ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ӨЛЕҢДЕРІ

ТОЙҒА ШАШУ
ЖАР-ЖАР
Жігіттер:
Гүл-еріндер бақыт боп,
қона берсін, жар-жар.
Күнде осындай той-думан
бола берсін, жар-жар.
Кел, ағайын, қосылып
ән салайық, жар-жар.
Жұбайларды қөңілді
қарсы алайық, жар-жар.
Қыздар:
Бір бұлақтан нәр алған,
күннен еміп, жар-жар,
Бір бақшаның таранған
гүлдері едік, жар-жар.
Жігіттер:
Бір бұлақтан нәр алған
гүл едіңдер, жар-жар.
Жігіт үшін жаралған
гүл-еріндер, жар-жар!
Қыздар:
Жігіт деген «құрғырың»
бұзық-ақ-ты, жар-жар.
Бақшамыздың бір гүлін
үзіп апты, жар-жар.
Жігіттер:
Құлыншақты жасқама –
тай болады, жар-жар.
Жалғыз гүлің бақшаға
айналады, жар-жар.
Қыздар:
Жігіт деген бұзығың
шалыс басқан, жар-жар.
Қызды ауылдың қызығын
алып қашқан, жар-жар.
Жігіттер:
Шеттеріңнен гүл-ерін,
нұрдайсыңдар, жар-жар.
Сендер жігіт жүрегін
ұрлайсыңдар, жар-жар.
Бәрі қосылып:
Жас отаудан қашанда
ән таймасын, жар-жар.
Жас көңілдер мәңгілік
қартаймасын, жар-жар.
Күйеу жігіт ешқашан
шал болмасын, жар-жар.
Жас келіннің жүзіне
шаң қонбасын, жар-жар.
1980


БЕТАШАР
Ау, ағайын, ағайын!
Домбырамды алайын,
Күмбірлетіп қағайын!
Бүгін біздің ауылға
қызығыңдар талайың:
таңдай нұрлы көзі бар,
балдай тәтті сөзі бар,
қылығына қарасаң,
өзі шекер, сөзі бал;
жаздай жайлы жамалы,
қиылған қас, қабағы
келін елге бақ болар,
құтты болса қадамы,
ал жақындап келіңдер,
бет ашамын — көріңдер
айдай келін баланы!
Ел ардақтар сыйлыны,
көңіліңе түй мұны.
Басқа ауылдың бір гүлін
бұл ауылдың сүйді ұлы.
Қызға келін болу хақ,
бұл да — Алланың бұйрығы!
Осы ауылдың ағасы,
асқар таудай панасы,
елдің алтын жағасы –
үй болды деп немерем,
жайраңдауын қарашы –
анау тұрған қарт атаң,
сыйлап, жақсы көргейсің,
иіліп сәлем бергейсің!
Қырау шалған самайын,
қадір тұтқан ағайын
анау әжең өсірген
жайсаң ұлдың талайын.
Бағам деп жүр әлі де
шөберемнің талайын –
әжемізге бір сәлем!
Елдің даңқын асырған
қайын атаң бір асыл жан,
аярым жоқ ұлдан деп,
осы тойға шашылған –
қайын атаңа, келінжан,
иіліп сәлем еткейсің!
Ұл мен үйдің бейнетін
жастайынан көп көрген –
қайын енеге сүйкімді
бола алмасаң, көктер ме ең?
Осы тойды армандап,
талай түнін өткерген
қайын енеге бір сәлем!
Анау Асқар қайнағаң,
қайнаға да — сайлы адам.
Сыйлап жүрсең үлкенді,
аялайды айналаң,
қайын ағаға бір сәлем!
Келген мынау текті елің,
келген елді жатырқап,
уайым-қайғы шекпегін.
Сыйласар да сырласар
абысының көп сенің.
Келіндікке үйретер
солар болар мектебің.
Әр отаудың әріне,
ағалардың сәніне –
абысынның бәріне
жас келіннен бір сәлем!
Тал шыбықтай бұралған,
шашын өріп сыланған,
ат қояд деп жас жеңге,
бәрі бірдей қуанған –
гүлдей қайын сіңлілер
өзіңменен бір жүрер,
бірге ренжіп, бір күлер,
сіңлілерге бір сәлем!
Бұл ауылдың ұлдары
жұрт қызығар тұлғалы,
жеңгемізді көрсек деп,
көрімдігін берсек деп,
қайныларың –қорғаның,
қайың, талды орманың,
сен де абысын боларсың-
ойластырғын сол жағын,
қайныларға бір сәлем!
Ал, келінжан, келінжан,
сүйкімді бол еліңе,
жарасты бол теңіңе!
Келін — алтын босаға,
келін сырлас, дос, ана,
береке бол, бақыт бол
мынау келген жеріңе,
құшақ ашқан еліңе!
Қадамыңа гүл біткей,
құттықтаймын сені де!
1978


ҚАРИЯЛАРҒА БАТА
Түндерің тыныш болсын,
үйлеріңе ырыс толсын!
Келіндерің есті болсын,
ұлдарың сесті болсын.
Балаларың қуаныш әкелсін,
немерелер жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
дастарқандарың мол болсын!
Қатарларың көп болсын,
уайым-қайғы жоқ болсын.
Жастардың қазасын көрмеңдер,
зұлымдардың жаласын көрмеңдер!
Еліңде бірлік болсын,
жарасты тірлік болсын!
Әумин!
1989


ҰЛ БАЛАҒА БАТА
Жүсіптің дидарын берсін,
Мұхамбеттің иманын берсін,
жаныңа даланың кеңдігін берсін,
Әзірет Әлидің ерлігін берсін,
Абылайдың байрағын берсін,
Бауыржан батырдың айбарын берсін!
Еліңе ырыс-құт орнасын,
жеріңе тыныштық орнасын!
Өсек-аяңның құрбаны болмасын,
озбырлардың шұлғауы болмасын!
Алыс жолдарда,
қалың орманда,
тайғанақ құздарда,
шатқалда, мұздарда
көлденең келер қазадан,
жазықсыз төнген жазадан
әулие-әмбиелер қорғасын,
ата-баба, аруақтар қолдасын!
Әумин!
1989


ҚЫЗ БАЛАҒА БАТА
Талдай бой берсін,
сұңғыла ой берсін,
жаздай жамал берсін,
таңдай жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
ағаға қуат болсын,
нәзік жаны болсын,
елінің ары болсын,
басына өнердің бағы қонсын,
ақ орданың шамы болсын!
1989


ЖАС ЖҰБАЙЛАРҒА БАТА
Сезімнің пәктігін берсін,
көңілдің ақтығын берсін,
жылулы от бастарыңа
сәбидің шатты үнін берсін!
Пейілдерің тарылмасын,
есіктерің жабылмасын,
шаршап-шалдыққандар
төрлеріңде дамылдасын!
Көлденең кесектен сақтасын,
күңкіл өсектен сақтасын,
дау-жанжалдан сақтасын,
достан қөңіл қалғаннан сақтасын!
Шайтанның азғыруынан,
елдің жазғыруынан сақтасын!
Асып-тасқаннан сақтасын,
алшаң басқаннан сақтасын!
Отауларың елге сән болсын,
өмірлерің бал болсын,
Бибі Фатима анамыздың
аруағы өздеріңе жар болсын!
1990

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *