берді.
Бірақ хаттар тағы тоқтап қалды. Бір күндері жұрт почташының атына сұлы беруді де қойды.
— Не істейсің енді. Почташымыз әбден қартайып бітті ғой,— деп күрсінді жұрт.
— Ал ат ше? Аттың жазығы не?— деп таңданды балалар.
Бір күні почташы жол жиегінде атын жайып, кәрілік деген қуаныш емес-ау деп мұңайып отыр еді. Жанына жылқышы келді.
— Егер хат әкелмейтін болсаң, атымды алам. Түсіндің бе?— деп зілденді ол.
Гугуцэ шыдай алмады, почташымен жақынырақ танысқысы келді. Күні бойы қарияның жанынан кетпей, атын суарысты, жем берді, сонсын жайлап почташыдан мән-жайды сұрастырып білді.
Сонық артынша Гугуцэ дүкеннен еліміздің картасын сатып алды. Және сол картаға қарап отырып, өз аулынан кеткен адамдардың қайда барғанын белгіледі. Ер адамның тұрған жеріне бөріктің суретін, ал әйел адамның барған жеріне гүлдің суретін салып қойды. Содан соң ол өз қолымен ауылдың картасын жасады. Картада хат күтетін үйлердің есігін ашық етіп көрсетіп қойды.
Міне, мынау — Кишиневта оқитын студенттің үйі. Гугуцэ география пәнінің мүғалімінен Кишиневта қандай көшелер барын және онда ауа райы қалай болатынын сұрап алды. Таңертең бала жүгіріп отырып почтаға барды да, почташымен қатарласа отырды. Почташы өзінің бала кезінде мөрді ұстап көрер ме еді деп армандайтыны есіне түсіп, Гугуцэге хатқа басып отырған мөрін берді. Мейлі, ол да басып көрсін деп ойлады.
Сол күні студенттің анасы оқығанда көзі талмау үшін үлкен-үлкен әріптермен жазылған және айқыртып мөр басқан хат алды. Ол хатты көршісіне оқып берді. Сол бойда ауылда Кишиневта қандай әдемі көшелер бары жайлы және астанада нөсер жаңбыр жауып тұрғаны жайлы әңгіме тарап кетті.
Гугуцэ картасына қарап еді, тағы бір есігі ашулы үйді көрді. Үй иесі әскерде болатын. Оның әйеліне не деп хат жазу керек?
Гугуцэ бөлме ішінде өзінше солдат тәртібімен олай жүрді, былай жүрді, киімін жөндеді, бірақ ешкандай ой келмеді басына. Әскери құпияны берік сақтау керек деп ойлады ол. Сөйтті де хаттың орнына көгершіннің суретін салып, оны мөр басылған конвертпен солдаттың әйеліне жіберді.
Ертесіне әйел үй-үйге жүгіріп, қолындағы «хатын» көрсетті:
— Қараңыздар, күйеуім маған қандай сурет жіберген!
Көгершіннің суретін ол тіпті Гугуцэге де көрсетті. Сосын жұрт көрсін деп және даладан келе жатқанда өзі де қарап қою үшін суретті терезенің әйнегіне сүйеп қойды.
— Иә, — деп қариялар өздерінше әңгіме сокты, — басқа-басқа ғой, ал мынадай көгершін суретін біздің ауылда әлі ешкім де салып көрген жоқ.
Сол кезден бастап Гугуцэ почташыға конвертке мөр басуға ылғи да көмектесетін болды, оның картасындағы есігі ашық тұрған үйлердің саны күн сайыи азая берді. Ауьіл адамдары почташы қартты көрген жерде бастарын иіп амандасып, оның атына жем беруге асығатын болды.
ГУГУЦЭ ДИІРМЕН БАСЫНДА
Күн едәуір көтерілсе де, диірменді әлі ашпапты.
Мариуца апай көже пісіретін қазанына үш рет су құйды, ал Ион ағай болса әлі ұн әкелмей жатыр.
Мариуца апайдың ағаш жаруға да қолы тимей, шарбағындағы күнбағыстың сабағын алып отқа салады.
Апай одан әрі шыдамады:
— Қызым, диірменшіге барып айтшы, енді келмесе, оның шарбағындағы күнбағысты жаға бастаймын!
— Болғаны үш-ақ адам келсе, ұнды қалай үгемін. Жүгері аз, несіне әуреленемін,— деп ашуланды диірменші.
Үш әйел келіп оның шарбағындағы күнбағыс сабақтарын жұла бастап еді, диірменші диірменді ашық тастай салып, жалаң бас шыға жүгірді: шарбағын қорғап қалу керек қой, шарбағы жоқ үй иесіз үймен бірдей емес пе.
Ол өз шарбағында қанша күнбағыстың жұлынғанын санап үлгермей жатып, әлгі әйелдердің диірмен айналасындағы шарбақтың ағашына қол сала бастағанын көрді.
Ол енді диірменге жүгірді. Қараса, шарбақты адам сыйып кететінден тесіп қойыпты! Диірменші әлгі тесікке кіре қойып еді, шарбақ бүп-бүтін болып шыға келді.
— Қайырымды жандар, — деп айқайлады ол, — мына шарбақтың ағаштарын орнына әкелгенше, мен осы жерден шықпаймын.
Кісілер құрғақ таяқшалар әкелді, бірақ шарбақтың өзінікі емес. Егер олар пеште жанып жатқан шарбақтың таяқтарын алып келсе, диірмен түгел өртеніп кетер еді, әрине. Алайда диірменші анау-мынауына қараған жоқ.
— Міне, енді дұрысталды,— деп көңілденді ол.
— Ал, ұнды не істейміз?— деп тынышсыздана бастады адамдар.
— Сендер ауылға барыңдар да, жұрттың бәрі тартатын астықтарын әкелсін деп хабарлаңдар!
— Диірменші сен ғой, барсаң өзің бар’
Жұрт алыстан танысын деп диірменші үсті-басына үн сеуіп алды да, орталық көшеге қарай беттеді. Ал оған көмектесуге шыққан үш еркек басқа көшеге бұрылды.
— Кімнің үйінде үн таусылуға айналды? Бидайларыңды тезірек диірменге әкеліңдер!— деп айқайлады төртеуі төрт жерден.
Сол-ақ екен, диірмен алдында жер астынан шыққандай қап-қап бидай пайда болды.
Диірменші мен үш еркек көгалға отырып алып, тағы да жүгері, бидай әкелетін, ауылда егіске шықпай үйінде жүрген кімдер барын ойластыра бастады.
Гугуцэден басқа ешкім болмай шықты.
Диірменші жанқалтасын шекілдеуікке толтырып алып, Гугуцэ үйінің алдына келді:
— Гугуцэ, саған диірмен керек емес пе? Қелсең, бар ғой, ғажап… тура ғажап ұн тартып берейін! Одан пісірген көженің дәмі таңдайыңнан кетпестей тәтті боларына мен кепіл!
Гугуцэ қара тер болып келіп тұрған диірменші байғүсты көріп, қарындасын шақырып алды:
— Сен үйді қарай тұр, мен диірменге барып келейін.
Бөркіне жүгері толтырып, ұн салатын жаңа қап алды да, велосипедіне секіріп мініп, диірмен басына тартты.
Жүгерісін диірменшінің ожауына төге салып еді, диірмен жұмыс істей жөнелді.
— Жарайсың, Гугуцэ!—деп айқайлады тұрған еркектер бөріктерін аспанға лақтырып.
Ал әйелдер қақпа жанында күйеулерін күтіп тұрды.
Әкесі мен шешесі егіс даласынан келгенде, Гугуцэ есік алдында ағаш жонып, былғауыш жасап тұр еді.
САҒАТ
Кейде әкесінің қолы бос екенін көріп қалса, Гугуцэ оның қасына жүгіріп келеді де:
— Әке, сағатың тозып, минуттары азая бастаған кезде оны маған берерсің,— дейді.
Әкесі шашынан сипаса, Гугуцэ келіскені деп қуанады.
Күн өтеді, апта өтеді, әкесі сағатын бермейді. Демек сағаттың минуттары әлі таусылмағаны ғой.
Рас, әйтеуір бір кезде ол минуттардың таусылатыны анық.
Гугуцэ бірде қолына былғары бау байлап, әкесінің жанына келді. Бауға қарап, өзінен-өзі:
— Уақыт қанша болды екен?—деді. Әкесі байқамаған кісі сияқтанды да, ал атасы әлденеге күнге қарай берді.
— Не істеп отырсың, ата?—деді бір күні Гугуцэ күнге қарап отырған атасына.
— Уақыт қанша болғанын қарап отырмын.
— Сенің сағатың сол ма, ата?
— Иә, сол. Өмір бойы уақытты соған қарап біліп келем. Гугуцэ атасының сағатын әкесінің сағатымен салыстырды. Атасының сағаты жақсырақ, әрине.
Әкесінің сағатын балғамен бір ұрса, быт-шыты шығып, минутының біреуі де қалмайды. Ал атасының сағатын тоқпақтасаң да сынбайды. Оның үстіне ол әрі жарқырап, әрі жылылық таратып тұрады. Аңдар мен құстар да уақытты соған қарап біледі. Атасының сағаты бұзылу дегенді білмейді, ендеше оны жөндейтін шебердің де керегі жоқ.
Гугуцэге бұл сағаттың ұнағаны сонша, тіпті қолындағы бауды да лақтырып тастады.
Сонда да бір күні Гугуцэ әкесінен сағатыңның қанша минуты қалды, егер тіпті аз қалған болса, ол сағатты далаға лақтырып тастайтын бала керек емес пе деп сұрады.
Әкесі жауап берудің орнына сағатына қарады да, жеңіне жасыра салды.
— Ал атамның сағаты — ең тамаша сағат,— деді Гугуцэ. — Сағатшы сенің сағатыңды жасағанда атамның сағатына қарап жасаған.
Әкесі Гугуцэні көтеріп алды:
— Ақылдым! Сағатты саған бермесем болмас!— деді.
Гугуцэ енді сағаттың бауын лақтырып тастағанына өкініп,
соны іздеуге жүгіріп аулаға шықты.
Кешкісін атасының сағаты ұйықтауға кетті. Гутуцэ өзінін. сағатыы құлағына басып жатты, оның минуттары таусылып қалады-ау деп қорыққаннан көпке дейін үйықтай алмады.
Бірақ ертесіне тыңдаса, сағаты тықылдап жатыр екен. Гугуцэ оны алақанына салып алды да, шапқылап ауылды кезіп кетті. Біреулер төсегінде жатыр, біреулер есік алдында, енді біреулер құдық маңында жүр екен. Гугуцэ олардың бәріне сағатын көрсетті. Сағаттың аз ғана минуттары қалып еді, бірақ соның өзі ауыл адамдарының уақытты білуіне жарады. Өйткені атасының үлкен сағаты әлі аспанға көтерілген жоқ қой.


ЕТІКШІ
Гугуцэнің көршісі бар, оның үйі толған бала.
Алғашқы қар жауса болды, көрші амалсыздан қолына балға мен ине-жіп алып, балаларының аяғына қар құйылмау үшін ұзын қонышты кішкене етіктер тіге бастайды.
Бір пар етік бітсе болды, есік алдына алғашқы қол шананың ізі түседі.
Көрші екінші баласының аяғын өлшейді. Тағы да күні бойы ине-жіпке тыным болмайды, түн жарымына дейін балға да ұйқы көрмейді. Екінші етік біткенде, есік алдынан сырғанаған екінші шананың ізі көрінеді.
Көрші мұртын сипап қойып, үшінші етікке кіріседі, Сөйтсе, алғашқы етік жыртылып та үлгерген екен. Ол енді көзілдірік киіп, тебен инеге жіптің де жуандауын сабақтап, қолына үлкендеу балға алып, түні бойы етік жамап әлек.
Ал таңертең етік дайын болады да, үлкен ұл секіріп далаға шығып, күні бойы үй көрмейді.
Оның есесіне көршінің өзі қыс бойы үйден шықпайды. Гугуцэ көршінің балаларымен бірге ол үйге отын тасысып, диірменге барып жүретін.
Үй шаруасын бітіріп тастайды да, балалар шананы сүйретіп төбеге жүгіреді. Бойлары етіктің биіктігіндей кішкентайлар қарға малтығып, аласа төбеге өрмелесе, бойы ұзындаулары мұздың үстімен зымырап өтіп, диірмен жанындағы биік төбеге шығып алады.
Тағы да түні бойы балға үйқы көрмейді.
Кейде ескі етікті жамағаннан гөрі жаңадан тіккен оңайырақ. Ал көршінің әйелі осы шаналарды отка жағу керек дейді.
— Қой, оларға тиіспе,— деп жұбатады көрші әйелін.— Өзіміз де бала болдық емес пе!
Ол қайтадан көзілдірігін мұрнына іле салып, қолына балға алады. Тықылдаған балға үнімен ұйықтайтын болды үйдегілер. Тіпті сырттағы қар жапалақтары да үнге елітіп жайлап түсетін сықылды. Ал бүрсеңдеп паналайтын жер іздеп жүрген жалғыз-жарым кұс болса, терезеден қарап, құстарға да етік тігіп беретін біреу болса деп қиялдайтын. Күндердің бір күнінде етіктер жыртылмайтын болды. Көрші етікті алып жіберіп қарайды да, балғамен бір-екі нұқып қалса болды — бүтінделіп шыға келеді. Сосын етікші қыс өтіп кеткен жоқ па деп терезеден қарайды. Жоқ, қыс кететін түрі жоқ, қар деген тізеден жатыр.
Көрші тігетін, жамайтын ештеңе қалмағанына таңданды да, енді өз етігін тігуге кірісті. Асықпай тігетін болды, түнде демалады.
Бірде түн ішінде таныс үннен оянып кетті.
— Түк-түк!
Көрші төсегінен тұрып шам жақты.
Бәрі ұйықтап жатқан сияқты: балға да орнында жатыр. Қөрші желкесін қасып біраз тұрды да, балғаны көпшігінің астына жасырып қойды.
Балғада үн жоқ. Бір мезгілде тағы да:
— Түк-түк!
Қөрші тұрды да, шам жақпастан киініп, дыбыс шыққан жаққа бет алды. Қараңғыда сипалап жүріп есікті ашып, көшеге шықты. Гугуцэнің терезесінде шам көрінді. Көрші терезеге жақындап сығалап қараса, өзінің кіші ұлы мен Гугуцэ қақырап калған етіктің өкшесіне бар пәрмендерімен құлаштап шеге қағып отыр екен.
— Е, әңгіме қайда жатыр! — деп көрші мұртын сипады да, өзін күтіп жатқан жастығына кетті.
Ертесіне оған түнде кеш жаттың, түнімен балға :тықылы маза бермеді деп әйелі біраз ұрсып алды.
Көрші миығынан күлді де, үндемеді. Сосын ештеңе болмағандай инесін сабақтап іске кірісті.


ҚАРЫЗ


Гугуцэ үй маңын ретке келтіріп болғасын, өзінің немере ағасына бір тиын берешек екенін есіне алды. Ертең Жаңа жыл. Мүмкін, оларда ақша жоқ болар. Апарып беру керек, әрине.
Үйде анасы жоқ еді. Гугуцэ бір тиынды бөркінің астына тігіп алды да, ұрылар шабуыл жасай қалса деген сақтықпен пистолетпен қаруланды. Сосын анасының суретін калтасына салып, жағасын көтерді де, немере ағасы тұратын көрші ауылға қарай тартты.
Жол бойы оны біресе ат шана, біресе машиналар қуып жетіп, тоқтай қалады. Гугуцэде төлейтін бірдеңе барын біліп қойған сияқты.
— Мен жаяу-ақ барам, — дейді Гугуцэ. — Аяғымдағы еті-гім жаңа еді, кішкене тоздырмасам болмайды.
Міне, Реут өзенінің үстіндегі көпірге жетті. Енді жарты жол қалды. Гугуцэ анасын сағынып кетіп, қалтасынан суретін алды:
— Анашым!
Содан кейін ол алақанын бір үрлеп қойып, тағы ілгері жылжыды.
Қар болса еріккендей, аяқ астында сықыр-сықыр етеді.
Гугуцэні тағы да екі машина қуып жетті. Ол шоферлерге, егер өзі міне қалса, өрге қарай машинаның жүруіне ауыр соғатынын айтты. Ал үйге қайтарда ауылға апарып салса бірсәрі.
Қөрші ауылда бала біткен үйді-үйге кіріп, үлкендерді Жаңа жылмен құттықтап жүр екен. Олар «гей-гей» деп айқай салып, жаңа жылдық тілектер айтып, қоңырауларын сылдырлатып, сол үшін әр үйден тиын мен қалаш алып жүр. Жинаған қалаштарын таяққа сақинаша кигізіп, иықтарына салып алыпты.
Гугуцэ ойлағанда маңдайға салмақ түспесін деп, бөркін желкесіне шалқайта киді де, өз-өзінен күбірледі:
— Бір тиыныма қоңырау сатып алсам ба екен? Таяққа толтыра тізіп қалаш апарсам ғой, тамаша болар еді!
Сол жерде бір үйдің ауласынан қыз бен бала шыға келді. Таяққа іліп алған қоңырауды екеулеп көтеріп келеді. Гугуцэ бөркін қайтадан баса киді де:
— Ұсақ-түйекпен байланысып қайтем. Мен сияқтылар түнде құттықтайды, — деді өзіне-өзі.
Бірақ ол әлгі екеуінің қоңырауы әп-әдемі сылдырағанын есітіп, бөркін тағы шалқайта киді, тағы ойға кетті. Бұл екеуі Гугуцэні де өздері секілді кішкентай санап, сендерге қосылайын деп өтінер дейтін сияқты. Жо-жоқ, олары бола қоймас! Сосын Гугуцэ:
— Ал, қане, мені кұттықтаңдаршы!—деп қалай айтқанын біл-мей де қалды.
— Осы жерде, жолдың үстінде ме?
— Енді қайда? Мен көрші ауылдан келдім ғой.
— Жол үстінде құттықтамаймыз,— деп бала ілгері жүре берді. Ал қыз жалт қарады да, сыбыр етті:
— Сен, кішкене ағай, анау қораға кір, сосын біз сені құттықтай-мыз.
Гугуцэ үш аттап қақпаға енді. Бала қоңырауын сылдыратып:
— Ән салуға құттықтап, үй иесі, бер рұқсат?!—деді.
— Рұқсат етем,— деп Гугуцэ басын изеді.
Кішкене қыз Жаңа жылдық әнге басты…
-Сыйлықты жинайтын қайсың?— деді Гугуцэ.
Бала ілгері аттап еді, Гугуцэ бөркінен тиынды алып оған ұстата салды. Ал қалаштың орнына пистолетін берді. Енді карақшылардан қорқатын түк жоқ.
Балалар қандай қуанды дейсің!
Гугуцэ оларға ендігі жылы да өзін құттықтауды ұмытып кетпеуін ескертті де, үйіне кетті. Немере ағасы тағы бір реті келгенше кідіре тұрады-дағы. Ол ештеңе емес-ау, дәл Жаңа жылдың алдында ұлын жоғалтып алған анасы кандай күйде екен десейші?!


АЛДИЯР ТАҚСЫР ГУГУЦЭ
Гугуцэнің ұйқысы қанып тұрсын деп күнде таңертең әкесі терезе пердесін жауып қоятын, ал кешкісін оған кояндар беріп жіберді деп нан әкелетін.
Гугуцэ аз күн қояндар берген нанды жеп жүрді де, бір күні түнде қолына жіп байлап, оның екінші ұшын әкесінің аяғына байлап қойды, сөйтіп ертесіне таң қылаң бере оянды.
Әкесі оны егістікке ертіп апарған жоқ, өйткені ұлы әлі кішкентай. Оның есесіне Гугуцэ үйден алыстаған сайын әкесінің бірте-бірте кішірейіп бара жатқанын байқады.
Ол ауылды аралап жұрттың жұмысқа кеткенін көріп еді. Сөйтсе әкесі ғана емес, үлкендердің бәрі де ауылдан ұзаған сайын кішірейе береді екен. Әуелі Гугуцэнің қарындасындай, сосын оның башмағындай, ақырында дәннің үлкендігіндей ғана болып көрінеді. Олармен салыстырғанда Гугуцэ нағыз дәудің өзі ғой! Үлкендер мен ересек балалардың бәрі егістікке кеткенде, Гугуцэ дәл бір корольға ұқсап ауылда қалады.
Кішкене балалар Гугуцэні король деп атауға бірауыздан келісті. Және оның үйіне тығыз әрі маңызды жұмыстармен жиі келетін болды.
— Алдияр тақсыр, біздің үйдің төбесінен су ағып тұр, шифер алуға көмектесші.
— Алдияр тақсыр, диірменге апаратып бидайымды жеткізе алмай тұрмын, арба керек еді…
Міне, Гугуцэнің шарбағына ат болмағанмен, құлын әкелінді.
Көпшіліктің тілегін түгел орындаған Гугуцэ кұлынға мініп алып, қарамағындағы халықты аралауға шықты.
Қақпа алдында жылап тұрған баланы көрді.
— Алдияр тақсыр Гугуцэ, біздің үйректің балапаны жоғалып кетті.
Гугуцэ үш рет ысқырып қалып еді, қайдан шыққаны белгісіз, аттар ма, аттылы адамдар ма — әйтеуір жетіп келді.
— Балапанды табу керек! — деп бұйырды Гугуцэ. — Ол, сірә, анау жырада болар!
Сонсоң ол құлынмен шауып кетті. Бір ғажабы, алдияр тақсыр Гугуцэ найза-қылышсыз және көмекшісіз жүретін.
Бір үйдің мұржасынан бұрқ етіп түтін шықты. Гугуцэ құлынның басын тартып кідірді. Үйден алжапқыш байлаған кішкене қыз шықты, жеңін түріп алыпты.
— Не болып қалды? — Гугуцэ мұржаға қарады. — От неге жағасыңдар?
— Алдияр тақсыр, ата-анама түскі тамақ апаруым керек еді. Күн көтеріліп қалыпты, егістік алыс, тамақ пісіріп үлгере алмай қалам ба деп…
— Түсінікті, — деді Гугуцэ. — Ардақты ата-анаңа алдияр тақсыр Гугуцэден сәлем айта бар.
Келесі көшеде Гугуцэ басына бөрік, үстіне күпі киіп алған балаға кездесіп қалды. Жаздың ортасында мынадай киім киіп алғаны ерсілеу еді.
— Алдияр тақсыр, —деп бала бөркін алды. — Құдықтың ішінен күндіз де жұлдыздар көрінеді деген сыбыс бар. Құдықты тазалап, жұлдыздарға қарауға рұқсат етсеңіз екен.
— Бөркіңді ки. Құдықтарды тек мейрамдарда ғана тазалайды.
Аттылар соның арасында балапанды тауып алды. Олар енді ауыл үстіне сап түзеп, Гугуцэнің үлкен суретін алып келе жатты. Біреуі қақпа алдында Гугуцэні күтіп тұр екен.
— Алдияр тақсыр, патронға оқ-дәріні тығындайтын кендір керек болып тұр.
Гугуцэ қажетті талшықтардың кендір өсімдігінен алынатынын білетін. Ол құлынды өріске қоя берді де, өзі аттылымен бірге король сарайының дәл алдынан жер қазып, кендір екті.
— Енді бір жылға жететін патрондарды оқтап коюға болады! — деп қуанысты аттылар.
Түс қайта алдияр тақсыр Гугуцэ көгалға барып, көбелек аулай бастады.
Көбелек аулау сәтті болды. Қөбелектер нақ король сарайына баруға асыққандай, алдияр тақсырдың тәжіне өз-өздерінен ене берді.
Осындай маңызды істерден шаршап кеткен Гугуцэ кешке қарай ауыл сыртына шықты.
Тұс-тұстан — егістіктен, фермалардан, бақшалардан лек-легімен ауыл адамдары келе жатыр. Олар таңертеңгідей емес, жақындаған сайын үлкейіп келеді.
Алдияр тақсыр енді өзінің кішірейіп бара жатқанын сезді. Кісілер келіп, жетектеп үйге апарғанға дейін ол тапжылмай бір орында тұра берді.


ШАЛҒЫШЫ
— Айтпақшы, қайрақты алуды ұмытып кеткен жоқсың ба, Гугуцэ? — деді әкесі үйден шыға беріп.
Қайрақ… Одан да әкесі шалғысын берсе ғой. Шалғыны иыққа салып алып, көшемен алшаңдай басып өтер ме еді, шіркін! Құмыра мен қайрақты ұстап жүргеннің несі қызық?
Әкесі артына мойын бұрмай, тоқтаусыз аяңдап барады, ал Гугуцэ шабындықта отырған біреу өзін арқанмен тартып жатқандай әкесінің соңынан ілесіп келеді.
Бұлақ. Гугуцэ құмыраға су құйып алды. Міне, өзен жағасындағы көк шалғынға жетті. Әкесі белін буып алып, шалғыны сермей бастады. Шөп арасындағы шегіртке мен көбелектер қорыққаннан тырағайлап қашып жатыр.
Көк шөпке тиген шалғы үні біресе мына жерден, біресе ана жерден естіледі. Әкесі колыи көтерсе болды, Гугуцэ құмыра мен қайрақты алып жүгіреді. Мүмкін, әкесі шаршаған шығар, ұлына шалғыны шөп шабуға аз уақытқа беретін болар? Әкесі құмырадағы сумен қайрақты ылғалдап алып, шалғыны жаниды. Бала тағы былай қалады.
Олар әкесі екеуі ертемен ауылдың ортасымен шабындыққа беттегенде, кісілер шөп шабатын Гугуцэ де, әкесі тек көмектесуге бара жатқан ғой деп ойлаған болар. Егер шын мәнінде солай болса, Гугуцэ жерден жеті қоян тапқандай қуанар еді-ау.
Әкесі баланы тіпті елемейді. Гугуцэ аяғына тікен кіріп кеткенде шынымен-ақ қуанып қалды. Сонда ғана әкесі мұны байқап, тікенекті суырып алды. Бірақ баласына шалғы беру туралы ләм-мим демеді.
Ой! Бөдене әкесінің дәл аяғының астынан секіріп кетті.
Сосын екеуі түскі тамаққа отырды. Анасының дорбаға не тағам салғаны белгілі болды.
Гугуцэ тамаққа тойып, бір әлденіп алды. Әкесіне бұтаның түбіне көлеңке жасап берді де, дем ал деп ақыл айтты.
— Дұрыс айтасың, — деп, әкесі де оны қостап қойды. Шалғының басын бөлек алып қойды да, өзі қисая кетті.
Шалғыны бөлектеп қойды, енді қалай оруға болады?
Гугуцэ өкпелеп қалды, бірақ не істесін, жүгіріп бұлаққа барды да, құмырамен әкесіне су алып келді.
Қелсе, әкесі тағы шөп шабуға кірісіп кетіпті. Мейлі, бермей-ақ қойсын. Гугуцэ теміршімен сөйлесіп, өзіне шалғы жасатып алады. Сонда бұл жерге түнде келіп, айдың жарығымен шөп шабуға болады. Әкесі ертең таңертең не дер екен бұған?
— Мынаны қара! Қоян! — деп айкайлады әкесі. Гугуцэ таңданғаннан аузын ашып, бір орында қалшиды да қалды. Ата жөнелген қоянның соңынан әкесі қуып берді. Қоян зымырап барады, әкесі де аянар емес. Қоян төбешікке қарай қашып еді, әкесі де артынан ілесті.
«Байғұс қоян, біттің! Әкемнің аяғы ұзын».
Гугуцэ есін жиып, ашылған аузын жапты да, жерде жатқан шалғыға жармасты. Алақанына түкіріп жіберіп, шалғыны сілтеп қалып еді, ұшы жерге кіріп кетті. Ештеңе етпес. Шалғыны дұрыстап сілтеуі керек екен. Ал кәне! Ойбай, шалғының ұшы тағы да жерге кіріп кетті!
Әкесі оралғанда, Гугуцэ шөп шауып әлек еді. Шапкан шөбі он талға жетіп қалатын шығар, сірә.
Кешке дейін Гугуцэ қымыздық сияқты әр алуан тәтті шөптердің бір құшағын теріп алды. Өстіп жүріп өзі білетін әннің бәрін айтып тауысты.
Міне, енді екеуі ауылға қайтып келе жатыр. Гугуцэнің қолында әр алуан тәтті шөп, қайрақ, құмыра. Ол алдында келеді. Оның соңынан иығына шалғысын салып әкесі келе жатыр. Жолда кездескен баланың бәрін Гугуцэ үйіне ертіп келіп, неше түрлі тәтті шөптер берді. Ал қоян туралы жұмған аузын ашпады. Сөйтіп қоян дегендерінің жұдырықтай-ақ көжек екенін, әкесі ит әуреге түсіп қуса да, оны ұстай алмағанын тірі жан білген жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *