ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ӨЛЕҢДЕРІ

АЛҒАШҚЫ СЕЗІМ
Сыбырлай сүйіп самал жел,
толқытты жанда несіне?!
Жұпарын шашып көгал бел,
шақырды кімді төсіне?
Өзенге әсем өң беріп,
жас қайың жайнап өсуде.
Жағада қайық тербеліп,
күтеді кімді есуге?..
Мүлгиді неге жас тал да,
күткендей ынтық сырларды?
Алтын ай қалқып аспанда,
айналам неге нұрланды?!
Құшағын кімге тұр ашып,
айлы түн мұнша сағынып?
Самалға тек қыз сыр ашып,
аңсады кімді жабығып?
Арманға толы жас жаны
тіледі кімді елжіреп?
Ұқпайды неге басқаны
өзімшіл асау өр жүрек?!
1971


ҚОШТАСУ
Әлдилеп ақ сүт берген қайран анам,
жан әкем жанарымен аймалаған,
қош, менің аяулы асыл әжетайым,
қарағым келеді деп, Ай қараған.
Қайырмасы: Қош, ауыл-құндағым,
балалық жылдарым,
достарым бір жүрген,
бір ойнап, бір күлген,
ертегі көктемім,
білмеппін өткенін…
Қыз-тағдыр осылай –
амалым жоқ менің.
Жеңгелер бал тамызған таңдайыма,
жапсырып жақсыларын тал бойыма,
аялап, еркелеткен ағаларым,
жүретін шаң тигізбей маңдайыма.
Қайырмасы.
Өсіп ем күміс күліп шашбауымда,
бұл тағдыр қыз балаға тасбауыр ма?!
Аттанып ақ ұямнан шыныменен,
жас келін атанам ба басқа ауылда?
Қайырмасы.
1990


КЕШІР МЕНІ…
Өзіңсіз жүре алмайды екенмін-ау,
көңілден кез болар ма кетер қырау…
Алдыңда кінәлымын, кінәлымын,
не керек өкінішпен бекер жылау.
Қайырмасы:
Өзіңсің есімдегі,
қинайсың несін мені.
Өзіңсіз өмір қырау,
өзіңсіз көңіл қырау.
Сүйіктім, кешір мені,
кешір мені.
Жанымды өкініштен жараладым,
сен бірақ ойланбадың, қарамадың…
Түсініп тұрсың ғой сен, қимасым-ау,
жазылмас жүрегімде нала барын.
Қайырмасы.
Сені де күйзелдірді мынау қайғы,
тіл қатшы тым болмаса кінәм жайлы.
Өзіңнен басқа мені ұға алмайды,
кешірмей сүйген адам тұра алмайды.
Қайырмасы.


ШЫҒЫСТАҒЫ АРУ ҚЫЗ
Жаралған ба ақ сезім, таңнан-нұрдан,
көрген адам қиялдай арман қылған,
бір ару бар Шығыста Тұрсындайдай,
өнерімен әлемді таңдандырған.
Қайырмасы:
Балғын дене, гүл шырай,
мүсінінің мінсізі-ай!
Шуақ шашқан Шығыстан
таңғы нәзік нұрсың-ай,
айналайын Тұрсынай!
Шыға келсе жарқ етіп, таң атқандай,
демің тартып қарайсың тағат қалмай.
Әр қимылы — әсем ән, әуезді ырғақ,
аққу жүзіп айдында баратқандай.
Қайырмасы.
Көзі қандай — еліктің жанарындай,
белі қандай — өріктің сабағындай!
Алма мойын, ай қабақ, ақша маңдай –
көріп пе едің сұлуды дара мұндай?!
Қайырмасы.
1990


ЗҮБАЙДА
Жатты да жақын етіп жанашырдай,
жаны кең қазағымның даласындай –
көз тартып көркі менен даналығы
баяғы Қыз Жібектің анасындай.
Әзіл қандай, ән қандай!
жаны жарқын, талғам бай.
Нұр төгілген жүзіңді
көрген адам таңданбай
шыдай ма, Зүбайда!
Ұғасың айтқызбай-ақ айтар жайды,
көрген жан ғашық болмай қайта алмайды.
Өзіңдей болса алтын босағасы,
қазақтың шаңырағы шайқалмайды.
Әзіл қандай, ән қандай!
Жаны жарқын, талғам бай.
Дидарыңды көрген жан
тұра алмайды таңданбай.
1992


ЖЕҢГЕЛЕР
Жаныма жаны жақын ағадан да,
сырды ұғар қабағымнан қарағанда.
Әзілдеп, ақтарылып, еркелетіп,
сендердей ешкім мені бағалар ма?!
Қайырмасы:
Жығылсам, дем берерім,
ауылда, елде менің
тілейтін тілеуімді
қашанда сендер едің,
аяулы жеңгелерім!
Тербелсе әр отаудың ақ құндағы,
өздерің береке мен бақ құндағы.
Сендер ме деп қараймын
қасиетті
даламның киесіндей аққулары.
Қайырмасы.
Нұрланып қабағыңмен дала күні,
өседі өздеріңмен аға құны.
Сендердің ақылыңсыз ағалардың
жетіспей қалатындай даналығы!
Қайырмасы.


СЕН ҚАЙДА ЖҮРСІҢ
Сен осы қайда жүрсің –
мұңайтып мені осынша, сағындырып,
жанымды, жүрегімді жалын қылып,
ешкімге ұқсамайтын күн бейнеңді
іздетіп шартарапты сабылдырып?
Қайырмасы:
Сен қайда жүрсің,
сен қайда жүрсің,
арманым?
Тек сені,
Тек сені
аңсайды жаным!
Өзіңді іздеп жүрмін
алдымнан шығар-ау деп шырағымдай,
еліктің жетім қалған лағындай –
шыңға өрлеп, құздан құлап келем жалғыз
жаутаңдап, жанарымнан мұң арылмай.
Қайырмасы.
Өзіңсіз жаным мұңды,
Көңілімнен көктем көшті — ұғармысың,
жеткізбей келеді әлі мұнарлы шың.
Жаныма шапағатты шуақ шашып,
жарқ етіп қарсы алдымнан шығармысың?…
Қайырмасы.
1980


ҚЫЗ-ҒҰМЫР
Шәмшаға
Ажары жарық нұрдан жаратылған,
жарқылдап жақсылыққа ара тұрған.
Маңдайда жұлдызындай, құндызындай
қыздары-ай қазағымның дара туған!
Қайырмасы:
Қыз-ғұмыр шынарым-ай,
халқымның шырағындай,
көзіңнен Күн арылмай,
алдымда жүрші жайнап,
пәктіктің тұмарындай,
шынарым-ай!
Қыз-ғұмыр шырағым-ай.
Әз әке ұлға теңеп үміттенген,
жеңгелер жастайынан ұлық көрген.
Елді ойлап, жерді ойлаған қыз-ғұмырдың
тең түсер парасаты жігіттермен.
Қайырмасы.
Жаралған жақсылықтан дара шыңдай,
бауырға әпкесі емес — ағасындай.
Қамқор боп бар қазаққа жаны шығып,
жүреді панасындай, данасындай.
Қайырмасы.
1992


ЖАҚСЫ КӨРУ
Өмірің таңдай болса арайлаған,
қатыгез қараулыққа жолай ма адам?
Біреуді жақсы көрген қандай жақсы –
нұрланып кетеді екен бар айналаң!
Қайырмасы:
Жақсы көру, жақсы көру,
не деген керемет ең!
Өмірді сезінуге,
қуанып көз ілуге
адамға жақсы көру керек екен.
Дидарың аумайды екен жарық күннен,
ғашық боп қалғанымды жаңа ұқтым мен.
Келбетің көз алдымда, ойымда сен,
өзіңді жақсы көріп қалыппын мен.
Қайырмасы.
Ешкімге содан бері алаңдамай,
жүрегім жанарыңа қамалғаны-ай!
Ғажайып күй кештірген сезім –сәуле
өзімді жетелейді саған қарай.
Қайырмасы.


ҚИМАСТАРЫМ
Достар барда
тірліктің күйбеңіне қалмай батып,
қимастық сезімдерді жалғайды уақыт,
өмірдің сан тараулы жолдарында
табысқан жақсылармен қандай бақыт!
Қайырмасы: Тірегің — дос қашанда,
сезімін тот басар ма!
Қуанып кездесесің,
қимасың қоштасарда.
Тілесе сыйластарым,
алдымнан тосады ақ жол,
қош менің қимастарым,
қош, аман бол!
Ойлап тұрсам,
бұл өмір сырғып аққан бұлақ екен,
айнымас дос табу да сынақ екен.
Қызғалдақ қыз тағдырдай ғұмыр деген
кездесу, қоштасудан тұрады екен.
Қайырмасы.
Сағынбасам,
көңілім күзгі күндей мұнарланды,
жалғаймын өздеріңмен гүл-арманды.
Сағыныш — алтын көпір арамызда,
сол бізді табыстырып тұрар мәңгі!
Қайырмасы.
1993


АТЫРАУ — ӘНІМ
Атырау — арқа сүйер тірегімдей,
көңілі, құшағы ыстық Күн еліндей.
Қос құрлық қол созады бір-біріне
табысқан ғашықтардың жүрегіндей.
Қайырмасы:
Алтындай таңдары,
ақ айдын жан-жағы,
көгінде ән қалқыған, күй шалқыған,
сән беріп өмірге, нәр беріп көңілге,
шырқатқан ақын жанын Атырауым!
Қызғалдақ қыздар қандай жыр-жүрегі,
жалт еткен жанарынан күн күледі.
Жігітке серік болған, көрік болған
қыпша бел Қыз Жібектің сіңлілері!
Қайырмасы.
Көңілі кең даладай адамдары,
қарайды бауырындай саған бәрі.
Жайықта дәл осындай бір қала бар,
жаныма қуат берер ән-арманы!
Қайырмасы.
1998


НАРЫН
Таңдары құм Нарынның алтындаған,
күмістей құмдары бар жарқылдаған.
Кешегі ерлер жортқан құба жонда
асқақ күй, аспандаған ән тыңдағам.
Қайырмасы: Елдікке баулыған
кеңдікке баулыған
құндағым –
ақ шағыл құмдарың.
Қайран ел,
сайран жер –
киелі құм Нарын!
Естідім құмдарыңнан дала мұңын,
тербеткен тал бесікті ана жырын.
Өзіңе қарап білем ел-жұртымның
тағдырын, тақсіретін, даналығын.
Қайырмасы.
1999


МАҚАТ ТҮНІ
Ақ сезім — ақ жаңбырға малындырған,
сен десе, арылады жаным мұңнан.
Жүрекке нәр құятын, ән құятын
Мақаттың сол бір түні-ай сағындырған!
Қайырмасы:
Бауырым, аға, құрбым,
сендерсің қауырсыны қанатымның.
Дотарымды, Доссорымды
қия алмай аттанып баратырмын.
Жанарлар жарқ еткенде жан ұғысқан,
көңілім қимастарға алып-ұшқан.
Бүр атқан ақ қайыңдай, адам деген
жасарып кетеді екен сағыныштан.
Қайырмасы.
«Байбақты», «Қыз әулие» жаны жақын –
жебеушім қиналғанда табынатын.
Шіркін-ай, қандай жақсы дүниеде
адамдар бар болғаны сағынатын!
Қайырмасы.
1994
ӨМІР-СЕН
Балалық шақтың әнімен,
балауса, балғын сәнімен
ертегілердің елінен
еркелей басып келіп ем.
Өмірдің көркем бағынан
өзіңді көрсем, жаным-ән!
Бөлеп ең мені бақытқа,
сол күндерімді сағынам.
Қайырмасы:
А-хау, сол бір күндер-ай,
сағындың ба өзің де…
Жалғыз сенсің — өмірде,
жалғыз сенсің — көңілде.
Жалғыз сен ғана жалғанда
бастайтын мені таңдарға!
Жанымда болса екен деп,
оранам аппақ арманға.
Қуаныш шашшы көңілге
түсімде және өңімде!
Ғашық боп, жаным, жүрмін мен
сен бар деп мынау өмірге!
Қайырмасы:
А-хау, сол бір күндер-ай,
сағындың ба өзің де…
Жалғыз сенсің — өмірде,
жалғыз сенсің — көңілде.
1998
ЖҮРЕГІМ — ЖҮРЕГІҢДЕ
Өзіңмен кездескенде
жүрегім ән салады.
Дәл сендей жерде еш пенде
жоқ дейді таң самалы.
Қайырмасы:
Жанарым — жанарыңа
жіпсіз-ақ байланады.
Жүрегім — жүрегіңде,
сезбеймін айналаны…
Көзіме жан көрінбей,
Абай мен Әйгерімдей…
Өзіңе бағындырдың,
жаным құрбым!
Арылып қанша мұңнан,
көңілім ән-армандай.
Бір жылу саусағыңнан
бойыма таралғандай.
Қайырмасы.
Осы кеш, осы демің
жалғасын бал ғұмырды.
Өзіңе тосып ерін,
тапсырам тағдырымды.
1995
ЖЫЛОЙҒА СӘЛЕМ
Қыз көркем шашбау, айна, тарағымен,
ұл көркем батыр мінез, талабымен.
Айта бар, барсаң, сәлем Кең Жылойға
тербеткен мені сезім — самалымен.
Қайырмасы:
Көңілімде Күн ойнады,
көктемнің гүл айдары
елестеп, күрсінгенде.
Аман-сау жүрсіңдер ме,
жақсылар Жылойдағы?!
Ағалар құшақ жайып қарсы алатын,
думан қып бауырларым ән салатын…
Айта бар, барсаң, сәлем Кең Жылойға,
сағындым сол күндердің әр сағатын.
Қайырмасы.
Қайран ел талай бейнет, сынақ көрген,
өсіріп ұл мен қызын мұрат көрген.
Айта бар, барсаң, сәлем Кең Жылойға
жаныма ақ тілегі қуат берген.
Қайырмасы.
1998
КӨҢІЛ НАЗЫ
Жүрегіңде бір зіл бар үндемедің,
мұнар жауып көзіңнің нұр желегін.
Тым болмаса айтсаңшы — біреуде ме,
тағдырда ма, менде ме — кімде кегің.
Қайырмасы:
Телефоны құрғырың үндемеді,
оятпады мазалап түнде мені.
Шырт ұйқыдан тұрғызып сүйіктім кеп
Қалқатайым, кетеміз, жүр демеді, жүр демеді.
Әлде батып кетті ме сөзім менің,
әлде сенше жоқ па еді өзіңде мін.
Бұрынғыдай жарқ етіп қарамайсың,
түсіне алмай түнімен көз ілмедім.
Қайырмасы.
Сен де ұқпадың, жаныма үңілмедің,
тіл табудың таба алмай жүрім бе ебін…
Жүрегімді саған да жая алмасам,
бекер екен өзгеден түңілгенім.
1973

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *